Күй атасы Құрманғазы. Музыка, 3 сынып, дидактикалық материал. 3 – сабақ.
1-қосымша
Құрманғазы Сағырбайұлы туып-өскен жері Бөкей хандығы, қазіргі Орал облысының Жаңақала ауданына қарасты Жиделі деген жер. Топырақ бұйырған орыны – Астрахань (Ресей) облысының бұрынғы «Шайтани батага», қазіргі «Құрманғазы төбе» деп аталатын жер. Шыққан тегі – Кіші жүз, он екі ата Байұлынан өрбіген Сұлтансиықтың Қызылқұрт бұтағы. Құрманғазының жетінші атасы Ерші деген кісі от тілді, орақ ауызды, сөз дарыған адам болыпты. Ал, нағашы жұрты – Беріш руы. Қалмақ шапқыншылығы кезінде асқан ерлігімен көзге түскен Ағатай батырдың есімі исі Берішке ұран болған. Одан берідегі Өтеміс би, Махамбет ақын, Исатай батыр бір ғана Беріш руының емес, исі қазақтың ардақты ұлдары. Құрманғазы сахараның даңғыл көкірек дәулескер күйшісі Соқыр Есжанның алдын көріп, Дәулеткерей сияқты жайсаң күйшімен сырлас болып, Шеркеш, Байжұма, Баламайсаң сияқты күйшілердің өнерінен өнеге алған. Құрманғазының ғұмыр кешкен уақыты, әсіресе оң солын танып, өмір-тіршілікке белсене араласа бастаған кезі мейлінше күрделі еді. Бұл кезең патшалық Ресей жүргізген отаршыл саясаттың ең бір қарқын алған, әбден құныққан, шектен шыға басынған кезі болатын. Қашанда ел басына келген нәубеттің ауырлық тауқыметі ең алдымен еңсесі биік ерлердің иығына түсетін әдеті. Замана зобалаңы Құрманғазыны да от-жалынымен шарпып бағады. Оның «Түрмеден қашқан», «Кісен ашқан», «Ертең кетем», «Бозқаңғыр», «Пәбескі», «Терезеден-есіктен», «Бозшолақ», «Бұқтым-бұқтым», «Не кричи, не шуми», «Арба соққан», «Аман бол, шешем, аман бол», «Қайран шешем» сияқты күйлері замана басқа салған зобалаңның бір-бір бекеті сияқты. Ол қатал тағдырдың кез келген талқысына өнерімен жауап беріп, өнерімен белгі қалдырып отырған. Құрманғазы өмірге ғашық күйші. Тіршіліктің нұрлы сәттеріне ол балаша қуанып, қалтқысыз сезімге бөлене алады. Оның «Қызыл қайың», «Ақжелең», «Адай», «Сарыарқа», «Балбырауын», «Серпер», «Назым», «Балқаймақ», «Бұлбұлдың құрғыры», «Ақсақ киік», «Төремұрат», «Қуаныш» сияқты күйлері өмірге іңкәр жанның жүрек лүпілі сияқты. Құрманғазыны суреткер ретінде айрықша даралап көрсететін қасиет – ол концептуалды күйші. Бір ұрпақ емес, екі ұрпақ емес, бірнеше ұрпақтың тағдырына ықпал ететін заманалық құбылыстарға бойлай үңіліп, ой толғау Құрманғазының рухани болмысына тән. Оның «Жігер», «Көбік шашқан», «Кішкентай», «Ақбай» сияқты күйлері өзі ғұмыр кешкен заманның тарихи-әлеуметтік болмысына берілген күйші философтың бағасы. Құрманғазының асқақ рухы бір ғана музыка саласына сиятын құбылыс емес. Мұндай тегеурінді дарынның болмысы біртұтас ұлттың рухани болмысына айғақ бола алады. Ұлт тағдырындағы тарихи ұлы өзгерістердің барша қуаныш-қайғысы қашанда біртуар перзенттерінің тағдыр-талайымен шендесіп жатады. Бұл, орайда, Құрманғазы өзінің қайталанбас өнерімен ғана емес, өмірімен де туған халқының бүкіл қасиетіне, сол бір алмағайып аласапыран кезеңнің хал күйіне ең жарқын айғақ бола білді. Ол өзінің қанатты күйлерімен поэзиядағы Махамбет сияқты ғылымдағы Шоқан сияқты, майдан даласындағы Кенесары сияқты, өршіл рухына қылау түсірмей, замана тауқыметін қайыспай арқалап ғұмыр кешті.
Дереккөзі: https://www.zharar.com/kz/referat/6826-kurmangazy_sagyrbayuly.html
Құрманғазы күйлерінің шығу тарихы
Құрманғазының алғашқы шығармаларының бірі – “Кішкентай”. Бұл күй көтеріліс басшысы Исатайға арналған. Оның шығарған “Ақбай”, “Ақсақ киік”, “Көбік шашқан”, “Түрмеден қашқан”, “Адай” деген күйлерінде нұрлы болашақ, халық үміті, үстем тапқа деген ыза-кек шебер суреттеледі. Күйші “Сарыарқа” күйі арқылы туған жерді, кең байтақ даланы көз алдына келтіреді. Құрманғазы күйлері тыңдаушысын бай сазымен, кербез нақышымен, жігерлі қуатымен борандатып, ұшқыр екпінімен баурап əкетеді.
Күйлерінің көпшілігінің тақырыбы бар, құрылымы жағынан бір жүйеге түскен ауқымды туындылар. Күйші домбыраның орындау əдістерін, аспаптың дыбыстық жəне техникалық бай мүмкіндіктерін мейлінше толық қолдана білген. Құрманғазы күйлерінің ерекшеліктеріне – күйдің шарықтау шегінің, яғни кіші саға мен үлкен сағаның жазыла түсуінің арқасында домбыра диапазоны толық игеріліп, күйдің өзіндік өлшемі мен ырғағы шығарманың өне бойында ауытқымай сақталып отырады. “Балбырауын”, “Ертең жетем”, “Бұқтым-бұқтым”, “Балқаймақ”, “Боз қаңғыр”, “Не кричи не шуми”, “Айжан-ай”, “Лаушкен” т. б. көптеген күйлері жайлы төменде толық анықтамалар беріледі:
«Сарыарқа» күйі туралы
Еуелі Құрманғазы күйшілігі мен күйлеріне шолу жасай келіп, «Сарыарқа» күйіне тоқталсақ. Неше рет жер аударылып, Сібір түрмелеріне қамалып, аяғына кісен салынып, «Кісен ашқан», «Түрмеден кашқан» күйлерін шығарған Құрманғазы «бірде түрмеден қашып келе жатып, Арқа, Алатауды басып өтіп, өз еліне жеткен екен, «Сарыарқа», «Алатау» күйлерін сол жерлерде жол-жөне-кей қона-түней жүрген кездерінде шығарыпты» деген әңгімелер бар. Сол әңгіме желісі бойынша Құрманғазы бір түрмеден қашқан жолында Арқадағы атақты күйші Тәттімбетке соғып, күй тартысып, сауық-сайран құрып, ұзақ күндер қадірлі қонағы болыпты. Сонда Тәттімбеттің сый-сияпатына риза болған Құрманғазы Тәттімбетке «Сізге арнаған сыйым болсын» деп осы «Сарыарқа» күйін шығарып, тарту етіпті дейді. «Сарыарқа» күйіне айызы қанып, рақат-танған Тәттімбет, «ендеше мен де саған бір күй арнайын» деп «Көкейкесті» күйін Құрманғазыға арнаған екен. Осыдан соң Тәттімбет Құрманғазының астына жарау ат мінгізіп, жанына жүз қаралы жігіт ертіп, жүз шақырымдай жерге шығартып салдырған екен деседі.
Ал енді «Сарыарқа» күйінің өзіне келетін болсақ, бұл күй тек Құрманғазының ғана емес, жалпы қазақтын ұлттық топырағында туған аспаптық музыкамыздың асқаралы шыңы деуге болады. Сондықтан да Құрманғазы атындағы Мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрі барлық концерттерін осы күймен аяқтап отырады. Оркестрде осындай жайдың қалыптасуына ықпал еткен қалың көпшілік көрермен қауымның өзі. Себебі, әйгілі Құрманғазы атындағы оркестр концерттерінің бірде-бірінде көпшілік оркестрді «Сарыарқа» күйін орындатпай сахнадан жібермейді, «Сарыарқа» деп залдың әр тұсынан дауыстай қол шапалақтап отырып алатын болған.
1950 - 1956 жылдар аралығында Құрманғазы атындағы оркестр гастрольдік сапармен Қытай халық республикасына бірнеше рет барып, концерттері жоғары бағаланып, үлкен шығармашылық жеңіске жетті. Қытай жерінде өткен сондай алғашқы концерттерінің бірінде «Сарыарқа» күйі орын-далғанда зал толы жұрт түгелдей орындарынан түрегеліп тұрып тыңдапты. Осы жайға куә болғандардың айтуынша тыңдарман көпшілік кауымның күй басталғаннан-ақ орындарынан ұшып тұруы оны біздің ұлттык әнұранымыз екен деп түсінгендіктерінен болса керек. Міне, күй құдіреті осындай.
Расында да әрі шаттық-қуанышты, әрі жігерлі, фанфармен бір тосын алапат күшті сездіретіндей «Сарыарқа» күйінің кіріспесінің өзі кім-кімді де елең еткізетіндей әсерлі естіледі. Күй үздіксіз алға ұмтылған қуаттылығымен қазақтың дүбірлі кең даласының бүкіл тіршілік-тынысын, елдігі мен еркіндігін, қайтпас қайсарлығы мен ерлігін, құдіретті жойқын күшін танытқандай. Күй толассыз ілгері ұмтылуы арқылы дала төсінде кеудесін желге қарсы тосып, ат құлағында ойнап, құйғыта құйындатып шапқан, ертеңіне сеніммен бет түзеген, өмірсүйгіш қазақтың батырлық мінезінің образын бергендей болады. Былайынша жайбарақат жатқан жомарт тірлікті қазақтың сары даласында тынымсыз өмір өтіп жатқанын және ол халқымыздың елдігі, ар, намыс, абыройы үшін, өмір үшін күреспен өтіп жатқанын білдіретіндей.
«Көңіл күй баспалдағы» рефлексиясы
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?