Ш. Мұртаза «Бесеудің хаты» драмасы. Қазақ әдебиеті, 10 сынып, дидактикалық материал. 1 сабақ.


Ш. Мұртаза «Бесеудің хаты» драмасы

Сабақ мақсаты

Эпилогтың жанрлық табиғатын анықтау;

Эпилогтың идеялық мазмұнын түсіну;

Эпилогқа сюжеттік-композициялық талдау жасау;

Драманың жанрлық табиғатын көрсету.

Бағалау критерийлері

Эпилогтың жанрлық ерекшеліктерін көрсетеді;

Эпилогтың идеялық мазмұнын ашады;

Эпилогқа сюжеттік-композициялық ерекшеліктерін ашады;

Драманың жанрлық белгілерін көрсетеді.

1-тапсырма.

Мақсаты - Эпилогтың жанрлық табиғатын анықтау;

Кестені толтырыңыз.

Сұрақ

Жауап

1.

Эпилог деген сөз қандай мағынаны білдіреді?

2.

Эпилогтың қызметі қандай?

Дескриптор:

  • Эпилог сөзінің мағынасын түсіндіреді;
  • Эпилогтың қызметін ашады.

2-тапсырма.

Мақсаты – Ш. Мұртаза «Бесеудің хаты» драмасының эпилогымен танысу;

Эпилог мазмұнымен танысыңыз.

Кейіпкерлермен танысыңыз.

 ҒАБИТ МҮСІРЕПОВ — жазушы

 ГОЛОЩЕКИН — Крайкомның I хатшысы

 СТАЛИН — Генсек

 РЫСҚҰЛОВСовнарком төрағасының орынбасары

 ЦЕРБЕР Тамұқ төбеті

 НЕРОН — күнәһар

 Мүсірепов Олар кімдер, Тұрар аға?

 Рысқұлов (көтеріңкі).Жарық дүниеде жазықсыздарға жапа шеккізген озбырлар. Қиянатшыл бәлеқор-жалақорлар. Әділет тағынан тайғандар. Пейілі жаман пенделер. Танаураған тайтақайлар...

 Мүсірепов. Зауал! Зауал! Біз білетіндерден кімдер бар?

 Рысқұлов (серігін қолынан тартып). Берірек жүр. Жақындасаң - өзің де танырсың, (Жар жағалап, лапылдаған отқа таяп келеді.) Әне, анау барқырап тұрғанды сен танымассың, Ғабит. Ол баяғы Нерон. Анау шешесі, оның жанындағы туған інісі... Нерон ол екеуін де өзі өлтірткен...

 Мүсірепов. Туған анасын, туған бауырын аямаған. Олардың өліктерін баспалдақ етіп, мансапқа биіктеген. Содан не тапты?

 Рысқұлов. Мансап та ауру. Мансапқорлар да нашақорлар сияқты. Мансаптың мастығы – нашақор мастығынан да қауіптірек. (Кенет серігін жеңінен тартып қалып.) Ал ана аруақты сен бірден тануға тиіссің!

 Мүсірепов (селк ете қалып, сәл-пәл тағзым еткендей болып). Ста-а-али-ин! (Тұтығыңқырап). Бі-ір же-е-ңі қ-қ-қы-зыл, бір жеңі-і қа-а-ра. Қызыл жолақ үстімен Сталин ары-бері баяу басып, бірсыдырғы жүреді де қояды. Сталин жолдас император Неронға қарағанда құдайдай ғой.

 Рысқұлов (мырс етіп). Нерон Сталиннің қолына су құюға жарамайды.

 Шексіз ғалам музыкасы гуілдейді. Сол сәтте арғы беттен арпылдаған, әупілдеген, барақ жүн орнына жыбырлаған жылан шыққан, шарадай екі көзі от шашқан, танаулары үңірейген, ауызы арандай, өзі есектей ит әлдекімді қуалап шыға келеді.

 Мүсірепов (үрейлене шегіншектеп). Астапыралла! Мынау не сұмдық, Тұрар аға?

 Рысқұлов. Қорықпа! Бізге жете алмайды. (Басын шайқап). О, сорлы Филипп Исаевич... Анау Цербер осының-ақ соңынан қалмай қуалайды да жүреді.

 Мүсірепов (жағасын ұстап, ішегін тартып). Өзіміздің Голощекин жолдас па?!

 Рысқұлов. Дәл өзі! Тозақ төбеті Цербер осы байғұсқа бір сәт тыным таптырмайды. Жарық дүниенің өзінде-ақ бишараның даусы тамұқтан шыққандай шарылдап тұрушы еді, енді мүлде қақ- сауық болып алды.

 Жар басында ақ жамылған түмен аруақ: «Цербер! Цербер! Айдақ! Айдақ! Бас! Бас!» – ден шуылдап тұрады. Ғарыш музыкасы шексіз ғаламның құрсағынан шығып жатқандай ыңыранады.

 Мүсірепов (Рысқұловқа). Сонда Голощекин жолдастың шыбыны мәңгі-бақи шырылдаумен бола ма?

 Рысқұлов. Мәңгі-бақи. Ара-арасында сәл-пәл тәнәпіс бар. Қазір өзің де көресің...

 Цербер арсылдап қуалап келеді. Голощекин шырылдап қашып барады. Кенет алдарынан Сталин шыға келгенде, Цербер қалт тұра қалып, тек ырылдай береді. Голощекин барып, Сталиннің аяғына тығылады. Сталин Церберге трубкасын кезеп-кезеп қояды.

 Мүсірепов. Ойпыр-ой, жарықтық Сталин-ай! Тозақтың төбеті де бата алмай қалды-ау. Енді Голощекин жолдас құтылды ғой бәледен?..

 Рыскұлов. Жоқ, Ғабит, қателесесің. Филип Исаевич баяғы өзің білетін жағымсыз дауыспен зар қағып, ана кісінің мазасын май ішкендей қылады. Содан соң оны Сталин «Кет» деп куып жібереді. Аңдып тұрған Цербер тағы да қуалайды.

 Мүсірепов (сыбырлап, Сталинді меңзеп). Ана кісі тамұқтың тақсіретін тартқан адам сияқты емес қой. Немене, тамұқтан да тайсалмай ма?

 Рысқұлов (жайдары күліп). Ой, Ғабит-ай, соншама сұңғыла болсаң да, қазаққа тән аңқаулығың қалмайды. Оу, Иосиф Виссарионович жарық дүниенің өзінде тамұқ орнатып, соның тағында отырған кісі емес пе!

 Мүсірепов (мекірене күліп). Е, бәсе, тамұқ ол кісіге таңсық емес екен-ау.

 Рысқұлов. Ол тозақтың өзінен ләззат алады.

 Мүсірепов (Рысқұловтың иығына тығылыңқырап). Қарайды біздің жаққа...

 Рысқұлов. Тамұққа түскелі бері жар жағалап, осы біздің жақтан бір көз алмай, ары-бері теңселіп жүреді де қояды.

 Мүсірепов (әнтек таңқалып). Онысы несі екен?

 Рысқұлов. Ретін тапса, біздің жақты да тамұққа айналдырып жібермек.

 Мүсірепов. Тағы да сойқан соқпаса игі еді...

 Рысқұлов (жайбарақат). Соқпайды. Көрдің бе мына шыңырауды? Екі жағалаудың арасын біріктіріп тұрған тек мына қыл көпір. Сталин одан өте алмайды. (Шырылдаған дауысқа елең етіп.) Цербер Голощекинді әлі куалап жүр.

 Мүсірепов. Жарық дүниеде тозақтың отын тұтатқан Голощекин ғана емес сияқты еді-ау. Жандайшаптары бар еді...

 Рысқұлов (мырс етіп). Е, әлгі, Құрамысов сияқтылар ма? Олардың адымы тым қысқа ғой. Цербер оларды тістеп алып, әлдеқашан отқа лақтырып жіберген. Әне, анау алаудың ішін анықтап қарашы: бір-біріне от шашып жүр.

 Мүсірепов. Адамдар тамұқта да бір-біріне от шашып ойнайды деген осы екен-ау! (Кенет ойына бірдеңе түскендей). Ойын демекші, қайтсақ қайтеді, Тұрар аға...

 Рысқұлов. Жалықтың ба?

 Мүсірепов. Мұхаңа преферанс ойнаймыз деп уәде беріп қойып ем...

 Рысқұлов. Мұхтар болса... қайту керек.

 Мүсірепов. Мұхаң бала сияқты ғой, сәл нәрсеге ренжіп қалады.

 Рысқұлов. Мұхтар – пайғамбар ғой...(Ойланып, кенет көңілденіп). Ана сары бала да ойынпаз ғой деймін.

 Мүсірепов (кеңк-кеңк күліп). Ғабиден бе? Біз бүгін соның дачасына жиналамыз. Ол мұнда да дача салып алды ғой!

 Рысқұлов. Енді біз асықпаймыз, Ғабит. Бұл дүниенің жарық дүниеден бір артықшылығы – асығып-аптықпайсың. Уақыт – шексіз. Сол шексіз уақыттың бәрі сенікі. Мұнда минут, сағат, күн санау жоқ. Мұнда мың жыл дегенің – қас қағымдай-ақ. Миллиондаған жылдар өтеді.

3-тапсырма.

Мақсаты - Эпилогтың идеялық мазмұнын түсіну.

Сұрақтарға жауап беріңіз:

 1. Не себептен Рысқұлов «Жарық дүниеде жазықсыздарға жапа шеккізген озбырлар. Қиянатшыл бәлеқор-жалақорлар. Әділет тағынан тайғандар. Пейілі жаман пенделер. Танаураған тайтақайлар...» деп, оларға тамұқтар орын дайындайды? Сіз онымен келісесіз бе? Неге?

 2. Не себептен Рысқұлов «Нерон Сталиннің қолына су құюға жарамайды» деп, анасы мен інісін өлтірген күнәһар адамнан жоғары қояды? Ойыңызды тарихи фактілермен дәлелдеңіз.

 3. Сіз Рысқұловтың «Мансап та ауру. Мансапқорлар да нашақорлар сияқты. Мансаптың мастығы – нашақор мастығынан да қауіптірек» деген пікірімен келісесіз бе? Неге?

 4. Не себептен автор Сталинге ешқандай жазаның түрін айтпай, тек «Ой, Ғабит-ай, соншама сұңғыла болсаң да, қазаққа тән аңқаулығың қалмайды» деп, оған да өз жазасының бар екенін жалпы ғана білдіреді?

 5. Неге Голощекин барып, Сталиннің аяғына тығылғанда, Сталин оны «Кет» деп қуып жібереді? Оның астарында қандай мағына жатыр деп ойлайсыз?

 6. Мүсіреповтің айтып отырған «жандайшаптар» - кімдер? Не себептен Рысқұлов «Олардың адымы тым қысқа ғой. Цербер оларды тістеп алып, әлдеқашан отқа лақтырып жіберген» дейді?

 7. Неге Рысқұлов Мұхтарға «пайғамбар ғой» деген баға береді? Мұхтар Әуезовтің тарихтағы ұлт алдындағы еңбегі қандай?

 8. Рысқұлов «Мұнда минут, сағат, күн санау жоқ. Мұнда мың жыл дегенің – қас қағымдай-ақ. Миллиондаған жылдар өтеді» деп, қандай ойды астарлап жеткізіп тұр деп ойлайсыз?

Дескриптор:

Өз жауабын мысалдармен дәлелдейді.

5-тапсырма.

Мақсаты - Эпилогқа сюжеттік-композициялық талдау жасау; Драманың жанрлық табиғатын көрсету.

Кестені толтырыңыз.

Сұрақ

Жауап

Дәлел

1

Эпилогтың идеясы қандай?

2

Шығарма қандай әдеби жанрда жазылған?

3

Идеяны автор қандай әдеби тәсілдермен жеткізеді?

4

Эпилогтағы уақыт пен кеңістік қандай?

5

Эпилогтың фабуласы қандай?

6

Эпилогтағы композициялық құрылым қандай?

Дескриптор:

Сұраққа дұрыс жауап береді;

Өз жауабын мысалдармен дәлелдейді.



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Қазақстандықтар шетелге қай мезгілде жиірек шығады
» Freedom bank-те керемет акция! 1000 ₸ кэшбек сыйлайды
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
Пікір жазу