Мұқағали Мақатаев (Менің мақсатым)

 Мұқағали Мақатаев (Менің мақсатым)

Мен жырламаймын,
Сырласамын.
Сыры бар замандаспен мұндасамын.
Асыққан уақытпен,
Адымымды
Абайлап, анда-санда бір басамын.

Көгендеп жыр қосағын,
Келмейді жыр жасағым.
Бөгендеп бетонменен қоя алмаймын,
Өзінше емін-еркін туласа ағын.

Ғайыптан пайда болған сайтандайын.
Жыр туса, қайтармаймын.
Улатып май тандайын,
Ащы тіл ақиқатын айтар дөйім.

Жаныңнан жалындаған өрт кетпеген,
Жалықпай өзімді-өзім зерттеп келем.
О, жүрегім!
Орныңнан қобалжыма,
Жарамсақ жалғандыққа беттетпеген!

Тіптен де мен емес-ті,
«Мен» дегенім,
Сендірмеймін,
Сенбеңдер сенбегенің.
Басқаның жаны-сырын ұғу үшін,
Өзімді зерттегенді жөн көремін.

Мендегі бар,
Сенде бар, онда да бар.
Демек, сенің,
«Менің» де сонда қалар...
Өз жанынды алдымен жайып таста,
Жақсылықтың көкесі сонда болар.

Не шығады бәрін де сүйем деуден?
Бәрін де сүйемін деп, иемденген.
Бәрін де мен де сүйем,
Айтпан бірақ,
Отырып оңашада күйер кеудем...

Күйер кеудем...
Сондықтан күйінемін.
Жасырман, жырым да сол жиі менің,
Жыр жазу, кім біледі, ермек шығар?!
Ақын болу —
Неғылған қиын едің!!!

Жырым көп әлі менің жазылмаған.
Кенім көп әлі менің қазылмаған.
Қалдырып болар-болмас қазынамды,
Неліктен бір күні мен жазым болам?!

Қуалап тіршіліктің көбелегін,
Қап қойды капелімде көп өлеңім.
Жалғызым, жаным менің — жырым менің,
Қалдырып сені артыма неге өлемін.

Жазайын, жалықпаймын, жасырмаймын,
Қашан қалғып кеткенше басылмаймын.
Ая деп ажалға мен бас ұрмаймын,
Шоқ шайнап, от бүріккен Қасымдайын!

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Ораза айт намазы уақыты Қазақстан қалалары бойынша
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!