Асқар Алтай | Салбурын

   Асқар Алтай | Салбурын

(Бабарух)


І

Бұйырғынды бел ақбұйраттанып, Арқаның апай-топайы бітеу күртіктеп тастаған қаңтар басы еді. Күңгейдегі қалың шұбардан ығыстап шыққан көк бөрі күйлі болса да кәрі тақыс-ты, бірақ құлан шабысты. Соңынан түсер қуғынды сезген ол қары жұмсақ қараған арасынан сытылып, теріскейге қарай тартқан.

Бел-белегір жоны — жұқа сере. Қозы жонға көтеріле соңына бұрыла қараған. Бірі ат, бірі моторлы шана мінген екеу шұбардың шетіне шығып, әлдеқалай аял құрыпты. Құйрығы қар сызған аң бөрібүлкекке салып, жөней берді. Беті — қиыстағы құла орман иірімі.

Бөрі көп ұзамай, тап маңдай алды — бұлдыраған орман басын шала инеліктей ілмиген пәлекет қылт ете қалғаны. Талайды көрген тақыс тарлан тікұшақтан бірақ ыға қойған жоқ, одан қауіп те күтпеді, төтелей тарта берді. Төбесінен қыранша құлдилай келіп, жел үйіріп өте шыққан немеге ептеп қана езуін ыржитып, бұлдыраған көкжиектегі орманға қарай қиыстай түсті.

— Мынау қайтеді, ей?! — деп қалды министрдің орынбасары Досай...

— Айылын жияр емес қой, — деп, Тең төраға Уәлихан да терезеден үңілді.

— Қасқыр емес пе, достар, ол тікұшақ-мікұшағыңнан қорықпайды, — деп бизнесмен Жарқын білгішсінді.

— Адамнан қорқатын шығар, — Уәлихан кекесін сөйледі.

— Уәке, бөрі тәңіріден ғана қорқады...

— Уәй, қойшы, сен де! — Жарқынды Досай қайырып тастады.

Сөйткенше бұлар мінген әуе көлігі көкжалды орағыта, бүйірлей келіп қалды.

— Ат, Досеке, ат! — деген Жарқынның дауысы жарықшақтана шықты.

Терезе көзінен жөпелдемеде атылған екі оқ та қар қауып, зая кетті. Бөрі сонда ғана өзіне төнген қауіпті сезініп, жалт-жалт бере зымырай қашты. Екпінімен озып кеткен тікұшақ қақ алдынан қарсы шыққанда, көкжал амалсыз бір қырынға бет бұрды.

— Досай, ат деймін, ат!

Оқ бұл жолы да айдалаға лақты. Көк бөрі болса ұзақ шабысқа түскендей шығысқа қарай ойысты. Ойысқан тұс ойпаң еді. Алдынан кесе-көлденең электр бағандары көрінген.

Аспаннан төнген аждаһа адымын аштырмасын аң да болса терең бір түйсікпен бағамдады.

— Түу, пәтшағар, сан соқтырды-ау! — Уәлихан өкіне берді.

— Қашып құтылмайсың, қаншық! — деп Досай кіжінді.

— Досеке, қаншық екенін қайдан білдің, ха-хи-хи! — деп Жарқын сылқылдай күлді.

— Оптикалы винтовканы берші!

— Қолыңдағы не?

— Қисық...

— Сенің қолың қисық, — деген Жарқын сөзіне үшеуі де қарқылдай күлісті.

Тікұшақ қардан құйын үйіре көтеріп, жер бауырлап қайта оралғанда, ат шаптырым ашық ойпаңда қаңқиған қу бағандардан басқа дым да жоқ еді. Ақзудай шаңқиған жер бетінде қасқырдың көкшулан кескіні көзге шалынбады.

— Құдай-ау, қайда кетті, зәнталақ?! — Жарқын айқайлап жіберді.

— Ах, сволочь, тығылып қалды! Қар астына кіріп кетті, — Досай ызалана долбарлады.

— Қарсақ деп пе едің, Досеке, — деді Жарқын.

— Енді қайда?

— Әй, достар, нағыз айлакер аң екен, — деп Уәлихан таңданысын жасыра алмады.

— Тұра тұр, қаншық... — Досай дөрекі сөздермен сыбап салды. — Сені атпай қоймаспыз!

— Өй, азамат! — деп Жарқын да қызына түсті. — Жерге кіріп кетпесе, қазір өзі-ақ шығады.

Саятшылардың пәрменімен тікұшақ қайқаң етіп бір көтеріліп алды да, электр желілері қырқылып алынған бетон бағандарды бойлай ұшты. Міне, сол сәтте ғана ұшқыш жігіт бөріні байқады. Басында аңтарылып қалып, артынша-ақ айқай салды.

— Вот, вот! Смотрите!

— Қайда? Қайда? — десті аңшылар.

— Он обнимает столбу... вон! Вон! — деп ұшқыш бөрінің тұсынан ұшып өте берді.

Төменге телміре үңілгендер де бағанды адамша құшақтап, екі аяқтап тік тұрған бөріні байқап үлгерді.

— Ах, жезөкше, сайқал! — деп Досай тағы да ий ауыздығына, тыйым салмас ашуына басты. — Водила, бүйірден кеп тұр! Бүйірден...

Тікұшақ айналсоқтап кеп көк бөрінің өкпе тұсынан ауада инелікше қалықтады.

— Әй, енді тигізе алмасаң, өзім атам, — деп қалды Жарқын.

— Қасқыр өзі қиналмай-ақ “атып ал” деп тұр ғой, — деді төраға Уәлихан да.

— Қол созым жер, — Жарқын дегбірсіздене түсті.

Бөрі болса, білгендеріңді қылып ал дегендей, қалың түбітті жүндерін ебелек желі жылқының жалындай көтеріп, бұларға азу тістері ақсия қабырғалай қалыпты.

— Тез! Тез ат! — Жарқын бизнесмен шыдамсызданды. — Тұра қашып жүрмесін... Тез, енді!

— Неғып ыбылжып қалдың? — деп Уәлихан да қызып кетті.

Асықпай көздеген Досай шүріппені жайлап қана басты. Бір-ақ оқ шығындады. Бірақ бөрі бағанды құшақтаған қалпынан жазбады.

— Тимеді, — деді Уәлихан.

— Мүмкін емес! — Досай еміне көз тікті. — Сайтан!

— Жо-о-оқ, оқ тиіпті... Қара! Қара! — деген Жарқынның дауысы жарқын шықты. — Азаматсың, Досай!

— Әй, әй, қасарып-ақ қалды, пәтшағар! — Уәлихан таңдана берді. — Жаны үзіліп бара жатса да, бағаннан айырылар емес.

— Тура сен... — деп қалды Жарқын, — баған да билік секілді... ха-ха-хи!

Ал кәрі көкжал болса, бағанды құшақтаған күйі белі кирелеңдеп, құйрығымен шоңқия отырды...

Бұлар тікұшақтан түсіп, жансыз бөрінің басынан теуіп тұрғанда, шұбардан шұбалаңдап шыққан “қағушылар” — Елмұрат пен Бақытбек те жетті. Мосқал Елмұрат келе қасқырды іреуге кірісті. Тұқыл тартқан тістеріне қарап: “Кәукиген кәрі арлан екен” деді.

Мезгіл мейіз бесін-тұғын.

ІІ

Саятшылар жұртта қалған бес-алты үйлі ауылға ымырт түспей оралды. Әскери тікұшақ үшеудің табаны жерге тиісімен көкке жылдам көтеріліп, Астана маңындағы тұрғылықты мекеніне қарай тартып отырды. Қабырға кірпіштерін жаңа қаланың зәулім, сұлу ғимараттарын салуға тып-типыл етіп бұзып әкеткен, тек сорайып тұрған күйелеш-күйелеш мұржалары төбесін қар басқан көңілсіз ауылға бұлар даудырлай келді. Ұшан далада ұмыт қалған ауылға ойда жоқта кеп қалған суыт қонақтарды шәуілдек иттер мен тікұшаққа қызықтай ұмтылған шуылдақ балалар, есік алдында мал жайғап жүрген еркектер мен әйелдер қарсы алды.

Отағасы Елмұрат келгенше шақырса келтіре алмайтын сыйлы қонақтарды бәйбішесі моншаға кіргізіп жіберді. Самырсын бөренелерден салған монша іші шәйір иісі аңқып, қыж-қыж қызып тұр екен.

Кірген бойда:

— Ой, жанның рақаты-ай! — Жарқын дауыстап жіберді.

— Монша деген жақсы ғой, шіркін! Кім ойлап тапты екен? — деп Досай төрге озды.

— Моншаны ойлап тапқан — бабаларымыз, — деді Уәлихан.

— Соқ! — деп салды Досай. — Сендерге салса, бәрін қазақтар тапқан, ха-ха-ха!

— Имандай шыным!

— Сенбеймін!

— Ақиқат, бауырым! Бабаларымыз көшіп қонған жерлерінде жылдам жасалатын моншалар жасаған. Иә-иә, сенбейсің, ә?!

— Е-е, қойшы соны, Уәке! — Жарқын сөзді бөлді. — Шомылайық. Бұл не біледі? Досайдың білетіні есеп қана...

— Мен сен секілді тарихшы емеспін, — деп Досай шамданып қалды.

— Досеке, мәселе тарихшы болуда емес, — деп енді Уәлихан араша түсе сөйледі. — Мен геологпын, бірақ біраз дүниеге мән беріп жүрем.

— Саясатшы білуге тиіс... Ал мен маманмын, саясаттың көк тиынға қажеті жоқ. Жарайды, көшпелі монша туралы айтшы! —Досайдың қызығушылығы жеңіп кетті.

— Ондай монша болған. Алтайдағы қазақтар әлі күнге қолданады. Былтыр Марқакөлге барғанда түстім де... Жайлауға көшіп барған жерде жерошақ қазып жіберіп, үстіне малта тасты үйіп, қазандық салады екен. Ал оның үстіне адам түрегеп тұра алатындай етіп талдан иіп, бір ұшын жерге қадап, айқыш-ұйқыш салма жасайды. Тас балқып қызғанша қызыл қарағайды құтырта жағады дейсің. Әбден дайын болды дегенде, шоғын сиырып жіберіп, әлгі июлі тұрған салманың үстінен киіз үйдің үзігімен жабады да тастайды. Суық суыңды салма астына кіргіз де, балқып тұрған тасқа шашып-шашып жібер. Киіз моншаның ішінде күйіп қалмасаң, арғы қолыңды бері әкел, — деп Уәлихан ожаумен алып, тасқа суды шашып кеп жіберді.

— Ойбай, өлтірдің! — деп Жарқын сәкі үстінен қарғып түсті.

Жалынды бу жүзді шарпыды.

— Ә, солай ма, ра-ақа-ат! — Досай тамағын кеней рақаттанды.

— Ғажа-а-ап! — Уәлиханның да жаны кіре түсті.

Етекте отырған Жарқын:

— Достар, қыздар ғана жетіспей тұр, ә-ә!.. — деп тамсанып қойды. — Ала шығу керек еді.

Досай:

— Сол салдақыларды қойшы! — деп тыжырына қалды. — Қалада жарайды — қала; далада — демалайық та...

— Жарқын-ау, бұл саған санаторий емес қой, — деп Уәлихан да күлді.

Бұлар салқындап алуға ауызғы бөлмеге шыққанда, сырттан Елмұрат пен Бақытбек те құшақ-құшақ буды ала кірді. Киізбен қапталған қарағай есік шиқылдай жабылып, алақандай бөлмеге бесеуі сыймай қалды.

— Иә, жігіттер, монша қалай екен? — Мосқал Елмұрат шешіне бастады.

— Елаға, сіз нағыз “буржуй” екенсіз ғой. Үй — анау, монша — мынау, — деп Уәлихан қалжыңдай тиісті.

— Е-е, Уәлихан балам-ай, мені анау ірілендіріп жатқан поселкеге көшірмей отырған да осы үй мен монша, қала берді — еркіндігім. Балалар да қалаға кетіп қалды...

— Бәсе! Бәсе! — Жарқын да іле жөнелді. — Аң-құсты қайда қоясыз?!

— Ол да бар, — деп Елмұрат та мойындай берді.

Әзіл-қалжың мен қыңыр-қисық әңгіме қызығы әжептәуір уақытты алып, қызыл іңірмен үйге де кірді. Қасқыр терісі төселген төр бөлме кең де жарық екен. Малдас құрып отырар дөңгелек үстел үсті жас тайдың жылы-жұмсағынан қайысып, астау толы астан шыққан жылқының жұпар аңқыған қазысының иісі кіргендердің кеңсірігін жарып жіберді.

— Ой, жарықтық! — Уәлихан сезімін тежей алмады.

— Жылқының етіне жетер ет бар ма? — деп Жарқын да жұтынды.

Астау толы асты ортаға алып, тайдың қаққа бөлінген шекесінен шетінен шекелей ауыз тиісіп, Бибіғайша бәйбішенің қатық қосқан сорпасы мен шалабынан ала отырып, бәрі де мол дәмге қол салды. Түздегі суық пен суыт жүріс, моншадағы ыстық бу мен салқын су бойларындағы қуатты алып, қарынды ашырып кеткен білем, алғашқыда қарбыта асасты. Іштеріне ет қонғаннан соң ғана өзді-өзі кекірейісіп, мол астауды опыра ойсыратып тастаса да, көздері қимай түртінектесіп қалған.

— Алыңыздар! Алыңыздар! — Бибіғайша бәйбіше бәйек.

— Түн ұзақ, жігіттер, асықпай жеңіздер! — деп Елмұрат сөз салды.

Алдымен жастық шынтақтаған Уәлихан еді. Ол енді жұртты әңгімеге тартты.

— Елаға, вертолетпен қасқыр атқан қызықсыз екен. Ертең машинамен шықсақ деп отырмыз. Бүгін Астанадан да кеш келдік.

— Вертолетті шығарып жүрген мына “военный” ғой, —Жарқын Досайды шағып алды.

Ол бірақ қазының үлпершегін аузына тоғытып жіберіп, жауап қатпады.

— Сендердің аңшылықтарыңды білмеймін... Оған төрелік айту қиын. Ал өз басым бөріні жүйрік атпен қуып жетіп, бетпе-бет келіп атам, болмаса — сойылмен қара тұмсықтан талдыра соғам. Кейде жемтікке қақпан құрам.

— Елаға, қасқыр да нағыз аңшы емес пе?! Оған төбесінен оқ жаудыру — әділетсіз. Ол да жекпе-жекті сүйеді. Ең кереметі — “Джиппен” қуып жүріп ату ғой, — деп Жарқын өзінің аңкөстігінен хабар берді.

— Жарқын, дұрыс айтасың, бөрі мен бөріктінің намысы — бір... Бөрі өлсе — намыстан өледі, — Елмұрат отағасы әріден қозғады. — Алыңдар астан... Ас ала отырыңдар!

— Жалған дүниеде тәңірісін танитын — бөрі, — деді Уәлихан әңгімені қыздырғысы келіп. — Елаға, қасқыр көкке қарап тегін ұлымайды ғой. Ол — тәңіріні тілсіз түйсікпен таныған керемет жаратылыс. Тәңіріні тануда бөрімен адам ғана теңдесе алады.

— Ол тәңірімен ұлып тілдеседі, — деп Жарқын да араласып қалды.

— Иә, “Иттің иесі болса, бөрінің тәңірісі бар”. Сондықтан ол басқа аң-құс секілді адамға табынбайды. Ештеңеге еңкеймейді... иілмейді. Құс патшасы — қыран да қолға үйренеді, аң патшасы — арыстан да аяғыңа бас ұрады. Тау басындағы тағы барыс та адам алдында маймылша маймаң қағады. Тек бөрі ғана бөрі қалпын сақтайды.

— Бөрі — бұла құбылыс, — деді Уәлихан, — бабаларымыз бөрі басты туды тегін көтермеген. Біздің тотем — барыс емес — бөрі...

— Оған дау жоқ, — деді Жарқын да.

— Былтыр бір сұмдық жай болды, — Елмұрат тағы бір әңгіменің ұшығын шығарғанын өзі де байқамады. — Қар Арқаға бекіген желтоқсанның іші еді. Тебіндегі жылқыны кезекпен күзетіп, бөріге шашау шаша бермей тұрған кезіміз. Бір жолы таң біліне кезек ауысатын жігіт келмеген соң, үйірді күн шыға күңгейге тастап, қосқа қайттым. Бәрі де тыныш болатын.

Вагонға келсем, кезекші жігітім күйіп-жанып науқастанып жатыр. Сол екі ортада жылқылар дүркіреп қос басына жетіп келгені. Жүрегім суып кетті. Жылқыға бөрі шапқанын сездім. “Апыр-ай, сақалды басыммен ауылдың алдында ұятқа қалдым-ау!..” деп атқа қондым.

Екі айғыр үйірлі жылқыны қос басында қалдырып, желе шауып күңгейге келсем, бір семіз байталды қыл сағақтан бір-ақ орыпты. Қасында тура тайдың ізіндей боп бөрінің табандық табы жатыр. Басын жерге соғып, жанталаса сирақ сермеп, қызыл қанын ақ қардың бетіне қызыл-ала гүлдей шашқан жануарға бұрылмапты да... Әй, жырынды жыртқыш болдың-ау! Өзің де жалғыз шабар арлан боларсың деп, із соңынан түстім.

Былай шыға байқадым, тағы екі бас малды бөліп әкетіпті. Оның бірі әлжуаз жабағы екен, қол қайырымға келтірмей қара саннан қаба опырыпты да, тілерсегін қиып кете барыпты. Жануар көзі шарасынан шыға жәутеңдеп, қос тізерлеп жатып қапты.

Бөрі бөрілігін істепті. Елу шақты үйірдің ішінде алты жасар алааяқ, туырылған ту бие бар болатын. Соның соңынан түсіпті. Жануардың жан ұшыра қашқаны көбік қарда тұяғынан ұшқан кеседей-кеседей мұздағынан байқалып жатыр. Әй, кәпір-ай, жазым етпей тынбастың өзі болдың-ау деп, мен де асыға түстім...

Әңгімені:

— Қасқырдың көкжалы болды ғой, мал таниды, — деген Жарқын сөзді бөлді.

— Үш бірдей жылқыны құртқан тажал деңізші, — Уәлихан да араласып қалды.

— Бөрі емес — пері... екен, — деп Елмұрат әңгімені жалғады. — Ту бие де тәуір шабылыпты. Семіз мал емес пе, аздан соң тамағына май тығылып, шабына шарбы көбік толып, болдыра бастаса керек. Ал әккі аң бөрі желіспен қуалап отырса керек. Құмалақ тастауға шамасын келтірмепті.

Бір белегірге шыға келсем, ат арқан жерде шоқиып көкжалым отыр... Өзім сасып қалдым. Атым да осқырып тұра қалды. Ал көк бөріден көш құлаш жерде ту бие тұр сенделіп. Түкке түсінбесем де ақыра ұмтылып, атыма қамшы бастым. Сонда ғана бағанадан айылын жимаған қасекең бүлкектей жөнелді.

Өзімді іштей бір қуаныш пен күдік қатар билеп, бөріні жайына тастай салып, ту биеге қарай бұрылдым. О, құдірет! Сендерге өтірік, маған шын — жануар төрт аяғы дірілдеп, аман-сау тұр. Тап қасына келгенде байқадым, бар сұмдық сонда ашылды. Тәнім түршігіп кетті...

— Не бопты? — Бағанадан етке тойып, жылы үйге келген соң манаурай ұйқысы кеп отырған Досай жалт қарап.

Бір сәт үнсіздік биледі... Бибіғайша бәйбіше де үнсіз айран ұсына берді.

— ...Жарықтық, бөрі атаулыға содан бері біржолата басымды идім, — деді Елмұрат телміре күткендердің сабырын сарқып, өзі де түс көріп отырғандай әңгіме аңғарына әбден ауып. — Биенің шабынан шұбатылып ішегі шығып тұр. Ішек қардың бетінде нарау тартып, әлгінде қасқыр отырған жаққа қарай арқандай түп-түзу боп тартылып жатыр.

Жасағанға шара бар ма, іштен шыққанда білектей көрінетін ішегіңіз саусақтай болып жіңішкере созылыпты. Бөрі біздей сімтік тұмсықты жұқа шаптан бір-ақ қарпи сүңгіткен де, аузына іліккен ішектің созыла жөнелгенін аңғара қойған. Жануардың қарнынан шұбатыла шығып, саусақтай боп тартылғанша шоқия күтіп отырыпты.

— Түуһ, пәтшағар! — Уәлихан әрі айызы қана, әрі шошына дауыстап қалды. Оқыс шыққан үнге:

— Ақылды-ақ аң!..

— Залымның залымы...

— Ой, зұлым-ай! — деген дауыстар жан-жақтан қосыла кетті. Ары-бері сөз сапырыстан соң:

— Елаға, әлгі көкжалды аулай алдыңыз ба? — деген Жарқынның сауалы килікті.

— Ол жусатарын жусатты, — деп Елмұрат сөзін жалғады: — бірақ мен қолға түсіре алмадым... Қаншығы уланып өлді. Байталдың басы түбіне жетті. Әккі көкжал уды сезіп қойды, қақпанды да айналып өтті. Тіпті сабаудай құйрығымен шаптырып кетті. Күндіз көзге түспей-ақ қойды. Қайтып бірақ күзден бері, сол үш бастан соң қайырылып шапқан жоқ. Басқа бөрілер баршылық. Ол бірақ орала қоймады.

— Оны қайдан аңғардыңыз, — деді Уәлихан қызыға.

— Ізінен шығар, — Жарқын білетіндігін танытты.

— Ізінен айырдым. Артқы сол табанының жартысы жоқ. Қарға барбита басқанда түспейді... Бәлкім, бөлтірік кезінде ұяластары шайнап тастаған, болмаса қақпанға шаптырып алған. Әлде, басқа бір себеп болған. Әйтеуір, анық нысаналы аң боп шықты. Мен осы жасыма дейін мұндай аңды көрген емеспін.

— Елеке, қой енді, азаматтар тынықсын! — деп бәйбішесі тоқтау салды. Оған Елмұратты кеукілдесе әңгімеге шақырған жігіттер қойғысы келмеді.

Бибіғайша: “Бұл шалдың әңгімесі таңға таусылмайды... Қойыңдар түге!” деп үлкендігін бұлдай сөйледі. Кешікпей түзге шығып, тыныс алысып келген топ тез жатып қалысты. Ұзамай қорылға басты.

ІІІ

Арқаның жұлдыздары жуалдыздай мол айлы түні мен аңқаны қысырдың саумалындай ашып жіберетін таза ауасы аясында бұйыққан жылы үйдегі атүсті аңкөстердің ұйқысы ерте қанып, таң бозынан оянысып алды. Олар жуынып-шайынып асқа отырғанша Астанадан шақыртқан екі “Джип” көлігі де келіп үлгерді. Таңғы аста түннен қалған жылы-жұмсақты қарбыта асасып, ащы айранды қотара көтерісті.

Екі көлікке бөлініп мінген саятшылардың ең үлкені — баяғы Елмұрат та, елуден енді асқан Уәлихан, қалғандары — қылшылдаған қырықтың ішіндегі азаматтар. Жер жадысын жатқа білетін Бақытбек қонақтармен рөлге отырған да, ал Елмұрат екінші көлікке қаладан келген екі шопыр жігітпен жайғасқан.

Төсіне қол тимеген қыздай керілген кең дала шаңыттап қарсы алды. Биыл жұқа түскен қар дала жүзін киік мүйізіндей қатырып тастапты. Терістік шығысқа қарай бет бұрған жүргіншілер Есілдің басын көздеген. Өйткені ол тұс түздің елсіз иені емес, ел-жұртты, мал басымен құйқалы қабатты өңір еді. Кей тұста шоқ-шоқ талды орманы да ұшырасатын.

Бұлар бұйрат-бұйрат арасын тінткілеп, бұта-қарағанды шұбарларды сүзгілеп, жетім шіліктер шоғын шарлап ұзақ жүрді. Қас қылғандай қасқыр атаулы кезікпей қойды. Бірен-саран жолыққан қоян-қарсаққа ермек үшін оқ шығындап, бір түлкіні атып алды. Іштеріндегі аңкөс мергені Жарқын атып алған түлкісін қоярда-қоймай Елмұрат отағасының қанжығасына байлады.

Түс те болып қалған. Енді бір жерге тоқтап, түстеніп алармыз деп келе жатқанда, әлдебір топан сабан маясының түбінен созалаңдаған қос бөрі жөнеле бергені... Бәрі де шу ете түскен.

— Әне! Әне кетті, — деп алдымен рөлдегі Бақытбек көрді.

— Екеу... екеу екен, — деп қалды Досай да.

— Әй, біреуі зор... арлан екен, — деп Жарқын үңілді.

— Қасындағы қаншығы, — деді Уәлихан да.

— Бас, Бақытбек, бас! — Алдыда отырған Досай шыдамсыздана түсті.

Шу асаудай ытырылған көлік асықпастан сүлкектеген аңдарға бастырмалата жетіп-ақ барғаны. Тап осыны күткендей жас қаншық жалт берді де, арланы есік пен төрдей жерге келіп қалған “Джиптен” айылын да жимастан андыздай жөнелді.

— Алдымен ұрғашысын атайық, арланы ұзамас... Ол қаншығын қимайды. Бұрыл, Баха, бұрыл! — деп Жарқын бұйырды.

Бақытбек тежеуішті басып, отырғандардың көңілдерін бір лықсытып, бастарын оқыс шұлғытып, шұғыл бұрыла берді. Соңынан күпсек қарды борандатып қаншықтың артынан түскенде, ілесіп келе жатқан екінші көліктегі Елмұрат “Жарайсың, Бақытбек!” деп дауыстап жіберді.

Аңшылар мінген машина алыстап кеткен буаз қаншыққа қарай бұрылғанда, әккі арлан да шабысын тежеп, бұрылған көліктің өкпе тұсынан қиыстай салды. Көкжалдың қимылын алыстан аңдап келе жатқан Елмұрат “Ә-ә, солай ма екен?! Қаншық та, болашақ ұрпақтарың да керек саған... Әй, асыл мақұлықсың, ә-ә!” деп өз-өзінен сүйсінді. Дереу шопыр жігітке жүрісті баяулатып, алыстан бақылауды, саятшылардың құмарларынан шығуына кедергі жасамауды айтты.

Қиялай салған қайсар көкжал көлікті қаншығына жеткізбей жолын қиды. Мұндайды күтпеген Бақытбек еріксіз тежегішті басты. Қайырылып алдына түскен тайдай арлан қиыс тартып кеткісі кеп, олай бір, бұлай бір түлкі бұлтаққа басты. Қаншығы болса тағы ұзай түсті.

— Бас, Баха! Өзі-ақ қала береді. Бізге керегі — қаншығы, — деп, Жарқын арт жақтағы екі орындықтың арасынан еміне түсті.

— Мына сорлыны ата салайын, — деп Досай дүрлікті.

— Жо-жоқ, ол құтылмайды, қаншығын... қаншығын, — деп қызынды Жарқын.

— Иә-ә, арланы менікі, — сабырлы Уәлихан да еліге түсті.

Сөйткенше көкжалын ығыстырып жіберіп, қаншықтың сол жағынан “Джип” те қатарласа берді. Автоматты түрде шапшаң ашылып, ызғырық аяз аңқылдап қоя берді оң жақтағы алдыңғы және артқы терезеден.

Досай асыға атып-атып жібергенмен, селкілдеген көлік жүрісінен бірде-бір оқ дарымады. Ол әлдене деп боқтап та жіберді. Дайын отырған Жарқын бесатармен тартып-тартып жібергенде, созыла секірген қаншық бүктетіле аунап, қар үстінде — қапталда қала берді. Осының бәрі айналасы он шақты секөнтте өтті.

Бұлар бірақ кері оралмады. Сол бетінде қиыстай жортып, қия жонды бетке алып бара жатқан арланның артынан түсті. Арлан да қосарының жер қапқанын көрсе керек, тұмсығын алдыға салып, мойнын созып, шабысын үдетіпті.

Алыстан із шалып ілескен Елмұрат тобы да өлі қасқырға таяп қалған. Олар борандатып бара жатқан аңшыларға көз салып қойып, ақ қарды қанға бояған қаншықты айналсоқтады. Алай-бұлай жаяу із кескен Елмұрат әлгінде ғана қапталдаса жүгіріп, саятшы топты соңынан ертіп кеткен арланның табан мөрін таныды. “Соның өзі... соның ізі... деп басын шайқай берді.

Бұрылып кеп қаншықтың артқы сирағынан көтеріп көріп, бос құрсағын мытып-мытып жіберіп:

— Нағыз қаншыр екен... Аңғал арланды алдап жүріпті, — деді өзімен-өзі сөйлескендей.

Қасындағы қос шофер жігіт түкке түсінбей аң-таң.

— Алдағаны қалай?!

— Ә-ә...иә... — деп, Елмұрат өзінің жалғыз еместігін енді байқағандай болды. — Бедеу қаншық. Жатырын бөлтірігімен туып тастаған... Арлан құр қаншықтан дәметкен.

— Қызық екен! Жатырын қалай туып тастаған?!

— Кәдімгідей. Бөрі ит емес, қайта-қайта күшіктей беретін. Құдай солай жаратқан! Бөрі өмірінде бір-ақ рет күшіктейді. Сол кезде жатыры бірге түсіп қалады... Оны кейде өзі, кейде арланы жалмап қояды. Сондықтан да бөрі ит құсап көбейіп кетпейді. Қазір қаңтар. Ендігі буаз болу керек еді... Құрсағы бос екен.

Елмұрат қасындағылардың аузын аштырып тастап, қаншықтың терісін сыпырып, сүйегін құзғынға тастауға кірісті.

ІV

Ал бұл кезде арланның соңынан түскендер ұзап, қыр жонынан қарасы батқандай еді. Көкжалдың соңынан салғандар еті қызып алған жүйрік аттай аламан жүріске ауысты. Тағасыз темір жүйрік пен тырнақты аң серісінің арасындағы алапат жарыс, алапат шабыс, алапат текетірес енді басталған. Жылдамдық тілі сексенге тақап қалған-ды.

Қуғынды қансонарда қиямет-қайым қансоқтаны талай көрген тағы шабысынан танбады. Бірақ жансыз дөңгелек құтқармайтынын, діңкесін құртатынын аңдады. Темір тажал оңға да, солға да бұлтартпай қойды. Уақыт өткен са-йын деміге, қос өкпесі қабына берді. Көліктің де жылдамдық көрсеткіші жетпіске, одан алпысқа, одан елу шақырымға құлады.

Үнсіз үңіле отырғандарға да жылдамдық төмендеген соң жан кіре бастады.

— Уәке, — деді Жарқын, — бұл көкжал сенікі... Маған бірақ бір ой келіп отыр: әбден титықтағанша қуайық. Атпайық. Қайтер екен?!

— Сөйтсек сөйтейік, — деп Уәлихан оңай келісті, — бірақ машина іші-бауырды да соғып тастады.

— Досеке, сен қалай қарайсың?

— Мен қарсы емеспін.

— Алты-жеті жасар көкжал, — деп Бақытбек те сөзге араласты.

— Нағыз зар күйіне келген, — деді Жарқын. — Соңғы сәтке дейін шыдап бағайық...

Ал бөрі болса, аңғарлы аң емес пе, ақырғы бір айлаға көшті. Ол оқыс бұрылып, қара жонды бауырлай жөнеді дейсің. Аңшылар да шұғыл ойқастап, ортқи жылжыды. Бұдырсыз белең бүктеле бауырға енген. Көліктің жылдамдығы да әп-сәтте көтеріле түсті.

— Мынау қайтеді-ей! — деп Досай таңданды.

— Тынысы ашылды, — деп Жарқын білгішсінді.

Тырбық бұтаны бүйім құрлы көрмей заулаған резеңке дөңгелек пен мүйізгек табан бақталасып-ақ келеді. Көкжал әлденеге бас тіккен сыңаймен барын салып-ақ барады. Тағы бір белегірден аса алашұбар қараған басқан еңіске құлай бере көкжал созыла қарғыды.

Бұл бір иен еді. Бақытбек те жапан даланың жұмбақ жаратылысынан хабарсыз болатын. Айлалы аң алдап соқты. Арқада қазылған атам заманғы аранға қиялай әкеп, қабырғалай соқтырған. Қанша жерден епті болса да, Бақытбек өгіздей өңкиген көлікті қарғытқан күйі күртікті сүзе барып, аранның жарына бүйірлей жанасып тоқтады. “Аһ!..” деп басын соққан Уәлихан тілсіз қалды.

Бір мезет ешкідей жеп-жеңіл секіре соғып, гүтір-гүтір есік жақ қабысып, ішекті үзіп жібергендей болған ғаламат сілкініс барлығын да шошытып, есірік естерін жидырды. Қуғынның құмарына еніп кеткен төртеу тіл-ауызсыз тұтығып қалды.

Алдымен тілге келген де Уәлихан болды.

— Түуһ, пәтшағар!..

— Сайтан алғыр! — Бақытбек тәубасына келді.

— Қойсақ қайтеді, — деді Досай да.

— Жо-оқ! — деп шыр ете қалды Жарқын: — Аңға алып шыққан мен... Уәлихан досым әрі ағамды құр қол қайтара алмаймын. Айда Бақытбек! Ол құтыла алмайды. Өзі де шаршады.

— Әй, қайдам! — Уәлихан қауіп қылды.

Алкеуделеніп алған Жарқын мен Бақытбек бірақ адам тыңдар күйде емес еді. “Джипті” құр аран ішімен қуалай жүріп, түйетайлы мойнағынан шығарып алып, ұзап кеткен ұлыманың соңынан құлғанадай қуып қайта түсті. Бақытбекті де бір есерсоқ желік билеп алған-ды.

Аңшаңқан аңызды жазықта құйындатқан қара қоңыздай көлік пен бөкен шабысқа мойынсұнған көкшулан бөрі арасы ат арқан жақындады. Тап осыны күткендей көкжал кенет төрттағандап тұра қалып, бұларға қарап сирақтарымен жер тырналап, қар боратты. Есік пен төрдей жерге келіп тұрса да, қасқая қарсы алған кішігірім тайыншадай тағы дөңайбат жасағанын қойып, тілін салақтатқан күйі жатып алды.

— Зор-ақ екен! — Бақытбек таңданысын жасыра алмады.

— Зоры — зор, — деп Уәлихан да қосылды.

— Жалына дейін тік тұрып кетіпті, — деді үнсіз отырған Досай.

— Тағы жақындашы, қайтер екен?! — Жарқынның тағыға деген асау да құмар көңілі қозып кетті.

Бақытбек жақындай беріп еді, көк бөрі бауырын баяу көтеріп, төрттағандай жиырылды. Көліктің бірқалыпты дүріліне азуын ақситып, көмейінен шыққан гүрілмен жауап қатты. Көздері жалын атып, іштегілерді ата қарайды.

Аңшыларда да үн жоқ. Олар да көк бөріге ішіп-жеп тесіле қалыпты. Бөрінің сала құлаш тілі көмейінен шыққан қызыл жалын секілді жалаң қағады. Ыржиған езу мен қызыл тіл ұшынан улы сілекей шұбырады. Қос бүйірі солқ-солқ соғады.

Бір сәттік тыныштықты Бақытбек бұзды. Ол көліктің үркіткіш дауысын барқ еткізіп басып қалды. Аңшы атау-лы селк ете түсті. Бөрі бірақ мыңқ еткен жоқ. Кенет ол төрттағандап кері шегіне берді. Жылдам-жылдам шегіншектеген жыртқыш ауызды жиып алғанша ат арқан жер ұзады.

— Не істемек? — Төрағаның секем алған дауысы естілді.

— Ит біле ме?! — Бизнесмен дал болды.

— Қайтеді-ей?! — деген Досайдың таңданысы құмыға естілгенше:

— Ат, ойбай! — деген шопыр дауысы үрейлене шықты.

Бұл сәтте бәрінің де аузын аңқитып, көзін шатыната үрейге толтырып, ағындай жүгірген тайдай арлан “Джиптің” маңдай әйнегіне атқан оқтай боп ұрылды. Қас пен көздің арасында өткен алапат әрекет, ақырғы айласыз жан тәсілім еді. Көлік ішіндегі аңшысынып жүргендер ес жиып та үлгермей, тек әлдебір “аһ!..” дескен қорқынышты дауыс қана шығарысты.

Ал ағындай кеп атылған бөрінің сімтік тұмсығы қытай жібегімен борламаланып жасалған әйнекті жырта сындырып, көк көзін шығара қақырата тіліп, қара тұмсығынан дірдектете қан ағызып еді. Қара тұмсықтан аққан қара қан қорқыныштан рөл астына асықтай боп еніп кеткен атпал Бақытбектің үстін жуса, жаны шықпаған жыртқыштың төрт сирағы капот үстінде шатқаяқтап, әлеуетті тырнақтары сырлы қаңылтыр үстін айғыздап жатты.

Алдымен жан шақырып, ес жиған Жарқын болды. Ол өң-түссіз шалқайып, қарадай қатып-семіп отырған Уәлиханның қолынан әміркен бесатарын жұлып алып, көкжалға қарата шүріппені үш қайтара басты. Басы әйнекке кептеліп, жанталасқан жанкешті сонда барып тыныш тапты.

Көлік ішін оқ-дәрі иісі алып кетті...

2006 жыл, мамыр




Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі