Әңгіме: Асқар Алтай | Прописка

Әңгіме:  Асқар Алтай | Прописка казакша Әңгіме:  Асқар Алтай | Прописка на казахском языке

Желтоқсанда із-түзсіз кеткендердің рухына бағыштаймын.

Автор.

Күн ұзарған, түн қысқарған көкектің кәрі қыздай қылтың-сылтың басы. Өскеменнен түсте шыққан автобус Ұлан арқылы Самарға тікелей асып, Ертіс түсіп, Күршімнен бір-ақ шығуға бел байлаған. Көкек келсе де наурыз жылымығының қайырма қызыл шұнағы қала ішін дірдек қақтырып, Ұлан асуына қарай созылған ұзақ жол беті сиыр жалағандай. Жып-жылмағай көк мұз. Алды-арты бірдей тартатын шағын сары автобус ішіндегі азғана жолаушыларды селкілдете ұрып, соқтырып келеді. Күн аяздан шаңытып тұр. Автобустағылар өзді-өзімен шүйіркелесіп, қайсыбірі жорта қалғып отыр. Жолаушылар арасында нәресте құшақтаған жас келіншек қыңқылдаған сәбиін уатумен әлек. Ең артқы орындықта отырған Архат олардың іс-әрекетіне көз жіберіп, көңілсіздеу күйде көзін жұмған.

Ұйықтайын деп ойлаған, бірақ көзі ілінбей-ақ қойды. Амалсыз қырау тұрған терезеге таянып, ыстық демімен алақандай жерді ерітіп тысқа үңілді. Ұлан асуына көтерілер тұстағы тау ішіне дендеп енген екен бұлар. Ақтұмсық Алтайдың танауына әлі сірге жүгірмепті. Маңай мұрты бұзылмаған сере-сере қар. Алты ай қыс ағыл-тегіл аспаннан саулаған ақ тасқын қымтаған қалпы. Өлі дүниедей. Бойында бірақ белгісіз бір сес бар... Өзі кеше ғана аттанған Алматыны еске алды. Көкек астанада күшіне еніп, қызуы қоламтадай жүз шарпығалы Алатаудың да биік бауырындағы қалың қар лас лайсаңмен апыл-құпыл аттанып кеткен еді ғой. Биыл биік Алтайдың басындағы ұшпа бөркі тұрмақ, етегіндегі жел қағып, қар тоқтамайтын тастақ қыраттары да наурыздың ақша қарын жамылып, самарқау жатыр. Сырбаз Алтай тәрізі көктемге жонын бергісі жоқ.

Суыр малақайын көкжелкесіне ысырып, автобустың қабырғасына шалқая отырып, Архат ойға батты. Жолаушылар автобус іші жылы болса да қымтана түсіп, күбір-сыбырлары азайған. Кедір-бұдыр сүргіленген тақтайдай тасжол іші-бауырды солқылдатып, адамның зықысын кетіре лоқ-лоқ ұрып қояды. Жол ұзақ. Кемінде алты сағат жүру керек. Адамды отыра беруден қажытып-ақ жіберді. Жеткенше зарығып боласың!.. Бұл Күршімге асығып та келеді. Туған жеріне жеті жылдан астам уақыт өткенде оралды-ау бұл. Әне келем, міне келем деп жүріп өмірдің ағымымен келе алмаған. Жол түскені – бүгін. Онда да төрт ай бойы сергелдеңге түсіріп, құрдастары “Сергелдең Сері” атаған паспортқа отыру мәселесі болмаса, әй, келе қоймас еді. Тірлік деген сол.

Мұнда бірақ ұзақ болмас. Ары кетсе – үш ай. Екі қолға бір жұмыс: табылса – жеңіл-желпі қызмет, табылмаса – қара жұмыс. Көңілге демеу, Шірікаяқта тұратын үлкен ағасы, соның үйінде тұрмақ. Ол да ауру: әйтеуір ептеп-септеп елмен бірге күн кешіп жүр. Жеңгесі орысша өскен, шайпау болатын. 1979 жылы жазда әкесі қайтыс болғаннан кейін бұл аға-іні, жалғыз анасымен Алматыға көшкеннен бері тұңғыш көргелі отыр. Қазір екі баланың анасы, бәлкім өзгерген де шығар. Араласпай кеткелі де қай заман: аттай жеті жыл... Аға-жеңгесі бірақ сыртқа теппес. Бауыры ғой. Басына іс түсіп келеді ғой, басқа қайда барады? Қаны емес пе?! Қайдам, ондай қылық танытуы да ғажап емес. Қазір екі туып, бір қалғанына да қиғаш қарайтын болып кетті ғой. Егер ауырсынып жатса, ең көбі бір кластасының үйінде пәтерге тұрар. Ер жігітке сол да сын болып па. Ең бастысы – паспортқа “пропискаға” отырып, бес жүз сом ақша тауып, Алматыға қайту. Ағасы әрине, бес жүз сомды бере алмайды. Ол – анық... Осы бір бес жүз сом болмағанда, Алматыға қызметке орналасып-ақ кетер еді. Бәрінен де төрт ай бойы сергелдеңге салынғанын айтсаңшы. Сол бір Желтоқсанның бұрқағы болмағанда, құда да тыныш, құдағи да тыныш, Алматыға іргелес ауылына паспортқа отыра қояр еді. Сол бір сұмдық көтеріліске тайқы маңдайы тап келіп, қызуқандылықпен килікпегенде қалың тұманда адасып қалған адамдай сандалмас па еді... Желтоқсанның ызғары армиядан “запастағы офицер” болып оралған мұны да қарыды ғой. Ақыры, астана түгілі, маңындағы өзі тұрған ауылға да тұрақтай алмады.

Тұрақтатпады ғой... көрші-қолаң “желтоқсаншы” екен деп шығармағанда, ал Николай бригадир мұның туған ағасы Дәуреннен өшін бір алуға қолайлы сәт туды деп: “Інісі әскерден келе салып 17-ші желтоқсаннан 21-не дейін үйінде қонған жоқ. Ел декабристермен бірге Алматыда болыпты деп жүр... Анық-қанығын анықтаңыздар! Ағасы коммунистік партия мүшелігіне кандидат болса да “сенімсіз адам”, інісінің іс-әрекетін жасырып отыр. Тексеріңіздер!” деп “донос” жазып, Мемлекеттік Қауіпсіздік комитеті мен Ішкі істер орнына жазбағанда құйрығына қалжуыр байланбаған болар еді. Өкініш жоқ бірақ, көтеріліске 18-і күні дәрігер жездесін әдейілеп ертіп барып тұрып қатысты. Таяқты да жеді... жегізді де! Көңілде ғана әлдеқандай алаң, шарасыздығына налу ғана бар. Ал органдағылар Қаскелеңде тергеп-тексеріп үш сағат ұстады. Дәлел болмағандықтан қоя берді. Ана бір Базиев деген капитан, өзінің ұлты балқар екен, сол қол ұшын берді... Иә, енді міне,

...Ұлан асуына иек артайын депті автобус та. Неге екені белгісіз, жел көтеріліп, жол үстінде жыланирек жаяу борасын сырғиды. Асудан ары елсіз-күнсіз қарағайлы тау іші. Алтайдың биік сорабы да осы тұс. Ең қауіпті аймақ та осы жер. Боран асуда күшті болса, сор сонда қайнайды! Автобустың алды-арты бірдей тартып, қайқаңға ілігіп те қалды. Жел күшейген. Маңдай әйнегін сыпырған резеңке “тіл” тез тазалағанымен, жабысқақ қар оп-оңай басып үлгеріп жатыр. Көп кешікпей асуға да көтерілді. Күткендей-ақ алай-түлей боран түтеп тұр екен.

Автобус іші бірден-ақ қаракөлеңкеленіп сала берді. Қалғып-мүлгіп отырған қамсыз жұрт та қозғалақтап, көздерін тігісіп, бастарын көтерісіп алған. Әркім іштей құдай мен тәңіріге, әулие мен әнбиелерге сыйынысқан. Аруақтар да шет қалмаған. Жол қиындады. Автобус тасбақаша төрттағандап ілбіп келеді. Бірсін-бірсін бас алған бұрқақ қарға адым жерді көрсетуден қалды. Айнала – ақ топан. Жолаушылардың көбісі үрейлене үрпиісіп отыр. Егделеу тартқан ер адам “Қап, қырсық шалды-ау! Мына күн қайтеді?” деп те елден ақ құла өкініш білдірді. Бірақ оның сөзін ешкім елемегендей қосыла жөнелмеді. Мұндай құқайды талай көріп жүрген алтайлықтардың әдетінше тым-тырыс іштен тынған. Соған қарағанда, мына келе жатқан жолаушы бұл өңірдікі емес екені болмысынан білініп қалған. Әлгі адам жайсыз атқа отырғандай қопаңдап, үлкен-кіші көзіне шыққан сүйелдей тұрып кетіп, шофердің қасына барған. Шофер бірақ: “Отағасы, орныңызға отырыңыз” деп қайырып тастады. Келісті жүзді жас келіншектің нәрестесі қыңқылдады. Шамасы екі-үш айлық қана. Дауысы бәсең. Сапар әлдеқандай болады дегендей, келіншек кішкентайының жаялығын ауыстырып, шырылдағанына қарамастан құрғақтап алды. Сәбидің дауысы жуан естілді, соған қарағанда, ұл секілді. Келіншек іштегілердің ұры көзінен қысылып-қымтырылып баласын емізді.

Тыста суырып соққан жел қаңтардың аяғында қағынған бурадай бұрқырап, көлікті жүргізбеуге айналған. Осыдан бір-екі жыл бұрын ғана бір автобус жолаушы осы Ұлан асуында шала-шарпы үсініп қалған. Қазір де кей жолаушылардың есіне сол жай түскен-ді. Абырой болғанда ешқайсысы бір-біріне тіл қатпады. Боранның аужайын әркім өзінше түюде.

Аздан кейін автобус тоқтауға айналды. Наурызда ғана жауған қалың күпсекті көтеріп, борап жауған жылбысқамен араласқан аласапыран аруақтанып-ақ алғандай. Қыстай қанша күресе де қабақ-қабақ көтерілген күре жолдың үсті дәл қазір адам айырғысыз. Шофер жігіт талай жүріп жүрген жолы болғандықтан, ой жобамен қарды бұза-жара сылбыр қозғалып келеді. Кенет сары автобус бір жағына қиқаң ете лықси беріп, бір жамбасына қарай ошарыла құлады. Бағанадан бері сыр білдірмей шыдап отырған жұрт у-шу болған күйде сол жақтағылардың үстіне ауды. Сол қабырғасына қисая құлаған автобустың моторы өшіп, едені көтеріліп кеткен. Үлкендер мен қыз-келіншек әйелдердің улап-шулаған дауысын баса, копот үстінен мойнын созған шофер ақырып жіберді: “Тоқтатыңдар, паниканы! Жігіттер мен есікті ашамын қазір, басқалардың шығуына көмектесіңдер! Автобусты тезірек тұрғызып алуымыз керек. Қар басып қалса, қайран болмай қалады. Давай, жігіттер!”

Артқы есік ашылған бойда тыстағы боран ішке лап қойып, аждаһадай ұйтқып ала жөнелді. Қарындай қырындап қалған есіктен құйылған қар Архаттың да ашық өңіріне сау етіп, мойны мен алқымын мұздай қарыды. Архат бірінші болып қырынан жатқан автобустың үстіне көтерілді. Ат құлағы көрінбес боран орай да борай борап, екпінімен қаңбақ құрлы көрмей жұлып түскісі бар. Тысқа тағы бір жігіт шықты. Қалғандары іште. Іштегі жігіттер көмектесіп, жолаушылар көкке қарап қалған жылы автобустың есігінен біртіндеп шыға бастады. Ең соңынан шофер көрінген.

Жас балалы келіншек пен үш-төрт қартаң әйелдерден басқалардың бәрі де шофердің айтуымен автобусты аяғынан тік тұрғызуға кірісті. Алдымен оң жақ дөңгелектер көтеріліп кеткен жолдың сорабы екі тік күрекпен жанталаса тазаланды. Бұған төрт жігіт тартылған. Автобустың ұзына бойы бел-уардан ойылды. Ондағы мақсат: бір қырынан жатқан автобусты түзеген кезде төрт дөңгелегі тең басуы үшін. Іле-шала қисая қырындаған автобустың сол жағынан омбы қарды тізеден кешкен отыз шақты адам жабыла ырғып, шофердің айтқанындай өз орнына дік еткізді. Қожанасырдың моласындай қисайған көлік қалыпқа келісімен, бәрі де қуаныса қауқылдасып, жабық есік аузына жақындады. Шофер есікті ашып, жолаушылар ішке өткен. Машина оталмаса да, шофер Архат пен тағы бір жігітке автобустың алдын аршуды бұйырды. Ол екеуі лып ете түскен. Әп-сәтте ұйтқыған боранмен арпалыса тазалаған болып, қайта ішке енді. Шофер автобусты оталдыра қоймапты. Копотты ашып тастап, әлденені шұқылап жатыр. Іші бағанағы ұжмақ жылуынан айырылыпты. Кейбіреулер аяғын резеңке төселген еденге сатырлата соғады.

Архат шофердің қасына келді. Ол төмен қарап тұқшыңдап жатып, мұның келгенін аңдағандай ептеп қарап қойды. Сосын “Корбераторға бірдеңе болған-ау деймін, шешуге тура келеді” деді ақталғандай үнмен. Архат үндемеді. Бұрылып кетіп арт жақтағы орнына жайғасты. Өткен жылы әскерде жүрген кезінде қаңтардағы осындай бір оқиға көз алдына келді... Жұрт моторды уайымдап: “Енді қайттік! Қатып қалмасақ игі еді!” деп жатқанда да, бағана алғаш үрей шақырған егде адамның тағы да “Жолға шығарда қарамайма, қайдан ғана отырып едім, енді келмеспін бұл жаққа” деген шоферді кінәлаған дауысын жақтырмаса да, Архат өз ойымен оңаша отырған. Оның ойына ешкім де, ештеңе де тосқауыл бола алмас. Адам ойы – ерікті, әй бірақ әумесер де... Әйтпесе, төрт ай бойы тепсе темір үзетін бұл сергелдеңге түсер ме, осы бейнетті кешер ме? Әскер қатарынан келген кезде Алматыда болған Желтоқсан көтерілісіне бола “пропискаға” отыра алмай қаңғырмас еді қаңбақтай... Ал Архат айлап қаңғыды.

Бірақ ол қазір Ленинград маңындағы қар жамылған қалың орманда “ЗИЛ- машинасымен “Р- радиостанциясы үшін екі жігіт үш күн бойы жалғыз қалғанын еске түсіріп отырған. Совет армиясында байланыс ротасының старшинасы болған Архат әскери дайындық кезінде “ЗИЛ” моторының кесірінен Ямов деген жауынгер жолдасымен орманда қалған еді. Сонда үш күн бойы ашық алаңқай ортасында ұйқы-күлкісіз күні-түні от жағып, моторды жөндеген. Ладогадан соққан дымқыл суық лепке дірдектеп шыдап баққан-ды. Бір-ақ күнде жөндейміз деген жорамал сенімдері ақталмай, үш күн жатып, радиостанция ішінде қатып қалған қақпыш нанды талғажу еткен. Әскери өмірдің ащы-тұщысын Архат мұғалімдер даярлайтын институтты бітірген соң татты ғой. Институт бітіріп, қатарыңнан кеш қалып барған қалай дегенмен де жаныңа батады екен. Армияның аты – армия. Оның өз заңы бар: уставсыз да. Бәрін де бастан кешуге тура келді ғой... Оған да бірақ өзі сұранып, Қаскелеңде “рапорт” жазып, Ауғанстан соғысына қатысам деп кеткен-ді. “Сұрап алған аурудың емі жоқ” емес пе?! Осы бір қызба да адал мінезінен көресіні көріп, талайына тартылмағанды өзі тілеп алып жүр ғой. Әйтпесе әскерде несі бар?

Ал әйгілі Желтоқсанның жөні тіптен бөлек. Ол үшін өліп кетсең де арман жоқ. Қойша қамалып, тырнаша жұлынған, көк мұз алаңда жер жастанған қай жайсаң қыз-жігіттен жаның артық?!

Кенет шу шығып, Архаттың ойы бөлініп кетті. Әзірде ғана, жамбасына қисайған автобусты түзеуге күш салған үш жігіт малақайларының құлағын түсіріп, мойын орамалдарын тартып, жолаушылардың “қалыңдар” дегеніне қарамастан кетуге ыңғайланыпты. Архат таңырқады да қойды, басу да айтпады. Түтеген боранға бас тіксе – бара берсін сыңайлы... Тұрғылықты азаматтар ғой, адаса қоймас. Адасса да Алтай өздерінікі. Паналар жер табылар. Бәрінен бұл секілді ашық күнде адасқан ащы екен... Лайым, олар адаса қоймасын!

Үш жас жігіт жиналмалы есікті айқара аштыра бере тыста құтырынған қарлы құйын ішке қарай қотарыла құйылсын. Бірақ ана үшеуі ештеңені елемегендей іле-шала шығып кетті. Олар кетісімен іштегілер жолдарының оң болуын тілесіп, аз уақыттан кейін үндемей қалысты. Боран бақсыдай автобусты айнала асыр салып үйіріледі. Шофердің қасында егделеу бір адам мен тағы бір жігіт көмектескен болып жатыр. Басқалар күдікпен күтулі: ішінде өзі де бар...

Далада бөрідей ышқына ұлыған боран, іште ызғарлы аяз. Архатты үзік-үзік ойлар жайлаған. Көңілі қамырықты.

— ... Асығыспын, ауданға кетіп барам. Ертең келерсің деген өзіңіз емес пе едіңіз, — деп Архат Жетісу ауылының ауылсоветі Қақатаевтың алдында әскери формамен сымша тартылып тұрып еді-ау!...

— Айтсам, айтқан шығармын. — Қақатаев үстелге салбыраған қабағын көтерген. — Дәл мына жағдайға байланысты РОВД-дан инструкция алатынымды қайдан білейін?!

— Инструкцияның маған қандай қатысы бар, аға? Отан алдындағы борышымды өтеп келдім...

— Өз басыңа ештеңе деп тұрғамын жоқ. Әзірге күте тұр. Армиядан енді келсең, әлі “пропискаға” уақыт бар. Астананың іргесіндегі ауылмыз. Декабристердің дүрбелеңі... — деп Қақатаев күмілжи берді. Сондықтан да сондай инструкция берілген... Тоса тұр.

Одан Алматыға ат басын бұрды ғой бұл. Мұнда да дүңк-дүңк дүрсіл дауыс қарсы алған.

— ... Төрт ай жүрсең қайтейін! Ауылың паспортқа тұрақтандырмаса, кімнен көресің, өзің де кінәлі, – деп орнынан тұрды қара торы келген подполковник.

— Жолдас подполковник, ауылсовет көлеңкесінен қорқып отыр. Анадағы оқиғадан кейін қала маңындағы колхоз-совхозда бүкіл паспортқа тұрақтанушылардың тізімін жергілікті совет арқылы алып, тексеру жүргізіліп жатыр. Көбісінің адресі жоқ, үйді-үйде “жоғалған” пропискалылардың әрқайсысына 300 сомнан штраф салып жатырмыз. Мен сені бұл іс бітпей отырғыза алмаймын, өйткені өзің түсінесің ғой, заманның кең-мол кезінде ауылда тұрақтанғандар қаңғып-қаңғып кеткен. Қайда жүргені белгісіз? Оларды түгелдей тауып, шығарғанын шығарып, шығармайтынын тізімге алып болмай, ешкімді де пропискаға ала алмаймын! Жеп отырған нанымнан айырылар жайым жоқ. Нұсқауды бұзуға хақым тағы жоқ! – деп жолатпайды. Жұмысқа “пропискасыз” алмайды. Мамандығыммен ауылда да, Қаскелең ауданында да орын жоқ. Қалада орын бар екен, бірақ алдымнан “прописка” шықты тағы да. Үйдің көлемі тұратын адамдармен қосқанда, мен сыйып тұрмын, аға. Жақын туысымыз ғой.

Архаттың сөзін орнынан атып тұрған ұзын бойлы подполковник бөліп жіберді:

— Легендаңның түкке де қажеті жоқ мен үшін. Отырмайсың! Қалаға кіргенше — қараспан алған сорлысыңдар, кірсеңдер — бас бұзар бұзақысыңдар... Сенсіз де қаладағы кердеңдердің лаңы аз емес.

— Жолдас подполковник, мен сізге бұзық емеспін! Арғысы — әскерден төрт ай бұрын келген солдатпын, бергісі – запастағы офицермін өзіңіздей.

— Енді неғыл дейсің, фамилияң бөлек... Марш!

— Сонда қайда бармақпын? Конце до концов – шет елден қашып келгем жоқ қой...

— Қайда барсаң – онда бар. Мен сені шақырғам жоқ. Давай, марш отсюда! — деп зілденді.

— Сіздің олай деуге хақыңыз жоқ. Мен — Совет азаматымын.

— Сен мені үйретейін дедің бе? Өзің кешегі декабрьге қатысқан қу шығарсың... — Подполковник сынай қарап, кекете жөткірінді.

— Қатыссам – қатыстым... Оған бірақ дәлеліңіз жоқ сіздің! — Архат та шарт кетті. — Декабрист деп дүре соқсаңыз да...

— Хватит! Товарищ гражданин, сейчас-же идите, иначе я буду вас посадить!

— Не имеете право!

— Ох, как имею!.. Арестую вас, как неповиновение закону.

— Пусть так, товарищ полковник! Лучше в камере сидеть, чем без надежды бродить... Мне уже некуда? Что хотите, то и делайте. Я буду рад!

— Ты что, серьезно что ли? Мен отырғыза алмаймын бәрібір. Сен ауылда тұрасың, әскери учетың да сонда. Все! – Подполковник ат шаптырым кабинеттің төрінен есікке адымдай беттеді. Калинин ауданы милиция бастығының соңынан Архат еріксіз ере шыққан...

Енді міне, бойы тоңазып, қарадай елегізіп Алтай биігіндегі бұрқақта бұйығып отыр. Әлгі бір алас-күлес ақ түтекте атып шығып кеткен албырт азаматтар қайда жүр екен деген дерексіз ой оралды. Адасып кетер ме екен, әлде жол таба алар ма бұлыңғыр бұрқақта?! Өз атамекені ғой бірақ...

Автобус отала алмай ызың-дызың етіп тұрды да, тау-ды жаңғырықтыра оқыс құлаған жартастай дүр ете түсті. Екі сағаттай тағаты таусылып, тоңған аяқтарын еденге тарсылдата тықыршып отырған халайық та көтеріліп қалған. Кейінгі төрт айдың жүзінде паспортқа тұрақтанам деп талай жайға тап болған Архат ойы қалған хикаяларына қайырылып үлгермеді... Шофер жігіттің шақыруымен қасына танымайтын бір жігіт ағасын ерте сыртқа шықты.

Боран автобусты белуарынан басып тастапты. Екі жігіт жанталаса қимылдаған. Алдынан да қарды аршып, жиырма қадамдай жол сорабын салған болды. Доңғалақтары орнығып қалған автобус арлы-берлі ырғалып алып, қыс бойғы тығыз қарды жалдай жүріп кетті.

Үлкендер “Бісмілла!” дескен. Әр-берден кейін көліктері тағы омбыға тығылып, қақалып-шашалып өшіп қалды. Шофер мүлде оталмай қала ма дегендей оталғышты үсті-үстіне басып, іші әжептәуір жылынып қалған автобусты дүрілдетіп қойды. Тағы екі адам алай-дүлей тысқа беттеді. Боран бұрынғысынша, бәсеңдер түрі байқалмайды. Бұрқ-сарқ.

Беттен алып, төске шапқан қарлы желмен жолаушы автобусы Ұлан асуында үш сағаттан аса алысып, ақыры Самар жазығына еңкейер тік шатқалға іліккенде пышақ кесті тыйылған-ды. Бұл кезде күн бесіннен ауып, бұлыңғыр аспан асты мен терең шатқал ішін қараңғылықтың хабаршысындай зәрлі көлеңке иелеген. Сары автобус кілт тоқтады. Шофер орнынан көтеріліп, ту сыртын жауып тұрған Алтай барысы суретті плакатпен жапсырылған жалпақ әйнек шетінен кеу-десімен көрініп, Ұлан асуынан айтқанға көнбей, өз бетімен кеткен үш жас жігітті жолаушылардың есіне түсірді.

Олар із-түзсіз кетіп, ізім-қайым болғанына көп болмаса да, жұрт жадынан шығып та үлгергендей... Әркім-әркім әр түрлі долбар жасап, бәлкім асудан аман-есен асып, әлде бір қыстаққа жеткен шығар деп топшылаған. Алдымызда кетіп бара жатқан болар дегендерге шофер үзілді-кесілді “жоқ!” деді. Асудағы алас-қалас ақ түтек арасында қалып қоймады ма, тау басы мекенсіз ғой деген күдік кім-кімнің де көңілін жайлаған... Бірақ жамандыққа қимаған, ауыздарының батылы жетпеген – бұлдыр үмітке сенген. Олардың қайда бара жатқанынан да жолаушылар хабарсыз болып шықты. Самар мен Күршім – екі ауданның қайсысынан екені белгісіз.

Айналасы екі жүз шақырым аймақтың ауа райы құбылмалы-ақ.

Сары автобустағылар Самарға сағат жетіден аса жетті. Шофер асуда бой бермей кетіп қалған үш жігіт жайлы тиісті орынға хабарлады... Іңір ілінген. Мұнда екі-үш адамды түсіріп тастап, екі-үш жолаушыны отырғызып алып тартып кетті. Олар Ертіске жеткенде түн түнегі қымтап, ай туған. Кәрі өзен үстінде аяз күшті болушы еді, бүгін бірақ қалың қар мен көк мұзды астынан солқылдата ерітетін өлкек соғып тұр екен. Әлі түсе қоймаған мұз үстінен қызыл су жүріп, жылым пайда болып, жарық ай сәулесі мен көтерілген селдір бу арық малдың шарбысындай жұп-жұқа перде тұтыпты.

Алып өзеннің арғы жағасы көрінер емес. Ол жақта бұларды күтіп тұрған да еш көліктің жыпылықтатқан жарығы көзге ілікпеді. Сары автобустан түскен жолаушылар кәрлі Ертісті бойлай соққан өлкек пен мамыражай жайылған қызыл суға қарап тұрды да, амалсыз автобусқа енді. Жас балалы әйел жылаған сәбиін емізіп алуға жолаушылардың орын-орындарына түгел жайғасуын күтті...

Елдің артынан енжарлау енген Архат қана. Қызыл су жүріп жатқан ұлы Ертістің арғы бетіне өте алмады. Өлі мұз жібіп, жетер-жеріне жеткізбеді. Өткелсіз өзенге не шара?! Бұл бірақ алмағайыпта Алматыға сыймаса да, атан атамекені Алтайына табанын тіреп, ертең-ақ ал көңілі бүрлеп шыға келер.

Жолаушылар мінген автобус Самарға кері қайтты. Оған көкқаяз тас жолға шағылған жалғыз ай ілескен. Асуда бұрқақ, өзенде өлкек соққан құбылмалы күн түнге ауысқан. Архат Күршімге күнбе-күн жете алмады. Ал бұрқақта бұлаңытып кеткен бұландай жігіттер сол бойы оралмады... Архат ымырт аязынан тітіркеніп қойды.




Жүктеу батырмасы 50 секундта ашылады!!!




KZ / Қазақша Әңгімелер жинағы, әңгіме Асқар Алтай Прописка туралы ангиме казакша рассказ на казахском, рассказ Асқар Алтай Прописка на казахском языке ангиме скачать бесплатно, қызықты әңгімелер балаларға арналған, кызыкты ангимелер балаларга арналган, интересные рассказы на казахском языке, әңгіме Асқар Алтай Прописка туралы ангиме казакша рассказ на казахском рассказ Асқар Алтай Прописка на казахском языке ангиме скачать бесплатно қызықты әңгімелер балаларға арналған кызыкты ангимелер балаларга арналган интересные рассказы на каз, Әңгіме: Асқар Алтай | Прописка ғибратты әңгімелер ғибратты әңгімелер вк ғибратты оқиғалар ғибратты сөздер гибратты ангимелер