Нәтиже сабақ. № 11. Қазақ тілі (орыс сыныбы), 3 сынып, дидактикалық материал.
Сабақтың тақырыбы: Нәтиже сабақ.
Сабақтың мақсаты:
3.1 Оқу түрлерін қолдану
3.3.1.1* мәтінді немесе оның бөлімдерін мәнерлеп оқу, шолып (танысу мақсатында) оқу/рөлге бөліп оқу
4.2 Тыңдаған/ оқыған/көрген материалдың мазмұнын жазу
3.4.2.1* оқыған/аудио/бейне материалдың мазмұнын тірек сөздерді қолданып жазу
5.1 Грамматикалық нормаларды сақтау (лингвистикалық терминдерді қолданбау)
3.5.1.5* үлгі бойынша сөйлемдегі сөздердің орын тәртібін сақтап жай сөйлем және мұғалімнің қолдауымен құрмалас сөйлем құрастыру.
Ертеңгілік шеңбер. «Жүректен жүрекке»
Оқушылар шеңбер болып тұрады. Бастапқы қатысушы жанындағы көршісіне жүректің моделін беріп, жақсы тілек айтады, солай жалғаса береді: мейірімді бол, ақылды бол, ұқыпты бол, батыл бол, т.б. Мақсаты: жылылық, сенімділік деңгейін, сыйластықты дамыту. Бұл тәсіл сабақтың ең басында жылы тілектер айту арқылы жағымды психологиялық ахуал қалыптастыруға және сөздік қорларын молайтуға көмектеседі.
Сабақтың тақырыбы мен мақсаты.
Сабақтың басында мұғалім сабақтың тақырыбымен, мақсаттарын оқушыларға түсінікті тілмен жеткізуі керек. Оқушы осы сабақта нені білу керектігін жақсы түсінуі керек. Сабақ барысында қажетіне қарай сабақ мақсаттарын оқушылардың естеріне түсіріп отырыңыз.
Сабақтың өту барысы.
Бұл нәтиже сабақ болғандықтан, оқушылардың осы бөлімде неге үйренгендерін тексеріп, бақылап, әрі қарай ілгерілеуіне өзіңізге қорытынды жасайсыз. Бірақ оқушылардың үрейін емес, қызығушылықтарын тудыру үшін сабақтың басында «Қазына іздеу» ойынын ұсыныңыз және соңында қазынаға жеткен оқушыларды тосын сый тосып тұрғанын айта кетіңіз.
«Қазына іздеу» ойынының орындау барысымен таныстырыңыз. Тақырыпқа байланысты құнды бір ақпаратты жасырып қойыңыз (қалауыңыз бойынша тәтті сыйлықтарды да жасыруға болады). Оқушылар жасырын ақпаратты табу үшін кедергілерден өтеді, яғни тапсырмаларды орындайды. Оқушыларға ҚМЖ-да берілген карта (маршрут) ұсыныңыз. Кедергі 5 кезеңнен тұрады, яғни 1-кезең. Мәтінмен жұмыс. 2-кезең. Кім жылдам? 3-кезең. Жалғауларды байланыстыру. 4-кезең. Сөйлем құрастыру. 5-кезең. Коллаж әңгімесі «Менің досым» деген тақырыпта фотоколлаж дайындайды. Досының қандай бала екенін айтады.
Барлық кезеңнен өтіп, қазынаға жеткенде оқушылардың белсенділігін мадақтап, жолдағы кедергілерден сүрінбей өтіп, қазынаға жеткендерін айтыңыз және қазынадағы құнды ақпаратпен таныстырыңыз (ғажайып сөздер).
1- кезең. Оқылым.
Оқушылар мәтінді оқиды, түсініксіз сөздердің астын сызады. Оқылымның барысында оқушыларға таныс емес сөздерге түсінік беріп отырыңыз. Мәтінді толық түсінгеннен кейін, ой шақыру мақсатында сұрақтарға жауап береді. Соңында оқушылардың жауаптарын мадақтаңыз. Содан кейін оқушылар түстер бойынша топқа бөлінеді. «Дәлелде» әдісімен әр топ «Анар ұқыпты қыз» деген тұжырымды дәлелдеуі керек, ол үшін постер жасайды, басқа топтардың алдында қорғайды. Мәтіннің мазмұнын түсініп алғаннан кейін мәтін бойынша оқушыларға тірек сөздер мен суреттер беріңіз. Берілген тірек сөздерді қолданып, суреттер бойынша мәтіннің мазмұнын жазады. Алдын-ала дескриптормен таныстырыңыз. Әркім өз жұмысын тексеріп, тақтада көрсетілген критерий бойынша бағалайды. Барлық оқушыдан сұрау қажет емес, 2-3 оқушыдан сұрасаңыз жеткілікті. (Жұмыстарын жинап алып, сабақтың соңынан тексеріңіз).
2-кезең. Кім жылдам?
«Кім жылдам?» ойыны арқылы өткен тақырып бойынша тақтада жасырынған ұяшықтарды таңдайды, сұрақтарға жауап береді. Топтар кезектесіп сұрақтарға жауап береді, жауап бере алмаса, келесі топ жауап береді. Соңында топтар бір-бірін ұпай санымен бағалайды.
3-кезең. Жалғауларды байланыстыру.
Сергіту сәтінен кейін «Мен-Сен-Ол» әдісімен оқушылар өлеңдегі берілген жақ жалғауын өзгертеді, яғни «Мен» сөзін «Сен», «Сен» сөзін «Ол» сөзіне өзгертіп, оқиды. Соңында «1 жұлдыз, 1 тілек» әдісі арқылы топтар бір-бірін бағалайды.
4-кезең. Сөйлем құрастыру.
Берілген сөздерді пайдаланып, жай және құрмалас сөйлемдер құрайды. Оқушыларға үлгі көрсетіледі. Соңында дескриптор арқылы өздерін бағалайды. Бірнеше оқушының сөйлемдері тыңдалады. (Жұмыстарын жинап алып, сабақтың соңынан тексеріңіз).
5-кезең. Коллаж әңгімесі
Оқушылар «Менің досым» деген тақырыпта фотоколлаж дайындайды. Досының қандай бала екенін айтады. «Менің досым» атты тақырыпта оқушылар алдын-ала үйден А4 парағына дайындап келген постерін үлкен постерге жабыстырып, коллаж жасайды, содан кейін осы коллаж бойынша әркім өзінің досы туралы айтып береді. Постерді дайындау барысында алғырлық, эстетикалық талғам мен қиялдау қабілеттері дамиды.
Рефлексия, үй жұмысы.
Сабақты бекіту кезеңінде «Бір ауыз сөз» әдісін ұсынуыңызға болады. Оқушылар стикерлерге сабақ туралы бір ғана сөз жазып, оны тақтаға жапсырады. Өз ойларын түсіндіріп береді. Стикерлерге сабақты бағалайтын келесі сөздер жазылады (олар тақтаға алдын-ала жазылып қойылады): ұнады, пайдалы, қажет, білдім, үйрендім, қызықтым, ұмтылдым, есте сақтадым т.б. немесе ұнамады, түсінбедім, қызықсыз, қажетсіз т.б.
Сабақ соңында үй тапсырмасының қалай орындалатынына қысқаша түсінік беріңіз.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру