Болашақ педагогтың кәсіби-тұлғалық өзін-өзі жетілдіру негіздері


БОЛАШАҚ ПЕДАГОГТЫҢ КӘСІБИ-ТҰЛҒАЛЫҚ

ӨЗІН-ӨЗІ ЖЕТІЛДІРУ НЕГІЗДЕРІ

Болашақ педагогтың кәсіби-тұлғалық

өзін-өзі жетілдіру негіздері

Бахрамова Г.А. п.ғ.к.,

Шымкент университеті, Педагогика кафедрасы

Шымкент, Қазақстан

 Білім сапасын көтерудің негізгі тетігі – ұстаз, сондай-ақ оның теориялық білімі мен кәсіби шеберлігі, шығармашылық қызметі. Мұны Шығыстың ұлы ойшылы Әбу Насыр әл Фараби: «Ұстаз тумысынан өзіне айтылғанның бәрін жетік түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселерінің бәрін жадында сақтайтын, олардың ешбірін ұмытпайтын, алғыр да зерек ақыл иесі, өте шешен, өнер–білімге құштар, аса қанағатшыл, жаны таза және әділ, жұртқа жақсылық жасап, үлгі көрсететін, қорқу мен жасқануды білмейтін батыл, ержүрек болуы керек» – деген сөздерімен дәйектеуге болады. Яғни, осы бір қасиетті мамандық иесінің ұрпақ тәрбиесіндегі алар орны ерекше.

 Қазақстандағы білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында Қазақстанда оқитындарды сапалы біліммен қамтамасыз етіп, халықаралық рейтингілердегі білім көрсеткішінің жақсаруы мен қазақстандық білім беру жүйесінің тартымдылығын арттыру үшін, ең алдымен, педагог кадрлардың мәртебесін арттыру, олардың бүкіл қызметі бойына мансаптық өсуі, оқытылуы және кәсіби біліктілігін дамытуды қамтамасыз ету, сондай-ақ педагогтердің еңбегін мемлекеттік қолдау мен ынталандыруды арттыру мәселелеріне үлкен мән берілген.

 Дәстүрлі білім беру жүйесінде білікті мамандар даярлаушы кәсіби білім беретін оқу орындарының басты мақсаты – мамандықты игерту ғана болса, ал қазір әлемдік білім кеңістігіне ене отырып, бәсекеге қабілетті тұлға дайындау үшін адамның құзырлылық қабілетіне сүйену арқылы нәтижеге бағдарланған білім беру жүйесін ұсыну – қазіргі таңда негізгі өзекті мәселелердің бірі.

 Мұғалімге өз ісінің маманы болумен қатар, оның бойында баланы жақсы көру, баланың көзқарасы мен пікірін сыйлау, тыңдай білу керек.  Психологтер де, педагогтер де адамның рухани интеллектуалдық, кәсіби шығармашылықпен өзін-өзі дамытуы өмірінің әр кезеңінде әрқалай деп көрсетеді.

 Болашақ мұғалім:

 - ол өзінің пәнін біліп қана қоймай, сонымен қатар педагогикалық үдерістегі әр қатысушының орнын көре біліп, оқушылардың іс-әрекетін ұйымдастырып, оның нәтижелерін алдын ала байқап, мүмкін болатын жағдайда артта қалушылықты реттеуді меңгеруі;.

 - оқушылардың негізгі: құндылық-бағдар, жалпы мәдениет, оқу-танымдық, ақпараттық, әлеуметтік-тұлғалық құзырлылықтарын қалыптастыруға дайын;

 - білімге ерекше қажеттілігі бар балалармен жұмыс істеуді жүзеге асыра білуі керек.

 Жоғары оқу орнында болашақ мұғалімді кәсіби-педагогикалық іс-әрекетке дайындау мәселесін О.А. Абдуллина, В.И. Андреев, Э.Ф.Зеер, Н.В.Кухарев, Е.В. Ткаченко, А.В. Усова және т.б. шешкен. Мұғалімнің педагогикалық шеберлігін зерттеуге (И.Я. Зязюн, Н.В. Кузьмина, В.А. Сластенин, Н.Н.Тарасович, Г.И.Хозяинов және т.б.) және педагогикалық техниканы жетілдіруге ерекше көңіл бөлінген (Ю.П. Азаров, А.А.Кан-Калик, Л.И. Рувинский және т.б.).

 Психологиялық-педагогикалық әдебиеттерді сараптау кәсіби-педагогикалық дайындықтың жоғары оқу орны студенттерінде қалыптастыруға қажетті мынадай ең маңызды жақтарын бөліп қарастыруға мүмкіндік береді: педагогикалық іс-әрекеттің әр түрлі компоненттері (Ф.Н. Гоноболин, Н.В. Кузьмина, В.А. Сластенин және т.б.); зерттеу біліктері мен дағдылары (О.А. Абдуллина, А.И. Щербаков, Н.М. Яковлева және т.б.); оқу процесінде тәрбие міндеттерін шешуге даярлық (Н.Ф. Белокур, С.Е. Матушкин, П.И. Чернецов және т.б.); шығармашылық педагогикалық іс-әрекетке даярлық (К.А. Абульханова-Славская, Ю.П. Азаров, А.А. Вербицкий, В.А. Кан-Калик, Ю.И. Кулюткин, Н.В. Кухарев, Г.С. Сухобская және т.б.); педагогикалық сараптама, өз педагогикалық іс-әрекетінің рефлексиясын жасау қабілеттілігі (Ю.А. Конаржевский, Г.Н. Сериков, В.А.Черкасов, Т.И.Шамова және т.б.). Сонда болашақ педагогтарды кәсіби іс-әрекетке дайындаудың кейбір аспектілері зерттелген. Сол сияқты психологтарды да кәсіби іс-әрекетке дайындау біршама қарастырылған. Ал екі мамандықты Қазақстан республикасында біріктіріп дайындау жағдайы жолға қойылғанда, жоғары оқу орындарында педагог-психолог мамандарды кәсіби іс-әрекетке дайындаудың теориясы күні осы кезге дейін психология мен педагогика ғылымдарында анықталмаған. Жаңа қоғам кеңістігінде жас ұрпаққа жаңаша білім беру жолында түбегейлі өзгерістер жүріп жатыр. XXI ғасыр ғылым мен білімнің қарыштап дамыған ғасыры деп аталатыны мәлім. Сондықтан қазіргі ұстаз шәкіртіне ғылым негіздерінен мәліметтер беріп қана қоймай, оны дүниежүзілік білім, ақпарат, қатаң бәсеке жағдайында өмір сүріп, жаңа дәуір жаңалықтарымен суарылып отыруға тиісті. Бұл істе нәтижеге қол жеткізу үшін, мұғалім – қоғамдағы болып жатқан тез өзгеріп тұратын әлеуметтік–экономикалық, педагогикалық өзгерістерге тез төселгіш, жаңаша ойлау жүйесін меңгерген, жан–жақты білімдарлығы, тұтас дүниетанымы болуы қажет.

 Қазіргі өмір талабына сай педагогикалық жоғары оқу орындары білімді ғана емес, әрі тәрбиеші, әрі қоғамшыл, әрі зерттеуші, әрі ұйымдастырушы мұғалім даярлау керек екені бәрімізге белгілі. Әр қырлы оқытушы – тәрбиеші мұғалім даярлау күрделі үрдіс. Ал оған бағыт беруші, жол сілтеуші – білікті, шебер, парасатты ұстаздар.

 Оқу іс-әрекетінің өзіндік құндылығы кәсіби өзін-өзі анықтаудың неғұрлым алыс мақсаттарына бағынады. Адам тек білімнің өзі үшін ғана оқымайды, болашақта неғұрлым мәнді нәрсе үшін оқиды, бұл студенттік жаста неғұрлым көп дәреже де көрінеді. Педагог-психологтар әр түрлі кезеңдегі жастардың бейімделуі кезінде пайда болатын проблемаларды шешіп және кеңестер беріп қана қоймай, сонымен қатар сол сыныптағы балалардың ішінен дарынды, қиын балаларды анықтап әрқайсымен жеке сұқпаттаса отырып, кеңес беруі қажет.

 Аталған барлық бағыттар үшін жалпылық бұл студент тұлғасына, оның даралық ерекшеліктеріне, студенттердің әлеуеттік мүмкіндіктерін, өзіндік дамуын анықтау үшін арнайы әдістер мен тәсілдерді таңдау қажеттілігіне  бағдарлану болып табылады. Сонымен, жоғары оқу орнында студенттерді оқыту ерекшеліктерін теориялық және практикалық әдебиеттерге жасаған талдау негізінде тұлғаны дамытудағы қарым-қатынасты жетілдірудің мәні, құрылысы және мазмұны нақтылауға; тұлғаны дамытудағы қарым-қатынасты жетілдіру моделін құруға, студенттердің тұлғалық дамуын қамтамасыз ететін критерийлерді, көрсеткіштерді және деңгейлерін анықтауға мүмкіндік берді.

Сондықтан жоғары педагогикалық білім беруді реформалау, педагогикалық-психологиялық мамандардың көп деңгейлік дайындығына көшу, парасатты еңбек нарығында мамандардың бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету жағдайларында болашақ педагогтар мен психологтарды кәсіби-педагогикалық іс-әрекетке дайындау мәселесінің өзектілігі зор.

 Маман дайындауда, ең алдымен, әрбір педагог-психологтің жеке тұлғасын қалыптастыру талап етіледі. Бұл ұзақ та күрделі процесс. Алайда, оның негізі кәсіби дайындау барысында жетіледі.

 Қазіргі педагог-психологтың алдына: болашақ өркениетті, дәстүрлі демократиялық мемлекетті құратын жас ұрпақтың ең әуелі адамгершілік қасиеттерін қалыптастырып, содан кейін оның жан сапасын, тән сапасын арттырып, техникалық прогреске сәйкес жан-жақты қолданбалы білім беру міндеттері қойылады. Ол үшін мектептер қаражатпен, техникалық құралдармен, мәдени қажеттіліктермен толық қамтамасыз етілуі тиіс.

 Жалпы білім беретін мекемелердің іс-әрекетінің нәтижелігі, ең алдымен, педагогтар мен психологтарға байланысты. Олардың жеке тұлғалық қасиеттері, педагогикалық білігі, адамгершілік және ақыл-ой парасаты, педагогикалық мәселелерді шешуде шығармашылық ізденіске бой алдыруы, есеюі, өнегелілігі, денсаулығы мен рухани байлығы қоғамның әлеуметтік алғышарты болып табылады.

Білім беру - процесс және іс-әрекет ретінде. Білім берудің мәні - мақсаттан нәтижеге карай жылжу процесі. Процесс деген сөздің өзі латын тілінен аударғанда (processus - қозғалу, жылжу) - бір нәрсенің дамуындағы құбылыстардың, жағдайлардың біртіндеп ауысуы; қандай болмасын нәтижеге қол жеткізудегі іс-кимыдар жиынтығы деген мағынаны білдіреді.

Білім беру - педагог пен оқушы, студент арасындағы қарым-қатынас процесі. Бұл процесс барысында оқушы немесе студент оқу, тәбие, даму процестеріне жан-жақты белсенді қатысып педагогикалық қарым-қатынастың субъектісіне айналады. Білім беру барысында педагог пен оқушы арасында ғана емес, оқушылардың, студенттердің өзара біріккен әрекеттері де нығая түседі. Аталып отырған педагогикалық процесс көптеген білім беру құралдары (оқу, әдістемелік мәтіндер, көрнекілік құралдар, компьютерлер, аудио-видео кұралдар, қашықтықтан оқыту аппараттары т.б.) арқылы арнайы ұйымдастырылған (жеке, топтық, ұжымдық) түрде жүргізіледі.

Білім беру процесі үнемі мақсатқа бағытталған және күтілетін нәтижелерге байланысты. Осы тұрғыдан білім беру процесін технологияландырылған процесс деп те сипаттауға болады, себебі педагогикалық технологияларда өзара сабақтасқан шағын және жалпы мақсаттарға жетудің нақты кезеңдері, сатылары анықталады.

Білім беру процессі - мұғалімнен, оқытушыдан балаға, студентке ақпаратты жеткізу арнасы. Сондықтан казіргі кезде білім беру саласында ақпараттық технологиялар кең таралуда.

Білім берудің сапалық жағынан қарайтын болсақ ол тек құндылық, тек жүйе, тек процесс емес. Білім беруді нәтиже ретінде де қарастыруға болады. Оқу-танымдык процесс барысында әр адам білімнің бір сапалық деңгейіне жетеді, ол оның нақты бір көлемдегі білімді игеруінің нәтижесі. Бастауыш білім алу барысында адам сауаттылыққа ие болады.

Сауатты адам - өзінің білімдік әлеуетін ары қарай дамытуға, байытуға дайын адам. Сауатты болу адамды білім беру саласында көп бастапқы мүмкіншіліктермен қамтамасыз етеді. Сауаттылықтың негізгі педагогикалық сипаты - оған барлық адамдардың қол жеткізе алуларында. Бірақ қазіргі заманда тек сауатты адам ғана болып қалу жеткіліксіз.

Сауаттылық және білімділік ұқсас ұғымдар болғанымен екеуі тең мағыналы ұғымдар емес. Бұл екі сапа адамның алған білім, білік, дағдыларының көлемі, кеңдігі, тереңдігі жағынан, шығармашылық іс-әрекет тәсілдерімен ажыратылады. Адамдардың белгілі білім беру мекемелерінде алған, меңгерген білімдерінің деңгейіне қарай бастауыш білімі бар адам, орта білімді адам, жоғары білімді адам деп атайтынын көп естиміз. Білімділік - қоғам үшін және тұлға үшін кажетті максимумға дейін жеткізілген сауаттылық. Білімділік ұғымы қоғам мен адам өмірінің түрлі сұрақтары бойынша дүниетанымның кеңдігі. Ол тұлғаның білім алу саласындағы жетістіктерімен сипатталады.

 Өз пәнінің шеңберінде қалып қойған мұғалім балаға білім, тәрбие берудегі биік мақсаттарға жете алмайтыны анық. Қазақстанның бүгіні мен ертеңі жас ұрпақтың еншісінде. Ал жас ұрпақты жан–жақты, терең білімді, интеллектуалдық деңгейі жоғары етіп қалыптастырудың бірден-бір жолы – оқушыға білімді терең игертудің тиімді әдіс-тәсілдерін іздестіру, шығармашылыққа жетелеу. Бұл жағдайда мұғалімнің терең біліктілігі қажет.

 Білім беру нəтижесі екі тұрғыдан қарастырылады. Біріншісі — бұл нақты білім беру жүйесі арқылы алынатын жəне білім беру стандарты формасында тіркелетін нəтиженің бейнесі. Қазіргі замандағы білім беру стандарттары оқытудың белгілі бір курсын өту үстіндегі адамның тұлғалық сапасына, оның білімі мен икемділігіне қойылатын талаптарды қамтиды. Стандарттың мазмұны, əлеуметтік мəдени тəжірибенің идеалды формада сақталатынына əлбетте қол жететін көрінісі екені мəлім.

 Екінші тұрғыдан, білім берудің нəтижесі бұл белгілі бір білім беруші жүйеде оқытудан өткен адамның өзі. Интеллектуалды, тұлғалық, мінез-құлықтық қасиеттерінің қалыптасқан жиынтығы ретіндегі оның тəжірибесі оған кез келген жағдайда адекватты əрекет жасауға мүмкіндік береді. Бұл тұрғыдан білім берудің нəтижесі білімділік болып табылады, ол жалпы жəне кəсіптік-мазмұнды бола алады. Осылайша, мектеп түлектерінің жалпы білімділігін қалыптастырады. Кез келген жоғары оқу орнының түлегі осы негізде арнайы кəсіптік білімімен сипатталады. Адамды білімді ететін терең жəне жүйелі білім беру өмір ағымының ауыспалы кезеңдерінде сенімділік, бəсекеге қабілеттілік жəне өзінің ар-намыс сезімінің негіздерін салады. Педагог іс-əрекеті білім саласында кəсіби міндеттерді шешуге бағдарланады. Шешім мақсатты айқындаудан, іс-əрекет мотивіне түрткі болудан басталады. Мақсаттылық — іс-əрекеттің алғашқы кезеңі, екінші кезең іс-əрекет бағдарламасын жоспарлау, жобалау. Іс-əрекет бағдарламасын құру үшін қандай əрекеттер жəне қандай оқыту процесінің афференттік синтезінен өткізу қажет. Нəтижесінде əрекет бағдарламасы педагог іс-əрекетінің моделі пайда болады. Іс-əрекетін бағдарлау педагогтың интеллектуалдық қабілетіне байланысты, қандай білім мен іскерліктерді игерген, педагогтың кəсіби міндеттерін эвристикалық жолмен шеше алуы, оқыту технологияларын қаншалықты меңгергендігіне байланысты айқындалады. Іс-əрекеттің бұл кезеңі педагог құзыреттілігінен шешіледі.

 

Пайдаланған әдебиеттер:

1. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы. - Астана, 2000.

2. Қазақстан Республикасында Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы. – Астана, 2011.

3. Қоянбаев Ж.Б., Қоянбаев Р.М. Педагогика. - Алматы, 2002.

4. Бахрамова Г.А. Кәсіби мектеп мұғалімінің теориялық және практикалық дайындығының біртұтастығы / Қазақстанның ғылымы мен өмірі № 5 (40). - Астана, 15.09. 2016. – С.214-216

5. Тұрғынбаева Б.А.Мұғалімдердің шығармашылық әлеуетін біліктілікті арттыру жағдайында дамыту. – Алматы, 2005.

 

[attachment=26914:1672128598.docx]
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі
Пікір жазу