Біздің көше батыры

 Біздің көше батыры

Есенқұлова Мадина
8-сынып,№21 мектеп Құлсары қаласы
Жетекшісі: Измағанбетова Қ.Ғ.

Жер бетін тып-типыл етуге ұмтылған, аранын ашып, әлемге алақұйын жалын шашып, жан біткенді жалмауға жанталасқан заһарлы зұлмат - екінші дүниежүзілік соғыс туралы шығарма жазуды бастағанымда, бұл тақырыпты он бетке болсын, жүз бетке болсын сыйғызудың мүмкін еместігіне көзім жетті. Себебі, соғыс-уақытқа тәуелсіз, ешқашан өзгермейтін, ешқандай сынға берілмейтін азап. Бұл тақырыпты шын мәнінде ашу үшін сол сұрапыл соғысты өз көзімен көрген адаммен сұхбаттасқанды жөн көрдім. Жеңіс үшін өмірін, жастық шағын қиған, тағдырдың ауыр да азапты тауқыметінен өтіп, Отанға деген махаббатын от басып, су кешіп жүріп дәлелдеген ардагерлеріміз жылданжылға, күннен-күнге азаюда, олардың тірі қалғандары, арамызда жүріп Жеңістің тәтті дәмін татып жүргендері саусақпен санарлықтай. Сондай ержүрек батырлардың бірі - менің жерлесім, Құлсары қаласының тұрғыны Әбдірахман Елубаев.
- Сәлеметсіз бе, ата! Маған сіздей ұлы адаммен кездескен, сіздей батырды көзбен көрген үлкен қуаныш! Менің сіз туралы, соғыс туралы барлығын білгім келсе де, сіздің мазаңызды ала бермей, сұрақтарымды нақты, қысқа қоюға тырысамын. Ата, сіз соғысқа қалай шақырылдыңыз,қандай жерлерде ұрыстыңыз?
- Сәлеметсің бе, айналайын, ниетіңе рахмет! Мен өзім жас болмасам да, сол кездер есімде жақсы сақталған. 1944 жылдың қараша айында ауданнан әскерге 96 адам алындық.Оның ішінде Ибраев Қапес, Жақсыбаев Қыдырбай, Жұмашов Тұрым,Жәңгір дейтін жігіттер бірге аттандық.Бізді Орынбордағы Андреевка деген деревняның Оңтүстік Орал соғыс округінің 13-ші атқыштар дивизиясы 361 полкіне жіберді.Ол жерде кіші командирлер дайындайтын курстан өттік. Содан соң Батысқа қарай 15 күн жүріп,Шығыс Пруссияға келіп,120-ншы гвардиялық дивизиясының 339-ншы полкінің қарауына ендік.3 күн жаяу жүріп, Берлиннің солтүстік қақпасынан Кенгисберг қаласының тұсынан соғысқа кірістік. - Фронтқа алғаш жіберілгеніңізде қандай сезімде болдыңыз, қорықтыңыз ба?
- Шайқасқа алғаш кіргенімде, мен өте қатты қорқып кеттім: жау ұшақтары аяусыз атып жатты, танктер үздіксіз ағылып жатты. Біздің әскеріміз минут сайын сирей берді, аяусыз қырыла берді.
-Әбдірахман ата, ал соғыс аяқталғанда сіз қайда едіңіз? 28 сәуір күні ауыр жаралы болдым. Госпитальде жатыр едік.Бір күні соғысбітті деген қуанышты хабар келіп жетті. Бәрі у-шу,мәз-мейрам. Ауыр жарақаттанып, орнынан тұрудың өзі мұң болып жатқан майдангерлер қуанышы қойнына сыймады.Сондағы қуаныштан жаным шығып кетер ме екен деп ойладым. Мен де тұрып оң қолымнан жараланғаныма қарамастан,сол қолыммен елге хат жаза бастадым. -Ата,қандай марапаттарыңыз бар?
- Мен Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерлігім үшін І дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденімен, «Германияны жеңгені үшін», «Еңбек ардагері» және Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің бірнеше мерекелік медалімен, «Кеңес саудасының үздігі» белгісімен марапатталдым. - Елге аман-есен оралған соң еңбекке араластыңыз ба? -Соғыстан соң еңбекке араласып, 1946-1951 жылдар аралығында Калинин селолық Кеңесінде хатшы,1952-1993 аралығында Құлсары мұнай өңдірісінің жұмысшыларды жабдықтау бөлімінде есепші,бас есепші,экономист қызмет- терін атқардым.1993 жылы сол мекемеден зейнеткерлікке қалдым.
Сұхбат соңында қарт жауынгер Әбдірахман Елубаев өскелең ұрпаққа өзініңақжарма тілегін айтты: -71 жылдық мереке құтты болсын. Оған жеткен де бар,жетпеген де бар. Ауданнан бірге аттанған 96- мыздың ішінен қазір бесеуіміз қалдық. Еліміз тыныш болып,әл-ауқатымыз арта берсін.Халқымыз бейбіт өмір сүрсін. Соғыс өрті ешқашанда тұтанбасын. - Ата, сұхбатыңызға көп рахмет! Жеңісіңіз құтты болсын, аман болыңыз! Осы сұхбаттан кейін мен адамзат жүрегіне айықпас жара салған Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына жетпіс бір жылдан астам уақыт өтсе де, отты жылдардың елесі әлі күнге халық жүрегінен өшпегенін түсіндім. Өйткені, адамзаттың бүгінге дейінгі сапарындағы ең сұрапыл қырғында Ұлы Отан соғысы екені әлемге аян.
Қанша үйдің ұрлап адамын,
Қанша үйде сөніп қалды оттар, - деп ақындар жырлағандай, әр шаңыраққа, әр жүрекке салған жара жетпіс бір жыл өтсе де әлі жазылып қойған жоқ. Сол кездегі Кеңес Одағы халықтарының тұтасқан бірлігі мен мызғымас достығы, халық пен әскердің жаппай ерлігі Жеңісіміздің кепілі болды. Бірақ, кеңес халқы міз бақпай, анталап келген жауға айбындылықпен қарсы тұрды. Халқымыздың ержүрек ұлдары мен ер-азаматтары өзінің Отанын қорғауға батыл бел буып шықты, әділетті азаттық соғысқа жұп жазбай тұтаса көтерілді, бұрын болып көрмеген табандылық пен қайсарлық танытты. Осындайсұрапыл соғыс күндерінде халқымыз майдан мен тылда жеңіс үшін керекті жағдай жасаудың ауыр жүгін көтерді.
Майданға кеткен талай мыңдаған жұмысшылар мен шаруалардың орнына шексіз қиын, ұйқысыз, ас-сусыз еңбек майданында әйелдер мен балалар, мүгедектер мен зейнеткерлер тұрды. Әр отбасының басшысы майданда болды. Сондықтан, сол кездегі адамдарға тәулік бойы жұмыс істеуге тура келді.. «Бір минут ішінде сен соғысқа дейін бір сағатта істегеніңді істеуге тиістісің!» деген ұранды ұстанған адамдар қатал тәртіп пен еріксіз жұмыс істетулерге қарамастан, асқан шыдамдылық танытып, ешқандай қысым көрсетусіз-ақ ұйымшылдықтың асқақ үлгісін көрсетті. Осынау қиын күндерді қазір Әбдірахман атаның айтқан әңгімелерінен де естіп, заманның сыры мен үнін көз алдыма елестетемін.
Қазақ халқынаң ой-сезімін Әбдірахман Елубаевтың: «Фашистік құзғындар еркіндік сүйгіш халықты құлдыққа түсіруге, жерімізді, малымызды тартып алып, мойнымызға арқан салуға тырысты. Бұлай болмақ емес! Қазақ халқы бойындағы Махамбет бабамыздың айбынды рухы өлген жоқ. Біздің даламызда ержүрек жігіттер мен сәйгүлік аттар қашан да бар. Отан соғысында қазақтар құлдыққа түсірушілерге қарсы қасық қаны қалғанша шайқасты деп мақтанышпен айтамын!» деп қасиетті жерімізге шабуыл жасаған фашистік хайуандардың сұмдық арсыздығынан сырт қала алмайтындығын, басқыншы жауға туған жер топырағын таптатпайтындығын айтқан жалынды сөздерінен көре аламыз. Жау жағадан алғанда елін қорғау өмірлік парызы деп білген, елін ерлерше қорғап,Отан соғысының лапылдаған отының ішінде жауға ойсырата соққы берген ержүрек жауынгер Әбдірахман Елубаев Отанды қорғауды азаматтық борышы деп түсінді. Небәрі он сегіз жастағы жауынгер өзінің ерен еңбегі мен керемет батырлығының арқасында дүние жүзіне танылып, үлкен құрметке бөленді. Жауынгердің жалынды үні жерлестерінің жанын тебірентіп, отты жылдарда өз рөлін атқарды, болашақ ұрпаққа айнымас ұран болып қалды.
Көңілгекөп тоқыған
Кәрі-құртан ашынды.
Қара қағаз оқудан
Сауатымыз ашылды, - деп Қадыр Мырзалиев жырлағандай, Ұлы Отан соғысы, ондағы Жеңіс талай адамдардың тағдырын күрт өзгертті, талай жанның өмірін үзді. Ал енді бүгінбұл мейрамды кешегі майдангерлер –соғыстың алғы шептерінде қайсарлықпен шайқас жүргізіп, ерліктің сан үлгілерін көрсеткендер, ал бүгінде бізге бейбіт өмір сыйлаған Ұлы Отан соғысының ардагерлері тойлайды. Бұл мейрамды өздерінің тылдағы қажырлы еңбектерімен жеңісті шыңдаған шаруалар тойлайды. Бұл мейрамды өздерінің әкелерін, ерлерін, ұлдарын және сүйіктілерін көзінен жасы сорғалай жүріп төзімділікпен күткен аналар мен қыздар тойлайды. Осынау Ұлы Жеңіс күнінде Отанымыз үшін өзінің жанын пида еткен, туған-туысқандарына, жақын-жарандарына, тамыртаныстарына қайтып оралмай қалған қаһарман ерлерді ел болып еске түсіреміз.
9 мамыр – фашизмді жеңген қаһарман халқымыздың мереке күні. Осынау қуаныш үшін өмірлерін қиғандарды еске алу күні. Бұл күні аналар мен жесірлердің жүрегі осыдан 71 жыл бұрынғыдай сыздайды. Бүгін жеңімпаздардың, олардың балаларының, немерелерінің жүрегі мақтаныш сезіммен лүпілдей соғады! «Ер есімі-ел есінде»,-демекші,бізге жарқын болашақ, бақытты ғұмыр сыйлаған аталар,апалар ерлігі ешқашан ұмытылмайды.Солардың қасиетті рухы бүгінгі бейбіт тіршілігімізге күн нұрындай мәңгі шуағын шашпақ!


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі