Мұқағали Мақатаев (Аулыңа бір келгенде...)

 Мұқағали Мақатаев (Аулыңа бір келгенде...)

Ойьң, қырың, Отаның түрленгенде,
Жан-жағына жақұттай гүл көмгенде,
Жар салмайсың, неге сен қарсы алмайсың?!
Анда-санда аулыңа бір келгенде.
Сыймай кетем кей-кейде жер-көкке мен,
Сені іздеймін сонда мен,сен деп келем.
Бір емделсем сақайын қаламын ғой,
Екеумізге белгілі ермекпенен.
Сеніменен, ардақтым, жүздескенде,
Өткен шақты өмірден іздескенде,
Көкейімнен кетпейді бір ой менің,
Түзде туып, не жетсін түзде өскенге.
Тіршілікпен тіресіп жүргенде сен,
Көншімейді көңілім бір көрмесем.
Бар өмірім болады босқа өткендей,
Анда-санда аулыңа бір келмесем.
Сауығып қалар ма екен сарсаң жаным,
Сейіліп бойымдағы бар салмағым.
Аулыңа анда-санда бір келгенде,
Алдымнан жар сал, жаным, қарсы ал, жаным.
Қилы тағдыр қарсы алдымда тұрғанда,
Мен шорқақпын махаббатты жырлауға.
Өлеңде емес,
Өмірімде ат ізін,
Амал қанша, салғамын жоқ бұл маңға.
Он сегізге, жиырмаға толғанда,
Отау тігіп, ойнағам жоқ ол маңда.
Шын махаббат көрмедім мен,
Болғанда,
Даяр едім Отанымдай қорғауға.
Махаббатым өзімде деп ескерткем,
Кез болған жоқ кұлай сүйіп, ес кеткен.
Кім біледі, сырт айналып кетті ме?!
Босана алмай жүргенімде бөстектен.
Қапелімде арты - өкініш, алды - мұң,
Қаламаймын махаббаттың қалдығын.
Содан болар...
Содан болар кім білсін,
Махаббатқа шорқақ менің жан-жырым.
Махаббатқа шорқақ менің өлеңім,
Теңесем де теңи алмай келемін.
Heгe керек өзімді-өзім демеуім,
Кімге керек сені сүйем дегенім?!

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Ораза айт намазы уақыты Қазақстан қалалары бойынша
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!