Қазақша әңгіме: Бейімбет Майлин (Мөңкебайдың өлімі) » ZHARAR © 2017 | беимбет майлин Мөңкебайдың өлімі ангимелери казакша бейімбет майлин әңгімелері, беимбет майлин ангимелери казакша, бейімбет майлин әңгімелері әңгімесі, беимбет майлин рассказы на казахском языке, Мөңкебайдың өлімі




  • »

Қазақша әңгіме: Бейімбет Майлин (Мөңкебайдың өлімі)

Қазақша әңгіме: Бейімбет Майлин (Мөңкебайдың өлімі) казакша Қазақша әңгіме: Бейімбет Майлин (Мөңкебайдың өлімі) на казахском языке

Аласалау Земенкенің үлкен жақ бөлмесінде, қара күңгірт бұрышында еңгезердей болып біреу жатыр. Үстінде айқара жамылған күпі, ыңқылдайды, күңіренеді...

Бұл Мөңкебай еді. Ауру еді. Төсек тартып жатқанына айдан асып барады, ешкім қасына келген жоқ, "жайың қалай?" деп көңілін сұраған жоқ.

Ең арғысы, құдайдан сұрап алған жалғыз баласы жанында бірер сағат отырып, тәрбиелеп баққан емес. Шөлдеп, таңдайы кепкенде суды алып ішейін десе, сірескен шаншу иліктірмейді, алып беретін тағы пенде жоқ.

Күн жау болып келеді. Терезеден түскен күннің сәулесі еркелеп ойнайды, жұрттың бәрін далаңа — еркін ауаңа шақырады... Жаздың жетіп, қардың кетіп жатқанын, қыбырлаған жанның далада — жылы ауада сайрандап жүргенін Мөңкебай сезеді: "далаға шығып, күн шуағында азырақ отырсам, арманым болмас еді..." дейді.

Ызаланады, өткен дәурен көзден бір-бір ұшады.

Ызаланбай қайтсін, Мөңкебай Мөңкебай болғанда, мына жүрген Нұрымдар адам ба еді?! Қайда барса да Мөңкебайдың шылауында жүрмейтін бе еді?! Бәрінен де жаманы — есігінде жүрген Әлімнің әкімдік құрғаны... " Мөңкебайда пәлен жылдық алынбаған ақым бар" деп сотқа беріп, екі ай түрмеде жатқызғандығы.

Осы дерт, шынында, сол түрмеден жабысып отырған дерт. Түрмеге жатпай, айып төлеп құтылуды да біліп еді, бірақ "Мөңкебай малайынан жеңіліпті" деген атқа қалармын деп ойлады. Түрмеге жатқанмен ескі достар, қадірлес ақсақалдар бір күн жатқызбай шығарып алар деп еді. Ойлағаны болмады. Бір кездерде аузын жалап, аяғына ұлтарақ болып жүргендер түрмеде жатқанда қарасын көрген жоқ... Ең арғысы көңілін де сұраған жоқ... Аз уақыттың ішінде өмірінде көрмеген кеңдік көрген соң, Мөңкебай дерт үстіне дерт жамап, ендігі қалған жасты жасамай-ақ өлгенін тілеп еді...

Есік ашылғандай болды. Әлдекім үйге кіргендей болды. Баласы екен.

— Біржанбысың?—деді.

Қамыққан тәрізденді.

Баласының қатаңдығы ма, әлде жаратылыстан солай ма, үндемеді, салбырап барып сандыққа отырды.

Ақтық күшін жиып алып, Мөңкебай сөзге кірісті.

— Аз күн өмірімде алдыма жан салмай, дүниеде екеу болса; бірі болып өмір сүріп едім. Ерте кездегі жалғыз арманым — орнымды басатын бала болса деуші едім. Сен туған соң ол арманым да түгенделген секілді еді... Осы қызықпен дүниеден өтермін деп едім, бірақ, менің дегенім болмай, бір кезде бетіме келмейтіндерден ақырында өзім мерт болдым. Іш толған ыза, удай жайлап барады. Бұл ызаны тарқатып өш алатын маған күн тумас, жалғызым едің... Дос-жарандар мені аяқасты қылып кетсе де, сенің тірілігіңді сұраймын, тірі болсаң, кегімді жібермессің деймін...

Әлсіреді білем, дауысы төмендейін деді. Бірақ есінен танған жоқ. Баласынан — жалғызынан жауап күтті. Жылар ма екен, өсиетіңді орнына келтіремін деп айтар ма екен,— деп ойлады...

Болмады. Жетесіз шіркін, салбырап тұрып жүре берді.

Мөңкебайды ыза бұрынғысынан да кернеді. Үні бітті. Дымы құрып, ақшаңдай бастады. Дем сиреді, қол-аяқ мұздады... Кіресілі-шығасылы еспен әлде нені күткен тәрізденді... Әлдекім су беріп, кепкен таңдайын жібітетін секілденді...

Естің шығар ақтық минутында, жанның тынарында, лапастағы ала шолақтың шәуілдеп үрген дауысы құлағына сап ете қалды...

Ит болса да, өлер сағатында дауыс берген ескі досына Мөңкебай риза болды:

— Қарағым, ала шолағым!— деген сөзді айтар-айтпаста жаны үзіліп те кетті.


Санат: KZ портал » Қазақша Әңгімелер жинағы | | 276
Рейтинг:
(голосов: 0)

.

MixAdvert

MarketGid

Соңғы пікірлер:
. .