Дос болайық № 9. Қазақ тілі (орыс сыныбы), 3 сынып, дидактикалық материал.
МҰҒАЛІМГЕ АРНАЛҒАН НҰСҚАУЛЫҚ
3-сынып (НАЗАРБАЕВ ЗИЯТКЕРЛІК МЕКТЕПТЕРІ, ОМЖ БОЙЫНША)
2-тарау
Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен
Сабақтың тақырыбы: Дос болайық № 9
Сабақтың мақсаты:
3.3 Мәтіннің жанрлары мен түрлерін анықтау 3.3.3.1* мәтіннің жанрын (әңгіме, тұрмыс-салт жырлары, бата, мақал-мәтелдер) ажырату, баяндау/сипаттау мәтіндерін анықтау
4.3 Пунктуациялық нормаларды сақтау
3.4.3.1 өз бетінше жай сөйлемнің соңында қойылатын тыныс белгілерді қолдану.
Бұл сабақ оқушылардың оқылым және жазылым дағдыларын дамытуға бағытталған.
Ертеңгілік шеңбер. «Жылы жүрек».
Оқушылар шеңбер құрып, тұрады. Өлеңді жұптасып айтады. Бұл тәсіл сабақтың ең басында жылы тілектер айту арқылы біріншіден, жағымды психологиялық ахуал қалыптастыруға, екіншіден, сөздік қорларын молайтуға көмектеседі.
Сабақтың тақырыбы мен мақсаты.
Ребус шешу арқылы және сол ребус бойынша сұрақтарға жауап беру арқылы сабақтың мазмұнына болжау жасатыңыз. Өйткені болжату арқылы баланың сыни ойлау дағдысын дамыта аласыз. Әр сабақтың басында мұғалім сабақтың тақырыбымен, мақсаттарын оқушыларға түсінікті тілмен жеткізуі керек. Оқушы осы сабақта нені білу керектігін жақсы түсінуі керек. Сабақ барысында қажетіне қарай сабақ мақсаттарын оқушылардың естеріне түсіріп отырыңыз.
Жаңа сөздерді меңгерту.
Жаңа сөздерді меңгерту - сабақтың ең маңызды кезеңі. Сөздерді меңгертуде «Ассоциация» әдісін қолданыңыз. Мұғалім тақтада немесе қиылған қағазда жазылған сөзді көрсетеді. Оқушылар бұл сөз бойынша өздерінің ассоциацияларын айтады және оларды кестеге жазады. Сөздердің мағынасын түсінгеннен кейін оқушылардың өздеріне сөз тіркестерін, сөйлемдер құруларына мүмкіндік беріңіз. Оқушылардың ойлануына уақыт беріп, жауап беруге деген талпыныстарын үнемі қолдап отырыңыз. «Жоқ, дұрыс емес!», «Қате!» деген сөздер айтудан аулақ болыңыз. Баланың ынтасын жоғалтып алмау керектігін үнемі есте сақтаңыз. Сондай-ақ жаңа сөздерді оқушы сабақтың барлық кезеңдерінде қолдануына мән беріп отырыңыз. «Сөйлеу қабырғалары» бірнеше сабақ бойы оқушыларға көмек болу үшін, үлкен ақ парақтарға жазып іліп қойыңыз. Сөздерді меңгергеннен кейін алдағы сабақтарда да сол сөздерді қолданыстарына енгізгендері маңызды.
Оқылым.
Оқушылар шағын үш топқа бөлінеді. Жанр түрлерін қайталайды (таныстырылымнан). Топтарға жанрлық ерекшелікті көрсететін сөздер мен сөз орамдары ұсынылады. Оқушылар солардың ішінен өзіне берілген жанрға қатыстыларын іріктеп алып, дәлелдеу барысында қолданады (қолдауды қажет ететін оқушылар үшін). Оқушылар достық туралы мақал-мәтел, өлең, әңгіме оқиды. Тақырыбын және жанрын анықтайды, жауабын түсіндіреді. Әр топқа жанрдың әр түрінен беріңіз. 1 топқа мақал-мәтелдер, 2 топқа өлеңдер, 3 топқа әңгіме беріледі. Оқушылар топтың ішінде мәтіндерді оқып, өз ойларымен бөліседі, басқа топтардың алдында оқып, қорғайды. Дескриптор бойынша басқа топтың оқушылары бағалайды, яғни онда мәтіннің тақырыбын анықтау, мәтін жанрын анықтау, жанр ерекшелігін ажырату ескеріледі. Соңында мұғалім тарапынан кері байланыс жүргізіледі: Тапсырманы орындау қиын болды ма? Не қиын болды?
Сергіту сәтін жүргізгеннен кейін, оқушыларға оқылым мәтінін беріңіз. Түсініксіз сөздерге анықтама беріледі. Оқушылар мәтінді толықтай оқып, түсінік алған кезде, сұрақтарға жауап береді. Тапсырманы орындап болғаннан кейін, тақтадан дұрыс жауаппен өз жауаптарын тексереді, дескриптор бойынша бағалайды. Кері байланыс смайликтер арқылы жүзеге асырылады.
Жазылым.
Грамматикалық қоржын «Сәйкестендіру» әдісі арқылы жүргізіледі. Оқушыларға сөйлемдер мен сөйлімнің түрлері жазылған парақтар таратыңыз. Сәйкестендіріп болғаннан кейін, бірнеше баланың жауаптары тыңдалады. Содан кейін оқушылар берілген сөйлемдерді оқиды. Сөйлемнің соңына тиісті тыныс белгісін қояды, сөйлемнің түрлерін ажыратады. Дескриптор бойынша жұптар бір-бірінің жұмыстарын тексереді.
Айтылым.
Сабақты бекіту кезеңінде оқушылар жұп болып, достық ережесін құрады, өзара әңгімелеседі. Жауаптарын барлық оқушыдан сұрау қажет емес, 2-3 жұптан сұрасаңыз жеткілікті. Жұмыстың соңында жұптар бас бармақ арқылы бір-бірін бағалайды. Жұпқа бөлгенде, қабілеттері әртүрлі оқушыларды бірге отырғызыңыз. Қабылдау деңгейі жоғары оқушы жұбына қолдау көрсеткенін қадағалаңыз. Бір-біріне айтып жатқан уақытта, осы сабақта өзіңіз көздеген бір-екі жұптың қастарына барып тыңдаңыз. Өз дәптеріңізге қай оқушының неден қиналып отырғанын тіркеп отырыңыз. Бұл келесі сабақты жоспарлағанда өзіңізге қажет. Сол оқушылардың ілгерілеуіне ықпал ететін тапсырма дайындаңыз.
Рефлексия, үй жұмысы.
Сабақты бекіту кезеңінде оқушыларға «Жетістік баспалдағын» ұсынуға болады. Бұл ретте оқушылар өзін қай деңгейде, яғни қай баспалдақта тұрғанын белгілейді. Бірнеше оқушыдан «Неліктен?» ол баспалдақты таңдағанын сұрау қажет.
1. Жақсы түсіндім
2. Түсіндім
3. Сұрағым бар
4. Мүлдем түсінбедім
Сабақ соңында үй тапсырмасының қалай орындалатынына қысқаша түсінік беріңіз.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру