Мұхтар Әуезов | Құм мен Асқар

  Мұхтар Әуезов | Құм мен Асқар


I

Түн. Қойлы ауылдың қотаны. Түн аспанының қақ жартысын қаптаған қара қошқыл, түйдек-түйдек бұлттар ауыл үстіне қарай төніп келеді. Шаңдақ жерден топырақ борады. Түңліктер желпілдеді, жел көтеріле бастады. Алыста найзағай жарқылдайды. Күн күркірейді. Жалт еткен жарық ішінде ауылдың жеті үйі көрінді. Қалың қойдың шет-шеті тұрып, сілкініп, қозғалақтап абыржи бастады. Ала төбет пен қара қаншық ауылды айнала жүгіріп, арсылдап үреді. Қотан ортасында ескі жыртық жабу үстінде үлкен жыртық күпі шекпенге оранған Райқан отыр.

— Е-е-й, һайт, — деп айтақтап қойды.

Үлкен үйде жертөсекте ұйықтай алмай аунақшып жатқан бәйбіше сексиіп басын көтерді. Желпілдеген түңлікке, сықырлаған уыққа қарады. Құлақ салды. Киініп тысқа шықты.

— Тоқалдың қасында албырап жатырсың-ау, — деді. Жөткіреді, айтақтайды. Күндестің үйіне қарап үн бере береді. Жұдырығы құрысып, жағы тістенді...

Екінші ақ үйде Райқанның айтағымен оянып, тұра бастаған Жексенге тоқал қарайды... Жексен үйден шыға бастады. Тоқал артынан есікке таман ере барып:

— Жас тоқалға бой ұрды, — дейді. Бай Райқанды табады. Бұлтқа нұсқап, ұйықтама деді. Жауап жоқ. Иығынан тартады. Райқан сыртымен отырып, ояу екенін білдіреді. Анау зекігенде басын екінші жаққа бұрып күрсініп, тізесіне тағы сүйенеді. Бай ашулы түспен үңіліп тепсінеді. Райқан құнысып, бүкшиіп, тоңғанын білдіреді.

— Тағы сайтаның ұстап отыр ғой. Өлмейсің, жасымыз, қайратымыз сенсің. Өз малың, сергек отыр. Ұйықтама, — деп кете береді.

Райқан селт етеді, тітіркенеді. Көзін жұмып, бойы сіресіп, қыңыр қайратпен құшырланып қалғандай болады. Ой-қиялымен баяулап ашылған көздері алдыңғы жағындағы қараңғы аспанға қадалады.

Аздан соң қара сұр аспан сөгіліп, орта жері ағара береді. Сол жарылған аспан ортасынан сұлу жас жігіттің жымиған мейірлі жүзі бұған қадала қарайды. Шашы қайрылған, ақ жаға галстукті.

Күлімсірейді. Бірақ батып бара жатқан айдай төмендей-төмендей барып, көк жиектен аса батады ... Маужырап, телміре қараған Райқан жүзі күлуден кейіске қарай құбылып, сөне береді.

— Сайтаның, дейді. Сен сайтан ба? — Екі қолымен бетін, көзін басады. Ойдан қайта серпіле береді. Қолдары төмен түседі.

— Қайда екенсің? Тірімісің? Әлде өлі ме екесің? — Жүзі тағы ойға кеткендей... Көз алдына өткен күннің бір кезі келеді. Жасаулы үй. Оң жақ. Шымылдық. Бай кірді. Кіре бере босағаға сіңбірді. Көп жөткірді. Райқанның еті тіксінді, басында желек. Қымсынып, шымылдыққа шала оранып тұр. Оң қолы шал қозғалған сайын шымылдықты шымшып уыстап бүктей береді. Шал сыртқы киімін шешті... Қабағымен қайта-қайта Райқанды барлай қарап, төсекке отырып, аяғын ұсынды. Райқан зорға барып, мәсісін тартты... Шешті... Шал жөткіріп кеп, төсек үстінде отырып, есікке жапсыра ая толым қақырып, түкірді. Есікке барып шалп етті. Райқанға сүрт деді... Екі айтқаннан кейін зорға барып сүртті...

Бұл кездерде үйдің жабық-жабығынан, сыртқы екі босағадан кеп екі бәйбішенің көздері қадалып тұр ... Өзге жерлерден басқа кемпір-сампырлар да ентелей қарайды. Екі бәйбіше тұрған орындарынан жылжи-жылжи қарасып кеп, бір тесіктің тұсында бастары соғысып қалды. Бірін бірі көріскенде басында жымың етісіп, артынан бұртиысып суық қарасады. Біріне-бірі "шоқ-шоқ" дегендей оқты көздерімен атысып та қалады.

Үйде шал жата бере Райқанға шақшасын алғызды. Насыбайын екі танауына ұзақ-ұзақ тартты. Шақшаны Райқанға ұстатты. Жатты. Райқан шақшаны ұстап тұрып-тұрып, жерге лақтырып жіберді. Шымылдықтың сыртына шықты. Шошығандай бүрсиіп, үнсіз жылап, отырып алды. Шал дыбыс берді. Әрлі-берлі аунап түсті. Күтті. Өзінің бойын күш жинағандай бір жиырып, бір созып, барлап көрді. Аңыра күтті. Райқан тұрмады. Тыстағы үлкен бәйбіше тұсына кеп қалған кемпірді жұмсады. Анау үлкен шылапшын мен құманды әкеп, майсаңдай басып, үй ішіне жұтына қарап жүріп, босағаға әкеп қойды. Шал зекіп дыбыс берді... Райқан қараған жоқ. Шал шымылдықты серпіп ашты ... Қарап алып, ашулы түспен зіл жіберді, әмір етті. Райқан тапжылмады. Тыстағылар біріне бірі соғылып, бір тесікке таласты... Шал орнынан тұрып, Райқанды иығынан тартты. Райқан бүк түсіп, өксіп-өксіп жылап жіберді. Шал сүйрегенде жерді құшақтады. Шал тағы да асқындап, сәумеңдей бастағанда Райқан қолын итере серпіп, жұлып алды. Шал тәлтіректеп барып, шымылдыққа жығылып, оның бауын үзе барып төсекке шалжия қалды... Шал ашуланып барып теуіп қалды. Райқан атып тұрды. Шалға оқты көзімен ата бір қарап қап, лағнет оқыған түспен керегеге бара жабысып, шаншыла қарады. Шал бәсеңдей-бәсеңдей барып шегініп, төсекке отыра кетіп, күрсінді де, басын төмен салды. Белін сипай бастады. Сырттағы сық-сық күлкі, Райқанға енді естілді. Селт етіп, от басында жанып тұрған жалаң бас шамға қарады. Қатулана басып кеп, шамды күлге қарай теуіп жіберді. Шам құлай өшті... Қараңғылық басты ... Тыстағы пішіндер түңіле, күйіне барып, мыстары құрығандай болысты ...

Таңертең шал шығысымен екі бәйбіше мен кемпір жүгіріп үйге кірісті. Бай да бұларға көз салмады. О да кетті. Қалған қатындар шылапшынға жетіп барды. Құрғақ ... жерді тіміскілесті, қолдарымен сипады. Құрғақ. Бәйбіше құманды ұстай алды, қақпағын ашты. Су толы... Құшырланып, мәз болып, айыздары қана күлісті... Шал кіріп келіп, қатындарға шаншылды ... Аналар күлкілерін жасыра алмады. Шал босағадағы жүгенді ала-сала екеуін де кезек-кезек сартылдата бастады. Райқан кірді ... Басында шапан... Таяқ жеген қатындар ыдырай жөнеле берді... Тысқа шыға тағы күлісті. Шал Райқанның басындағы шапанын жұлып алды ... Жүгенмен етек жағынан бір ұрып қалды. Райқан тағы да шаншыла қарады.

Шал қадалып тұрып:

— Ішіңде сайтаның бар ғой ... Өшірермін қарсылығыңды. Өлтіремін сол сайтаныңды. Босағамда шірітермін, — деді. Райқан қой шетінде отырған күйінде көзін қайта ашты. Бетін сипайды. Арықтаған екі білегін ашып көрді. Сүйектер білініп, тамыр, сіңірлер адырайған. Басын изеді...

Түңліктері жабулы, ұйқылы ауылдың таңы атты. Қойлар өріп кетіп барады. Қотан ортасы жалаңаштанып қалған. Қой жатқан қара қорданың ортасында жыртық жабу үстінде Райқан ұйықтап жатыр. Айналасы шоқпыт құрым. Етіктерінен шұлғауы шыққан. Бас жағын ала төбет кеп иіскелеп жүр.

Бұл уақытта шеткі жыртық лашықта қойшы Есім жатыр. Шала шешінген күйде аунақшып, мазасызданып ұйықтайды... Түкірігін жұтады. Түсіне жасаулы бір табақ ет кіреді. Сара ала қазы, жас жамбас, бас. Есімнің езуі жымияды. Табақтың үстіне қолдары төніп, ұстай бергенде табақ жылжып, сырғып жоқ боп кетеді. Селт етті. Оянды. Бетін бір таяқ түртеді. Бас жағында бай тұр. Ақырып ұрсып тұр.

Есім атының шап айылын тартып боп, торсығын алып үлкен үйге кірді. Ши жаққа барып, қара қазанның қақпағын алып, үлкен аяққа айран құя бастады. Қазан лық толы. Құя бергенде бәйбіше атып тұрды. Сексиіл қасына келіп, иығынан қағып, Есім қолындағы аяқты жұлып алып, өзі құя бастады. Бір шөміш айран құйып, үстіне жанында тұрған бір шелек судан су алып, қоса құйып жіберді... Есімге ұсынды... Есім басын шайқап, ашумен қарап, ұрттай берді де жиренгендей қайта ұсынды. Бір қазан қатықты көрсетті. Бәйбіше аяққа айран құймай3 қайта араластырып, тағы ұсынды. Есім аяқты қолынан жұлып алып, жерге бір қойды да шығып жүре берді. Бәйбіше өртеніп тулап қала берді.

Есім қораның ортасында жатқан Райқанды көрді. Маңында жүрген итті қуып, Райқанды ақырын түртіп оятып, үйге барып жат деп нұсқады... Райқан сыпайы күліп, оянып, жылы жүзбен Есімге қарады ... Екеуі бір-біріне қарасып тұрып, айрылысып кетті.

Күн найза бойы көтерілместен бай келіп, Жаман жер-төсекте жатқан Райқанды тұрғызды. Бәйбіше екі шелек пен әкпіш әзірлеп берді. Суға кетті. Жерошақ басында бықсыған түтінді үрлейді Райқан. Ауыр қазан көтереді. Іркіт піседі. Арқан еседі. Әредікге отырайын десе бай, бәйбіше, тоқал кезек келіп, жұмысқа айдап түртіп жібереді. Сиыр сауады, қойды құрттайды. Ақсақ қойды суарады. Түскі қой келеді. Жүгіре жүріп қой қосақтайды, сауады, ешкі қуалайды. Ұстатпаған қара ешкіні Есім қуып жүріп, ұстап береді. Келе берсе бәйбіше тезекке жұмсайды. Қапты иығына салып тезекке кетті. Далада дауыс айтқандай жылап, ән салады. Жаяу келе жатқан қартаң қатын даусын естиді. Құлағын салады. Таниды. Елбеңдей басып келе жатыр. Киімі жүдеу. Бірін бірі көре ұмтылысады. Райқан құшақтай жылап, жерге қарай талмаурай шөгіп жантая кетеді...

Есін жия бере:

— Қайран анам, қор болдым ғой, күң етті ғой... — дейді. Жыласады... Кемпір ауылға келеді. Бұны елеген кісі жоқ. Бай Райқанды түйе саууға айдайды. Райқан желі басына келді.

Қысырақтың айғыры Ақбесті мұның шелегіне қарай тұмсығын созып, алдына келеді. Райқан жымия қарап, төменгі ернінен сипап, алақанымен тұмсығынан ақырын-ақырын қағып қойды.

Бала Әшім бие саудырғалы тұрып, Ақбестінің кешегі шабысын айтты. Мың қаралы аттылар... Әрлі-берлі жөңкіп жүр. Аттардың аяқтары жерді дүр-дүр басады. Шапшаңдай баса бастады. Барған жерден 50 ат-айғыр жіберілген еді, құйрық, кекілдері сүзілген... Әшім Ақбестінің үстінде. Басында орта кезде шықты... Бара-бара торы ат, қара қасқа айғыр, Ақбесті боп көп тепкілесті, кезек озысады. Алдыңғы керешіге таман іліне берді. Жолдағылар ілесе алмай қалып жатыр. Аздан соң Ақбесті мен қара қасқа айғыр үзеңгі қағысып келе жатыр. Әшім қамшы салмайды. Қара қасқа айғырдың баласы қамшылай бастады. Көмбедегі қалың қол қым-қуыт, шым-шуыт болды. Алыстағы кезеңнен шаң көрінді. Түтіндей будақ... Бірақ ел дүрліге шапты. Дүбірден жер солқылдайды. Ақбесті қара қасқадан сытылып шықты. 30-40 атты аруақтап, ұрандап кеп, қаумалап жөнелді. Асқар алдында, шылбырынан тартып келеді. Өзге аттарды да солай тартыса бастады. Бірақ бірінен бірі жырақ қалған. Ақбесті жарты шақырым алда келді. Райқан сауған сүтін Ақбестіге ішкізді... Құлағынан, сағағынан сипап, мойнынан құшақтады. Барлық дүние-малдан сүйетіні сол.

Әңгімелесіп тұрғанда биенің алды өре бастады. Бір жағын бала қайырмақ боп жүгіріп жүр. Екінші жағын жүгіре басып, Райқан қайырам дейді. Асау бие, айғырлар болмай жорта жөнеліп кете берді. Ауылдан келе жатқан Есім мұны көріп, жүгіре басып кеп, Ақбестіні ауыздықтап мініп алып, шаба жөнелді. Қашағанның бәрін тықсырып қуып, айдап келді. Сол кезде ауылдан Асқар мен Жексен қатар ақырып ұмтылып келді ... Асқар ат үстінен Есімді қамшылап ұра бастады. Райқан ұмтылып арашалағанда Жексен кеп, оны таяғымен белден ұрды.

Бір күні бай үйіне Асан шауып кеп түсті... Үйге кірер-кірместен хабар айта бастады. Үйдегі Жексен, бәйбішелер тегіс дүрлікті. Байдың өңі қашты. Есін жия бере Асқарға "шап" деді. Асан екеуі шаба жөнелді. Есім мен Райқан күлісіп әңгімелеседі... Есім көп нәрсені жанданып, қызып айтып жатыр. Кәнпеске, кәнпеске, кәнпеске. Аудандық қаладан шығып, Асқар мен Асан асығып келеді. Аттары қан сорпа боп, танау қаққан күйде ауылға кеп түсті.

Кеш бойы Асқарға төрттен, бестен кісі келіп кетіп жатыр.

Жүрерлерінде ат, сиырлар, 20-30 қойлар әкетіп еді... Құр ат, қомды түйе, атпал қойдың іріктілерін сұрыптап, түн ішінде базарға айдатты... Ол таңертең барып базарға кірді... Тезінен сатылып жатыр ... Будақ-будақ ақша үйде отырған Асқардың қойны-қоншына тығылып жатыр...

Ауылда ауыл кеңестерді бөлек-бөлек шақырып, приговорды Асқардың өзі жазып, қолдарды қойғызып, мөрлерді басқызып жатыр. Кедейлерді де шақырады... Сөйлейді. Олар тұнжырайды, үндемейді. Көбі бұл сөйлей бастағаннан шығып кетіп жатыр. Есім шақырса да бармады. Асқар үйінен шыққан кедейлерді бұл күлігі қарсы алады... Кәнпеске, кәнпеске. Қаладан шыққан өкілдер кеп, кедейлер топтарын шақыра бастады. Жиылыстар. Есім басында сенбегендей үндемейді. Артынан бір-екі сөз айтып көңілдене серпіле бастайды... Өкіл бұнымен оңаша сөйлеседі. Ұғысады... Есім өкілдің қолын сілкеді.

Бәйбіше көріп тұрып Райқанды итереді. Жерлегендей, шүйлегендей сөздер айтады.

Райқан Есімге қарай келеді. Сұрланған жүзбен жөн сұрайды. Кедейлер тобы Есім айналасында. Есім Райқанға сынай қарайды. Анау қайтпайды. Қадалады. Есім мырс беріп күліп, мойнын теріс бұрады... Кедей жиынының алдында Асқар, Асанды өкілге жіберді. Приговорларды ұсынды. Жексенді "жауыз бай емес, кедейге жайлы болған... қара шаруа" деген приговорлар ... Есім тұрып кеп өкілге қол сілкіп қағаздардың үстінен салып қалады. Кешегі айтқаның өтірік пе еді дейді... Өкіл күледі. Жексеннің айдалуы туралы дауысқа салады. Кедейлер бастығы Есім боп, қол көтерісе бастады... Ақырындап, біріне-бірі қарай барып, бәрі көтереді...

Қарсы кісі Асқар, Асан ... Қолдарын көтергісі кеп, басында біраз жоғары таман шығарып барып, артынан өшіп қалды... Малдар іріктеліп алына, айдала бастайды. Есім байқайды, жылқыда Ақбесті жоқ...

Үш күн болды, жоғалды дейді Жексен. Есім кеп Райқаннан сұрайды. Анау қымсынады, үндемейді... Есім қадалып тұр, Райқан басын шайқады, айтпады.

Ауылда милиция, өкілдер, кедейлер... Кәнпескеленген бай, бәйбішелер жылап-сықтап киініп қамданып жатыр. Райқан киінбеді. Үй ішінде үйілген ішік, кілем, шенді шапан, шекпендер, болыс знагі, сыйға алған қылыштар. Милиция мен өкілдер күтіп тұр. Жексен мен өзге екі бәйбіше Райқанға тесіле қарайды... Райқан міз бақпайды. Бәрі тысқа шықты, жаман арбаға қатындар мен Жексен мінді. Райқанға орын босатады. Райқан қарап тұр.

Өкіл кеп сөз қатады... Райқан Жексендерге қарап тұрып басын шайқады. Аналардың жүздері шошыды. Түңілді. Бай күрсінді. Жүріп кетті...

Бір жаққа бұлар кетті, екінші жаққа малды айдасып кедейлер, көпшілік кетті. Тыста кешкі ымыртта жапа-жалғыз Райқан. Айнала жұтағандай жым-жырт. Байлар кеткен жақ құм... Құм борайды. Сырғақтап борайды. Алыста шырқаған үн, күлген, ойнаған кедейлер жиынының ұлы сарыны естіледі... Құлазыған жалғыз Райқан. Қасына ала төбет кеп еркелейді. Аяғына жатады. Бұл сілейіп тұр... Кәнпескеде белсенділік істеген бір кедей жанына келді... Жай сұрағандай, жәрдем еткісі келгендей қабақ білдірді. Кедейлер жаққа шақырды. Райқан сазарып бейуаққа қарап тұрып басын шайқады. Кедейді жіберген Есім еді. Тұрған орнынан қол бұлғап, жолдасын шақырып алып жүріп кетісті...

Райқан жүзі бір үмітпен селт еткендей болды. Көзі аспанға қадалды.

Аздан соң қалғытқан ойынан оянып үйлерге, дүниеге бір-бір қарап алды да, там жаққа қарай жылдам басып жөнеле берді.

Кедейлер жиыны. Ортасында өкіл... Көңілді пішінмен әңгімелесіп жатыр... Есімге кім боласың? Сайлан дейді.

Есім тұрып: "Мұнда сайланбаймын" дейді. Өкіл қайда барасың, не істемексің? — дейді.

— Қызыл әскер болам, — дейді... Зор, мықты денесін нығыздықпен сірестіріп тұрып, "Жасым жиырмада", — дейді. Өкіл басын изеп күлді, сүйсінді. Сол уақытта Райқан кірді. Өкіл жылырақ пішінмен тіл қатты, үйдегілер, әсіресе, Есім дәмемен қарады. Бірақ Райқанның түсі жадыраған жоқ. Өкіл қайта үңілгенде "Ақбесті" деді. Жұрт тегіс тыңдай қалды. Райқан Ақбестінің жоғалу жайын баян етті... Кеш еді. Қараңғыда Ақбестіні сыртын жабулап әкеп, Асқар Райқанның үйіне кіргізді. Жалынды. Асан мен өзі кірді. Жексен, бәйбіше, Асқар барлығы Ақбестінің басын кезек-кезек құшақтасты.

Бай:

— Қуатым еді, берекем еді, — деп жылады. Асан мен ұрыға нұсқады. Ұры алып шығып, жөнеліп кетті. Асқар артында тұрып ант етті:

— Кімде-кім осыны менің қолымнан әкететін болса, екі қолым соның жағасында, — деді...

Райқан әңгімесінен соң он шақты кедей, бастығы Есім боп, аттана жөнелді... өкіл Райқанға қайта үңіліп: "не тілейсің", — деді...

— Ленин жолын таныт, көзімді аш, оқу бер, — деді. Өкіл уәде етті. Бірақ шаршысын көрсетті. Райқан елемеді. Шаршысын мықтап баса киді.

Қараңғы түнде, үңгір, қиын шатта кісендеулі тұрған Ақбестінің қасына Есім жетті. Аттан секіре түсіп, ноқталап алды... ұры Асқарға мәлім етіп жатыр, көз алдарына Райқан келді. Асан мен ұры шапты, пышақтары жаланады. Көз алдарында Райқан.

Райқан әйелдер оқып жатқан күрске келді... Мұның басында шаршы, жұрттың көбі сонысына нұсқайды. Сыртынан күледі... Райқан қарап, ашуланып қойып келе жатыр. Курс бастығына жетті... Сөйлесті... өкілден алған қағазын берді. Бастық алатын қабақ білдірді... Райқанның қабағы жадырады. Бастық күліп шаршысын сөз қыла берді. Райқан сұрланып, ашуланып жіберіп, шаршысын басынан жұлып алып, столға бір-ақ ұрды... Бастықтар мен айналадағы әйелдер де тегіс күлді. Райқан түстеріне қадалды. Ұнатқан, қошеметтеген күлкі. Өзі де күлді...

Мектеп ішін аралап келеді. Бір суретке қадалды. Өтіп бара жатқан бір қызды ұстай алып, суретті нұсқап, кім екенін сұрады — Ленин. Райқан жақындап төніп келді. Құшақтағандай боп, аймалап барып, қабырғадан сыпырып алды. Шәкірт қыздар ұйқы-тұйқы. Айналасына жиылды. Комсомол ячейкасының хатшысы, профкомдар жетіп келді... Жиын жөн сұрады... Райқан оларға қарамастан Ленинді бетіне бір жақындатып, бір алыстатып қарап тұр. Бір қыз тепсініп кеп, жауап сұрады. Райқан айналаны сонда көрді. Сасқан жоқ.

— Тәйт әрі, сендер өмірі көріп келесіңдер қой. Менің көргенім осы, — деп қойнына басып алды. Бастық келіп, естіп тұр еді. Ұқты, жұртты таратып жіберді.

Райқан сабақта. Мұғалім қолы тақтайға есеп жазады, айтады, жетіге сегізді қос дейді. Басында бабын таба алмады. Қозғалақтады, аузы күбірледі, көздері ойланғандай жоғары қарады. Көз алдына көгендеулі қозылар келді. Жеті жас қозы, сегіз марқа... Түстері басқа-басқа. Көзімен санап шықты. 15. Дәл. 19-дан 11-ді ал... Тағы да 19 бойдақты қосақтап қойды. 11-ін таңбалап алу керек. Ағытты, арқаннан ағыта санап, кеміте берді, 8 деді. Дәл. Күлді.

II

Қысты күнгі бөктер жолымен екі салт атты келе жатыр. Біреуі шинель киген әскери. Екіншісі лаушы. Бір қашардың жанынан өтіп келе жатып, тыста жүрген балаларды байқайды. Жүдеу... әскери адам кеңседегі кубанкесін алды. Есім стол басындағы адамға

— Директор орынбасары Федор сіз бе ?

— Ия.

— Райком жіберді... — Қойнынан шығарып қағаз берді. Анау оқиды...

— Қой шаруасын білесің бе ?

— Мала-мала знай... — деп күлді... Федор орындық нұсқап, әңгімелесе бастады. Әскери киім киінген Есім мен Федорға Андреев:

— Үшінші ферма нашар... Күніне 5-10 қой өлтіреді... — Қағазды қарайды. — Бір айда 280 қой өлген. Соған бригадир боп екеуің бар...

— Тағы кім ? — деді Федор.

Андреев:

— Тағы райком жіберген бір қазақ әйелі барады.

Федор мен Есім жайдақ арбаға отыра береді. Бұларға сыртын беріп бір әйел отыр... Арба жүрді... Федор әйелмен әңгімелеседі. Әйел сөйлегенде Есім елең етті. Сыртынан бұрылды. Қырынан қарағанда әйелдің мұрнын көрді. Есім тесіле қарады. Аздан соң күліп жіберіп, әйелді сыртынан иығынан ұстап, өзіне қарай бұрып алды. Әйел сескеніп жалт қарады... Райқан... Екеуі танысты да қатты күлісті. Қолдарын қысысты. Федор таңдана қарады. Ана екеуі қатарынан:

— Знаком.

— Знаком, — десті.

Үшеуі қашардың алдына келді. Қастарында бір шал, бір жас қазақ. Келгендерді бастайды. Қойлар тысқа қашар алдына шығып жатыр. Бауырлары сарысідік. Есім мен Райқан екі жерден қадала қарайды. Қойлардың жүндері ұйысқан, үрпиіскен, біреулері аш. Есім қасындағы шалға: атың кім?

— Болат...

Райқанның қасында жас жігіт... Райқанға сөз қатады:

— Менің атым Иса. Ана шал Болат екеуміз де шабан. — Райқан шығып жатқан қойларға қадалды. Барлық қойлар мықшиып, бұралып тұрып тұмсықтарымен жотасын, құйрығын қасиды. 20 шақты қой қаша қабырғасына құйрықтарын, бүйірлерін үйкеп жатыр.

Соларға Райқан да, Есім де жақындап келеді... Есім бір қойды, Райқан бір қойды ұстай алып үйкелеген жерлерін қарады. — Көңқотыр... Жүндері түскен. Федорға көрсетіседі.

Есім Болатқа:

— Ферма бастығы кім ?

Болат:

— Бір жас жігіт...

— Ол қайда?

— Атқа мініп кетті.

Қой қораның ішіне кірісті. Тұмсықтарын басты... Жөткірісе бастады. Қараңғы. Есім фонарь көтерді. Іші лық толған қой. Өте тығыз. Бірін бірі басады. Есікке, жарыққа ұмтылысады. Райқан аяғын баса береді. Көтерем сары қой екі буаз саулықтың астында өліп барады. Федор мен Есім бұрышта жас қара қозыны көрді. Тәлтіректеп, өлімсірей маңырап барып құлап түсті. Бүйірі аш, қатып қалған... Айнала қарасады. Қойлар біріне бірі сүйкеніп, денелерін қабырға-қабырғаға үйкеседі... Есім бұрқ етті. Аспанды нұсқайды. Болат қарайды, сөйлейді.

— Бізге бұйрық солай.

Иса Федор мен Райқанға — қорада бақ, — дейді.

Федор сөйлейді.

Иса:

— Айтқанды істемесек жазалайды. Үндемейміз...

Райқан:

— Бастық кім ?

Иса:

— Бір қазақ.

Есім айтуымен Болат пен Иса қойды шығара бастады. Қойлар бірін бірі баса, тысқа қарай ағылып жатыр... Қора босады. Тұрғандардың көздері қадалып санап тұр. Бір-екі, төрт-бес, жеті қой. Өліп жатыр. Арық-тұрақ. Және қоздай алмай басылып өлген саулықтар... 4 жас қозы өліп қалған... Үстерінде шаранасы. Райқанның қабағы түксиіп, түсі сұрланып барады. Өлген бір қозының шаранасын сипай шөгіп, отыра қалды... Тұрып жүре бергенде аяғы сүрініп кетті...

Жығылып барып, сүрінген жеріне қарады... Сылқылдаған сары қидың ішінен томар көрінді. Үңілді. Аяғымен аршып жіберді. Қозының басы...

— Ойбай, не деген сұмдық? — Өзгелер келді. Федор мен Есім отыра қарасты... Жақтары тістенді... Бәрі тұрып жүрісе бастады. Аяқтарына тағы бір түбірлер ілінді. Бір қозының тірсегі... Тағы бір қозының бөксесі. Өзге денелері қи астында қалған.

Есім Исаны жұмсады... Әкелген темір ашаны қолына алды. Жерге басты. Аша бойлай берді... Түгел батты. Шылқылдаған су, батпақ тәрізді...

Бір орнында қатып қалған Райқан, мынаны көріп Федорға, Есімге телміріп тұрып-тұрып, жылдам басып жақындап келді.

Есімнің қолындағы ашаны жұлып алып қораның төбесін қатулана түрткілей бастады... Тесік жасады. Сыртқа бу бұрқырап шықты. Болат басын изеді. Райқанға: "білдің" дегендей сүйсіне қарады. Тысқа шығысты... Есім Болатқа сөйледі.

— Біз не бұйырса соны істейміз. Одан әрі Есім қадалса да, сөйлемей мойнын сыртқа бұрды. Иса мыналарға қарап ап, тепсініп кеп:

— Жаман... Атама. Жаман... — Жасын іріккендей басын төмен салды... Үндемей қалды.

Федор:

— Ферма бастығы қайда?

Иса:

— Атқа мініп кетті...

Есім алысырақта бірдемеге қадала қарады. Бір арық көк атты екі жаяу түрткілеп әкетіп барады. Есім Болатқа: Анау кім? дегендей белгі жасады. Бәрі қарады. Есім дауыстағанда екі жаяу тоқтай қалды. Бұлар қасына келді. Есім жөн сұрады. Атқа қарайды, құйрығы шолақ, арқасы жауыр, сүйек-сүйегі шодырайған... Жамбасы сары ала, былғанған. Көтерем. Екеудің бірі құлақшынын көзіне баса киген, бауын шарт байлаған. Суық, сұр түсті көсе қойнынан шығарып, қағаз көрсетті... Қағаз бетінде резолюциялар: райисполком бастығы, райзо бастығы, совхоз директоры, ферма бастығы (соңғы резолюция осыныкі) қолдарын қойған.

— Кедей шаруа едім. Екі жыл болды, осы атым заңсыз алынған еді... Ауданда бір жігіт көмек етіп... мына қағаз...

Райқан:

— Ол жігіт кім ?

— Асқар деген. — Райқан елең етті... Көсе сөйлеп тұр... Қызметкер Асқар мұны ертіп сыпайы пішінмен райисполком кабинетіне кіреді... Сөйлейді. Бастық қарап, қол қояды... Асқар райзо бастығына бұны ертіп кіреді. Бастық қол қояды. Мынаны жөнелтеді.

Есім:

— Бұл аттың не өнері бар еді ?

Көсе:

— Жай әншейін... Жалғыз атым... Ақбесті деген... — Қасындағы кісі қолын қағып қалады.

Есім, Райқан:

— Ақбесті?

— Ақбесті?... Асқар... — Екеуі де атқа жалт-жалт қарасады. Көсеге қасындағы кісі жаман түйіледі. Ол Асан. Есім айнала қарап, кекілін, көзін, тұяғын қарайды. Райқанға сөйлеп күліп жібереді... Тұяғы, көзін көрсетеді. Райқан тап беріп, аттың мойнынан құшақтай алады... Түріне қарайды... Жыламсырайды... Тағы құшақтайды... Көз алдында Ақбестінің бұрынғы шелектен сүт ішкен көркі келеді... Қабағы түйіледі.

Есім мен Федорға:

— Не қарап жүрміз? Қайда партия? Ленин жолы осы ма еді?

Көсе шегіне береді... Райқан үңіле қарайды. Көсе мен Асан бұның шолақ сары тонын, тапаншасын көреді... Сескене береді. Райқан мен Есімге жалт-жалт қарасады... Есім Көсенің тымағын көтереді. Жымияды... Өз кубанкасын алады... Аналар таниды... Райқанды да таниды. Көсе ұры. Райқан Ақбестіні кәнпеске күндерінде ұрлап әкетіп бара жатқан ұры пішінін еске алады.

Иса, Болат: — Ферма бастығы. Ферма бастығы. Келе жатыр... — деп өздері шегінісе береді.

Федор, Райқан, Есім жалт-жалт қарасады... Жас жігіт келе жатыр. Жақындады... Райқан ілгері ұмтылып қап, үңілді. Екі қолын көтеріп селт етіп, қатып тұрып қалды. Жігіт қастарына келді... Райқан анық таныды, есі ауғандай... Көзі бір жұмылып, бір ашылады. Сонадағы бұлт ішінде көрінген жігіт жүзі тағы көз алдына елес беріп, тағы аспанда қалқи берді... Бұрылып жалт қарады... Сол, бірақ түрі мас. Құр ыржиды. Үсті, басы-аяғы кір... Райқан бестіге қарады... Үстерін арбаға, қашар қабырғаларына үйкеп жатқан қозыларға қарады... Жаңағы қи ішінде өліп жатқан қозылар елес етті. Жігітке тағы қарады. Есім, Федор жауап алғандай қадалып тұр. Анау бүрісіп, кішірейіп, сұмпиып барады. Райқан өз-өзін маңдайға жұдырықпен ұрып қалып: "дура" — деді.

Ақбестіні өз қолына алды. Екі ұрыға қадала қарады. Ана екеуі сырт бере берді. Ферма бастығына дәмелене қарасады. Андайды. Жас жігіт оларға түйіле қарап: "кет" дегендей қылады. Федор мен Есім ферма бастығына зекіп тұр. Ферма бастығы Сәлім Райқан түсінен дәме қып жалтақтай береді.

Танымайды. Райқан ойланып қарап, тұрып-тұрып ақыры Есім мен Федорға келіп "тоқтаңдар" дегендей белгі жасап, бәрін ертіп жүрді...

Қашар алдына келе бергенде Андреев кеп аттан түсті... Бұларға келді. Федор жай-күйді айтқандай, қойларды көрсетті. Андреев үшеуі де тыңдап, жүздеріне қарап тұр. Райқан күйіп сөйлейді. Андреев бұларды ықласпен тыңдап болып:

— Сендер большевик болсаң күйремеңдер... Қайта осыдан іс шығара біліңдер. Мен де жаңа адам... Біз сыналатын шын үлкен міндет, міне, жаңа келді, — деп қалтасынан крайкомның бұйрығын алды. Оқысты.

Андреев қойларды көрсетіп тұрып:

— Осы қойлардан енді біз племсовхоз жасауға міндеттіміз: Барлық Қазақстан, барлық одақтағы қой совхоздарына, колхоздарға асыл тұқым мал беретін совхоз жасауға міндеттіміз, Федор, сен директорсың, — деді.

Федор айнала қойларға қарады. Ойланып, қиналғандай боп тұрды. Бекінді.

— Ендеше (Райқан мен Есімді иықтарынан ұстап тұрып), мына Есім, Райқан менің көмекшілерім, — деді. Андреев қабылдады... қолдарынан ұстасты... Райқан мен Есім пішіндері бекінгендік білдірді.

Тарай бергенде Сәлім Райқанға жалынды. Жүре беріп еді, жабысты. Райқан ойланып тұрып:

— Осында қаласың. Көрерміз, алады... — деді. Қарап тұрып-тұрып бұрылып кетті.

III

Түн. Екі кісінің көлеңкесі шатырлы үйдің есігіне түсті. Сырттары көрінеді. Есік қақты. Ояу жатқан Асқар атып келді. Сұрады. Ашты. Үйіне кіргізді. Асан мен ұры. Кезек сөйледі. Есім көрінді... Райқан көрінді... Асқар түксиіп алып сұрақ қойды:

— Ақбестіні әкелдіңдер ме, жоқ па ?

— Жоқ, жоқ. — Мыналар төмен қарасады. Анау зекиді... Тағы қадалады... Бірдемені сұрайды...

Ұры:

— Бірақ құр қол емеспіз...

Қараңғы қораның ішінде торы жабағы. Үшеуі айналдыра қарайды... Ұры сойып, ақтармалап жатыр...

Үлкен табақ етті үшеуі алдарына алады. Бөтелкеден Асқар құйып жатыр. Ішіп алып, етті ауыз толтыра асап жатып Асан:

— Совхоз малы көп... — Күліседі.

Масайып алған Асқар кіжініп, тістеніп кекесін айтады... Жұдырығын құшырлана түйеді. Ана екеуі тыңдайды. Көз алдарына бұрынғы пішіндегі Есім, Райқан келеді. Бәйгеден келе жатқан ақ айғыр. Есім мен Райқанға қадалып, Асқардың тісі ақсияды. Шеңгелі тарбиып, бүріседі.

Есік қағылды. Қонақтар... Бірі артынан бірі. Қызметкер, оқыған жігіттер — Асқар сияқтылар. Асан мен ұры тайып кетеді. Келгендер күлкілі, табақты көздерімен жеп барады... Асқар әмір етеді. Мыналарды майсаңдап, қошаметпен қарсы алады... Ет, арақ, мастар. Асқарды құшақтап сүйіп жатқандар бар...

IV

Асыл тұқым совхозы, қонақтарды күтеді. Кеңсе қорасында Андреев, Федор, зоотехник, Есім, Райқан... қастарында Болат, Иса. Әңгіме. Жүздері көңілді. Бәрі бір жаққа қарайды. Зоотехник сөйлеп тұр... — Мынау прекос, Англиядан... Прекос қошқарлары өте береді. Жүні асыл, еті мол... Райқан кінежкесіне жазып тұр... Зоотехниктің аузына қарайды. Болат көңілсіз қарайды... Иса күледі... Бейілсіз.

— Мынау Өртембер — неміс жерінен. — Есім мен Федор көңілді жүзбен қарасады. — Жүні асыл, еті мол. Осы екі тұқымды да осы біздің жерге үйлестіру керек. Қазақ қойымен екі арасынан жақсы тұқым шығару біздің міндет...

Болат пен Иса екеуінің де қарны ашқандай. Менсінбейді... Тағы бір топ қой:

— Мынау мақтаулы Дегерез. Асылданған тұқым... Бір жағы қазақ, бір жағы анадай қойлар. Бұл екі жақтың қасиетін бірдей сақтаған тұқым. Жайылысқа да шыдайды... Жүні жақсы, еті де мол... Прекос пен Өртемберден осындай сапалы тұқым шығаруға міндеттіміз. — Райқан жазып тұр... Дегерез қойларына жақсы қарайды... Иса кеп назарлы пішін білдіреді:

— Мынау қазақ қойының асылы Еділбай қойы. — Топ келе жатады. Болат пен Иса масайрап күліп алдынан жүреді. Қошқар саулықтарын аялайды. Шудалы жүнін көрсетеді... Есім кеп ана қойларды нұсқайды. Мақтаған сияқты... Федор мен Андреев екі жаққа бөлгізіп тұрған... Қойлар арық... Жүдеп келген. Райқан мен Есім соны айтып тұрады.

Екеуі де жаңа қойларды бөліп алысып тұр. Екеуі екі топтың басында. Социалистік жарысқа қолдар қойысады. Андреев, Федор күліп қолдарын алады. Райқан қасында Болат. Есім қасында Иса... Есім кеп зоотехникті шақырады... өзгелер күледі... Райқан оқтырақ жабысады. Зоотехник бұған ойысады.

Райқан қойлары мұның қашарының алдына, Есім қойлары екінші қашар алдына келіп жатыр... Қойлар қарсы алады... Жаңа қойларға күле қарасады. Болат Еділбайдан басқаға қол сілкеді... Райқан зоотехникті ертіп жүріп Өртембер, Прекосқа әзірленген орындарын көрсетеді. Зоотехник басын изейді. Терезе, есік жөнінде нұсқау айтады. Болат бұл қойлардан сырттап Еділбайларға үйіріле береді. Райқан сыртынан бұрып алып, бетін Прекос-Өртемберлерге қаратады.

Болат екеуі алысқандай қарасады. Зоотехник күледі. Болат Өртемберге жақындай беріп тағы да баса алмай қабағын шытынып тұрып, Райқанға бұрылып:

— Шырағым, осыңа денем соқпайды.

Райқан:

— Не болды?

— Тіпті осының қой емес...

Өзге қойшылар да басын изеп, мақұлдасқандай.

— Енді не?

— Мен білсем тап осының қой мен шошқаның арасынан туған шата. — Жұрт күледі... Райқан ыза болып түйіліп, тұтанып қап:

— Ата, қойшы, бала болмай...

— Ал қойдым... — Салбырайды... Өзгелер де салбыраңқы... Бастарын теріс бұрады. Райқан бәрілеріне қарап ап:

— Жаңа мына кісі, зоотехник не деді? Асыл қой, неміс қойы.

— Е, немісің былшылдай берет те. Қойдың ата-тегін қайдан білуші еді, оттап... — Райқан жұртпен бірге күліп кеп:

— Қой екеніне бәс қыламысың?

— Жарайды, енді күшіктегенде сөйлесейік тек...

Райқан, Есім, Федор үшеуіне Андреев ЦК-ның сентябрьдегі қаулысын оқып отыр... Бұлар қуанышты... Андреев үшеуіне сұрақ қойғандай болады. Аналар кезек-кезек қашарларының жайларын айтады. Райқан қашары, асыл тұқым қойлар жақсы жайда, семірген... Орындары таза... Жемді, шөпті күйсеп тұр... Орындары жарық.

Есім қашары — қойлары күйлі... Жайы жақсы, бір мезгіл далаға да жаяды. Андреев, Райқан сұрақ беріседі, күдікпен қарайды. Федор мен Есім біріңғай... Зоотехник бұларға басын изеді... Есімді арқаға қағады...

Есім қашарында Еділбай саулықтары күйлейді... Прекос, Өртембер қошқарлары семіз, күйлі. Саулықтарды жағалайды. Иса тығылыңқырап қарап тұр... Сенімсіз қарайды. Басында саулықтарды қызғанғандай, Еділбай қошқарларына жанастырады. Саулықтар аздан соң Өртембер, Прекосқа қарай бой ұрып, соларды жағалайды. Иса түңілгендей таңданады. Асыл қошқарлар баурап алды. Саулықтар соларды иіскелеп жанасып барады. Иса түсі басындағы жек көруден, жылы шырайға қарай ауыса береді... Иса қасындағы шопанға:

— Әй, мына бишаралардың тегі дұрыс екен. Мына саулықтар жынысын танып тұрғанын көрдің бе?

Жас шопан Өртембер қошқарына қарап тұрып күліп:

— Рас, мал болар осы шауқарың... — Екеуі де түстері жарқырап, үміттене күлісті. Іштеріндегі күдіктері шешілгендей жүздері жарқын... Сенімді...

Есім Андреевке сөйлейді. Бізде тағы бір қызық тұқым болады...

— Ол не?

— Ақбесті... — Райқан да ентелей сұрайды...

Қора айнала пішен... Ақ айғыр... Баяғысындай күйлі, ажарлы. Сұлы жеп тұр. Қасында үш боз бие. Олар да күйлі... Есім сөйлейді. Үшеуіне әр уақытта совхоз малына мінетін үш (деп бармағын көрсетіп) ақ ат, бәйге ат сыйлаймын. Бәрілерінің көз алдында төрт әдемі ақ айғырға мінген өздері — төртеуі көрінеді...

V

Асқардың қонақтары тарап кетіп жатыр... Жалғыз, аздан соң есік ашты. Асан мен ұры кірді... қой керек... Екеуіне арақ ішкізді. Аналар қой дегенде, "орай" дегендей жымыңдасты.

Асқар:

— Совхозға асыл тұқым қойлар келді. Барыңдар, содан бір ағылшын, бір немісті әкеп сойыңдар... Семіз болсын. — Асанға оңаша сөйлейді. Сәлім, Райқан қашары елестейді. Кіжінеді.

— Сағат кешкі 9-да, — деді. Жөнелтті.

Иса қарсыз бір беткейде асыл тұқым қойларды бағып тұрды. Қойдың алды қырдан аса береді. Алыстан, төбе-төбеден қарап, баспалап екі ұры келеді... Аттарын тастады. Қасқырша сөлектейді. Ақылдасты. Асан бұрылып Исаға келді. Әңгімемен айналдырып тұрды. Ұры тас астында бұғып жатыр. Қой үстіне келді.

Бір Прекос қойын бұғалықтап ұстап алды. Жөнелді.

Қайтқан соң Есім қойды түгелдеді. Бір Прекос жоқ. Шабуыл, әлек, Иса аң-таң... Қиналды, түнде ұйқы жоқ...

Райқан қашарында бір сиыр өлгелі жатыр. Болат, Райқан, Сәлім. Болат күдік айтады. Жаңа ғана сап-сау... Сиыр 54 өліп барады... Бауыздады... Райқанды Сәлім ертіп бара жатқан. Болат тоқтатты. Сиыр сойылды... Болат ішін ақтарып отырып, сарпайынан істік ағаштың сынығын тауып алды.

Болат мініп жүрген құла бие ауру... Өлді. Тағы үшеуі қарады. Федор, Есім де келген. Есім тапты. Қартасы кесілген. Алдында болған сурет, биенің аяғы байлаулы, сауырынан құйрығына қарай өткір пышақтың жүзін ұстаған қол сырғиды. Тұрғандар үрпиісті... Есім, Федор қам ойлап, аттаныса жөнелді... Болат ойда. Әркімді, шабандарды бағады. Райқан уайымда... Мұның қасынан Сәлім қалмайды. Есепші. Жазған боп жүр. Болатпен сөйлестірмейді. Болат бұған көз қырымен қарайды. Бір қол омыраудан сағат шығарды. 9 сағат... Қараңғыға басып кетті. Болат артынан баспалап келеді. Сәлімнің жотасы. Алдындағы қораның бұрышын айналды. Жыраға түсті... Атын төмен тастап, жырамен Асқар келді. Асқар сөйлеп жатыр...

— Райқанды айналдыр. Бір. Екінші, 5-10 күнде бір мал өліп тұрсын. Етін шопандарға өзің үлестіріп беріп тұр. Аузын майлап ала бер. Істері үдеп барады. Шөмейт шаруасын... Асыл қойдан өлтір. Жас қозы өлсін... Ірі малдар құлап жатыр. Қашар құласын. Совхоз күйресін, — дегендерді үсті-үстіне айтып, жөнеле береді. Жаңа жеткен Болат сыртын ғана көріп қалады. Айқалайды. Асқар қарамайды. Кейін ұмтылады. Сәлім артынан жүгіреді. Болат байлауда тұрған торы атқа қарайды... Үйге ұмтылады. Сәлім жүгіріп кеп сасқалақтап, омырауынан булавканы жұлып алады... Торы аттың қолаңсасына дәлдеп тұрып, таспен ұрып жібереді. Жөнеледі.

Болат киініп, мылтық алып шығып, шаппақ болады. Ат ақсаңдап барып құлайды... Болат атының аяғын айналдыра қарап, қолаңсасын көреді. Сәлім Асқарға жылдамдатып, хабар айтып жатады. Сезіп қалды, зытсын дейді. Асқар шаба жөнеледі.

Болат амалы құрып, ойланып тұрып, Райқанға ұшады. Райқан кітап оқып отыр. Сол бөлмеде сып-сыпайы Сәлім шот қағып отыр.

Болат басында таң қалады... Артынан Сәлімге тесіле қарайды. Райқан жөн сұрайды. Аттың мертіккенін айтады... Тағы хабары бар. Сәлімге қарайды... Жотасы... Болат тағы бар.

Райқан:

— Не бар, айт.

Болат тұрып-тұрып, қолымен Сәлімнің жотасын нұсқап:

— Дәл мына жігіттен сұра... — Сәлім атып тұрды. Шабатын қасқырдай қарады. Райқан қабағын түйіп бұған қадалды. Сұрады... Сәлім басын шайқады...

— Жаңа біреуге жар ішінде жасырын жолықтың, соның кім?

Жігіт басын шайқады.

Райқан:

— Өзің айт, болмаса мына Болат айтады. Айт шапшаң?

— Жаным Райқан, мен кім едім саған. Кешегі күн есіңнен шынымен шыққаны ма? — Баяғы сурет, түн, ауыл сырты. Көгалды жерде екеуінің сүйіскен, құшақтасқаны. Сәлім қазірде де сөйлей келіп майысып, Райқанды құшақтамақ болады. Райқан қадала қарады. Жігіт көзі өтірік сүзіледі...

Райқан атып барып, ілулі тұрған қамшыны жұлып алып тартып-тартып жібереді. Сәлім шошыды... Бүрісе бастады...

— Айт, кімді көрдің?

— Асқар еді... — Райқан есікті ашып жіберіп айқайлайды. Жігіттер кіреді. Сәлімді нұсқады. Аналар алып жөнеле берді. Райқан шапшаң киініп жіберіп, ерттеулі атқа мініп ап шаба жөнелді.

Райисполком кеңсесіне кіре берді... Асан көре сала жүгірді. Бұл келе бере баян етті. Асқар екеуі киініп, қаруланып, ол-пұлды қойындарына тығып жіберіп, жөнеле берді.

Райқан райисполком бастығына айтып жатыр. Бастық телефон алды. Екінші телефонда әскери... Бұл кеңсе ішінен үш әскери шықты. Жылдам басып жүріп келеді. Асқар, Асан қора ішіндегі ат қасына келе бергенде шауып, сасып ұры кеп түсті. Сөйлеп жатыр...

...Ұрының қыстауы тік жартастың түбі. Жұпыны киінген шал кірді... Сақалы қысқа. Зорға танысты... Жексен... қойнында тапанша, түсінде ашу... Тістенеді. Кіжінеді... ұрыға:

— Асқарды жеткіз, — деді.

— Әке, жеттің бе, әйтеуір, арман жоқ. Бірге өлейін... — Аттарына міністі... Үш әскери адам есік қақты. Ашық үйге кірді. Ұйқы-тұйқы... Жоқ... Тысқа шықты... қораға жүрді. Кірді... Жоқ. Қақпаның алдына келе іздерді көрісті...

Жексен биіктен ойға қарайды. Қолын жағалай созып, етек жақты нұсқайды. Асқар, Асан, ұры қарап тыңдап тұр. Жексен:

— Мына жердің бәрі менің ата-бабамнан келе жатқан жерім еді.

— Бөктерде совхоз орталығы, қашарлар көрініп өтеді. — Анау, өз әкемнің, үлкен әкемнің қабыры. — Мола көрінеді...

— Мынау малдың ішінде менің ата-бабамнан келе жатқан бар дәулетім... — Қора-қора қойлар көрінеді...

— Мынау малдың ішінде менің малайым... Менің дүниемді басты. — Райқан, Есімнің анадай жердегі пішіндері көрінеді. Жексен тағы сөйлейді.

Асқардың қабағы түйіледі. Жағы тістенеді. Жексен:

— Мен осы туып-өскен жерімде өлуге, кегімді алып өлуге келдім... Баталас маған еретінің...

Асқар қолын жаяды. Аспанға қарайды. Анау екеуі де біріне бірі жалтақтай тұрып көрінеді. Жексен түсі суына береді. Ұзақтау сөйлеп бата қылады... Бәрі бата қылады. Жексен қойнынан кішкене құран алып бетін ашты. Өзінің кеудесіне ұрды. Асқарға ұсынды. Ол да ұрды... Аналар да соны істеді. Жексен:

— Енді жүр, бас...

Барлығы жортып жөнеледі. Бір қаланың базары. Олар тымақтарын баса киген, халыққа араласып жүр. Әр жердей бірін бірі қабақпен таниды. Асқар пішінін, киімін қатты өзгертіп алған. Бір кезде Жексен көзі бір жаққа қадала қалды. Асқарды, ұрыны түртті. Қарасты. Жұрттың ортасында біреу келеді... Жақындады. Дуана... Дауыстап саңқ етіп, саңқ етіп қап келеді. Жексен:

— Маған осы керек.

Дуана кешке көшемен келе жатыр. Қақпадан Асқар, ұры шықты. Тоқтатты. Асан аттарды алып шықты. Ұры дуанаға "мін" деді. Анау қорғанды. Бірақ қорқып барып, сасқанынан мінді. Қаша жөнелмек болды. Шылбыр ұры қолында. Артына ұры секіріп мінді. Асқар, Асан да атта... Жөнелісті. Қаладан шығып барады. Дуана күйеді. Тулайды. Жалынады. Бұлқынады. Болмаған соң құшырланып, сарнап қорқытпақ болады. Ұры желкеден түйіп қояды...

Тау ішіндегі бір қора, Жексенге дуананы алып кірісті. Асқар дуанаға:

— Сен кімсің ?

— Құдай деген бишарамын... Дуана... Аллай-хақ...

Асқар қарнынан салып қалды. — Тек. Бала болма.

Дуана үңіле қарады. Ұры да жабыса қарайды.

— Бұдан былай пайғамбардың әулеті, әулиесің...

Дуана таңданып, қорғақтап, кекжиіп орнынан тұра береді. Ұры тірсектен қағып қап, жалп еткізеді. Дуана жөнделіп отыра бере:

— Уа батыр, мен Дулатпын ғой... Сиқым... мына Сиқым Жаныс...

— Жоқ, сен әзірет Сұлтанның шырақшысы, пайғамбар әулетісің. Ұқтың ба? — қадала қарады. Жексен де басын изеді.

Дуана аздан соң көңілденіп, сенді. О да басын изеді... Тау ішінде кемпірлер, шалдар... Аңқау шаруа, біреуге біреу кездеседі... Сөздері... Дуана көздеріне ақ сақалды, ақ сәлделі қарт боп елестейді. Әзірет Сұлтан шырақшысы. Пайғамбар әулеті. Жексен мен дуана қартаң шалдар, кемпірлерге қонақ болып тау ішінде жүреді. Тау ішінде шет жайлаған аз ғана ауыл мекені күтіп, сыйлап бас ұрады... Асан кеп Жексенге жартас түбінде хабарласып, алып жөнеледі. Асқар, Асан, ұры ойға қарай жосылтып шабады. Совхоздың сиырынан сай ішінде бір ту сиырды ұрлап әкетті. Базарға әкеп сатты. Ұры бір биені тауға әкеліп, дуанаға батаңды бер деп сойып беріп кетеді. Дуана бата береді... Ауыл етін үлеседі... Жексен мен дуана қадірлі... Шалдарға, шаруаларға Жексен сыбырлап ұрланып, ақыл-өсиет айтып жатады. Совхоздың суреті... Шошқа баққан қазақ. Шошқалар ыдыстарын, жайнамаздарын басады. Шошқа молаларды тұмсығымен қазады, — дейді. Дуана жылайды... Шалдар, Жексен қоса жыласады.

VI

Кеңседе Андреев, Федор, Есім, Райқан крайкомның нұсқау хатын оқысып отыр... Андреев: — Өлкелік комитетінің жаңа басшылығы окотқа бар күшті сал, — дейді. Айрықша еңбекті, бүл күнге шейін бұл совхоз көрмеген еңбекті талап етеді... Совхоздың бұрынғы халі не еді? Білесіңдер... Бұлардың көздерінің алдынан құлап жатқан арық, аш сиырлар, жауыр, шолақ көтерем жылқылар, топ-топ болып қырылып қалған өлекселер... қырылған қозы... қозы суреттері өтеді.

Андреев:

— Алматыға совещанияға бізден екі кісі шақырады...

Райқан:

— Есім екеуің? Барыңдар.

Байсалды... Андреев пен Есім екеуіне:

— Окот, окот, окот, — деп тапсырып жатады...

Өртембер, Прекос, Дегерез қойлары жайылып жатыр.

Қашар жақын. Болат осы қойлар ортасында... Төбешікте тұр. Бір шал жақындап келеді. Жексен сөйлесе беріп:

— Уа, бұл бағып жүргенің шошқа ма, мал ма ?

— Көзің бар ма, қара.

Жексен қарап aп:

— Көзім жетпей тұр. Е, бәсе, құйрығынан таныдым ғой. Жарайды, шошқа бағар көбейсін. — Болат күйіп ызаланады.

— Өз қолыңда болса шошқа демей-ақ, жетім қыздың құнын сұрарсың...

Жексен басын кекесінмен изеп тұрып:

— Жарайды, мұсылманның баласы, бетіңнен жарылқасын...

Болат қолын сілтеп:

— Сенің бетіңнен жарылқамай-ақ қойсын...

Жексен сұрланып тұрып:

— Ертең бұның балалары, сонда қып-қызыл күшік таппаса мен мұрнымды кесіп берейін...

Болат селк етіп қап наныңқырап:

— Ә, қойшы.

— Айттым да қойдым... — Қашар жаққа қарайды... Ақбестіні мінген әйел қашардан шығып қатардағы қойға сыдыртып барады.

Жексен қарап aп:

— Анау кім?

— Райқан, қашар бастығы.

— Астындағысы арғымақ па?

— Ақбесті...

— Е, ол ана қашарда, Есім қолында демеп пе еді?

— Есім бастықпен Алматыға кеткен. Райқан екі қашарды бірдей қарайды... — Жексен басын изеп, тесіле қарайды... Ақбестінің аяқтары тас ұшырады. Көзінен, үйірлі қалың жылқы... Желі басы... Ақбестінің құйрық кекілі сүзілген күйлері өтті.

Жексен тау ішінде. Асқар, Асан, ұры сөйлеп жатыр. Есім қашары ессіз боп көрінеді... Ақбесті күзетсіз... Бұлар кісілерін қару-жарақ, ат-тонын қамдап қарбаласып жатыр... Жігіттер жүрерде, Жексен:

— Жер аяғы кеңіді, енді Қытай шегіне басамыз... Бұларың соңғы қайратың. — Ақбестіден соңғы айрылған суреті, басын құшақтағаны елестеді. Бата берді.

VII

Түн. Зоотехник, Райқан қашарға келеді. Қолдарында фонарь. Қашарда фонарьлі шопандар. Ортада Болат. Бір араға үйілген... Түстері сұрланған, ашулы. Қолдарымен нұсқайды. Болат кеп үңіле қарайды. Өртембер саулығы қоздаған... Жөнсіз қып-қызыл шақа қозы... Жексен көз алдына келеді. Сұрланып жағасын ұстайды. Қозыны аяғымен теуіп жібереді. Болат та қолын сілкіп тастап, аналарды тоқтатпай, өзі де жөнеле береді.

Қарсы алдарынан Райқан, зоотехник... қарасады. Райқан сұрайды, Болат ашулы:

— Алдама деп едім ғой...

— Не болды? Не болды? — Айналаға қарайды. Бәрі сұп-сұр. Жауап қатпайды. Кекете күліседі. Сырт айнала беріседі... Райқан Болатқа жетіп барды.

— Болат.

— Күшіктепті ана шошқаларың. Ал өзің бағып ал... — Кете береді. Райқан тоқтатады. Ақырға жетіп барады. Қозыны көрсетеді. Сөйлейді. Зоотехник Болатты, өзгелерді тоқтатып қалтасынан кітап алады... Суреттер көрсетеді.

Суреттер: туғанында жүнсіз... 10 күннен соң, бір айдан кейін жүн шығады, қазақ қозысындай...

Райқан ашулана сөйлеп кеп, қозыны көтеріп алып бауырына басады... Киімімен қымтайды. Қатулана сөйлейді... Болаттарды ерте жүріп ақырды қарайды... Сондай екі қозы тоңып өліп барады... Зоотехник орайды. Сөйлейді. Бұларға жылы орын керек. Райқан күйе сөйлейді. Бір жас шопан түсініп, келіп қозыны орап алады. Жылы үйге кіріседі... Райқан үйіріледі... Болат жас шопан мен бұған қарап ойланады. Босаңдайды. Өңі жылиды. Келесі бір қозыны өзі орап әкеледі. Бірақ үркектеу, өзгелер де әкеле бастайды. Күліседі...

Райқан селт етті, ойына түсті... Есім қашары. — Есім жоқ... Қойшылар Өртембер қозыларынан жиренген түс те көзіне елестеді. Мұнда жылдам-жылдам бұйрық етіп, жөнелді... Болат бастаған қойшылар түн бойы қозыларды әкеліп шешелеріне кезек-кезек емізіп, қайта әкетіп, салып жүр. Қашар ұйқыға кетті.

Райқан Есім қашарында. Исамен екеуі қашарлар ішін аралап жүр... Тыңдай қалысты. Ит қатты шабаланады. Тысқа шығысты... 7-8 атты жақындағы кішкене қораға қарай келе жатыр. Райқанның көз алдына келді. Онда Ақбесті... Асқар есіне келді.

Тасамен қораға қарай ұмтылды... Иса дауыстап:

— Әй тоқта, сендер кімсің?

Аттылар іркіліп шегіне берді. Иса тап берді... Райқан қораға кіріп кетті...

Аттылар Исаға тап берді... Бәрі қамап ұстап алысты. Иса екеу-үшеуін лақтырды... Асқар кеп ұстасты. Оны сүрінте бергенде Асан мен ұры кеп аяқтан алды. Жықты. Райқан Ақбестіге мініп қорадан шыға қашты... Атта тұрғандар көрді. Иса байланып қалған... Асқар, Асандар тегіс атқа мініп ап, қуып жөнелді. Сай, жыра, арық. Ақбесті секіріп шабады. Алда адыр, арттағылар аттарын тепкілеп, қамшылап, азуларын ақситып, ақырып, қуып келеді. Адырға кірді... Алда келе жатқан Асқар мылтығын алды... Атты... Райқан қашып барады...

Андреев, Есім совещаниеде. Профессор сөйлейді... "Ұзақтының" асыл тұқым совхозы, ең озғын совхоз. Өртембер, Прекос, Дегерез қойлары көрінеді. Соны Қазақстан, Алатау жағдайында жақсылап қолайлап баққан Есім жолдас, Андреев жолдас мұнда... Жұрт тегіс қол шапалақтайды. Есімді Андреев орнынан тұрғызады... Жымиып, ұялып орнынан тұрады. Өлімі, шығыны аз. Бұлардың окотынан, ендігі келесі тәжірибесінен көп жаңалық, табыс күтеміз. Қол шапалақтады...

Андреев, Есім өкімет үйінің есігінен кірді. Биік дәрежелі кеңсе. Бастық кабинеті. Бастық адам есікке қарайды. Тұрып, жымиып қолын ұсынады. Андреев, Есім амандасады... Бастық адам әңгіме сұрайды. Андреев, Есім кезек сөйлейді:

Басшы адам:

— Окот, окот... Бәрімізге сын... Енді адамға, малға басқа пейіл, басқаша ықылас қажет.

Есім ырза, жымияды... Сүйсіне қарайды... Басшы адам Есімді арқаға қағып отырып:

— Жақсы шопанға бәйге беріңдер, қозы беріңдер, өзінің малы болсын... Тіршілігі сай болсын... Көңілдендіріңдер. Сенім бітіріңдер... Жүз қойға жүз бес қозы аман алып шықсаңдар артығын жақсы шопандарға бәйгеге беріңдер... — Есімнің көз алдынан Иса, Болат өтеді. Алдарында 7-8-ден қозылар... Күледі... Уәде береді. Басшының қолын алады...

Есіктен шыға бере Андреевке қарап күліп, сүйсініп:

— Басшы мынау, — деп бармағын көрсетеді... Асығып кеп аттарына мінеді...

Райқан қашып келеді... Ақбесті жеткізбейді... Арттағылар аттарын соғып келеді... Асқар Райқанды қарауылға ала тағы атты, тимеді, қашар көрінді... Райқан өз қорасына тақай бере Ақбестінің басын тежемек болды. Тартады. Ат тоқтар емес. Алып қашады, қораны екі айналды. Жау келіп қалды. Болмаған соң аттың басын төбесі ашық қораға тура беттетті. Ақбесті құймадан бір-ақ ырғыды. Райқан түсе бере Ақбестіні қораға тығып, қақпаны бекітті. Арттағылар келіп қалды... жүгіріп винтовка тапты... Тесіктен әрлі-берлі жүріп ата бастады... Сырттағылар да атқылады... Көрші қоралардан Болат, басқа қойшылар жүгіре-жүгіре шыққанда тыстағылар атқылап, үйлеріне қуып тықты... Асқар әмір етіп жүр... Райқан көрді... Үрікті... Бірақ бекініп aп тағы атты. Оғы аз екен... үшеу-ақ. Шошынып әлсірей берді. Арт жағынан бір қол сүйей қалды... Есім... Райқан құшақтай алды. Есім атқыласып отырып, үйге қарай шегінді. Жау оғы бұларды ығыстырып барады. Ақбесті шетірек қала берді... Райқан ұмтылды. Есім жібермеді. Бөлмеге кірді. Қақпағы жабулы терезенің шынысы түсіп жатыр... Есім есікті бекітті. Райқан жастық астынан тапаншасын алды. Қабырғаға жалт қарады. Ленин суреті. Шетінен оқ тиіпті. Райқанның күйген жүзі көрінді. Шамды өшіріп жіберіп, құлшынып ата бастады... Екеуі үй ішінде, жасқана, тасалай жүріп атады. Есік ұрылып жатыр. Жау құлшына басып, әр жерден атқылап тұр... Әсіресе Асқар жырынды атады... Оқ тиер емес. Бұл кезде бір топ ұры қақпаны сындырып, Ақбестіні шығарып алды. Райқан сығалап атып, Асанды жықты, екеуді Есім жықты... Бір мезгілде атыс басылды. Есікті ашты, жүгіре шығысты. Ақбестінің қақпасы ашылып жатыр... Райқан күйіп, жылап отыра кетті. Есім де күйініште. Шопандар келді. Жан-жаққа шабысты. Талқан боп отырған Райқан Есімге қарап, басын көтеріп:

— Мал ашуы, жан ашуы, мыналар жанын өлімге байлаған екен-ау. — Есім басын шайқады... Райқан қарайды. Есім:

— Ақбесті оның малы емес еді, ұрлық еді...

Бұның әңгімесі: Тау. Қарағай. Қалың жылқы жайылып келеді. Есім бұрынғы қойшы қалпы, тау басында. Жан-жағында қой... Екінші жақтан Жексен жылқысы. Ішінде Асқар, Жексен... Асқардың жанында тазылары... Алғашқы жылқыдан екі айғыр үйірі шашырап, бұлардың үстіне келді. Айғыры Түркпен. Құлындары ерекше. Ішінде ақ құлын. Дәл әкесіндей, Асқар қызықты... Соңына ерді... Сөйлесті... Есімді шақырды... Құрық берді. Бұл құлынды ұстады... Айтпа деп кесісті. Жексен жылқысынан екінші бір нашарлау ақ құлынды Асан әкелді... Мына жақсы құлынды Асан алып жөнелді. Жаман құлынды сайға, ағаштың астына апарып, Асқар мен Жексен ұрып жықты... Өлтірді. Тамағын пышақтарымен дар-дар кескіледі. Тазы иттерді шақырып апарды, жегізді... Қоңын ойып оны жегізді. Үстіне қан жақты... Тастап кетті. Ақ құлынды бір ақ биеге теліді. Бие алды. Ақ құлын еміп кетті. Есім сөйлеп отыр: — сол ақ құлын — Ақбесті... Ол Дегерез совхозының асыл тұқым айғырынан туған еді...

Райқан:

— Ойпыр-ай, біздің мал екен қой...

Есім қабағын түйіп: — Біздің мал... Оның бар малы бізді тонап, бізді ұрлаудан жиылған мал.

Тапаншасын мықтап буынып, винтовканы иығына салды. Райқан бұдан жөн сұрағандай қарады. Есім:

— Мен өзіміздің малымыздан екі айырылдым... Енді мен қайырамын... Мен міндеттімін, — деді. Көз алдына басшы адамның бұған сенген жүзі елес етті... Қолын қысқаны, бұның қол бергені көрінді.

Райқан сүйсіне қарап, сыртынан қолын тигізіп, тоқтатып Есім бұрылғанда көзіне қарап:

— Ол өмір шөл еді. Сол құрдымнан шығып өрге басып ек, екі еңбекші баласы. Асқар аспақ едік... Аяқтан алады, кешегі кедергі... Жеңіп қайт. Жолың болсын, күтемін.

Есім айналып көзіне қарап тұрып, сүйсініп қолын қысты. Кетті.

Есім бір кеңсеге кірді... Әскери адамға сөйлесті. Әскери адам айтып жатыр. 5 кісі шығып бос келді... Он кісі шығып кетті... Есім сөйледі... Келісті. Есім жаман киім киген. Бұзықтар сияқты... Қаланың шайхана, сыраханаларын аралап кетті... Құмаршылармен құмар ойнайды... Қасапшыларды жағалайды... Бұзық, жүлік, ұрылармен танысқан. Топтарына кездеседі... Майлықара сезікті ұры. Соны көп көреді. Артынан еріп жүреді. Ол қасапшыға сөйлесті: "Бүгін кешке хабар етем", — деді. Асбұзылға кеп анау жатқанда, бұл да бүк түсіп жатты... Аздаң соң күбір есітті. Күрең бие. Қасапшы. Есім көз астымен қарады. Асқардың ұрысы. Майлықара мен ұры шықты. Артынан Есім де ерді. Қараңғы, жаман шайхана... Бұзық түсті кісі көп. Алдыңғылар соған кірді... Бұл да келді. Бұрышта ала-көлеңкеде Асқар отыр. Қасынан анықтап, танып өте берді. Асқар танып қалды. Ақыра тұрды. Бұл есікке баса беріп еді, жаурынынан жабысты. Есім қарсы тап беріп:

— Мынау бұзық. Ұстаңдар, — дегенде Асқар жағаласып жүріп, қарқ-қарқ күліп:

— Мынау белгілі қашқын. Мен осыны аңдып жүрмін, ұстаңдар, — деді.

Екеуі жұдырықтасты. Жұрт қақ жарылып тұра қалды. Екеуі де мықты. Қағысып-қағысып келгенде Есім аяғымен қаға бере шекеден қойып жіберді. Асқар құлап түсті. Тұра бере: "ұста", "ұста!" — деді.

Тұрғандар екеуін де ұстай қалды. Асқарды ұстаған өз жолдастары. Тысқа алысып жөнелді... Үйдегі көп мас бұзық, бұлқынса да Есімді жібермеді... Есім қызып бұлқынғанда, үйдегілер милиция шақырды. Жұрт: "қашқын, бұзық" деп бұны милицияға берді.

Есім әскери адамның алдында... Екі саусағын көрсетті. Келісті... Үш атты кетті. Екі әскери, үшіншісі Есім. Бұның көз алдында қоздап жатқан қойлар... Өртембер, Прекос күтімсіз... Бар қозы өліп жатқан сияқты... Қабағы түйіледі... Асығады... Қиналады. Райқан көз алдына келеді. Мұның қашарында Исаны бастап қозыларын күткізіп жүр... Жүзі жыли берді. Соңғы қоштасқан түрі... Жымияды...

Үшеуі тау ішінде... Жоқ... Қажығандай... Жүрген қазақпен сөйлеседі. Дерек жоқ. Тауға кіре берді. Елсіз... Есім ойланды. Бекінді. Енді Есім мен екі жолдасы өзгерген. Винтовка жоқ. Киімдері әскери емес. Қоржын салған. Екі орыс маман сияқты. Есім лаушы түрінде... Қалың тау ішіндегі оқшау ауылға келген... Шал қазақ жөн сұрайды... Есім:

— Мынау екі инженер осы тауда асыл тас іздейді. — Лаушы шал ереді. Тас көрсетеді. Инженерлер жүз сом ақша береді. Тауда тағы бір қазақ, тағы бір екеу кеп тас көрсетеді. Инженерлер тасты шағады, сөйлеседі. Ақшаны мол береді. Ауыл-ауылдың бәріне инженер аттары тарап жатыр.

Асқар, ұры, Жексен, дуана да өзгеріп киініп алған... Тау ішіне бата кіріп, жүріп келеді. Жотадан Жексен Қытай жақтың жолын нұсқап сөйлейді. Ақбесті жетекте... Бір жерде демалады. Ақбесті шөп жемейді. Ылғи артқа қарай береді... Дом боп қатып алған, Жексен бағып қарайды... Өрені мықтап салғызды... Кісен салса оттай алмайды. Жексен сенбей басын шайқайды.

— Осы кәпір үйірсіреп жүрмесін... Тіпті шөп кеспейді... — Ұры кісенді салмайды. Бұлар қағылды. Ақбесті ойға қарай секіре-секіре жөнеле берді... Ойға қарап-қарап, кісінеп-кісінеп жұлына секіреді... Бір аяғының шылбыры үзілді. Екі аяқ жіті басты... Жексен оянды, тысқа шықты. Ақбесті жоқ. Жұрт дүрлікті, жүгірісті... Қуды, кетіп барады... Ақбесті алыстан қуғынды көріп ап жыта бастады... Секіре-секіре барады. Асқар, ұры жақын... Жете берді, Ақбесті ышқына секірді. Шылбыр үзілді. Зытып жөнелді. Қуды. Ұзай берді, Асқар бүлініп, талқан боп мылтығын алды... Атты... Тимеді.

— Жауға қалғанша өл... — Аттан түсіп, тасқа тұра қалып көздеді. Ақбесті қашып барады... Атты... Оң аяғын серпіп қап, тағы жөнелді. Жамбасынан қан ақты... Бірақ ақсаған жоқ... Кісіней қашты. Тағы да атты, тимеді. Қырдан асты... Жолдағы ауылдар үш рет қуды. Тасқа қашты. Онда елсіз, тас арасында келе жатқанда, тасада тығылып тұрған екі қасқыр қуды. Қайта содан ауылға қарай қашып, құтылып кетті. Ұры мен Асқар артынан келді. Жолдағы елден сұрау салып, қуып келеді. Кетіп бара жатқанын жолдағылар айтысады...

Тас басында екі-үш қазақ пен инженерлер... Жылқы кісінеді, Есімнің биесі кісінеді. Есім елең етті. Тас астынан тағы кісінеді... Жақын... бие кісінеді. Бір қырдан тас ішінен әуелі екі құлағы мен кекілі көрініп, артынан Ақбестінің өзі шыға келді... Бие оқыранды. Ақбесті алыстан ойқастап, кісінеп әрлі-берлі жүріп кеп, биеге жақындады. Таныды. Қасына келді... Есім етегін тұтты. Ақбесті үркектеп кеп, етегіне тұмсығын әкеп салды. Есім мойнынан құшақтады. Күлді. Райқан көз алдына келді... Жүгендеді.

Қасындағы тағы бөгде кісілерге: "иесі келсе берерміз, әзірше бізде болады", — деді.

Тас көрсетушілер бұған қарады... Инженерлерге Есім көп ақша бергізді де: — Осы жерде асыл кен бар екен. Табылды, енді завод салынады, — деді.

Инженерлер ойға түсті. Бір ауылға тоқтады. Асқар мен ұры бұлардан айрылған қазаққа жолықты. Сұрады. Анау көргенін айтты. Ұры басында сескенді. Асқарға "қайтайық" дегендей қылды. Асқар қайта сұрады... Хабаршы:

— Бір тас қарап жүрген инженерлер. Өзім тас көрсетіп, ақша алып қайттым. Осы араға завод саламыз дейді. Асыл тас тапты.

Асқардың жүзі енді ашылды. Жөнелді. Қойнынан пагоннай қағазын оңайлап алды.

Есімдер жатқан ауылдың сыртынан келді... Қарады. Ақбесті қорада. Тыста бір инженер тұр... Тіл қатты... Ақбестіні айтты.

— Ат сенікі болса аласың... Үйдегі жолдастарға сөйлес, қағазың болса көрсет, — деді.

Асқар аттан түсті, үйге кірді. Ұры тыста қалды. Сырттағы адам оған сөйлесіп, күлісіп тұрды. Ұры да аттан түсті. Асқар есіктен кірді, төрге қарады. Дауыс саңқ етті:

— Көтер қолыңды, Асқар.

— Руки...

Екі жаққа жалт-жалт қарады. Екі бүйірінен тапаншалар қадалып тұр. Есім мұның қолын байлап салды... Тысқа қарап жөткіріп шыға берді. Сонда тыстағы жігіт ұрыға мылтық төседі... Бұ да байланды.

Біреу осылармен қалды. Бір жолдасы мен Есім тауға салды.

Жексен мазасызданды. Ауыл күдікті қарайды. Жексен ауылды тыныштандыру үшін дуананың жайын айтады. Бал ашыңыз дейді. Үй іші қарайды. Дуана құтырынып кәдімгі дуанаша ойнақ салады. Ойнап-ойнап кеп, Жексенге:

— Сүйінші, — деп тақиясын алады. — Ақбестіні Асқар ұстады. Және бір үлкен олжа таба келеді, — дей бергенде Есім мен жолдасы кіріп келді.

VIII

Жаңа адамға Андреев, Федор, Райқан, шабандарды қойларымен өткізіп, көрсетіп тұр. Иса қозылары өтеді. Бірінші генерация. Біркелкі семіз будан қозылар... Райқан көз алдына Есім келеді. Жүрегі қамығады. Федор: 100 қойға 115 қозысы бар шабан Иса... Жаңа адам Исаның қолын алады. Арқаға қағады. Иса қой-қозысын биік бетке шығарып бара жатып, бір Прекос қойына төмен жақты нұсқап:

— Анау төмен жер құм еді... Енді міне биікке — Асқарға шығамыз. Ә, қалай екен. Ағылшыныңнан біздің социалистік Қазақстан жақсы ма екен, бәлем. Қойды мойынға қағады. Андреевтер алдына Болат қозылары келе береді... Федор: 100 қойға 113 қозысы бар. Окотта бір қозы өлтірмей шығарған Болат... Ат дүбірі шығады. Жұрт тегіс жалт-жалт қарайды. Райқан ұмтылады, жетегінде Ақбесті, Есім. Есім қозыларға қарап: — Аманбысың, жаңа төл? Бұрын туып көрмеген асыл төлім, — дейді. Ақ айғырдың үш биесі келе жатады. Үш ақ құлын. Ақ айғыр кісінейді. Барлық үйірі кісінейді...

Андреев, Федор екі жағынан жабысып, Есімді аттан түсіреді. "Крайкомнан келген жолдас", — деп Есімге келген кісіні таныстырады. — Биікке, асқарға бастық Есім. Есім сыртқа нұсқайды. Асқар, Жексен, ұрыны екі әскери әкетіп барады.

Райқан, Есім бір-біріне жақындап, көздері телмірісіп тұрып, құшақ жайысады.

— Райқанжан.

Райқан құшақтап, бауырына басын қойып:

— Міне, көгерген еңбегің құмды тастап, тауды басып, асқар асып барады...

Есім маңдайынан сүйеді... Көз алдына басшыға берген уәдесі, қол алысқаны келеді. Қуана күледі.



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Ораза айт намазы уақыты Қазақстан қалалары бойынша
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!