Мұхтар Әуезовтың 125 жылдығына арналған әдеби кеш сценарий


«Көлік және коммуникация колледжі»

МКҚК Ахметова Г. К.

М. Әуезовтың 125 жылдығына арналған әдеби кеш «Асқар тау алыстаған сайын айқын көріне түседі...»

Мақсаты:

Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің өмірі мен шығармашылығымен таныстыру, Абай жолы роман – эпопеясымен таныстыру. Студенттерді ұлылардың өмірінен үлгі алуға баулу, шығармашылық танымдарын толықтыру.

Жабдығы: мультимедиялық орталық, ноутбук, баннер, плакаттар,

Мұхтар Әуезовтің әдеби көрмесі

«Мұхтар Әуезов - біздің бүгінгі адамзатқа ортақ мәдениет шеруіне қатысуға жолдама алып берген елшіміз»

Н. Ә. Назарбаев.

Жоспары:

І бөлім - Ашылу салтанаты

ІІ бөлім - «Мұхтардың өзі де үлгі, өмірі де».

Мұхтардың ғұмырнамасы

ІІІ бөлім - Әдеби - монтаж - Абай өлеңдері

ІҮ бөлім - Абай оқудан қайтқанда – көрініс

Ү - бөлім - Естелік бейнежазба

ҮІ - бөлім - «Әйгерімнің Абайды жоқтауы»

ҮІІ - бөлім - Қорытынды

І бөлім

Ашылу салтанаты

1 - жүргізуші: - Армысыздар, текті елімнің текті ұрпақтары!!!

2 - жүргізуші: - Армысыздар, кешке жиналған көпшілік қауым! Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығына арналған әдеби кешімізді ашық деп жариялауға рұқсат етіңіздер!!!

1 - жүргізуші: Бүгінгі әдеби кешіміз қазақтың әйгілі жазушысы, қоғам қайраткері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, филология ғылымының тұңғыш докторы, профессор, Қазақ КСР - ның еңбек сіңірген ғылым қайраткері Мұхтар Әуезовтің туғанына 125 жылдық мерейтойына арналады.

2 - жүргізуші: Әдебиеттің асқары іспеттес тұлғаның өмірі де, өзі де дара, дана. М. Әуезов - жомарт табиғаттың жарық дүниеге тым сараң сыйлайтын біртуары. XIX ғасырдың асқар белі Абай болса, ХХ ғасырдың заңғар биігі - Мұхтар Әуезов.

1 - жүргізуші: Осынша қазақ үшін дара тұлға туралы кемеңгерлердің, белгілі тұлғалардың өздері тебірене естелік айтыпты:

- «Мұхтар Әуезов - біздің бүгінгі адамзатқа ортақ мәдениет шеруіне қатысуға жолдама алып берген елшіміз» Н. Ә. Назарбаев.

2 - жүргізуші:

- «Орыс мәдениеті үшін Пушкин қандай болса, шығыс халықтарының мәдениеті үшін Әуезов сондай» Ш. Айтматов.

1 - жүргізуші:

- «Қазақстан үшін Әуезов - екінші Абай» Николай Погодин.

ІІ бөлім

«Мұхтардың өзі де үлгі, өмірі де».

Мұхтардың ғұмырнамасы

1 - жүргізуші: Туған жері бұрынғы Семей уезінің Шыңғыс болысы (қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданы). Әкесі Омархан мен атасы Әуез сауатты кісілер болған. Атасы Әуез бен әжесі Дінасылдың тәрбиесінде болған бала Мұхтардың алғаш сауатын ашушы да атасы. Ол сол арқылы алты жасынан Абайдың өлеңдерін жаттап ауылдастарына оқып беретін дәрежеге жетеді.

2 - жүргізуші: 1908 жылы Семейдегі Камалиддин хазірет медресесінде оқып, одан орыс мектебінің дайындық курсына ауысады.

1 - жүргізуші: 1910 жылы бес кластық орыс училищесіне түседі. Осы жерде оқып жүріп «Дауыл» атты алғашқы шығармасын жазады.

2 - жүргізуші: 1915 жылы Семей қалалық мұғалімдер семинариясына қабылданады. Оқып жүргенде Шәкәрім Құдайбердіұлының «Жолсыз жаза» дастаны негізінде «Еңлік - Кебек» пьесасын жазып, оны 1917 жылы маусым айында Ойқұдық деген жерде тіркестіріп тіккен киіз үй сахнасына шығарады.

1 - жүргізуші: 1918 жылы М. Әуезов Семей қаласының өкілі ретінде Омбы қаласында өткен жалпы қазақ жастарының құрылтайына қатысып, оның орталық атқару комитетінің мүшесі болып сайланады. Құрылтайда «Алашорда» үкіметі мен Алаш қозғалысының бағытын ұстанған «Жас азамат» атты Бүкілқазақстандық жастар ұйымы құрылады. Ұйымның белсенді мүшесі бола жүріп, «Абай» ғылыми - көпшілік журналын шығаруға (Ж. Аймауытовпен бірігіп) атсалысады.

2 - жүргізуші: 1919 жылы — Семей губревкомының жанынан ашылған қазақ бөлімінің қызметкері, 1. 1920 жылдың ақпанынан бөлім меңгерушісі. «Қазақ тілі» газетінің ресми шығарушысы болып тағайындалады.

1 - жүргізуші: 1921 жылы Семей облревкомының төралқа мүшесі, атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарады. 1921 жылғы қараша айында Қазақ АКСР - і ОАК - нің төралқа мүшелігіне сайланып, онда саяси хатшы міндетін атқарып, кадр мәселесімен айналысады. Мұхаңның «Еңбекші қазақ» газетіне басшылық жасайтын тұсы да осы кезеңмен дәлме - дәл келеді.

2 - жүргізуші: 1923 жылы Ленинград университетінің қоғамдық - ғылымдар факультетіне, әдебиет - лингвистика бөлімінің славян - орыс секциясына түседі. М. Әуезов көркем әдебиеттен сабақ береді, әрі «Шолпан», «Сана» журналдарында қызмет істейді.

1 - жүргізуші: Орта Азия мемлекеттік унивирситетінің тюркология кафедрасына аспирантураға түсіп, сол кезде қазақ халық ағарту институтында орыс және қазақ әдебиет пәндерінің оқытушысы болып қызмет атқарды. Қазақтың мемлекеттік университетіне ауысты да, оның жалғастығы өмірінің соңына дейін үзілмеді.

2 - жүргізуші: «Москва, как много в звуке этом» - дегендей М. Әуезов өмірінде Мәскеу университетінің орны ерекше. Өзін Мәскеу студенттері алғашында салқын қабылдайды. Бірақ шын тұлпар шабысына біртіндеп барып енеді емес пе? Академик Виноградов өз кезегін Әуезовқа ұсынып, студенттермен бірге отырып тыңдайды. Бұл кезең Әуезовты ерекше ширықтырғандай еді.

1 - жүргізуші:“Қорғансыздың күні ” (1921) – жазушының алғашқы жарық көрген әнгімесі. Мұнда Ғазиза деген панасыз жетім қыздың адам айтқысыз озбырлық, қорлыққа шыдамай, боранға ұрынып, үсіп өлгені айтылған. Бұл шығармада Ақан сияқты қара ниет ауыл әкімінің тағылық қылықтары әшкереленеді.

2 - жүргізуші: “Ескілік көлеңкесінде” ескі салт бойынша өлген апасының орнына кәрі жездесіне тоқалдыққа баруға ризалық білдірген, өзін сүйген жігіт Қабыштың тілегімен есептеспеген Жәмеш деген қыздың халі әңгімеленген. Мұхтар Әуезов өмір қайшылықтары мен теңсіздіктерін әр қырынан көрсету арқылы қазақ әдебиетінде психологиялық прозаның үлгілерін тудырды.

1 - жүргізуші: “Қараш – қараш оқиғасы” төңкеріс қарсаңындағы қазақ қоғамының шындығынан туған, ескі ауылдағы әлеуметтік теңсіздік тәрізді өткір тартысқа құрылған. Мұнда да 20 жылдардың әңгімелеріндегідей дала билеушілерінің заңсыз жуандығы – байлардың кедейлерге жасар өктемдігі, зорлығы, кедейлердің байлардан көрер қиянаты, қорлығы сөз болады.

2 - жүргізуші: “Қилы заман” повесінде 1916 жылғы ұлт – азаттық қозғалыстың барысы, әділетсіздікке төзбей, ел бастап шыққан ерлердің бейнесі көрсетілген.

ІІІ - бөлім.

Әдеби - монтаж - Абай өлеңдері

1 - жүргізуші: Мұхтардың әдебиеттің жауһарларына қалам тербеуі - Абайды зор биікке балауында, Абайды шың санауында.

2 - жүргізуші: Бала кезгі арман, Абайдың өлеңдері, Абайдың қарасөздері арқылы есейгенде шын армандарға ұласып жатты.

/Абай өлеңдерін сахнаға 6 студент шығып мәнерлеп оқиды /сазды әуен ойнап тұрады/.

ІҮ - бөлім

Абай оқудан қайтқанда

/көрініс/

1 - жүргізуші:

Биік шыңнан көрінген ақылымен

Мұхтар - тұлға, Мұхтар - дара, Мұхтар – дана

Мың ғасырда бір - ақ рет туылатын

Алып шың, алып тұлға, Мұхтар ғана.

2 - жүргізуші:

Мұхтарымен мақтанады қазағым

Мұхтарымен алға ұмтылады қазағым

Абай жолын – қазағына саралап

Салып берген, салып берген Мұхтарым

1 - жүргізуші:

Ұзақ зерттеп, кең тыныспен кіріскен «Абай жолы» романдарын Мұхтар он бес жылға жуық жазады. Жазушының өзі айтқандай, «Абай» және «Абай жолы» романдарын жазу – жазушының шығармашылық өміріндегі сүйікті ісіне айналады.

2 - жүргізуші:

Абай жолы – халық жолы, халық жолы – Абай жолы.

1 - жүргізуші:

“Абай жолы” – қазақ совет әдебиетіндегі тұңғыш роман – эпопея...

2 - жүргізуші:

Эпопеядағы орталық тұлға, типтік характер – Абай. Ол – бүкіл бір халықтың рухани адамшылық келбетін елестете алатын бейне.

1 - жүргізуші: Абайдың өмір өткелдерін, әлеуметтік майдандағы әр алуан күрделі істерін оның нағыз адамдық ықыластарымен, үміт - арманымен, күйініші - сүйінішімен бірлестіре көрсету арқылы суреткер оның тұлғасын типтік характер дәрежесіне көтерді, ақын, ойшыл, қоғам қайраткерінің асыл бейнесін жасады.

2 - жүргізуші: Құнанбай образының жасалу шеберлігі бүкіл дүние жүзілік әдебиет тарихында сирек ұшырасады. Мейлінше шыншыл суреткер бұл образды мінездеу мен мүсіндеуге, жинақтау мен даралауға өзінің бай палитрасындағы бір ғана емес, бірнеше (ақ, көк, сары...) бояуды қоса, қатар жұмсаған.

1 - жүргізуші: Осылайша Абайды үлгі - өнеге тұтып, қазаққа Абайдай дана туралы керемет шығарманы жазып қалдырды.

2 - жүргізуші: Өзінің естеліктерінде жазғандай, әкесі оған бала кезінен Абайды үлгі тұтушы еді, шығармаларының қайнар бұлағынан сусындатушы еді.

1 - жүргізуші: Сол бір бала Абайдың бейнесі Мұхтарға да биік мұнардай елестетуші еді. Назарларыңызға «Абай жолынан» көрініс - «Абай оқудан қайтқанда».

/Абай оқудан қайтқанда – көрініс/

Ү - бөлім

Естелік бейнежазба

1 - жүргізуші:

Ұлы Абайдай алыпты,

Қазақ деген халықты,

Таныстырып бар елге,

Абайды бізге танытты.

2 - жүргізуші:

Адамдық пен надандық,

Жақсылық пен жамандық,

Суреттердің бәрін де,

Оқып одан нәр алдық.

Аталса Абай есімі,

Әуезов түсер есіме,

Абай - Мұхтар қос есім,

Киелі болған өзіме.

1 - жүргізуші: Мұхтардың өмірі мен шығармашылығына 7 кітабын бірдей арнап, өзі де сол Абай мен Мұхтарды дүниеге әкелген киелі Семей жерінде туған, профессор, филология ғылымдарының докторы, Отырар кітапханасының директоры Тұрсын Жұртбайдың естелік сөзіне кезек берсек.

2 - жүргізуші: Бейне жазуды назарларыңызға ұсынамыз.

/Бейне жазба/

ҮІ - бөлім

«Әйгерімнің Абайды жоқтауы»

1 - жүргізуші: Ұлттық теңсіздік пен сауатсыздықты, аштықты жою жөніндегі ашық пікірі мен шығармалары үшін «ұлтшыл, алашордашыл» атанып, саяси сахнадан шеттету басталған тұста Мұхаң бірыңғай шығармашылық жұмыспен айналысуға көшеді.

2 - жүргізуші: 1930 жылы идеялық көзқарасы үшін тұтқынға алынады. Тергеу ұзаққа созылып, 1932 жылғы сәуір айында үш жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарылады. Осы жылғы 10 маусым күнгі «Социалистік Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде М. Әуезовтің «Ашық хаты» жарияланады.

1 - жүргізуші: Онда Мұхаң өзінің қазақ әдебиетінің тарихы және Абай туралы зерттеулерінен, «Қарагөз», «Еңлік - Кебек», «Хан Кене», «Қилы заман» сияқты шығармаларынан бас тартатынын мәлімдеуге мәжбүр болды.

2 - жүргізуші: Сонан кейін ғана ол түрмеден босатылып, оқытушылық жұмыспен айналысуына рұқсат алды.

1 - жүргізуші: Ол 1961 жылы 27 маусымда Мәскеу қаласындағы Кремль ауруханасында операция кезінде қайтыс болды.

2 - жүргізуші: Қазағымның дара ұлы, дана ұлы маңдайға сыймай кетті.

/Әйгерімнің Абайды жоқтауы/

ҮІІ - бөлім

Қорытынды

1 - жүргізуші: Бүгінде есімі ұлттық мақтанышымызға айналған, атағы жер жүзіндегі адамзат баласының арыстандары атанған Шекспир, Пушкин, Толстойлармен теңдесіп, әлемдегі үркердей ұлылардың қатарына кірген, халқымыздың кемеңгер перзенті, дара және дана Мұхтар Омарханұлы Әуезовты қазақ мәңгілік жоқтап өтеді.

2 - жүргізуші: М. Әуезов - жомарт табиғаттың жарық дүниеге тым сараң сыйлайтын біртуары. XIX ғасырдың асқар белі Абай болса, ХХ ғасырдың заңғар биігі - Мұхтар Әуезов.

1 - жүргізуші: Қанша ғасыр өтсе де, қанша дәуір өтсе де қазаққа саралап берген Абай жолы жалғаса береді.

2 - жүргізуші: Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған, Мұхтардай ұлылар мәңгі жасайды.

1 - жүргізуші: Құрметті қонақтар, әлемге Абайдай дананы танытып, өзі де қайталанбас бірегей тұлға болып танылған Мұхтардай ұлыға арналған әдеби кешіміз осымен тәмамдалды. Қош сау болыңыздар!



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі
Пікір жазу