Тілашар тойы

 Тілашар тойы

Сценарий мақсаты: мектепті алғаш аттаған бүлдіршіндердің алғашқы айдағы жеткен жеңістерін мерекелеу,ата-ана,ұстаздармен қуаныштарын бөлісу
Сценарий өтілу барысы:
Сценарий өзім:Бақытты балдырғандар, ардақты ата-аналар, құрметті меймандар! Бүгінгі «Тілашар» тойы құтты болсын! Қадамдарыңа сәттілік тілей отырып, өздеріңді ортаға шақырамын.
І.Кіру сәті - музыкамен алдымен 6 жастағылар, соңынан 7 жастағылар кіреді, қолдарында «Тілашар» кітаптары.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әнұраны орындалады.
Тойымызды мектебіміз Ғали Орманов аталарыңның атында екенін ескере отырып «Өмір – ұстаз» атты өлеңімен бастағым келіп тұр.

Ұқсас ақын емеспін ешкімге мен,
Сырым осы сақтаған ішімде кең.
Ұқсасам тек ұқсармын сахарама,
Өстім сонда ұдайы естіп өлең.

Су да үйретті жасымда, жел де үйретті,
Бесігімді жел - дауыл көп тербетті.
Көк шатынап, жарылып ұшқан жасыл
Шыңдай берген сықылды тек жүректі.

Табиғаттан жиған сол күшім менің
Өлеңімнің оты деп түсінемін.
Тамызығы талаптың осы болса,
Таусылмайтын тартыстың ішіндемін.

Түсіндірген түгелдей соны маған
Заман менің ұстазым, анық анам.
Үйретпесе ол мені, өтер едім
Өзін-өзі адамша танымаған.

Танығанға тарихтың жолы даңғыл,
Осы жолмен тартарсың сен де сан жыл.
Өз қараңды өзің тек көрсете алсаң,
Жасыра алмас қалқалап сені тағдыр!

ІІ. «Тілашар» мерекесін ашу, құттықтау сөз мектеп директоры
Жанат Тұрысбекқызына беріледі
Айналайын, балғындар,
Алға бағыт алдыңдар.
Ертең өсіп толыңдар
Ел мақтаны болыңдар!
Орындалсын ойларың,
Құтты болсын тойларың!

ІІІ. Оқушыларға кезек беріледі:
1 оқушы:
Жарқырап атқан «бақытты күн» таңында
Дара туған, дана туған қазағымның бағына.
Қош келіпсіз, Тілашар тойымызға
Тәуелсіз елімнің 20 жыл толу қарсаңында.
2-оқушы:
Талаптың мініп алып пырағына,
Білімнің май тамызып шырағына.
Алдымнан ақыл сарай есік ашып
Жету мақсат - іздеген мұратыма.
3-оқушы:
Ойым бар: бірде дауыл, бірде жалын,
Сақтайтын есті ұрпақтың, ата салтын.
Тіл мен елдің тағдырын Ту ғып ұстап
Шығарар абыроймен Отан даңқын.
4-оқушы:
Мен сені сүйем елім жасырмаймын,
Асылдың сынығы боп, тұлпардың тұяғымен тасырлаймын.
Намысты қолдан бермейтін ұлыңмын
Басымнан бір ауыз сөз асырмайтын.
5-оқушы:
Алдымда биік мақсат, үлкен сенім.
Тізгінді басқаларға бермес тегін.
Бәсекеге түсетін саналы ұрпақ
Киелі жер Иесі - сенгін Елім!
6-оқушы:
Дархан пейіл, ақкөңіл, бір құт елміз,
Әрі биік, сабырлы, терең елміз.
Адалдықтың ақ туын желбіретіп,
Бұл дүниеге мәңгілікке келгенбіз.
7-оқушы:
Парасат пен ізгілік бойымызда,
Ата-баба өсиеті ойымызда.
Бақыт құсы самғасын көгімізде,
Ұшырған бүгінгі қуанышты тойымызда.

ІҮ.Ән: «Сәлем, саған мектебім!» Сағындық Аружан
8-оқушы:
Армысың, мектеп ар - бесік,
Айқара ашқан есігін.
Тәрбие, білім бар нәсіп,
Өзіңде өрлеп өсемін.
Армысың, мектеп киелім,
Мен сені солай сүйемін,
Сен берген бағыт бағдармен
Рухы бай елге иемін.
9-оқушы:
Алты жасқа біздей толған баланы,
Мектеп ана құшағына алады.
Ата-ана қуаныңыз шаттанып,
Шәкірт болды міне биыл балаңыз.
10-оқушы:
Мектеп деген киелі ұғым ғажап ат,
Тынысы мен тіршілігі ғаламат.
Бала шақтан болашаққа ұмтылған,
Түлеп ұшты талай-талай азамат.
11-оқушы:
Мектеп деген білім кені, жыр кені,
Мектеп деген ғылымның ең үлкені.
Мектеп деген тәрбиеші адамға,
Мектеп деген даналардың мекені.
12-оқушы:
Мектеп - үлкен бағдаршам.
Ұстаз шырақ ұстаушы.
Екеуі де аңғарсақ,
Бағыт жолын нұсқаушы.
13-оқушы:
Өзіңді өзің табуға
Бағыт-бағдар береді.
Оқып, білім алуға
Күндей нұрын төгеді.
14-оқушы:
Мектебіңді құрметте,
Бесік болып тербеткен.
Өзің де жет құрметке
Азаматсың ер жеткен.

Ү.Би: « Қуыршақ» Жакишева Жамиля
15-оқушы:
Мынау менің сезгенім.
Ол – сыныптың анасы.
Өзінің де өзгенің
Баласы – оның баласы.
16-оқушы:
Күнде бестік алсаң сен,
Онда басқа жоқ арман.
Ал оқымай барсаң сен,
Бір тал шашы ағарған.
17-оқушы:
Мұғалімді анамдай жақсы көрем,
Қиналамын қымбат теңеу таба алмай.
Өз баласын тастап кетіп үйіне,
Ел баласын оқытады, ой, Алла-ай.
18-оқушы:
Мұғалімді жақсы көремін сезімтал,
Үлгі етемін өнегелі сөзі бал.
Мұғалімнің мұғалімін танимын,
Көкіректе көретұғын көзі бар.
19-оқушы:
Ақылшым асыл ұстазым,
Жолымды айқын нұсқадың
Қасыма кеп қанша сен,
Қамқор боп қалам ұстадың.
20-оқушы:
Мен тілеймін ұстазыма
Өмір - думан, бақ әкелсін мереке.
Азамат боп шығамын мен,
Сенетіндей ел ертең.
21-оқушы:
Қуантуға елімді,
Қуантуға жерімді,
Білім жиып өсемін.
Төгіп адал терімді.
Мен мектепке барамын.
22-оқушы:
Елдің атын жазамын,
Жердің атын жазамын,
Туған тілге тазамын.
Батаңды бер, қазағым...
Мен мектепке барамын.
23-оқушы:
Таудай биік талабым,
Оттай лаулап жанамын.
Салт-санасын сақтаймын,
Дала мен қаланың,
Мен мектепке барамын.
24-оқушы:
Қолға кітап аламын,
Маржан сүзіп табамын.
Жарқыратып кеудеме,
Жұлдыз етіп тағамын.
Мен мектепке барамын.
ҮІ.«Шаттық шеңбері» дөңгелене тұра қалады
Қуанамын мен де,
Қуанасың сен де.
Қуанайық, достарым,
Арайлап атқан күнге!
25-оқушы:
Өмірімнің көктемін,
Сенде өткізем деп келдім,
Алтын ұям – мектебім!
26-оқушы:
Армандарым көп менің,
Атқарамын деп келдім,
Асыл анам – мектебім!
27-оқушы:
Оқып ғылым тектерін,
Ой аламын деп келдім,
Оттан ыстық мектебім!
28-оқушы:
Өнерпазың көп сенің:
Өнер табам деп келдім,
Өз бесігім – мектебім!
29-оқушы:
Өсіп ой мен санамыз,
Өмірге жол саламыз.
Білім қуған баламыз,
Біз – оқушы баламыз!
ҮІІ.«Тілашар» тойының иелеріне бата беру үшін сөз атаға беріледі.
Бисмиллаһи!
Рахмани рахим!
Болмай надан,
Оқы,балам!
Құтты болсын
Білім - қадам.
Отан - анаң
Аялаған!
Ұстаз - данаң
Болсын аман.
Сақтап Аллам,
Бақ тап алдан.
Әумин!

ҮІІІ.Ризашылық әнімен аяқталады
Ризамыз бүгінге,
Ризамыз бүгінге!
Ризамыз бүгінге,
Ризамыз қазірге!
Ризамын, ризамын, ризамын, бүгінге!
Ризамын, ризамын, ризамын,қазірге!

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі