Ұлы Жеңіс - ұлылардың ұраны!

 Ұлы Жеңіс - ұлылардың ұраны!

Ізбай Іңкәр
10 сынып оқушысы Махамбет атындағы орта мектеп
Атырау облысы, Индер ауданы
Жетекшісі: Таскарина Светлана Сүндетқызы

Алтын анам,Отаным! сенен аяр жаным жоқ, сенен үркер күшім жоқ, -деп ер қайратыңа мін дағы өрге бас!
М.Әуезов
Ұлы Жеңіс! Биылғы жыл осынау аталған ұлы мерекеге 71 жыл толмақ. Қасіретті қайғының өткеніне, «елім» деген батырлардың жалынды жеңіске жеткеніне, талай адамзат өкілінің естен кетпес езгінің зардабын,оларды қайыспай жеңген талай ардағын ұлықтап жырлағанына 71 жыл толмақшы.. Өткен күндер елесі әлі де халық жадында мәңгіге сақталыпты. Бүкіл жер шарының жарты әлеміне өзінің суық ызғарлы лебімен тоңдыра енген соғыстың ең алғашқы күндері -1941 жылдар қасіреті еді... Халықтар бейбітшілікті сүйетін. Себебі, соғыс деген аты суық қаралы хабар баласынан ананы,әкесінен баланы аяусыз айыратын зұлматтың хабаршысы. Иә, әке құшағындағы бақытты бүлдіршіндер «асқар тауынан» адасты, көктемдей құлпырған жас өскінінен қол үзіп ана жүрек қала берді. Дәл сол кезеңде тек қазақ халқының емес, өзге ұлттар мен ұлыстардың туған өлкесіне деген сүйіспеншілігі, Отан - Ана алдындағы парыздары сыналды.Ел аузында қазақ жауынгерінің болмысын: « Арыстанның белгісі- артына қарап ақырмайды, нар түйенің белгісі- қабырғасын сөксе де бақырмайды, нағыз туған асыл ер, қанша қасірет шексе де, қайғыланып «аһ» ұрмайды»- деп шеберлікпен суреттейді. Елдің дәулеті мен сәулеті бола білген нағыз ерлер,осы сұмдыққа толы соғыс жылдарында да қақ жүректі қарс айырар оқ жалмаса да қарсы тұрды. Бұл азаматтарға міндеттелген ең ауыр жүк еді. Бірақ ер мінезді аналарымыз да сол ауыртпашылықтарды қаймықпай бірге көтерді, жас балапанының балалығын қараңғылыққа қалдырды да , тынымсыз еңбек етуді қолға алды. Жігерлі хаттар, жылы киім,жеңіске деген ізгі ниеттерімен қолдады, нөсерлі жауындай құйыла түскен оқтардан ыстық лебіз, дұға-тілектерімен қорғады. Ұлы Отан соғысы- әр халықтың Отан үшін от кешкен күресінен туындаған ұғым. «Соғыс» деген қайғылы кітап беттерін парақтар болсақ, осы бір сәттерге куә боламыз, мейлі көзіміз көрмеген болса да,жүрегіміз сезеді..
1941 жыл 22 маусым. Әділетсіз жаулап алушы фашистік Германия соғыс атты әлемдік бүлікті жария қылмастан КСРО аумағына басып кірген болатын. Кеңес Одағы тарапынан, халықтар тарапынан әділетті өз жерін қорғаған,азаттық үшін болған Ұлы Отан соғысы басталды. Соғыс бастаушы лаңкес елдің мақсаты, қысқа ғана мерзім аралығында жаулап алу мен КСРО халықтарын өздеріне тәуелді ету және шикізат, азық -түлік базасын шығаратын «қуыршақ» ретінде қарастыру болды. Көп ұлтты елдерді «тұрақсыз бірлестік» есебінде қамтып, сол арқылы барлығын «оңайға түседі» атты жеңіл көзқараспен байланыстырды. Алайда, Кеңес Одағына төнген үлкен алапаттың,оның құрамындағы әр халық үшін болар қауіптің бастамасы екенін ұғына білген барша ұлттар мен ұлыстар жаумен жан аямай шайқасып, тарихта таңбаланар ерліктер үлгісін көрсете білді. Соғыстың алғашқы жылдарындағы неміс әскерінің басымдылығы елді есеңгіретті, қиындыққатер езгідей ене түсті.Оған себеп болған жәйттарда бар еді. Тұтқиылдан болған шабуылдар, еңсесін көтере алмаған Кеңес әскері,оған қоса тиісті қаруландыру жоғары дәрежеде болмады және әскердің көптеген қолбасшылары,жоғары офицерлері бұған дейінде Қызыл Армияны «тазалау» бағытымен жазықсыз өлім құшқан болатын. Бұның барлығы орны толмас орасан зор қайғыға әкеп соқты, мыңдаған Отан қорғаушы жауынгерлерді, талай отбасының тірегін жұлып әкетті, кішкене сәби мен аналардың бәйтерегін құлатты, бақытсыздыққа душар қылды.Өркендей өсіп келе жатқан ел құлазыды... Отты жылдардың ұшқындаған шоқтары әр үйдің керегесін күйдірмей өтпеді, жоқшылық зардабын , ауыр еңбек азабын шеккізді. Осынша қиындық, азап әділет іздеуші әр адамзат баласын жеңіске жетелегендей, майдан даласын да, еңбек етуші қарапайым қазақ баласын да темірдей төзімді, болаттай қайратты етті, көзі қырағы батырдың жүрегін жігерлі рухқа толтыра түсті. «Біздің жүрегіміз темір емес.Бірақ біздің кек отымыз қандай темірді болса да ерітіп, күйдіріп жібере алады. Біздің үрейді жеңетін ең күшті қаруымыз бар, ол- Отанға деген сүйіспеншілік!», - деген ұлы сөз де елді қарумен қорғап жүрген жауынгердің қайрат- күшін нығым ете түседі. Бұл жалынды сөздерді жолдаушы, нағыз батыр ,қолбасшы және елін сүйген қаһарман - Бауыржан Момышұлы атамыз еді. Иә, Отанға деген шынайы шексіз сүйіспеншілік, кез келген соғыс деген сұмдықты жоюға себеп болатын күшке ие.
Сол бір сұрапыл жылдары қазақ халқының қаһарман ұлдары да, қыздары да ел мен жерге деген патриоттық сезімін, ұлттық мақтанышын дәлелдеді. Ұлы Отан соғысының алтын шежіресінде Мәншүк Мәметова мен Әлия Молдағұлованың, Мәлік Ғабдуллиннің, Бауыржан Момышұлы мен Талғат Бегилдиновтың және өзгеде мыңдаған қазақ батырларының есімдері анық таңбаланды, құрметтелді. Әлемді шарпыған бұл соғыс қазақ деген халықтың батыр ұлт екенін баршаға мәлімдеді. От кешкен, қан жұтқан сол жылдар уақыт өткен сайын алыстауда..Бірақ, ешкім де, ештеңе де елге үлгі болар қайратты ұлдары мен намысты қыздарының батырлық ұрандарын, ерлік істерін ұмыттыра алмақ емес! Осы ой,осы тілек бүгінгі жас мемлекеттің саналы ұрпағының санасынан өшпеуі тиіс! Келер ұрпағының болашағын ұмыт қалдырмай, күресе білген, өмірлерін үзсе де, үміттерін үзбеген бабалар рухын еске алмасақ, ең сорлы туған ұрпақ біз болармыз, ұмыт қалдырсақ тарихымызға жасалар қиянаттың ең үлкені де сол. Сондықтан, жеңіске жасалған әр жауынгердің бір қадамы жас буын өкілі үшін мақтануға тұрарлық, құрметтеуге лайықты іс. Иә, барша халықты дүрбелеңге салған жеңіс жалауы миллиондаған адамдардың құрбандығымен, соншалық қасіретпен келген еді. Бірақ, кез келген қараңғылық тұмшалаған дауылдан соң да жарқырап күннің шығуы заңдылық.
1945 жыл 9 мамыр. Елге жерге қуаныш сыйлар Жеңіс күні келіп жетті. Жеңістің күні барша халыққа өз шапағын төкті, түнерген әлемді нұрлан-дырды. Расында да Ұлы Отан соғысында Кеңес Одағының жеңіске жетуі тарих сахнасында үлкен мәнге ие болды. Өз бостандығын,тәуелсіздігін сақтап қалды, сонымен қатар гитлерлік Германия мен Жапонияны жеңуде негізгі еңбек сіңірді және Еуропа халықтарын фашисттік езгіден құтқарып қалды. Болашақ тәуелсіз елдің іргесін құлатпақ болған тағы бір қатерлі қару жойылды. Қазақстан бүгінде ұшы- қиыры жоқ бейбітшілік атты көкте еркін самғап ұшып келеді. Жарқын болашақ жолымен, ұлылардың даңғыл жолымен қалықтап, биіктей түсуде. Осы күнге жетпес бұрын қанша дауылды күндерді бастан өткерді, тар жол тайғақ кешті, қазақ деген жас та қорғансыз құстың маңдайынан қаншама рет азабқа толы суық күндер лебі есті. Дегенмен, қылыштары қарып өтердей, қорқынышқа толы қасіретті замандардың қаһарына төзіп, бір серпи тастап, өктем ұшқан жас құс ең әуелгі мақсаты болған, көк жүзінде қос қанатын кеңге жайып қалықтар самұрыққа айналды. Отқа оранған соғыстың ыстық жалынынан одан әрі беки түсіп, өткен күндердің аңыздай боп көрінген өкпелі тарихын қанатына орай ұшып, тәуелсіз елдің тамырын тереңге жайған алып бәйтерегіне кеп қонды.
Қазақ елі- ер бабалардың туған жерге деген шексіз махаббатқа толы ықыласты ниеті мен қайыспас қайсар батырлыққа, өр рухқа толған армандардың, мақсат- мұраттың жемісі және жеңісі. Тарихтың тағылымды толғамдары елін сүйген жас өреннің болашаққа басар қадамдарының алғашқы баспалдағы болуы тиіс. Сонда ғана тарихты құрметтеп, болашақтың шыңырау биігіне сүрінбей жетері анық.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Ораза айт намазы уақыты Қазақстан қалалары бойынша
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!