Өсімдіктегі су тасымалы. Биология, 11 сынып, дидактикалық материал.
Су тасымалы
Тамыр - суды сіңіру мүшесі ретінде тамыр жүйесі - суды сіңіретін негізгі, алайда, жалғыз емес мүшесі, жаңбыр жауғанда, тұман мен шық түскен кезде судың шамалы мөлшері өсімдіктің жерүсті бөліктерімен сіңіріледі. Негізінде сумен қанықпаған кез келген клетка суды сіңіре алады, тіпті кутикула да бөртуге қабілетті. Өсімдіктердің тамыр жүйелерінің көлемі үлкен.
Тамыр меристемасындағы әр клетка 6-7 рет бөлінеді. Клетка саны тамыр осінің бойымен ұлғаяды, нәтижесінде бойлық орналасқан қабаттар пайда болады. Меристеманың өзінде тамыр ұлпалары дифференцияланады да, перицикл қалыптасады, клетка қабықшаларында Каспари белдеушелері жоқ эндодерма айқындалады, флоэма элементтері пайда бола бастайды. Эндодерма — орталық цилиндрмен шектесетін қабықтың ішкі клетка қабаты. Оның клетка қабықшалары суды өткізбейтін, Каспари белдеушесі деп аталатын суберин мен лигнин қабатынан тұрады.
Бұл қабат апопласт арқылы су мен тұздардың тасымалына кедергі жасайды, сондықтан заттар эндодерма клеткаларын симпласт бойымен өтеді. Орталық цилиндрге эндодермамен қоршалған ұлпалар кешені жатады. Оның құрамына перицикл және өткізгіш элементтердің екі жүйесі: ксилема мен флоэма кіреді.
Өсімдіктегі су қозғалысына қатысты терминдер Симпласт – 1) Қабық саңылаулары арқылы плазмодесмаларымен өзара байланысқан барлық тірі клеткаларының протопласттары жиынтығы. Басқа сөзбен айтқанда, көрші клеткалары протопласттарының өзара қатынасын қамтамасыз ететін протоплазмалық жіпшелер торы. Осы торлар арқылы заттар бір клеткадан екінші клеткаға тасымалданады. Симпласттық тасымалдау – заттардың клетка сыртына шықпай, клетка цитоплазмасынан плазмодесмалар арқылы клеткадан клеткаға ауысуы. Каспари белдеушесі – бірқатар өсімдіктердің тамыр клеткасы қабықшаларының дөңгелек белдеуше сияқты болып тоздануы немесе сүректенуі. Ксилема – су мен басқа да заттарды тасымалдауға бейімделген, өткізгіш түтіктерден тұратын ұлпа. Қозғаушы күш – суды өсімдік бойымен жүргізетін күш.
Өсімдіктің тамыр жүйесіне судың келуі негізінен өсімдіктің өсуіне байланысты. Судың сіңіріліп, оның өсімдік бойымен жылжуы су потенциалының градиенті бойынша топырақ-өсімдік-атмосфера жүйесінде жүреді. Тамыр клеткаларының осмостық қысымы топырақ ерітіндісіне қарағанда айтарлықтай жоғары, сондықтан су тамырларға кіреді. Тамыр клеткаларымен осмостық сіңірілген су тамыр бойындағы апопласт пен симпласт арқылы радиальдік жолмен ксилемаға дейін жылжиды. Эндодермаға жеткен соң барлық су симпласт арқылы жүреді. Ксилема элементтеріне жеткен су тік бағытта алыс қашықтыққа тасымалданады.
Тамыр қысымы – төменгі қозғаушы күш Ксилема арқылы су тасымалы тамыр қысымы арқасында (төменгі қозғаушы күш) және транспирация (жоғарғы қозғаушы күш) көмегімен жүреді. Ксилема бойымен судың өрлеуші ағынын тасымалдайтын күш – топырақтан бастап атмосфераға дейін өсімдік арқылы су потенциалының градиенті, яғни айырмашылығы. Сонымен, су ксилема сосудтарына су потенциалының градиенті бойынша енеді.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру