Эдгар По | Ұрланған хат

  Эдгар По | Ұрланған хат

Даналыққа қулықтан асқан құбыжық жоқ.

СЕНЕКА

18... жылдың желкемді бір күзгі кешінде Парижде ымырт үйірілген шақта пенкадан жасалған трубканы қолға алып, досым С. Опост Дюпеннің аядай кітапханасында, яғни Сен-Жермен елді мекенінің Дюно көшесіндегі № 33 үйдің төртінші қабатындағы бөлмесінде айырықша рахатқа батып отырған болатынмын. Бір-бірімізге тіс жарып, тіл қатпай бір сағаттан артық отырдық, сырт қараған адамға мен де, досым да бұрқырап, бөлмені кернеген темекі түтінінен көз алмай, мелшиіп қалған тәрізді болып көрінуіміз де ғажап емес. Алайда мен кешқұрымғы әңгімеміздің арқауы болған оқиғаны ойша сараптап отырғанмын.— Мен бұл арада Морг көшесінде болған оқиға мен Мари Роженнің өліміне байланысты құпия жөнінде айтып отырмын. Міне сондықтан Париж полициясының бастығы, біздің байырғы танысымыз мосье Г... есікті ашып, кітапханаға кіріп келгенде, мұның өзі маған күтпеген әдемі үйлесім болып көрінді.

Біз онымен шұрқыраса амандастық, өйткені оның жағымсыз мінезі мен жақсы қасиеттері тең түсіп жағатын да, әрі біздің көріспегенімізге талай жылдар болып кеткен-ді. Ол келер алдында ақшамда жарықсыз отырғанбыз, енді Дюпен шам жағуға ұмтыла беріп еді, бірақ Г. бізбен — турасын айтқанда, менің досыммен өзін әбден әбігерге түсірген бір мемлекеттік маңызы бар іс жөнінде ақылдасуға келгенін айтқанда ол өз креслосына қайта сылқ ете кетті.

— Егер ол іс ойластыруды талап ететін болса,— деді Дюпен шамның білігіне апарған қолын тартып алып,— онда осы қараңғыда отырып танысқан жөн болар еді.

— Сіздің бәлденуіңіздің бір түрі ғой бұл да! — деді префект, өзі түсінбейтіннің бәрін әрқашан «бәлдену» деп атайтын оның әдеті болатын, сондықтан да ол «бәлденушілер» жасағының арасында өмір сүретін.

— Өте орынды,— деді де Дюпен қонаққа трубка ұсынып, жайлы кресло нұсқады.

— Әйтсе де, бұл тағы не пәле болып қалды? — деп сұрадым мен.— Бұл сапар кісі өлімі жөнінде болмас?

— Жо-жоқ! Ондай іс емес. Әділін айтқанда, әншейін қарапайым ғана іс, оған біздің өзіміздің де шамамыз келетініне еш күмәніміз жоқ, бірақ маған соның жай-жапсарын білгеннің Дюпенге де артықшылығы бола қоймас деген маған да ой келді — өйткені мұның өзінің қызық жақтары бар.

— Қарапайым да қызық іс! — деді Дюпен.

— И... иә, әйтсе де олай деуге болмайды. Шынын айтқанда, біздің бәріміз де қайран қалып отырмыз, өйткені былай қарағанда мейлінше қарапайым ғана іс сияқты, содан келгенде бізді қатты қинап отыр.

— Мүмкін, сіздерді істің со қарапайымдығы шатыстырып отырған болар? — деді досым.

— Сіз де жоқтан өзгені соғады екенсіз осы! — деді префект ішек-сілесі қатқанша күліп.

— Мүмкін, ептеп құпияның ұшығы көрініп тұрған болар? — деді Дюпен.

— Құдайым-ау! О не дегеніңіз!

— Аздап айқын да болар.

— Ха-ха-ха! Ха-ха-ха! Ха-ха-ха! — Бұлай дегенге айрықша күлкісі келген қонақ гүжілдеп бөлмені басына көтерді,— Дюпен-ай, бір күні сіз менің күлкіден ішегімді үзіп өлтірерсіз!

— Әйтсе де, айтып отырғаныңыз қандай іс? — дедім мен.

— Қазір айтып берейін,— деді префект, ойлы пішінмен аузынан темекі түтінін сызылта будақтатып, креслоға жайғасып отырып алды.— Мен оны сіздерге қысқаша түсінікті етіп баяндап беремін, бірақ одан бұрын бұл істі мейлінше құпия сақтау керек екенін, егер ол жөнінде менің әлдекімге айтқаным сезіліп қалса, онда менің қазіргі қызметіммен қоштасуыма тура келетінін ескертіп қойғым келеді.

— Айта беріңіз,— дедім мен.

— Әйтпесе айтпай-ақ қойыңыз,— деді Дюпен.

— Сонымен былай: корольдер тұратын үйден айрықша бір маңызды документ ұрланғаны жөнінде сонау жоғары жақтан маған хабар келіп жетті. Ұры белгілі. Бұған еш күмән жоқ: оның сол документті алып жатқанын өз көзімен көрген. Оның бер жағында, ол документтің әлі де соның қолында екені аян.

— Оны қайдан білесіздер? — деп сұрады Дюпен.

— Мұның өзі,— деп жауап берді префект,— документтің табиғатынан және де егер ұрлаушының қолында болған жағдайда яғни егер ұрлаушы өз ойлағанындай пиғылымен ақыры қалай да оны пайдаланған жағдайда оның әкеп соқтырар содырлы салдарының жоқтығынан келіп шығады.

— Анықтаңқырап айтыңызшы,— дедім мен.

— Жарайды, не де болса айтайын, документ иеленген адамды белгілі бір салада, белгілі дәрежеде билікке, өктемдікке ие етеді, ал ондай биліктің құны жоқ.— Префект дипломатиялық лепірме сөзді ұнататын.

— Әйтсе де мен әлі де дұрыс ұғына алмай отырмын,— деді Дюпен.

— Солай ма? Жарайды ендеше: бұл документ есімі аталмай отырған үшінші бір кісінің қолына түссе, мәртебесі биік бір әйелді үлкен ұятқа қалдыруы мүмкін, осы жағдайды пайдаланын, әлгі қолында документ бар ар-намысы мен береке-бірлігіне қатер төніп тұрған сол текті тұқымнан шыққан әйелге ол өзінің өктемдігін жүргізуі ғажап емес.

— Бірақ, бұл өктемдік,— деп мен сөзге киліктім,— тек ұрлаушы өзі тонаған адамға өзінің белгілі болғанын білген жағдайда ғана пайда болады ғой. Оған кімнің батылы бара алады...

— Оған батылы баратын — министр Д.,— деді Г.,— ер азаматқа лайық іс пе, әлде лайық емес пе, оған бәрі бір, ол бірдеңені ойына алса, өзеуреп сірә да болмайды. Ұрының қолданған айласы, оның қулығы мен сұмдығы, батылдығы да жететінін көрсетеді. Айтулы документті (анығын айтсақ — хат) тоналған кісі корольдің будуарында жалғыз отырған кезде алған болатын. Хат алғанын жат көзден, әсіресе ұлы мәртебеліге көрсеткісі келмесе де ол күтпеген жерден жатын бөлмеге кіріп келді. Сасқалақтап, хатты асығыс жәшікке жасырмақ болын әлектенгенімен одан ештеңе шығара алмаған соң, ол оны ашық күйі столдың үстіне тастай салуға мәжбүр болады. Алайда, адресі үстіңгі жағында, мазмұны жасырын, онша көзге түсіп, көңіл аудара қоймайды. Бірақ сол сәтте министр Д. бөлмеге келіп кіреді. Оның сілеусіндей көкшіл көзі бірден хатқа түседі, адресті жазушының қолын таниды, ол хат жолданған арудың қысылып-қымсынбаған кейпін байқайды да оның құпиясын сезе қояды. Әдеттегіше әлде бірдеңелерді жылдам-жылдам баяндап, алдында әңгіме болған хатқа ұқсас хатты қолына алып, оны ашып, оқыған болады да, содан кейін алғашқы хаттың қасына қоя салады. Содан соң, ол тағы да он бес минуттай мемлекеттік мәселелер жөнінде әңгімелеседі. Ақыры, кетер алдында иіліп тағзым етіп, стол үстінде жатқан бөтен біреудің хатын қоса ала кетеді. Хаттың шын иесі оны көреді, бірақ, әрине, қасында үшінші кісі тұрғандықтан оған бөгет жасай алмайды. Ешқандай мәні жоқ өз хатын стол үстінде қалдырып министр шығып кетеді.

— Міне сонымен,— деді Дюпен маған қарап,— сіздердің ойларыңызша, хат ұрлаушының өктемдігі үшін қажет шарттардың бәрі анықталды: өзі тонаған адамға ұрының белгілі екенін ұрлаушы біледі.

— Әрине,— деді префект.— Соңғы бес ай бойы осылайша қолына түскен билікті қалағаныңша саяси мақсатқа пайдаланып келеді. Тоналған әйелдің өз хатын қалай да қайтып алу керек екендігіне күн өткен сайын көзі кәміл жетіп отыр. Әрине, хатымды қайтып бер деп ол одан ашық талап ете алмайды. Амалының жоқтығынан ол маған сеніп тапсырып отыр.

— Менің ойымша сізден асқан кемеңгер көмекші табу былай тұрсын, қиялдаудың өзі мүмкін емес,— деді Дюпен аузы-мұрнынан темекі түтінін будақтата шығарып.

— Сіз мені тым қолпаштап жібердіңіз,— деді префект,— әйтсе де сіздің бұл пікіріңізді қолдайтындар да табылады.

— Қалай болған күнде де,— дедім мен,— сіз өзіңіз айтқандай, хат пайдаланылған кезде емес, қолда тұрған шақта ғана өктемдік, билік жүргізуге мүмкіндік беретін болғандықтан да оның әлі де министрдің қолында екеніне ешқандай күмән жоқ. Егер оны пайдаланса, ол өктемдікке де, билікке де орын қалмайды.

— Сіздің айтқандарыңыз орынды,— деді Г.— Мен де осылайша ойлап, істі қолға алдым. Менің бірінші міндетім министрдің жеке меншік үйін тінту, ал ең қиыны оны өзіне сездірмей, құпия түрде жүргізу болды. Бұл істі оның өзі мүлдем сезбейтіндей етіп, мұқият ұйымдастыру қажет екенін қатаң ескерткенді, өйткені мұның өзі абайламаса, қайғылы жағдайға душар етуі ғажап емес еді.

— Бірақ,— дедім мен,— сіз мұндай істің мән-жайын жақсы білесіз ғой. Париждің полициясы ондай тінтулерді жиі ұйымдастырып тұрады емес пе?

— О, оныңыз рас, менің үмітімді үзбеген себебім де сол. Оның бер жағында министрдің дағдылы әдеті де менің ойымды орындауға оңтайлы жағдай жасайтын сияқты болды. Көбіне ол үйіне таң атқанша келмейді. Қызметшілері де шамалы, олардың өзі қожасының бөлмесінен бір жақта бөлек жатады, оның үстіне олардың бәрін ішкізіп, мас қылып тастау да қиын емес. Өйткені бәрі неаполитандықтар. Париждегі кез-келген потер мен кез-келген шкафты аша алатын менің кілтім бар екенін өздеріңіз де білесіздер. Үш ай бойы министр Д.-нің жеке үйін түн сайын дерлік тінтумен болдым. Менің ар-намысыма үлкен сын болды. Әділін айтсақ, белгіленген сыйлық та мол. Ұрының өзімнен әлдеқайда қу екеніне көзім әбден жеткен соң барып қана мен хатты іздеуді доғардың. Хатты тығуы мүмкін-ау деген құпия қуыстар мен ұрымтал тұстардың бәрін қалдырмай түгел тінтіп шыққаныма сенулеріңізге әбден болады.

— Хаттың министрде екеніне еш күмән жоқ бола тұрса да,— дедім мен,— оның өз үйінен басқа бір жерге тығып қоюы мүмкін бе?

— Олай жасай қояр ма екен? — деді Дюпен.— Сарайдағы істің қазіргі жағдайы мен әсіресе Д. бел ортасында жүрген саяси қақтығыс-соқтығыстар хаттың әрқашан қол астында болуын талап етеді, өйткені хаттың қолда тұрғаны қандай маңызды болса, оны заматында көрсетудің маңызы сондай зор.

— Заматында көрсету мүмкіндігі дейсіз бе? — деп қайталап сұрадым мен.

— Былайша айтқанда, заматында оның көзін жою мүмкіндігі,— деп жауап берді Дюпен.

— Өте орынды,— дедім мен де,— демек хат үйдің бір жерінде тығулы жатқаны. Оны министр өз бойында сақтайды деген пікірден үзілді-кесілді бас тарту керек.

— Әрине,— деді префект.— Жалған тонаушылар оны екі мәрте жолын тосып, менің көзімше мұқият тінткен болатын.

— Сіз бекер әуреленгенсіз,— деді Дюпен,— менің ойымша, Д. анау айтқан ақымақ емес...— Г. қайталап айтты,— Әйтсе де ол ақын ғой, ал менің ойымша ақын мен ақымақтың арасы небәрі бір-ақ қадам.

— Оныңыз өте орынды,— деді Дюпен трубкасын тартып, ойланып тұрды да.— Әйтсе де менің де өлең жазып күнәкар болған кездерім бар-ды.

— Мүмкін сіз,— дедім мен,— хатты оның үйінен қалай іздегеніңізді кеңірек айтып берерсіз.

— Иә, шынын айтсам, біз асықпай бәр-бәрін тінтіп шықтық. Мұндай істен менің тәжірибем мол. Үйдің бөлме-бөлмесін ақтарып-төңкеріп, қарамаған алақандай жер қалдырмадым. Әр бөлмені апта бойы түнімен тінттім. Біз мебельден бастадық. Жәшік атаулының бәрін аштық, ол тәжірибелі полиция агентіне «құпиялы» жәшік дегеннің болмайтынын сіз білетін боларсыз деп ойлаймын. Мұндай тінту жүргізген кезде тек кеше ғана «құпиялы» жәшікті байқамай қалады. Мұның еш қиындығы жоқ! Әрбір бюроның өзіне тән көлемі болады — белгілі бір аумақты алып тұрады. Ал біздің сызғыштарымыз аса дәл. Біз керек десеңіз, дюймнің бес жүзден бір бөлігіндей айырмашылықты да аңғарамыз. Бюродан кейін біз орындықтарды қолға алдық. Отыратын жерін ұзын бізбен піскілеп қарадық — менің оны қалай қолданатынымды сіздің өзіңіз де көрдіңіз ғой. Столдардан біз төрт тағанын суырып алдық.

— Неге?

— Кейде бірдеңе тыққысы келген адам сол төрт тағанды немесе мебельдің соған ұқсас бір затының үстіңгі бетін сыпырып алады, аяғын үңгіп, өзіне керек затын сол қуысқа тығады да тағанды қайтадан өз орнына қағып қоя салады. Төсектің аяғы мен басында солай пайдаланады.

— Кеуек жерді жай ғана тоқылдатып байқауға болмай ма? — деп сұрадым мен.

— Егер затты жасырып, үңгуді мақтамен тас қып тығындап тастаса, оны байқау мүмкін емес. Оның бер жағында біз бұл тінтуді жымын білдірмей жүргізуге мәжбүр болдық.

— Бірақ өзіңіз айтқандай қуыс жасалуы мүмкін, барлық мебельді бірдей бұзып... бәрін бірдей бөлшек-бөлшек етіп бұза алмас едіңіздер ғой. Мұғдары білтекіштей етіп хатты шиыршықтап ширатып алып сол күйінде оны, айталық, орындықтың арқалық шабағындағы қуысқа тығуға болады. Сіздер орындықтардың бәрін бөлшектеп қарамаған шығарсыздар?

— Әрине, қарағанымыз жоқ, Біздің одан да жақсы әдісіміз бар: біз жеке үйдегі барлық орындықтардың арқалық шабақтарын, турасын айтсақ, Д.-нің бүкіл мебелінің қиысқан жігін үлкейткіш шынымен қарап, түгелдей тексеріп шықтық. Жақын шамада түскен дақ атаулының бәрін бірден байқаған болар едік. Бұрынғыдан қалған құртақандай қиқымның өзі кәдімгі алмадан айқын көзге түсер еді. Желімге түскен сызат, болмашы із — бәрі көрінеді, онда да біз құпия қуысты бірден тауып аламыз.

— Сіздер айнаны да — шыны мен раманың қабысқан жерін, сондай-ақ төсек пен төсек орынды да, кілемдер мен терезе перделерін де тексерген боларсыздар деп ойлаймын?..

— Оған сөз бар ма? Біз мебельді бітірген соң, үйдің өзін тексеруді қолға алдық. Оның бетін түгел шаршыларға бөліп, арасынан біреуі қалып қоймауы үшін оларды номерлеп тастадық. Содан соң бүкіл үйдің, сондай-ақ соған шектес жатқан екі үйдің өзін тексеруді қолға алдық, қабырғаларын да, тағы да әлгі айтқан лупамен бір дюймін қалдырмай мұқият тексеріп шықтық.

— Көрші екі үйді дейсіз бе! — дедім мен таңырқап.— Азаптарыңыз аз болмаған екен онда!

— Айтарыңыз бар ма! Әйтсе де ұсынылған сыйлық та үлкен ғой.

— Сіздер ауланы тексеріп шыққан боларсыздар?

— Аулаға кірпіш төселіпті, оларды тексеру онша қиындыққа түскен жоқ. Біз кірпіштердің арасына өскен мүкті тексеріп көрдік, олардың еш жері бұзылмағанына әбден көзіміз жетті.

— Сіздер әрине, Д.-нің қағаздары мен оның кітапханасындағы кітаптардың арасын да тексерген боларсыздар?

— Әрине. Біз барлық пакет пен буманы ашып қарадық. Біз әрбір кітапты ашып қана қоймай, тіпті біздің кейбір полицейлеріміз сияқты жай ғана сілкіп қоймай, оның әрбір парағын аударып қарап шықтық. Оның сыртында біз әрбір мұқабаның қалыңдығын мұқият өлшеп, оны үлкейткіш шынымен қарадық. Егер оларда жақын шамада түскен дақ болса, біз оны қалай да байқаған болар едік. Кітап түптеушіден жаңадан алынған бес-алты томды біз байыпты түрде бізбен сұққылап тексердік.

— Төсектің астындағы еденді тексердіңіз бе?

— Әрине, тексердік. Біз әрбір кілемді сыпырып алып, еденді паркетті лупамен қарап шықтық.

— Қабырғаларды жапқан қағаздарды ше?

— Оны да.

— Подвалдан қарадыңыздар ма?

— Әрине, қарадық.

— Олай болса,— дедім мен,— о баста сіздердің жобаларыңыз қате болған: сіздер ойлағандай хаттың үйде тығылмағаны.

— Сіздің пікіріңіз дұрыс болса керек,— деді префект.

— Сонымен, Дюпен, маған не істе деп кеңес бересіз?

— Үйді тағы да мұқият тінтіп шығыңыз.

— Бекер әбігершілік,— деп жауап берді Г.— Хаттың онда жоқтығына мен кәміл сенемін. Бұл менің ауамен дем алғанымдай, айдай ақиқат.

— Одан басқа сізге айтар ақылым жоқ,— деді Дюпен.

— Сіз хаттың түр-түсі қандай екені жөнінде бәрін біліп алған боларсыз?

— Әрине, әрине!

Префект қалтасынан қойын дәптерін суырып алып, жоғалған документтің жабық күйіндегі түр-түсін, әсіресе сыртқы түсі қандай екені жөнінде мұқият тізілген мағлұматтарды тәптіштеп оқи жөнелді. Содан кейін көп ұзамай ол бізбен қоштасты да тұнжыраған күйі кетіп қалды.— Оның мұншалықты ұнжырғасы түскен кезін мен бұрын-соңды көрген емеспін.

Арада бір айдай өткен соң ол тағы да келді. Дюпен де, мен де өткенде келгендегідей бірдеңелерді істеп отырған болатынбыз. Ол қалтасынан трубкасын алып, ұсынылған жұмбақ орындыққа жайғасып отырды да кәкір-шүкір бірдеңелерді айта бастады. Ақыры менің төзімім таусылды:

— Әйтсе де Г. кәні айтыңызшы, әлгі ұрланған хаттың жайы қалай болды? Сіз шамасы министрді алдай алмаспын деген қорытындыға келген сияқтысыз білем осы?

— Оныңыз рас, қарғыс атсын оны? Дюпеннің ақылын алып мен екінші рет тінту жүргіздім, бірақ, өзім ойлағандай, еңбегіміз зая кетті.

— Сіз айтқан әлгі сыйлығы шынымен көп пе? — деп сұрады Дюпен.

— Өте көп... дәл цифрын айтпай-ақ қояйын, алайда оның жомарт сыйлық екеніне еш шүбә жоқ. Әйтсе де бір нәрсені айтуыма болады: хатты әкеп берген адамның қолына мен өз қалтамнан елу мың франкті тегін ұстатқан болар едім. Күн өткен сайын оның мәні арға түсіп отыр, жақында сыйлықтың мөлшері екі есе көбейтілді. Алайда, оны үш есе көтерсе де менің қолымнан мұнан басқа дәнеңе келмеген болар еді.

— Е,— деді Дюпен трубкасын құшырлана сорып,— менің ойымша... Сіз Г. мүмкіндігіңізден әлдеқайда төмен әрекет жасаған сияқтысыз. Менің ойымша сізге әлі де бірдеңелер жасау керек қой деймін?

— Қалай, қалайша дейсіз?

— Айталық пых-пых-пых! ...Сіздің пых-пых!.. бір маманның көмегіне сүйенуіңізге болмас па еді, ә? Пых-пых-пых! Абертени жөніндегі айтылатын күлкілі жайт есіңізде ме?

— Жоқ, Сіздің Абертениіңіз де құрып кетсінші!

— Иә-иә, құрыса құрып-ақ кетсін сол! Алдынан жарылқасын! Алайда, қалай болған күнде де, бірде әлде қалай сараң саудагер көк тиын төлемей Абертениден дәрігерлік кеңес алмақ болыпты. Сонымен ол сыйлы қауымның ортасында Абертенимен әңгімелесіп отырып, жорамал оқиға ретінде өзінің сырқатын айтып береді. «Айталық,— дейді сараң,— дерттің белгісі пәлендей-пәлендей делік, науқасқа не істеу керектігі жөнінде қандай кеңес берген болар едіңіз, доктор?» «Не істеу керек? — Абертени қайталап сұрайды,— дәрігермен кеңесу керек, басқа не деуге болады?»

— Бірақ,— деді сәл қысылыңқырап қалған префект,— мен ақыл-кеңес алуға, оның ақысын төлеуге де тәнті болар едім. Бұл іске көмектескен адамға мен шынымен елу мың франк беруге әзірмін.

— Олай болса,— деді Дюпен жәшікті ашып, ішінен чектің кітапшасына алып жатып,— әлгі айтқан сомаңызға менің атыма чек жаза қойыңыз. Сіз соның аяғына қолыңызды қойған кезде мен сізге хатты ұстатамын.

Менің есім шығып кетті. Префект болса үстіне жайдың оғы түскендей, отырған жерінде сілейді де қалды. Бір сәт ол есеңгіреп қалғандай, қыбыр етуге мұршасы келмеді — бар болғаны аузын ашып, менің досыма жаутаңдап қарай берді, бейне бір оның көзі енді болмағанда ұясынан шығып кететін тәрізді; сонан соң сәл есін жинап алды да, асығыс түрде қаламды алып, чекті толтыра бастады, әйтсе де бір-екі мәрте аңырып, алысқа абыржи көз тікті. Алайда қалай болғанда да елу мың франк чек жазылды, префект оны столдың арғы басында отырған Дюпенгше ұсынды. Ол болса чекті қолына алып, байыпты түрде оқып шықты да оның өзінің әмияныңа салып қойды; содан кейін бювордың кілтін ашып, ішінен бір хатты алды да, префектіте ұсынды. Әлгі құрметті чиновник болса, қуанғаннан хатқа шап берді, қолы қалтырап әзер ашты да әр тұсын шолып оқып шықты, содан соң сүріне-қабына асығыс есікке қарай жүгірді, Дюпен чекті толтыруды өтінген сәттен бері тіс жарып, тіл қатпаған күйі ол бөлмеден, одан үйден зыта жөнелді.

Префект кеткен соң барып қана менің досым мән-жайды ептеп баяндай бастады.

— Париждің полициясы,— деді ол,— өзінше, әрине, дарынды Оның агенттері табанды, тапқыр, айлакер, өз міндеттерін мінсіз атқаруға қажетті білімдері де жеткілікті. Сондықтан да Г. өздерінің Д,-нің жеке меншік үйін тінткендерін бізге баяндап берген сәтте өздері ұстаған бағытта олардың шынында да істер шарасы қалмағаныңа менің көзім әбден жеткен болатын.

— Өздері ұстаған бағытта дейсің бе? — деп қайталап сұрадым.

— Иә,— деді Дюпен.— Олардың қолданған шаралары бұл ретте ең тәуірі ғана емес, сонымен бірге мінсіз жүзеге асырылды. Егер хат жорамалдағандай жасырылған болса, онда оны қалай да тауып алар еді.

Мен мәз боп күлдім, алайда менің досым қалжыңдамай, шынын айтып отырған тәрізді.

— Сонымен,— деп сөзін сабақтады ол,— қолданылған шаралар орынды болатын да және олар ойдағыдай жүзеге асырылды. Олардың бір ғана кемшілігі — бұл жағдайға, бұл кісіге сай келмейтін. Тергеудің айрықша айлалы әдістерінің белгілі бір жүйесі өзінің барлық жоспарын зорлап сәйкестейтін префектінің нағыз прокусталық ложасына айналған еді. Бірақ ол алдында тұрған міндетті бірде тым терең, бірде тым үстірт түсінемін деп үнемі қателеседі де жүреді; онан гөрі әлдеқайда жүйелі ойлай алатын оқушылар да аз болмаса керек. «Жұп пен тақ» деген ойында айнымай дөп басатын қабілетіне жұрт қайран қалатын сегіз жасар бір баланы мен жақсы білетінмін. Бұл өзі қарапайым ғана ойын: ойнаушылардың біреуі тасты уыстап алып, жұдырығын түйіп тұрып, екіншісінен уысындағы тастардың саны жұп па, әлде тақ па деп сұрайды. Егер екінші ойыншы дұрыс тапса, онда ол әлгі тастарды ұтып алады, ал егер жаңсақ болса, онда ұтылады. Әлгі мен айтып отырған бала өзінің мектептес достарының бәрін ұтып жүрген. Әрине, ол өзінің болжауын белгілі бір принциптерге негіздей отырып жасағаны сөзсіз, бірақ соның өзін ол қарсыластарының қас-қабағына қарай, солардың айлакерлік шамасын дәл таразылай отырып жасайды. Мәселен, оның әңгүдік қарсыласы жұдырығын жоғары көтеріп тұрып, «Жұп па, әлде тақ па?» деп сұрайды. Біздің әлгі оқушымыз «тақ» дейді де, сөйтеді де ұтылып қалады. Алайда келесі кезекте ол ұтып шығады, өйткені ол: «бұл ақымақ өткенде тастарды жұп қылып алды, енді ол егер тастарды тақ қылып алса, қалай да мен алдаймын деп санайды». Сондықтан «мен тағы бір рет «тақ» деп айтамын» деп ойлайды. Ол «тақ» дейді де ұтып шығады. Одан гөрі сәл ақылдырақ қарсылас болса, онда ол: «Бұл бала менің жаңа «тақ» дегенімді жадыңда түйіп алды, енді ол бастапқыда жұп саңды тастарды тақ санды етіп ауыстырмақ болады да, ізінше оның оңай екенін түсініп, қолындағы тастардың саның сол қалпында өзгеріссіз қалдырады. Сондықтан мен — «жұп» деймін, деп ойлайды. Ол: «жұп» дейді де, ұтып кетеді. Жолдастары «Бақытты бала» деп айдар таққан балдырғанның логикалық ойының ұзынырғау желісі, міне, осындай. Бірақ әділін айтқанда, мұны не деуге болады?

— Бар болғаны,— дедім мен,— өз білгірлігін қарсыласының білгірлігімен толық ұластыра білу ғана деуіміз керек.

— Дәл солай,— деді Дюпен.— Өзіне үнемі жеңіс әкелетін осы толық ұласудың қалай жүзеге асырылатының сұрағанымда сол бала маған былайша жауап берді: «Мына баланың қаншалықты ақылды немесе ақымақ, әлде қайырымды, әлде қатыгез екенін, әйтпесе оның қазір не ойлап тұрғаның білгім келген кезде, оның бет пішініндегі құбылыстың бәрін мен де өзімнің бетімде жасай қоямын, содан соң осы құбылысқа орай бойымда қандай сезім мен ойдың пайда болатынын байқаймын». Ларошфукода, Лабрюйерде, Макинавелли мен Кампанеллада жоқ жалған тереңдіктің бәрін құрғақшадай оқушының осы жауабынан табуға болады.

— Ал талқылаушының зиялылығы мен оның қарсыласының зиялылығын шендестіру, ұластыру,— дедім мен,— егер мен сізді дұрыс түсінбеген болсам, соңғысының зиялылығын қай тұрғыдан бағалағанға байланысты болады ғой деймін осы.

— Іс жүзінде, дәл осыған байланысты,— деп жауап берді Дюпен,— ал префенкті мен оның сыбайластарының сәтсіздікке жиі ұшырайтын себебі олар мұндай шендестіктерді іздестірмейді, өйткені өз қарсыластарының зиялылығын жете бағаламайды, турасын айтқанда, мүлдем елемейді. Айла жөнінде ойласа, ұғымдарына ғана сүйенеді, жасырылған затты іздегенде де өздері тығатын жерден іздейді. Бұл жағынан, бұл да жөн: өйткені олардың айласы да адамдардың көпшілігіне тән: әйтсе де қылмыскер тапқырлау болып, айласы асып кеткен жағдайда, ондай қылмыскер, әрине іздеушіні қалайда сазға отырғызып кетеді. Алушының айласы аңдушыдан асып түскен кезде әрқашан солай болады да, ал айладан айла асқан жағдайда тіпті жиі болып отырады Полиция тергеу жүргізгенде әрқашан белгілі бір принциптен айнымайды. Ең барып тұрғанда, оқиғаның ерекше маңызы болғанда немесе әдеттен тыс айырықша сыйлық белгіленген кезде ғана олар практикалық әдістерінің шеңберін кеңейтуі ықтимал, бірақ, соның өзінде әлгі айтылған принциптерінен әсте айрылмайды. Мәселен, осы Д.-нің ісінде сол принциптің аз да болса өзгерген жері бар ма? Олар бұрғылады, бізбен сұққылады, тарсылдатып қақты. Заттың бетін үлкейткіш шынымен қарап тексерді, үйдің қабырғаларын түгел шаршыларға бөліп, номерлеп тастады: мұның бәрі сол принципті кең көлемде қолдану емес пе — әділін айтсақ, ұзақ жылдар бойғы қызмет бабында полиция бастығының бойында қалыптасқан адамның айла-шарғысы жөніндегі бірсыпыра ұғымдарға негізделген бірқатар принциптер емей немене? Барлық адамдар хатты орындықтың аятына бұрғымен тесілген тесікке болмаса да, ең болмағанда адамды орындықтың аяғын бұрғылап, сол тесікке хатты тығуға итермелеген ойға орай көп аса еске келе бермейтін құпия жерге тығуы өз өзінен түсінікті жәйт деп жорамалдағанын шынымен-ақ көрмей тұрсыз ба? Құпия қуыстың әдеттен тыс екенін, тек әдеттен тыс жағдайға ғана лайық екенін, оны тек айлалы адамдар ғана ойлап таба алатынын сіз шынымен көрмей тұрсыз ба? Әйтсе де әңгіме жасырылған зат жөнінде болған кезде, оны жасыру әдісі — әдеттен тыс — алдын-ала ойластырылады, сондықтан да оны әрқашан анықтауға әбден болады. Ондай затты табу іздеушілердің көрегендігіне емес, тек қана олардың ұқыптылығына, табандылығы мен төзімділігіне ғана байланысты болады Бұған дейін, әңгіме осы бір маңызды нәрсе немесе (саясатқа қатысы бар адамның көзқарасы бойынша оның бәрі бір) үлкен сыйлық жөнінде болған кезде жоғарыда айтылған қасиеттер әрқашан тергеудің сәтті аяқталуын қамтамасыз етіп отырады. Егер ұрланған хат префект іздеген жерге тығылған болса — былайша айтқанда, оның жасырылу принципі префект қолданған принципке сай келген болса,— онда ол қалайда табылған болар еді дегенде менің нендей оймен айтқанымды енді сіз түсінген боларсыз деймін. Алайда әлгі пысықша тергеуші «ә» дегеннен адасты, бастапқы жаңсақ басуының себебі де министр ақын ретінде танымал болғандықтан да — ол ақымақ болса керек деген оның жосықсыз жобасында жатыр. Ақымақ атаулының бәрі — ақын,— ең болмағанда префектіге солай сияқты болын көрінеді. Оның бар кінәсінің өзі де осы жағын ескермей, ақын атаулының бәрі — ақымақ деп қортынды жасауында болып табылады.

— Бірақ, әңгіме шынында да ақын жөнінде ме? — деп сұрадым мен.— Менің білуімде министрдің ағасы бар, екеуі де әдебиет әлемінде біршама танымал жандар. Алайда, министр, егер мен қателеспесем, дифференциалдық есеп жөнінде жазды ғой деймін. Ол математик, ешқандай ақын емес.

— Сіз қателесесіз. Мен оны жақсы білем — ол әрі ақын, әрі математик. Ақын және математик болғандықтан да оның логикалық ой-пікірі де, қабілеті де болуға тиіс, ал ол тек қана математикалық болса, онда логикалық тұрғыдан мүлдем олай білмеген болар еді де, сондықтан префект оны оп-оңай арбап алған болар еді.

— Бүкіл әлем қарсы шығатын сіздің бұл пікіріңізге мен қайран қалып отырмын,— дедім мен,— әйтсе де сіз ғасырлар бойы қалыптасқан ұғымды жоққа шығармассыз деп ойлаймын! Математикалық логика қашан да жоғары дәрежелі логика саналып келді ғой.

— Кең таралған идея атаулының бәрі,— деді Дюпен, Шамфордың сөзін келтіре отырып,— жалпы жұртшылық қабылдаған шарт атаулының бәрі нағыз есуастық, өйткені оны көпшілік адамдар мойындаған. Сіз сүйеніп отырған, оны шындық ретінде көрсетуге қанша ұмтылса да сол қателік күйінде қалып отырған адасушылықтардың жұртшылық арасында таралуы үшін математиктер қолдан келгеннің бәрін жасады, оған еш дауым жоқ. Мәселен, олар өзгеше істе қолдануға лайық асқан ерлікпен, дабырламай ғана алгебраға «талдау» терминін енгізді. Бұл арада француздар кінәлі, бірақ егер терминнің әлдеқандай мәні болса, егер сөз өзінің дәлділігімен құнды болатын болса, онда «ambetus» — «амбиция», (айнала жылжу), «чeligio» — «дін» (ұқыптылық) деген мағынада қолданылып жүрген латын сөздері сияқты «талдаудың да» «алгебраға» қатысы шамалы.

— Париждің кейбір алгебрашылдарымен шекісіп қалатынымызға менің еш күмәнім жоқ,— дедім мен,— әйтсе де айта беріңіз.

— Абстракциялықтан басқаша қолданылатын логика атаулының әмбебаптығына да, әсерлілігіне де сондай-ақ оның құндылығына менің күмәнім бар. Былайша айтқанда, математиканы зерттеуден туатын логикаға дауым бар. Математика — форма мен сан жөніндегі ғылым, ал математикалық логика — тек түр мен санды бақылауға арналған логика ғана. «Таза» алгебра деп атаулының өзінің ақиқаттығы абстракциялы немесе жалпылама ақиқат деп жорамалдаудың өзі үлкен қателік болып табылады. Бұл қателік баттиып көрініп тұрса да оны жұрттың бәрі бірдей елемейтініне менің тек қайран қалуыма тура келеді. Математикалық аксиомалар — мұның өзі жалпылама ақиқаттың аксиомасы емес. Түр мен санның қарым-қатынасы үшін орындалар, мәселен, моралына қолданылған кезде мүлдем жалған болып шығады. Мұндай жағдайда бөлшектің қосындысы бүтінге тең деген ұғым көбіне көп теріс болын отырады. Бұл аксиома химия үшін де сай келмейді. Айғақтарды қарастырған кезде де оның өзі теріс болып шығады, өйткені әрқайсысының өзіндік мәні бар екі сылтаудың қосыла келіп, оларды жеке-жеке алғандағы мәннің қосындысына тең болуы міндетті емес. Түр мен санның қарым-қатынасы шеңбердегі шындық күйінде қалатын математикалық шындықтың мұнан басқа да көптеген формалары бар. Алайда математик бойына сіңген дағдысы бойынша ойлаған кезде ол бейне бір даусыз универсалды сипаты бар деген жеке пікіріне сүйінеді. Шынында да жұрт оларды солай деп санауға үйренген. Брайант өзінің асқан оқымысты «Мифологиясында»: Біз дінсіздердің ертегісіне сенбесек те, әйтсе де оларды үнемі, ұмытамыз да, шынында өмірде бар бірдеңедей одан қорытынды жасаймыз» деп жазғанда осындай қатенің шыққан төркінін нұсқайды. Солай бола тұрса да алгебристер, дінсіздердің өздері «дінсіздердің ертегісіне» шүбәсіз сенеді, олардан естерінен жаңылғандықтан емес, қайта адам түсініп болмастай ақылдарынан алжасқандықтан қорытынды жасайды. Қысқасын айтқанда, түбірдің теңеуінен бөтен, нәрсені сеніп тапсыруға болатын, бейнебір Х2+Рх әрқашан да толық және даусыз q-ғa тең болады деген заңға іштей сүйсінбейтін математикті мен әзірге кездестіргенім жоқ. Егер қаласаңыз, тәжірибе, сынау ретінде сол мырзалардың біреуіне, сіздің ойыңызша, Х2+Рх q-ra тең бола бермейтін жағдайларға кездесетінін айтып көріңіз, бірақ сонымен өзіңіздің не айтқыңыз келетінін түсіндіріңіз де, дереу одан аулағырақ тұруға тырысыңыз, әйтпесе бар ғой, оның сізге жұдырығын ала жүгіретініне еш күмән жоқ.

— Менің айтпағым,— деп Дюпен сөзін сабақтады, өйткені оның соңғы сөзіне мен күлгеннен кейін барып,— егер министр тек математик қана болса, онда префекті мына чекті маған бермес те еді. Әйтсе де мен оны тек математик қана емес, ақын да екенін білетінмін, сондықтан да болған оқиғаны оның қабілетіне қарап және оның жағдайының ерекшелігін ескере отырып. бағаладым. Сондай-ақ мен оның сарайдағы істен тіс қаққан әрі асқан айлакер алаяқ екенін де білетінмін. Ондай адам полицияның әдеттегі әдісінен бейхабар болуы мүмкін емес деп ойладым мен. Жалған тонаушылардың жол тосуы мүмкін екенін оның жорамалдамауы да мүмкін емес — ал оқиға оның бәрін де алдын-ала білгендігін танытты. Өз үйінің қалай да (жасырын) құпия түрде тінтілетінін ол міндетті түрде білуге тиіс деген ойға келдім. Префект өз ісінің сәтті болғандығының кепілі деп санаған оның үйінде жиі түнемеуі маған әдейі жасалған қулық болып көрінді: полиция ақыр аяғында Г. жасаған қорытындыға — хат оның үйінде емес, басқа жерде болуға тиіс деген қорытындыға келуі үшін оған мұқият тінту жүргізуге мүмкіндік берді. Полиция агенттері жасырылған заттарды іздеген кезде олардың іс-әрекеттерінің негізгі тірегі болып табылатын принциптеріне байланысты ой жүйесін жаңа мен сізге баяндап бердім — осы ойдың барысы министрді де міндетті түрде мен жасаған қорытындыға әкеп соқтыратынын айқын сездім. Бұл оны құпия қуыс атаулыдан бас тартуға мәжбүр етеді. Өз үйінің ең құпия және қол жетпейтін ұңғыл-шұңғылы көз алдында ашық тұрған шкаф сияқты префектің қырағы көзінен, үшкір бізінен, бұрғылары мен үлкейткіш шынысынан құпиясын жасыра алмайтынын түсінбейтіндей ол есалаң емес қой деп ойладым мен. Қысқасы, егер оны әуел бастан орынды көрмесе, ол қандай да бір қарапайым айла қолдануға мәжбүр болуын мен жақсы түсіндім Біздің алғашқы әңгімеміз кезінде мен бұл жұмбақтың жауабы айқын болғандықтан да оны көп әбігерге түсіріп отырған шығар деген пікір айтқанымда, префектің қарқылдап күлгені мүмкін әлі есіңізде шығар.

— Иә, есімде,— дедім мен.— Оның ішек-сілесі қатқанша күлгенін ұмытқаным жоқ. Мен оның ішегі түйіліп қалар ма екен осы деп ойлағаным да бар.

— Математикалық әлемде,— деп сөзін сабақтады Дюпен,— материалдық емес әлемдегіге ұқсас дүниелер де толып жатады. Сондықтан да теңдеу мен теңдеулерді әшекейлеу әсірелеу үшін ғана емес, оның айтағын күшейту үшін де пайдалануға болады деген мәтелдің өзі шындыққа жақын. Мәселен, инерция (екпін) күшінің принципті шамасы, физикада да, метафизикада да бірдей болса керек. Егер соның алғашқысы үшін шағын денеге қарағанда, үлкен денені қозғалысқа келтіру қиынырақ, одан пайда болған екпін (инерция) сәті сол қиындыққа тепе-тең (пропорциал) келетіні дұрыс болса, екіншісі үшін де алып тұлғалы адамдар өз қалтасындағы күштірек, қораш адамдарға қарағанда табандырақ және жемістірек бола тұрса да, олар сол қозғалысты әлдеқайда ауыр бастайды және алғашқы сәтте қысылып, толқиды. Тағы да; көшедегі қандай жарнамалардың көбірек көзге түсіп, көңіл аударатынын байқағаныңыз бар ма?

— Бұл жөнінде ешқашан ойлаған емеспін,— дедім.

— Географиялық қарғаның көмегімен салондарда ойналатын бір ойын бар,— деп сөзін жалғастырды Дюпен,— ойнаушының біреуі екіншісінен қарға бетінде жапырлаған жазулардан ішінен өзі ойша жасырған сөзді қаланың, өзеннің мемлекеттің немесе империяның атын табуды ұсынады. Әдетте тәжірибесі жоқ адам қарсыласын шатастыру үшін мейлінше ұсақ әріппен жазылған атауларды жасырса, тіс қаққан ойыншы бүкіл қарға бетін алып жатқан және ең ірі әріппен жазылған атауларды таңдап алады. Көз алдында бадырайып тұрғандықтан да ондай атаулар әлгі үлкен жарнамалар сияқты көбіне адамның көңілін аудара бермейді, қаға берісте қалады. Біздің жанарымыздың бұл физикалық ерекшелігі тайға таңба басқандай айқын да анық ой-пікірден ат тонын ала қашатын адамдардың кещелігімен сайма-сай келеді. Бірақ, бұл ерекшелік біздің префектінің түсінігінен не сәл биік, не сәл төмен болса керек. Басқа біреулер көрмесін деп министр сол хатты жұрттың көз алдында қоюы мүмкін-ау деген ой әсте оның басына келген емес Д.-нің керемет тапқырлығы мен айлакерлігі туралы ойланған сайын, сол документтің қол астында, оңай жерде болуы қажеттілігі, әйтпесе оның құны болмай қалатындығы жөнінде, хаттың префекті префекті іздеу керек-ау деген жерден мүлдем басқа тұсқа жасырылуы жөнінде ойлаған сайын министрдің хатты жасыру үшін мейлінше логикалық және данышпандық айла жасап, оны мүлде тықпай ашық жерге қойғанына менің көзім әбден жете бастады.

Осындай ойға келген соң мен бір күні таңертең жасыл әйнекті көзілдірікті мұрныма қондырып алдым да, серуендеп жүрген кезде Д-нің үйіне соқтым. Келсем, үйінде екен. Әдеттегіше ол бәрінен әлдеқашан мезі болған жандай әншейін есінеп, зеріккен сыңай танытты. Дүниеде ондай пысықай адамды табу қиын — бірақ ол жат көзден тыс кезде ғана сондай болады.

Онан қалыспау үшін мен де көзімнің нашарлай бастағанына шағым жасадым, қоңыр көзілдірік киюге мәжбүр екеніме мұңая отырып, сырт көзге тек әңгімелескен кісіге қарағандай болып көрінгенмен, шынында көзілдіріктің көмегімен бөлме ішін асықпай түгел шолып шықтым.

Әсіресе жанында үй иесі отырған үлкен жазу столының үстіне айырықша зер сала қарадым. Сол стол үстінде әртүрлі қағаздар, хаттар, екі-үш музыка аспаптары мен бірнеше кітап қалай болса солай қобырап жатыр екен. Алайда қанша мұқият қарасам да, столдан көңілге күдік салар ештеңе таба алмадым.

Бөлме ішін шарлаған менің көзім ақыры сонау пеш текшесінің орта тұсындағы ұшында құртақандай мыс түймесі бар көнелеу көгілдір лентаға ілулі тұрған мәлімхаттарға арналған оюлы қатырма қағаз дорбаға түсті. Дорбаның бірінің үстіне бірі орналасқан үш қалтасы бар екен, соларда бес-алты мәлімхаттың, одан бөтен тағы бір хаттың шеті шығып тұр. Оның өзі кір-кір, умаждалған, құдды көңіл бөлуге тұрмайтын нәрседей жыртып тастағысы келіп, ортасынан қақ айырғанда, бірақ сол ойынан әлдеқайда айнығандай Д. деген белгісі бар үлкен қара мөр бірден көзге түседі. Адресі: Д-ге, министрге, өз қолына тапсырылсын» деген ұсақ әріппен әйел қолынан жазылыпты. Ол қалай болса солай, тіпті немқұрайлы ғана дорбаның үстіңгі жағына қыстырыла салынған.

Хатты көрген бойда іздеген затым алдымда тұрғанын бірден біле қойдым. Иә, ол префекті бізге тәптештеп тұрып баяндап берген жағдайға мейлінше сай келмейтін еді. Мұндағы қара бояумен басылған мөрдің Д. деген әрпі бар да ал ондағының герцог әулетінің гербі кішкентай қызыл С.— деген әрпі бар болатын-ды. Мұның әйелдің қолымен министрге жолдаған адресі бар да, анада әйгілі корольдер әулетіне жағатын әйел есімі баттиып батыл қолмен жазылған. Екеуінің көлемі ғана бірдей. Алайда, екінші жағынан, әдеттегіден тыс осы керемет ерекшеліктері, Д.-нің сүйекше сіңген ұқыптылықпен мүлде үйлеспейтін, көп ұсталып, сауыстанып қалуы, қағазының жыртылуы, көрген адамның бәрін көз алдындағы документтің мәні жоқ деген ұғымға ашықтан-ашық итермелейтіндей сипаты — мұның бәрі, оның келіп-кеткендердің бәрінің көзіне бірден шалынатын айрықша ашық жерге қойылуына қосылып, мен жасаған қорытындыға сай келетін, мұның бәрі, қайталап айтамын, сезіктенбей келген адамның көңілінде қалай да секем туғызбай қалуы әсте мүмкін емес еді.

Мен қалай да ұзағырақ отыруға тырыстым, өзіме бұрыннан белгілі Д.-нің құшырланып, құлшынып түсе қалатын айтыс тақырыбын өрістете отырып, мен хатты көңілімнен бір сәт шығарғаным жоқ. Оны анықтап тұрып қарадым, сыртқы түр-түсін, қалтада қалай тұрғанын, мұқият жадыма түйіп алдым, ақыр аяғында егер ол менің қолыма түскендей болса, көңілімдегі күдіктерді тарататын ұсақ-түйектерді байқап қойдым. Хаттың жиегін зерттей келе мен оның әдеттегідей тегіс емес екенін аңғардым. Жиегі қатты қайырылып, сындырылған сияқты, мұның өзі бұрын бүктеліп, сия сорғышпен бастырылған қалың қағазды, сол қайрылған ізімен теріс қарай тағы бүктелгенін көрсетеді. Соны көрген соң менің енді еш күдігім қалмады. Пеш түбіндегі текшеде ілулі тұрған дорбаға хаттың биялай сияқты айналдырылып бүктелгені, содан соң барып оған жаңа адрес жазылып, жаңа мөр басылғаны маған айдай аян болды. Сонда барып мен министрмен қоштасып, стол үстінде алтын (шақшамды) темекі сауытымды әдейі «ұмыт» қалдырып, үйге қайттым.

Ертеңіне таңертең мен темекі сауытыма қайтып бардым, сонда кешегі үзілген әңгімені қайта сабақтадық. Біз әңгімелесіп отырған кезде министрдің терезесінің алдынан тапаншадан, қатты атылған мылтық даусы шықты да, соның ізінше топырлаған жұрттың үрейлі айқай-шуы естілді. Д. ұшып тұрып терезені ашып жіберді де сыртқа қарады. Мен болсам дорбаға жақындап барып, хатты суырып алдым да, қалтама тыға қойдым. Оның орнына нанның жұмсағынан істелген мөрге Д.-нің монограммасын оп-оңай түсіріп, үйде мұқият жасалған хаттың дәл көшірмесін (яғни сыртқы түсін) қоя салдым.

Көшедегі дүрбелең қолына мүшкет ұстаған есалаң біреудің есуастығының әлегі екен. Ол топырлаған әйелдер мен балаларға қарап мүшкеттен оқ атыпты. Әйтсе де мүшкеттің ішінде құр дәріден басқа түк жоқ екен, әлде есуас, әлде маскүнем біреу болар деп оны жұрт босатып жіберіпті. Әлгі адам ауладан кеткен кезде мен де хатты қолыма түсіріп алып, қасына барғанымда Д.-да терезе жанынан кейін шегінді. Көп кешікпей мен қоштасып кетіп қалдым. Есуасқа ұқсаған әлгі адамды жалдаған да мен едім.

— Әйтсе де хаттың орнына көшірмесін қоюдың қажеті не еді? — деп сұрадым мен,— алғашқы барған сапарыңызда-ақ оны Д-нің көзінше жұлып алып кете беруіңізге болмас па еді?

— Д— батыл да, тапқыр адам,— деді Дюпен.— Оның үстіне қызметшілері де адал жандар. Егер сіз айтып отырғандай, көзсіздік жасаған болсам, мен онда министрдің жекеменшік үйінен тірі шықпаған болар едім. Мейірімді париждіктер мен туралы бұдан былай ештеңе де естімеген болар еді. Алайда мені тежеген бұл ғана емес. Менің саяси көзқарасымды өзіңіз де білесіз. Бұл арада мен хатты ұрлатқан әйел жағында болдым. Бір жарым жыл бойы оған өктемдігін жүргізіп келген болатын. Ал енді қазір ол өзі сол әйелдің торына түсіп отыр — өйткені, хаттың қолынан шығып кеткенінен бейхабар болғандықтан да ол өзінің талабын күшейте түседі. Сөйтіп, ол өзінің саяси карьерін қалай да апатқа душар етеді. Оның бер жағында ол тез құлдырап қана қоймайды, масқара болады. Жұрт Аворнның еңісіне түсу жеңіл десе де әйтсе де әңгіме самғау мен құлдырау жайында болған кезде, Қағаланидің ән жөніндегі айтқанындай, еңіске түсуге Қарағанда жоғары өрлеу әлдеқайда жеңіл. Бұл ретте мен ешкімге де ескерушілік — ең болмағанда құлдырау пешенесіне жазылғандарға ешқандай аяушылық жасамаймын. Өйткені ол — әйгілі, барып тұрған сұмырай, дарынды, бірақ принципсіз адам. Әйтсе де префект «ұлы мәртебелі бір кісі» деп атаған адамнан болмайды деген қатал жауап алып, мәлімхаттар дорбасына мен салып кеткен хатты ашып оқыған кезде оның не деп ойлайтының білуге құштар екенімді мойындауға тиіспін.

— Оныңыз қалай? Сіз оған бірдеңе салып кетіп пе едіңіз?

— Иә, мен хаттың ішін ақ күйінде қалдыруды орынсыз көрдім — әрине, ал оның намысын қорлау болар еді. Сонау ерте кезде Венада Д. маған бір жамандық жасағаны бар-ды, сонда оған — ешқандай ашу-ызасыз мұны ешқашан ұмытпаймын дегенім бар еді. Сол себептен де өзінен айласын асырған кім екенін білгісі келетінін ескере отырып, оның қолына жұмбақтың шешуін табуға көмектесетін кілтті ұстатқан жөн болар деп ойладым. Оған менің қолым танымал, сондықтан мен ақ қағаздың ортасына:

..Зұлымдық жоспар бұл тектес,

Болмаса да Атрейге лайықсыз,

Лайықты Фиестке,— деп жаза салдым.

Сіз оны Кребийонның «Атрейінен» табуыңызға әбден болады.



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі