» » » Өлең: Фариза Оңғарсынова (Менің планетам)

Өлең: Фариза Оңғарсынова (Менің планетам)

Өлең: Фариза Оңғарсынова (Менің планетам) казакша Өлең: Фариза Оңғарсынова (Менің планетам) на казахском языке
Адам болса сезім мен сенім іздер,
келіңіздер, бері қарай еніңіздер.
Менің байтақ әлемім – планетамды
көріңіздер аралап, келіңіздер!
Бөгет те жоқ, кілт те жоқ осы арада,
(кіру қиын кей жерде шошалаға!)
есік те жоқ, алдыңнан арпылдайтын
есік баққан ит те жоқ босағада.
Қабырға жоқ итерер кеудеңізден,
тас жол да жоқ – кетірер келген ізбен.
Жел кернеген желкенін қайықтар бар,
тасқын құшып, бұрқанған сеңде жүзген.
Тек жүрекпен көрген жөн бұл маңайды:
аспаны бар бірде бұлт, бірде арайлы.
Күні шықса, қызудан миың қайнап,
түнергенде – жалғанды мұң қамайды.
Бұлақ күліп шашады күміс теңге,
көк шалғыны жайлырақ пүліштен де;
жүген-құрық тимеген жылқылары,
жігіттері мәрт мінез, құрыш кеуде.
Халқым менің, қанатты Құлагерім,
жанашырым, жақыным, мұрагерім.
Терең бойлап түйсініп, сезінбесең
ішін бермес жұмбақтай жыр-әлемім!

***
Бұл жерде құмға көміп жел,
күйдірер бірде от қарып.
Жалғыздан жүріп көріңдер,
дабырламаңдар топталып.
Ене алмайсыңдар жанына,
дауылы беттен қарсы ұрмай,
тұншығып толқындарына,
жаңбырларына малшынбай.
Сәулет жоқ мұнда қаптаған
сыртынан тамашалайтын,
оты - өрт, желі – ақ боран,
бояу жоқ күлгін – бәрі айқын.
Шалқыған шаттық аз мүмкін,
тасқа да мұнда мұң сіңген.
Сергітпей сылқым наз күлкің,
от деммен тауы күрсінген.
Кереғарлықтар – бұл әлем,
заңдарың мұнда ғұмырсыз:
жас қайыңды аңсап мына емен,
егіліп іштей тұр үнсіз.
Бұл әлем мұңмен жұртты емдер,
дауа жоқ бірақ сенбесе.
Дырду мен күлкі күткендер
әуре болмасын ендеше!

***
Ауа райы бұл жердің құбылмалы:
күншуаққа көмілсең қырындағы,
тауларында құяды қара жаңбыр,
тұра алмайды дауылға ұрынғаны.
Жарқырайды мәңгі мұз шыңындағы!
Өткінші күй алайда мұның бәрі,
мизамшуақ туады түбінде әлі.
Өкінішті
жете алмай сол күндерге
біреулердің жолшыбай жығылғаны.
Әлде тұру, құлау ма ғұмыр мәні?
Ашық күнді күтумен жол қараймын,
жүрмейді оған күшің мен қолдағы айбын.
Бар болғаны – осынау әлемімді
байлығымдай, баламдай қорғалаймын,
тоғытқым кеп нұрына толған Айдың.
Жатсам-тұрсам тілеймін (күш саламын),
аққуларым көлінен ұшпағанын,
тума бұлақтарымның суалмауын,
қуармауын қаһарлы қыста бағым;
алай-дүлей дауылдар құлатпауын
ошағымның өмірлік үш тағанын.
Осы менің өлеңім, ұқсаң – арым.
Тамыр жаймас жасыл бақ шыбықты екпей,
ойлар жатыр кеудемде тұнып кектей,
көңіл-күйім – көгімдей, ашылмайды-ау,
«Баянауыл басынан бұлт кетпей».

***
Жыр – менің планетам:
бәрі осында жиғаным, тергенім де,
сезінгенім, сүйгенім, сенгенім бе,
мінезім бе, болмыс па, кермек үн бе –
бәрі осында, басқасы қалды құмда.
Міне, менің берерім бал ғұмырда,
жыр жаттаған қыздарға, барлық ұлға.
Менің барым, байлығым – осы, басқа
түгім де жоқ жасырған сандығымда.
Көңілімнің көк майса шалғынында
сақтау үшін жүгірдім, өбектедім.
Жатпаса да мені жұрт елеп керім,
ұранына ергем жоқ желөкпенің.
Қылмысым да осында, тұрмысым да,
тағдырым жоқ жырымнан бөлек менің.
Ақ көңілмен келгеннен аярым жоқ –
аралаңдар, алыңдар керектерін!
Өмір кештім қарыған ызғар, ағын,
көрген емес сайланып жүз жарағым.
Шөл далада шілдеде шөлден қатып,
қалтыратқан қаңтарда мұз жаладым.
…Өздеріңе тапсырдым, сақтаймысың,
таптаймысың шыңғыртып сызда жанын.
Ендігісі – сендердің қолдарыңда
тағдырындай ұзатқан қыз баланың.

***
Бар өмірде өз жолым, өз жарығым,
шемен болған шерлерді қозғады үнім.
Тілім барда жұқарма, тозба, жырым!
Жалғыз-ақ ой жегідей мені жейді,
кім бағалар, кім білер сөз қадірін?
Бар ма соны саралар, сағынар жан?
Сөз өнері дерт болып дарығаннан
толқындарға көп салды ағын-арман.
Бұл өнердің алаңдап ертеңіне
сәттерім аз ойлардан арыла алған.
Сөзден қиып, мүсіндеп арайлы әрі
салдым талай самала сарайларды,
қаңырамай ішінде қан айналды;
кіріп-шығып кез келген тырпылдауға
қаймығады – ол нәзік әрі айбарлы.
Сөз-сарайым қазақтың даласында
мейлі титтей төбе ме, дара шың ба,
берер, бермес ұрпақтар бағасын да,
ең бастысы – бабамнан, анашымнан
қалған мұраларымның бәрі осында!
Бәрі осында: өмірім, от ғасырым,
қимасыма, халқыма, досқа сырым,
топастарды түйрейтін оқша шыным.
Тілеп жатам түндерде көрмесем деп
алтынымның сынығын тот басуын.

***
Күн жұтады тірлікті, жер екшейді,
күңкілдеумен күні өткен ел өспейді.
Соны ойласам, күңкілдің құрбаны боп
өліп кеткен ойларым елестейді.
Ол ойлардың орнында – тыртық кілең,
сыздатқанда жасымды іркіп, күлем.
Тұла бойда сау-тамтық жоқ та шығар –
шұрқ тесік, секілді жыртық кілем.
Ой жетілер тамыры тереңдесе,
тереңдейді топырақ кемелдесе.
Сәбидейін бойыма біткен екен,
тууға оны тиіспін мен ендеше!
Мүмкін ойым арудай Ай мүсінді,
мүмкін зәрлі кесір ме қайғысы улы,
жабыққанның бәріне нұр беретін
мөлдірлік пе әлде бір жайлы, сырлы.
Ана іштегі болашақ баласының
тілейді ылғи жалғанмен жарасымын.
Дана болып туа ма, шала болып –
қорғайды ана өбектеп жан асылын.
Ойран салып есердің, естінің де,
ойларыма хақы жоқ тепсінуге.
Тірі тұрсам – жақсысы, жаманы ма –
шерткізбеймін ешкімге ешбірін де!

***
Қаншама жыл…
Кеудеме
жыр қанжары сұғылып,
дауылдарға, жауындарға ұрынып,
кейде өртенген адамдардай шығынып
келем әлі – жеткізбейді жыр елі,
жаным не еткен сірі еді!
Қансыраймын, таламын,
паналаймын жайма желін жағаның,
ұмыт болған ұйқы менен күлкіні
місе тұтпай жанарым,
дұшпан көріп қарадым;
төккен жасым, азабым –
сол қалпында жыр етемін, жазамын
сыйлау үшін бұл өмірдің зәрі, не
кермек дәмін татқандардың бәріне.
Кей адамның сөзінде де тұрлау жоқ,
өзінде де тұрлау жоқ,
жүрегі де түтіндейді жалынсыз,
жалынсыздар жан бере алмас құрбан боп,
көңілімді шырқататын бір жан жоқ,
көкірегімде мұңдар көп.
Соның бәрін сезіну мен сезулер
жүрегімді жандырған,
жалындауды әм дәрусіз жыр дертін
жалбарынып алғаным жоқ тағдырдан,
арылмай мұң-балдырдан,
үмітімді талдырғам.
Қамшылатып жанымды,
тамшылатып қанымды,
өртеп келе жатыр мені жыр-алау.
Азап – Жердің бар қайғысын қақпайлап,
жүрегіңе сыналау.
Ешбір сәби анасының кеудесін
мұнша қинап сормаған да шығар-ау…

***
Достарым, ортам, қоғамым,
оларсыз, семем, соламын.
Салқындық сеуіп, сырт берсе,
көңілімде – кірбің, жоқ әнім,
солардың қабақтарымен
налимын, тасып-толамын.
Өшіретін мені бір үріп,
өсіретін мені күні ғып
құдіретті күш те мен үшін,
жебейтін жігер, жеңісім –
жанымда жүрген сол жандар.
Жолымда талай орлар бар,
асуын бермес жондар бар,
жанымда теңдей тоңдар бар –
қиналғанымда қолдаңдар,
сәулелеріңмен қорғаңдар!
Шынары солса, жерге сын,
құрағы солса, көлге сын,
асылын ардақ тұта алмай
аздырып алса елге сын.
Сендерсің жерім, елдесім,
жауласатын да сендерсің,
жыласатын да сендерсің,
жазалайтын да сендерсің,
азалайтын да сендерсің.
Мен үшін зауза, ақпан бар,
қара сулар бар, ақ қар бар.
Мүсіркемеңдер – сақтаңдар!
Итерсең – жығып тастаңдар,
Тұрғызсаң – қолды қақпаңдар.
Сендер деп жүрмін, әйтеуір,
аялаңдар не таптаңдар!

***
Білмейсіңдер, мені әлі білмейсіңдер,
білмей тұрып бекерге күндейсіңдер.
Секілдімін біреуге күнгейсіз жер,
күнгей болсам, тістеніп тілдейсіңдер,
сұмдық ойлап сұрланып жүр дейсіңдер.
Еңсем түссе, мүсіркеп қорлайсыңдар,
озып кетсем, жолымды орлайсыңдар;
қатар жүрсем, ақылды торғайсыңдар.
Мәртебенің мінбесін меншіктесем,
қол қусырып, бас шұлғып сорлайсыңдар.
Өрекпімей сылдырға, жалаң жайға,
сөз бен сертті ар дейтін адам қайда?
Әлде бәрі сезім мен сенім таппай,
алаң-жалаң күн кешіп амалдай ма,
адамдықтың тіндерін тарамдай ма?
Көпке жағар жетіспей тіл мен ебім,
мүжіп келем ғұмырдың күн кемерін.
Мен өзім де білгішсіп жүргеніммен
білгенімнен көп екен білмегенім.
Мүмкін, біліксіздіктен тіл жебедім.
Мейлі, мені білмеңдер, бал ашыңдар.
кейде тіпті жағыңдар қара сырлар,
менің жұмбақ жанымды ұғына алмай,
түрлі саққа ой жебеп, таласыңдар!
Бірақ қиын күн туса бастарыңа,
осы неге мені іздеп табасыңдар?..

***
Мені білсем дегенің -
түрімде мұң,
кейпім сұсты, тек одан түңілмегін,
құздарымнан аса алсаң, Күн шығатын
планетамның жанына үңіл менің,
ұға алмайсың әйтпесе діріл, демін.
Бойыңды үйрет бұрқаған құм дауылға,
өзендері батырып тұнба мұңға,
көкжиегі бастайды алыстарға.
Көре білсең, көркем үн, сыр да мұнда,
аялайтын жылу бар құндағымда.
Жүрегіңе сіңір де оты, қанын,
көңіліңе таңбалап тоқы бәрін:
шұрқыраған құлынын, құралайын,
жыңғыл жапқан сайларын, шоқыларын,
анам иісі шығатын топырағын;
еркіндіктің жүгенсіз тағы күшін,
қасіретін даланың, бақ, ырысын;
"екі көзге мөлтілдеп жас келетін"
коштасудың кайғысын, сағынышын
жүрегіңе сіңір сен жану үшін!

***
Қайшылықтар, кереғар пікірлерден,
өзімді-өзім сынаудан, үкімдерден,
жазалаудан, ақтаудан, жазғырудан
тұратұғын мәнімді түтіп жеумен
келем әлі, жаным – от, түтін – кеудем.
Бет қаратпас сұрапыл – сезімдерім,
еске салар көңілім теңіз желін,
жаным нәзік тәніндей жас баланың,
қара түнмен арбасып көзімде күн;
сана – мұзарт таулардай, ой-сәйгүлік,
найзағаймен шешімім егіз менің;
шарттылыққа жаны жат болмысыма
шағаладай шарқ ұрып ем іздедім.
Мұндай мәнге мәз болып семірер кім,
үгіп жеуде ішімді жегі-дертім.
Жан әлемнің тартысы - күндіздерім,
буынымды сыздатып кемірер түн.
Қарсы ағысқа ұрынбай, жүзсем етті
толқындардың бойымен емін-еркін.
Қайшылықтар қағысы түбі, әйтеуір,
ақиқатқа апарар мені мүмкін!

Автор: nurgul95 | 233 |


Комментарии для сайта Cackle


Загрузка...
Читайте также
Өлең: Фариза Оңғарсынова (Мен осы не істесем екен бүгін?)
Өлеңдер жинағы
Өлең: Фариза Оңғарсынова (Мен осы не істесем екен бүгін?)
Өлең: Фариза Оңғарсынова (Сандалу)
Өлеңдер жинағы
Өлең: Фариза Оңғарсынова (Сандалу)
Өлең: Фариза Оңғарсынова (Абайды іздеу)
Өлеңдер жинағы
Өлең: Фариза Оңғарсынова (Абайды іздеу)
Қазақша өлең: Фариза Оңғарсынова (Қызғанып қалма, жаным, сен)
Өлеңдер жинағы
Қазақша өлең: Фариза Оңғарсынова (Қызғанып қалма, жаным, сен)
Қазақша өлең: Фариза Оңғарсынова (Білмейсің бе, қарағым)
Өлеңдер жинағы
Қазақша өлең: Фариза Оңғарсынова (Білмейсің бе, қарағым)
Қазақша өлең: Фариза Оңғарсынова (Қай жерде отырса да қарлығашың)
Өлеңдер жинағы
Қазақша өлең: Фариза Оңғарсынова (Қай жерде отырса да қарлығашың)
Қазақша өлең: Фариза Оңғарсынова (Абыройы Күнмен жарысқан)
Өлеңдер жинағы
Қазақша өлең: Фариза Оңғарсынова (Абыройы Күнмен жарысқан)
Қазақша өлең: Фариза Оңғарсынова (Тыңдашы, жан досым-ай)
Өлеңдер жинағы
Қазақша өлең: Фариза Оңғарсынова (Тыңдашы, жан досым-ай)
Қазақша өлең: Фариза Оңғарсынова (Әкеме)
Өлеңдер жинағы
Қазақша өлең: Фариза Оңғарсынова (Әкеме)
Қазақша өлең: Фариза Оңғарсынова (Өзіңменен жүрегім егіз менің)
Өлеңдер жинағы
Қазақша өлең: Фариза Оңғарсынова (Өзіңменен жүрегім егіз менің)
Қазақша өлең: Фариза Оңғарсынова (Жаным - дала, көгінен бұлт арылмай...)
Өлеңдер жинағы
Қазақша өлең: Фариза Оңғарсынова (Жаным - дала, көгінен бұлт арылмай...)
Қазақша өлең: Фариза Оңғарсынова (Жылу)
Өлеңдер жинағы
Қазақша өлең: Фариза Оңғарсынова (Жылу)

KZ / Өлеңдер жинағы, фариза оңғарсынова Менің планетам өлең стихи на казахском фариза онгарсынова олен казакша, фариза оңғарсынова өлеңдері, фариза онгарсынова олендери, фариза онгарсынова стихи на казахском, Менің планетам, фариза оңғарсынова Менің планетам өлең стихи на казахском фариза онгарсынова олен казакша фариза оңғарсынова өлеңдері фариза онгарсынова олендери фариза онгарсынова стихи на казахском Менің планетам, Өлең: Фариза Оңғарсынова (Менің планетам) қазақша өлеңдер жинағы скачать бесплатно олен казакша махаббат туралы стихи на казахском языке стихи на казахском языке стихи с днем рождения на казахском языке