Ш.Уәлиханов «Ыстықкөл күнделігі». Қазақ әдебиеті, 9 сынып, қосымша материал. 8-сабақ.
ШОҚАННЫҢ ІЗІ ҚАЛҒАН АЯГӨЗДЕ
(«Ыстықкөл сапары күнделігі»)
Шоқанның жан-жақты өнер иесі екендігін кез келген еңбегінен оңай аңғаруға болады. Оның бірі – жинақы да шымыр шығармасы «Ыстықкөл сапарының күнделігі».
Шоқан бұл еңбегін жазғанда бар-жоғы 21 жаста екен. Егер Ш.Уәлихановтың ғылыми өмірбаянын жазған академик Әлкей Марғұлан дерегіне жүгінсек, бұл жаста Шоқан Омбыдағы Батыс Сібір генерал-губернаторлығын басқарған генерал Г.Х.Гасфордтың адъютанты, яғни, жеке тапсырмаларын орындаушы болған.
Баршаға аян, Ұлы жүз қазақтары ХІХ ғасырдың ортасына таман Ресейге кешірек бағына бастады. Міне, осы мемлекеттік маңызы барынша басым бұл істе патша үкіметі сақ саясат жүргізуі қажет болды. Өйткені ол кезде бұл аймаққа Қоқан хандығының да ықпалы күшті болатын. Әсіресе, оңтүстікпен іргелес Іле сырты, Ыстықкөл маңында үлкен де күрделі істер өз шешімін күтіп тұрды.
Бұл жауапты жұмыстың басын ертелі-кеш қайыра беру мақсатымен Батыс Сібір генерал-губернаторы Г.Х.Гасфорд 1856 жылдың көктемінде патша үкіметінің ұйғарымына орай, Ыстықкөл аймағына ғылыми-әскери экспедиция шығаруға бұйрық берді. Экспедиция жетекшілігіне Ұлы жүз қазақтарының сол кездегі приставы және Алатау округінің бастығы полковник М.М.Хоментовский тағайындалды. Экспедицияның мақсаты қырғыз халқымен жақынырақ танысу және Ыстықкөл аймағын картаға түсіру еді. Құрамы жүзге тарта адамнан тұратын экспедицияға Шоқан да енгізілді.
Шоқанның бұл экспедицияға енгізілуінің де салмақты себебі бар. Жас офицер осыдан бір жыл бұрын ғана, яғни, 1855 жылы сол генерал Гасфордпен бірге Орталық Қазақстан, Жетісу, Тарбағатай сапарына қатысып қайтқан еді. Осы сапар кезінде ол генерал Гасфордтың назарына ерекше ілініп, болашақ Ыстықкөл экспедициясы үшін жергілікті адамдардың ішінен оңайшылықпен табылмас маман деген тұжырым қалыптасқан еді.
Сібірдің сол кездегі ең жоғарғы әскери оқу орны деп аталатын Сібір кадет корпусын сегізжылдық оқу бағдарламасы бойынша үздік бітірген Шоқан терең біліммен, әдеттен тыс зеректігімен маңайындағылардың назарын өзіне аудара білді. Сондықтан да болар. Гасфордтың жеке жарлығы бойынша Омбыдан Семейге, одан әрі Аягөз арқылы 1856 жылдың сәуірінде Шоқан сол заманның ең жүрдек көлігі – тарантаспен үш апта ішінде Верный бекінісіне жедел жеткізіліп, экспедицияға қосылды.
Шоқан Семейден 18 сәуірде шығып, 20 сәуірде түнде Аягөзге жетеді. «Аягөз шағын станица. Онда найман руларын басқаратын округтік приказ бар». Шоқанның үш айға созылған сапарының өрлеуі де осы сөйлемдерден басталады. Семейден бері қарай сусыз, тақыр даламен жүріп келген ол Аягөз өзені бойында табиғат көрінісінің бірден өзгергенін байқайды. Осыған орай, Шоқанның «шынында да маңайдағы шөлейтті сусыз даламен салыстырғанда Аягөз жерұйық секілді» – деуі тегін болмаса керек.
Шоқан Аягөзден қайта жолда шыққаннан-ақ, одан 90 шақырымдай жерде осы аттас өзеннің ар жағында орналасқан халқымыздың тамаша махаббат дастанының кейіпкерлері Қозы Көрпеш пен Баян сұлудың зиратын көруге мықтап бекінген екен. Сондықтан Шоқан өз күнделігінің алғашқы беттерінде-ақ: «Мен Аягөзді мейлінше сүйемін және ғажаптанамын. Мүмкін бұған осы өзен жағасында дүниеге келген сұлу Баянның алтын айдарлы Қозы Көрпешке ғашық болуы жайындағы поэтикалық ғажап аңыздың да себебі бар шығар. Біз бұл дастанмен жақсы танысып, зерттеген едік. Ендігі ойымыз – ол жерге таң алдында, ертеңгі таң шапағы теректер мен суды нұрға малындырып, бозторғайлар әндеріне басқанда, зират қасында тәтті ойларға беріле отырып шай ішу еді», – деп жазуы тегін емес.
Бірақ ат басын әдейі бұрғанымен көктемгі өзен суының қатты тасуынан Шоқан зират басына жете алмағандығы да белгілі. Ие, бұл жолы Қозы Көрпеш пен Баян сұлу зиратын жақыннан көре алмаған. Себебі, мұны сол 1856 жылы, осы зират жанында тұрған төрт тас мүсінді бейнелеп салған Шоқан суреттері дәлелдесе керек.
Дереккөз:
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?