Мамырсүйген


Сәуле шашқан, алаулаған шырайлы,

Мамырсүйген деп атайық бұл айды,

Себебі, бір жамандықтан аулақ боп,

Бір жақсылық болатұғын сыңайлы.

 

Сирень өскен бақшаларға бір барып,

Іңкәрдария сезімінде ырғалып,

Жүрейікші, кеудеге ән толтырып,

Жүзімізге нарттай қызыл нұр тамып.

 

Жағу үшін шырақтардан бір алау,

Керек шығар тұңғиыққа құламау.

Мүмкін біздің жолымыз да ашылар,

Мүмкін бізге бақ қонатын шығар-ау.

 

Сәуле шашқан, алаулаған шырайлы,

Мамырсүйген деп атайық бұл айды,

Себебі, бір жамандықтан аулақ боп,

Бір жақсылық болатұғын сыңайлы.

 

***

Таныс әуен естігенде құлағым,

Кеудеме орнап қалатындай бір ағын.

Сағындым мен қайтқан қаздың қаңқылын,

Тырналардың тырауын.

 

Сәулесіне шомылғанда сағым қыр,

Шуағына жылына алсам бағым бұл.

Таудан аққан тас бұлақтың, тәңірім,

Мөлдірлігін сағындыр.

 

Дала, дала көкірегін көрік деп,

Жырларыңды,

Жұмбағыңды беріп кет.

Ақ селеуге ұқсаса екен өлеңім,

Ақ жусанға еліктеп.

 

Сұңғақ атты, сұлу қызды, сымбатты,

Сағым дала қаншама әнді тыңдатты.

Шешіле бір сыр ақтарсам деп едім,

Шиеге аунап күн батты...

 

Қайрат СЕЙТҚАЗИН


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:



Іздеп көріңіз:

Жаңалықтар:

Қарап көріңіз:

Пікір жазу


Ілмектер: мамыр, сүйген, өлең

Келесі мақала жүктелуде...
Біз cookie файлдарын пайдаланамыз!
Біздің сайтты пайдалануды жалғастыра отырып, сіз сайттың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ететін cookie файлдарын өңдеуге келісім бересіз.
Жақсы