Ресей Федерациясы туралы


Ресей Федерациясы

Ресе́й - Азия мен Еуропа құрлықтарында орналасқан мемлекет. Жер аумағы жағынан дүние жүзіндегі ең үлкен мемлекет. Ресеймен Қазақстан арасындағы шекара әлемдегі ең ұзын шекара болып табылады. Ресейдің мәдениеті дүниедегі ең ұлы мәдениеттердің бірі, жетістіктері орасан көп. Саяси жағынан Ресей — ықпалы зор мемлекет, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшесі. Ресейдің экономикасы жылына орташа есеппен 7% жылдамдықпен өсуде, бұл дүние жүзіндегі ең жоғары өсу қарқындарының бірі. Орасан зор табиғи байлықтары, қуатты қарулы күштері мен білім деңгейі өте жоғары халқы — Ресей қуатының кепілі.

Экономикалық-географиялық жағдайы

Оңтүстік пен оңтүстік-шығыста Қытаймен , оңтүстік-шығысында Солтүстік Кореямен , Монғолиямен , Қазақстанмен , Әзірбайжанмен , оңтүстік-батыста – Украинамен , батыста – Финляндиямен , Беларусьпен , Эстониямен , Латвиямен , Норвегиямен шектеседі.

Әкімшілік-аумақтық құрылымы

Ресей Федерациясы құрамына тең құқықты федерациялық бірліктер кіреді.

Әрбір федерациялық бірліктің заң шығару, сот және басқа органдары бар. Сонымен қатар Ресей Федерациясы аумағында мемлекеттік биліктің бірыңғай органдары қызмет етеді, жалпыға ортақ Конституция, бірегей азаматтық, ортақ ақша бірлігі және т.б. тағайындалған.

21 республика

46 облыс

9 өлке

2 федерадиялық деңгейдегі қала

(Мәскеу және Санкт-Петербург)

1 дербес облыс

4 дербес округ

Табиғат жағдайлары

Ресейдің табиғат жағдайы алуан түрлілігімен ерекшеленеді. Ол, ең алдымен, алып жатқан аумағының өте үлкен болуымен байланысты. Ресей жерінің көпшілік бөлігін жазықтар (70%-ға жуығын) мен 1000 м биіктікке дейінгі таулы үстірттер алып жатыр. Олардың ауданы жағынан ең ірілері: Шығыс Еуропа (Орыс) жазығы, Батыс Сібір ойпаты мен Орта Сібір таулы үстірті. Олардың оңтүстігі мен шығысын таулар жүйесі қоршай орналасқан. Жер бедерінің құрылымы шаруашылық әрекеттерді жүргізуге қолайлы болып келеді. Үлкен жазықтар ауыл шаруашылығын өркендетуді, өзендердің кеме қатынасына қолайлы болуын, жол және көпір құрылыстарын салуды жеңілдетеді. Алайда жер бедері құрылымының қолайсыз жақтары да жеткілікті. Солтүстікке қарай ендік бағыттағы тау жоталарының болмауы арктикалық ауа массаларының оңтүстіктегі тау белдеулеріне дейін еркін қозғалуына мүмкіндік берсе, керісінше Қиыр Шығыстағы тау жоталары Тынық мұхит үстінен келетін ылғалды ауа массаларының тереңдеп енуіне кедергі жасайды.

Географиялық орны, жер бедері мен климаттық жағдайдың арақатынасы Ресей жерінде мынадай табиғат зоналарын қалыптастырады: тундра, орманды тундра, ормандар (тайга, аралас және жалпақжапырақты ормандар), орманды дала, дала, шөлейт және шөл зоналары. Таулы аудандарға биіктік белдеулері тән. Осындай табиғат жағдайы ауыл шаруашылығының мамандануына, халықтың орналасуы мен тығыздығына, өнеркәсіп пен құрылыс кешендерінің қалыптасуына өзіндік ықпалын тигізеді.

Табиғат ресурстары

Ресей жері табиғат ресурстарының барлық түріне бай, әсіресе минералдық ресурстар құрамы өте алуан түрлі. Елде 20 мыңнан астам аса маңызды кен орындары барланған, оның 40%-дан астамы өндірісте игерілуде. Ресей дүниежүзі бойынша жер қоры, ағаш сүрегі, теңіздердің толысу энергиясы, өзендердің су-энергетикалық қоры жөнінен 1-орынды, ал өңделетін жер үлесі жөнінен 3-орынды иеленеді.

Минералдық ресурстары

Елдегі минералдық ресурстардың 70%-дан астамын отын-энергетикалық ресурстар (газ, көмір, мұнай), 15%-ын кенсіз қазба байлықтар, 13%-ын металдар, 1 %-ын алмас пен бағалы металдар (алтын, күміс, платина) құрайды. Минералдық, шикізат өндіру Ресей экономикасының жетекші саласы болып табылады.

Жер ресурстары

Жер ресурстарының жалпы қоры жөнінен Ресей дүниежүзіндегі ең алдыңғы қатарлы ел. Елдің жалпы жер қоры — 1709,8 млн га. Жан басына шаққандағы жер үлесі — 11,5 га, бұл дүниежүзілік көрсеткіштен (3 га) әлдеқайда жоғары. Алайда жер қорының 1/3-і ғана пайдалануға жарамды, онда Ресей халқының 95%-ы қоныстанып, бүкіл шаруашылық салалары құрылымдарының 93%-ы шоғырланған. Ауыл шаруашылығына жарамды жерлер де осы үлеске кіреді. Ресейге дүниежүзіндегі аса құнарлы қара топырақтың 1/3 бөлігі тиесілі.

Алайда соңғы жылдары жер ресурстарының сапасы нашарлап, жер эрозиясы белең алуда. Жалпы алғанда, ауыл шаруашылығына жарамды жерлердің 80%-ы, жыртылған жерлердің 60%-дан астамы жоспарлы түрде қорғау мен қайта калпына келтіруді қажет етеді. Сонымен қатар 7%-дан астам жер әртүрлі деңгейдегі шөлейттену процесіне ұшырауда.

Агроклиматтық ресурстары

Агроклиматтық ресурстар Ресей жерінде ауыл шаруашылығының барлық салаларын дерлік өркендетуге мүмкіндік береді. Көпшілік бөлігі егіншілікті дамытуға қолайлы, топырақ құнарлылығы, жоғары ылғалдылығы мен қарқынды температуралар (10°С-тан асатын) жиынтығы жеткілікті қоңыржай белдеуде орналасқан. Ондай аудандарға Ресейдің орталық бөлігі, Батыс Сібір мен Қиыр Шығыстың оңтүстігін алып жатқан орманды дала және дала зоналары жатады.

Мұндай агроклиматтық жағдайда бидай, қарабидай, арпа, бұршақ, зығыр, қарақұмық, картоп, кейбір көкөніс түрлерін, малазықтық дақылдарды өсіруге мүмкіндік бар. Ресейдің ең жылы бөлігі Қара теңіз жағалауы мен Солтүстік Кавказ жерлерінде жылуды көбірек қажет ететін көкөністер мен жемістер, тіпті кейбір субтропиктік дақылдар да өсіріледі.

Орман ресурстары

Ресей жері орман ресурсына да бай. Дүниежүзіндегі ормандардың 22%-ы Ресейге тиесілі. Жан басына шаққандағы орманмен қамтамасыз етілуі — 5,3 га, бұл көрсеткіш бойынша Ресей көшбасшы болып тұр. Ең көп таралғаны қылқан-жапырақты ағаштар, олар бүкіл орман қорының 90%-ын құрайды. Орман аумағының көп бөлігі балқарағайдан тұрады, сондай-ақ қарағай, шырша және самырсын ағаштары да басым. Ормандардың көпшілігі елдің шығысында, яғни Шығыс Сібір мен Қиыр Шығыста, одан кейін Батыс Сібір мен Оралда шоғырланған. Ормандар аумағының қысқаруына өрттің шығуы жиі себепші болуда. Әсіресе орман өрттері Ресейдің азиялық бөлігінде климат континенттілігіне байланысты жиі байқалады.

Су ресурстары

Ресей жері су ресурстарына да өте бай. Ресейде 2,5 млн-нан аса өзен, 2 млн-ға жуық көл бар. Ресейде бір жыл ішіндегі жан басына шаққандағы өзен ағынымен қамтамасыз етілуі 30 мың м3-ге тең, алайда бұл көрсеткіш оның барлық бөлігінде бірдей емес. Орталық қара топырақты ауданның өзен ағынымен қамтамасыз етілуі Шығыс Сібір мен Қиыр Шығыстағы көрсеткіштен 100 есе төмен. Ресейдің ең ұзын өзені — Лена (4 400 км), ең мол сулы езені — Енисей. Сонымен қатар сумен қамтамасыз ету мақсатында Ресейде 40-тан астам ірі су бөгендері салынған. Ең үлкені — Братск (дүниежүзінде екінші орында) су бөгені. Тұщы судың аса мол қоры Байқалда шоғырланған.

Ресей жерасты суларының қорына да бай, негізгі пайдаланылатын ресурс Еуропалық бөліктегі артезиан алаптарына тән.

Суды пайдалануда өндіріс қажетіне 59%, тұрмыс қажеті мен ауыз су үшін 20%, суландыру мақсатында 13%, ауып шаруашылығы үшін 2%, ал қалған 6% басқа қажеттіліктер үшін жұмсалады.

Ресей өзендерінің 500-ден астамы кеме жүруге қолайлы. Олардың кеме жүзуге жарамды жалпы ұзындығы 300 мың км-ден асады.

Ресей өзендерінің энергетикалық әлеуеті де жоғары, онда дүниежүзіндегі су-энергетикалық қордың 12%-ы шоғырланған. Оның Еуропалық бөліктегі үлесі 20%, ал Азиялық бөлікте 80%-дан асады.

Биологиялық ресурстары

Ресейдің ормандары, өзендері мен көлдері және теңіз жағалаулары биологиялық ресурсқа да аса бай болып келеді. Әсіресе Баренц, Охот, Беринг теңіздері мен Обь, Енисей өзендері алабының кәсіптік балық аулауда маңызы жоғары. Ормандарда терісі бағалы аңдардың көптеп таралуы аң шаруашылығын дамытуға мүмкіндік береді.

Рекреациялық ресурстары

Ресейдің алуан түрлі табиғат жағдайы рекреациялық ресурстардың күрделі жиынтығын қалыптастыруға негіз болған. Табиғи-рекреациялық ресурстардан қолайлы қойнаулар мен жағалаулар (теңіз, өзен, көл), таулар мен ормандар, минералды сулар, табиғат ескерткіштері, табиғи саябақтар өте көп таралған. Ондай аудандарға Байкал, Телец, Селигер, Мещера көлдерінің айналасы, Уссури және Қиыр Шығыс тайгасы, Краснояр Бағаналары, Камчаткадағы Гейзер аңғары, Алтай-Саян және Орал таулары, Солтүстік Кавказ бен Қара теңіз жағалауы, сондай-ақ ірі езен жүйелерінің көптеген бөліктері кіреді.

Тарихи-мәдени рекреациялық ресурстар жиынтығы да жеткілікті дәрежеде. Ондай орындар, әсіресе Ресейдің Еуропалық бөлігінде көбірек шоғырланған. Олардың болашақ ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие берудегі және Ресей тарихын туристерге таныстырудағы танымдық маңызы өте жоғары.

Ресейде табиғат ресурстарына тән мынадай ортақ белгілер бар:

ресурстар қоры өте мол және алуан түрлі;

ресурстар өз дәрежесінде әлі толық зерттелмеген;

ел аумағы бойынша біркелкі таралмаған және олардың басым көпшілігі нашар игерілген, табиғат жағдайы қолайсыз аудандарда шоғырланған;

жақсы игерілген аудандардағы ресурс қоры сарқылуға жакын.

Халқы

Ресей Федерациясы халқының саны 144 млн адамды құрайды. Бұл көрсеткіш бойынша Ресей дүниежүзінде Қытай, Үндістан, АҚШ, Индонезия, Бразилия және Пәкстан, Бангладеш, Нигериядан кейін 9-орын алады. Ресей ғалымдарының болжамы бойынша, алдағы онжылдықта елдегі халық санының қыскаруы одан әрі жалғаса береді.

Халқының ұлттық құрамы

Ресей көп ұлтты елдер қатарына жатады, мұнда 160 ұлттар мен ұлыстардың өкілдері тұрады. 100-ге жуық ұлттар мен ұлыстар Ресейдің; байырғы халқына жатады. Саны жөнінен басымы — орыстар, олар Ресей халқының 80%-ын құрайды. Орыс халқының ең басым ауданы — Орталық қара топырақты аудан, мұнда олардың үлесі 95%-дан асады. Ресей аумағында 30-дан астам ұлттық автономия құрылған, бірақ олардың көпшілігінде байырғы халыққа қарағанда орыстардың саны басым.

Тілдік құрамы жағынан Ресей халықтары, негізінен, үндіеуропалық (халықтың 89%-ы), алтай (7%), кавказ (2%) және орал (2%) 4 тіл семьяларына жатады. Ресейдің мәдени кеңістігінде орыс тілі мен мәдениетінің ғана емес, басқа халықтардың, соның ішінде шағын ұлыстардың тілі мен салт-дәстүрлерінің сақталуына айрықша көңіл бөлінген. Орасан зор аумақты алып жатқан Саха республикасының байырғы тұрғындары түркі тілдес якуттар болып табылады. Солтүстіктің басқа халықтары, негізінен, бұғы шаруашылығымен айналысса, якуттар атакәсібі болып саналатын жылқы өсіруден әлі қол үзген жоқ. Елдің солтүстігін, Қиыр Шығысты саны жағынан аз ұлттар мен ұлыстар мекендейді

Орналасуы

Елдің әртүрлі бөліктерінде халық әркелкі орналасқан. Жалпы алғанда, Ресей аумағы бойынша халық тығыздығының орташа көрсеткіші 1 км2-ге 8,5 адам, бұл әлемдік орташа керсеткіштен 4 есе төмен. Ресей аумағының 1/4 бөлігін ғана алып жатқан еуропалық бөлікте халықтық 79%-ы тұрады. Мұнда 1 км2 аумақка 30 адамнан келеді. Ал елдің басым бөлігін (3/4) камтитын азиялық бөліктің үлесіне барлық халықтың 21 %-ы ғана тиесілі. Халық тығыздығы мұнда 1 км2-ге бар болғаны 2,5 адамды құрайды.

Ресейдегі халық тығыздығы:

Солтүстік - 4 адам/км²

Солтүстік-Батыс - 39адам/км²

Орталық- 60адам/км²

Волга-Вятка - 31адам/км²

Орталық қара топырақты- 46 адам/км²

Волга бойы- 31адам/км²

Солтүстік Кавказ- 49адам/км²

Орал- 24,5адам/км²

Батыс Сібір- 6адам/км²

Шығыс Сібір- 2адам/км²

Қиыр Шығыс- 1адам/км²

Калининград облысы- 62,5адам/км²

Ресей, орта есеппен- 8,5адам/км²

Халық тығыздығы

Халық тығыздығы табиғат жағдайларының қолайлы болуына тікелей байланысты. Ресейдің халық тығыз қоныстанған аудандарында табиғат жағдайы қолайлы болып келеді. Мысалы, Солтүстік Осетияда тығыздық 1 км2-ге шаққанда 80 адамды құраса, табиғаты қолайсыз Таймырда бұл көрсеткіш 1 адамға тең. Ірі қалалар мен олардың маңында халық тығыздығының жоғары болуын әлеуметтік-экономикалық жағдаймен түсіндіруге болады. Мысалы, Мәскеу қаласы мен облысында халық тығыздығы 1 км2-ге 320 адамға жетеді. Еуропалық бөліктің солтүстігінен басқа аумағын және азиялық бөліктегі Транссібір теміржолы бойындағы аудандарды қамтитын жолақта Ресей халқының 93%-ы тұрады. Елдегі ең ірі қалалар мен миллионер қалалардың барлығы дерлік осында орналасқан.

Солтүстікке және шығысқа қарай халық тығыздығы азая береді. Ел аумағының 2/3 бөлігін қамтитын Солтүстік ауданда бүкіл халықтың 6%-ы ғана тұрады. Бұл аудандарда қала халқының үлесі жоғары, ал қалалардың орналасуы минералдық ресурстарды өндірумен тығыз байланысты болады. Сібірдің оңтүстігінде (Алтай, Тува республикалары) де халық сирек қоныстанған, мұнда ел халқының 1 %-ы ғана тұрады, бірақ ауыл халқының үлесі жоғары. Халықтың әркелкі орналасуы және көптттілік аумақта өте сирек қоныстануы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына кедергі келтіретін факторлардың бірі болып табылады.

Ресейде, негізінен, қоныстанудың екі түрі (қалалық және ауылдық) басым. Жалпы алғанда, Ресейде 150 мыңға жуық ауылдық елді мекен бар. Олардың саны, әдетте, ауыл шаруашылығы өркендеген аудандарда көбірек. Көлік қатынасы және рекреациямен (емдеу-сауықтыру және демалыс орындары), сондай-ақ орман шаруашылығымен байланысты ауылдың елді мекендер де бар. Қазіргі кезде ауылды жерде тұратындардың тек 55%-ы ғана ауыл шаруашылығында жұмыс істейді.

Қазіргі кезде Ресей халқының 73%-ы қалада тұрады. Қала халқының үлесі, әсіресе Солтүстік-Батыс (87%) және Орталық (80%) аудандарда жоғары. Алтай, Тува, Қалмақ республикаларында, солтүстіктегі ұлттық автономиялық округтерде урбандалу деңгейі 50%-дан төмен. Ал ауыл шаруашылығы дамыған Солтүстік Кавказ бен Краснодар өлкесінде қала халқының үлесі 54%-ды құрайды.

Ірі қалалары

Халқының саны бойынша Ресей қалалары шағын (халық саны 50 мың адамға дейін), орта (50—100 мың адам), ірі (100—500 мың адам), аса ірі (500 мыңнан 1 млн адамға дейін) және миллионер қалаларға бөлінеді. Үлкен қалалардың атқаратын қызметі көптеген саланы қамтиды. Ел экономикасы мен әлеуметтік өмірінде, әсіресе миллионер қалалардың маңызы зор. Миллионер қалаларда елдегі барлық қала халқының 1/4 бөлігі шоғырланған.

Елдегі ең ірі агломерациялар Мәскеу (13 млн тұрғыны бар) және Санкт- Петербург (6,5 млн адам) маңында қалыптасқан.

Мәскеу халық саны жөнінен Еуропадағы ең ірі қала болып табылады. Қала шамамен 1000 км² аумақты қамтып жатыр. Қала туралы алғашқы мәліметтер жылнамаларда 1147 жылы жарық көрген. XV ғасырдан бастап біртұтас Ресей мемлекетінің астанасы болып жарияланған. 1922—1991 жылдардың аралығында КСРО астанасы қызметін атқарған Мәскеу елдегі аса ірі әкімшілік, экономикалық және мәдени орталыққа айналды. Қалада 4 ірі әуежай, аса ірі метрополитен, жүздеген кәсіпорындар, 80-нен астам жоғары оқу орны шоғырланған. Қалада 1000- нан астам ғылыми мекемелер жұмыс істейді

Шаруашылығы және өнеркәсібі

Ресей Федерациясы — өтпелі экономика тән индустриялы-аграрлы ел. Кеңес Одағының ыдырауына байланысты ел экономикасы терең дағдарысқа ұшырады. Біртұтас мемлекет құрамында болған елдер тәуелсіздігін алған соң, олардың арасындағы тығыз экономикалық байланыс үзілді. Мұның өзі жаңа экономикалық одақ құруға түрткі болғанын білесіңдер. Ресей экономикасында жүрген экономикалық қайта құрулардың басты бағыттары мынадай болды: 1) экономикалық әрекетке еркіндік берілуі; 2) экономиканы басқаруда және реттеуде мемлекет үлесінің азаюы; 3) мемлекет меншігінің акционерлік ұжымдар мен жеке адамдар меншігіне өтуі. Жүргізілген қайта құрулар нәтижесінде экономиканы басқару сипаты ғана емес, оның салалық құрылымына, қаржыландыру жүйесіне, басқа елдермен экономикалық байланыстарына да өзгерістер енгізілді.

Ауыл шаруашылығы

Ауыл шаруашылығы Ресейдің экономикасын дамытудағы аса маңызды буын болып саналады. Өйткені ауыл шаруашылығы материалдық өндірістің шешуші саласы, ол халықты тек азық-түлікпен қамтамасыз етумен шектелмейді, сондай-ақ өнеркәсіптің көптеген салалары үшін аса қажетті шикізат та өндіреді. Сонымен қатар өндірілген өнімдерді дер шағында сапалы өңдеп, дәл уақытында халыққа жеткізу де қажет. Осы шараларды орындау мақсатында ауыл шаруашылығы шаруашылықтың көптеген салаларымен тығыз қарым-қатынас орнатады. Осы байланыстар негізінде агроөнеркәсіптік кешендер қалыптасады

Ауыл шаруашылығы екі маңызды саладан құралатындығын сендер білесіндер, олар: өсімдік шаруашылығы және мал шаруашылығы. Ресейде ауылшаруашылық өнімдерінің үлесі жөнінен өсімдік шаруашылығы жетекші орында, яғни жалпы өнімнің 55%-ы тиесілі. Ал қалған 45%-ы мал шаруашылығы өнімдерінің үлесінде. Жоғары дамыған елдерде, керісінше мал шаруашылығының өнімдерінің үлес салмағы төмен. Сондықтан да Ресей ауыл шаруашылығы алдында тұрған басты міндеттердің бірі — мал шаруашылығын мүмкіндігінше өркендету.

Өсімдік шаруашылығы

Ресейдің өсімдік шаруашылығының басты құрамдас бөліктерше дәнді дақылдар, техникалық дақылдар, көкөніс пен бақша, бақ және жүзім, малазықтық дақылдар өсіру жатады. Онша ауқымды емес жерлерде темекі мен шай өсіріледі. Жалпы жыртылатын жердің 56%-ы дәнді дақылдар, 5%-ы картоп пен бақша, 6%-ы техникалық дақылдар, 33%-ы малазықтық дақылдардың үлесіне тиесілі.

Мал шаруашылығы

Ресейдің мал шаруашылығындағы жетекші салаларға ірі қара өсіру, шошқа және қой шаруашылықтары жатады. Соңғы он жыл ішінде Ресейде мал басының саны 2—3 есеге дейін кеміп кетті. Мал шаруашылығының өркендеуіне мал азығының жеткілікті дайындалмауы, мал тұқымын асылдандыру шараларының өз дәрежесінде жүргізілмеуі кедергі жасайды.



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Ораза айт намазы уақыты Қазақстан қалалары бойынша
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
Пікір жазу