Көзімнің қарашығы атты туған жер туралы шығарма


Туған жер. Бұл жер шарында құмырсқадай қаптаған адамдар қанша болса, соншалықты әрқайсында алуан түрлі болып елестейтін жанға ерекше жылулық сыйлап, кейде күлдіртетін, кейде күйзелтетін ғажайып сөз. Әрине, қарға да баласын аппағым дер, кірпі де баласын жұмсағым дер дегендей, кім-кімге болсын кіндік қаны тамып, туып өскен жерінің ыстық болары сөзсіз. Таң атқаннан кеш батқанға дейін күйбең тірліктің қамымен өз уақытының қалай өтіп жатқанын кейде «үһ» деп күрсінгенде бірақ түсінетін жиырма бірінші ғасырдың тірі робыттарына айналуға аз қалған, өздерін жұмысбасты деп санайтын адамдар, бар әлемді мойындатқан небір ғұлама, ақын, жазушы, жезаяқ пен жезтаңдайлардың тұла бойларын «туған жер» дегенде бір сыйқырлы күштің шымыр еткізері анық.
Кіндік қаны тамған туған елінен жырақта мұхит асып, әлемнің түкпір- түкпірінде жүрген ұл-қыздарымыз қаншама. Сағынып алыста жүрсе де тілін, дінін ұмытпай, дәстүрімізді қадірлеп, туған жермен байланыстарын үзбей, қуанғанда бірге қуанып, қиналғанда демеу болар жастар жетерлік! Жігіттің түсін айтпа, ісін айт дегендей, еліміздің атын шығарып, түрлі дүбірлі додаларда намысты қолдан жібермей, еліміздің саңлақтары көк туымызды биіктерде желбіретіп, ата-бабаларымыз қасық қаны қалғанша ғасырлар бойы найзаның ұшымен, білектің күшімен ұлтарақтай жер үшін соңына дейін күрескен Ұлы Даланың ұрпақтары екендіктерін сан түрлі қырларынан дәлелдеуде. Дүниежүзіне қазақ халқының атын асқақтатып, мәртебесін көтерді. Бізді білмейтін ұлт пен ұлыстар қызығып, саяхаттап түкпір-түкпірден Генадий Головкиннің, Димаш Құдайбергеновтің, Ержан Максимнің істеріне тәнті болып, тіпті елімізге көшіп келіп, қоныстанып жатқандары қаншама. Осы бір сәтте тарихқа тағы бір рет көз жүгіртсек сонау ерте сақ, түркі замандарынан-ақ текті халқымыздың жазу мен сызу енді дамып, өркениет пен мәдениетке енді қадам бастаған кездің өзінде тұмарына туған жерінің топырағын салып, қайда барса да тастамай, қастерлеп, қасиет тұтып, әрдайым тағып жүрген. Бала кездерінен өскенде еліме қорған боламын деп жан- жақты дайындалған сегіз қырлы, бір сырлы, әр нәрсенің парқын білетін нағыз ержүрек батыр жауынгерлер болған. Шетте жүрген әр қазақтың теңізге тамызған тамшысындай үлесі көптеген ізгі бастамаларға бастау болып біреу тиіспесе, ешкімде шаруасы жоқ өзімен-өзі жатқан қаймана қазағымыздың маңдайын көкке жеткізгендей болып, еліміздің атын шығарды.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бір сөзінде: «Құдай қазаққа қырын қарамаған: пейіліне сай етіп ұлан-ғайыр жер берген, асты-үстін толтырып кен берген, мейірбан, ақкөңіл, адал ел берген, жаны үшін малын, ары үшін жанын садаға ететін ер берген»- дегені еріксіз есіме түседі. Осындай көлемі бойынша әлемде тоғызыншы орын алатын ұшса құстың қанаты талар, шапса тұлпардың тұяғы тозар құт мекенге қызығып та, қызғанып та қарайтын досымыз да дұшпандарымыз да белгілі. Осын-ау туған топырағын қызғыштай қорғап, ыстығына күйіп, суығына тоңып елінің тату-тәтті өмір сүруіне барынша жағдай жасап отырған алтын сақадай азаматтарымыздың санында есеп жоқ. Бейбітшілік пен татулықты, демократия мен теңдікді басты бағыт етіп ұстаған он тоғыз миллион халқы бар мемлекетіміз ешкімнің бетін қағып, бауырынан теппей, қаншама ұлт пен ұлыстардың Отанына айналды. Қаны қазақ болмаса да, жүрегі қазақ деп соғатын, қазақша еркін сөйлеп, бізбен бірге той-тойлап, бешбармақты сүйіп жейтін, кең далада біріміз бәріміз үшін, бәріміз біріміз үшін деп ұрандататын біртұтас болашағы зор жас та болса, бас бола алатын елге айналдық. Кімнен сұрасаң да, туған жерім–Қазақстаным деп барын беруде. Қайтсем көркейтемін, қайтсем дамытамын деп жанталасуда. Шалғай жерлерде орналасқан ауылдарды қаламен байланыстыратын жолдар салып, ертеңгі болашағымыз өскелең ұрпақтың мектепке еш қиындықсыз барып-келуі үшін интернаттарға орналастырып, икемдеріне байланысты бос уақыттарын тиімді пайдалану үшін түрлі өнер, спорттық үйірмелерге беріп, тұрғындардың басы ауырып, балтыры сыздағанда дер кезінде алғапшқы медициналық көмек көрсететін ауруханалардың арнайы техникалық құралдармен толық жабдықталуы үшін барлық жағдай жасауда.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, біреулерге ыстығы денеңді күйдіріп, тілің аузыңа сыймай, шөлдейтін мидай сары даласы, енді біреуіне қаһарлы қысымен адам шыдамақ түгіл, өмір сүруінің өзі бір мұң сияқты болып көрінетін күні-түні соғатын қарлы бораны жұмақтың бағындай, жанға жайлы нағыз құт мекен болып елестейді. Сол үшін барын беріп, туып өскен туған жерін одан сайын гүлдендіргісі келеді. Ал менің туған жерім–Қазақ топырағы. Оңтүстік те, батыс та, солтүстік те, шығыс та емес. Жүрегімнің бір бөлшегі, көзімнің қарашығы. Егер кімде-кім ғасырлар бойы қалыптасқан ата дәстүрді бұзып, бір уыс топырағына, атына кір келтірсе, ол Қазақстан Республикасының патриоты бола алмайды. Ең бірінші әрбір азамат елімнен не алам деп емес, еліме жеріме не беремін деп қызмет етуі керек. Сондықтан біз, жас буын, әр қадамымызды ертеңге жоспарламай бүгінгі күннен бастап болашақ мемлекетіміздің өркендеуі үшін жұмылған жұдырықтай, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бір бірімізге білмегенімізді үйретіп, шетелде оқысақ та туған жерімізге оралып, артымыздан ерген бауырларымызға үлгі болып, өзге елде сұлтан болғанша, өз елімізде ұлтан болсақ та әрқайсымыз шамамыз келгенше өзгенің жыртығын жамамай, Ұлы Абай атамыз айтқандай, өмірден өз орнымызды тауып, өзіміздің кем-кетігімізді толықтырайық.

Отарбек Мейіргүл


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Ораза айт намазы уақыты Қазақстан қалалары бойынша
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
Пікір жазу