Мұхтар Шаханов (Динозаврлар мен егеуқұйрықтар)

 Мұхтар Шаханов (Динозаврлар мен егеуқұйрықтар)

Динозавp алыптығы үшін ерте жойылды,
Сан мыңдаған майда сойыл оған қарсы қойылды.
Тарақандар динозаврлардан бұрын күн кешкен.
Әлі ғұмыр сүріп жатыр,
Тірлік-салты жүріп жатыр,
Алыптықтың неге қажет екендігін білместен.
Тарақандар тіршілік кемесінде,
Қарын-мүдде өресінде,
Бірлік сақтап пенде-үмітке қатар-қатар мінгескен,
Өзгеде мүдде барын қаперіне ілместен.
Сол тарақан «ұлтында» даралық жоқ,
Ал даралық жоқ жерде жаңалық жоқ,
Ұқсастықтан тауыпты олар өз дарынсыз шындығын.
Кемшілігі айналмай айыбына,
О, ғажап, бір-бірінің мойынына
Өзгелердей тастамапты қызғаныштың шылбырын.
Ұқсас жандар ешқашанда қызғанбайды бір-бірін.
Қауымшылдық мінезге бай майда қуат тағылар,
Әр тағылық ортақ күштен ортақ тілек табылар.
Пенделіктің майдаларды біріктірер заңы бар,
Соған қарсы тұра алмаған сорлы динозаврлар...
Байлық құсы жиі қонды нәрсіз-сараң мүскінге,
Даңқ та ұялмай мадақтады тұрса жойқын күш кімде,
Шындық сирек билік құрды ұлы жердің үстінде.
Сондықтан да Сократ та, Бетховен де,
Пушкин де Мейірімсіз, рухсыз күштермен мәңгілік оппозицияда.
Нанымсыздық, дарынсыздық жолыңды ылғи орай ма,
Қара күштер ізгіліктің зейініне қарай ма?
Теңсіздік көп, аю, қасқыр сайран салған тоғайда.
Қазақтың қос рух шыңы — Махамбет те, Абай да
Сол үшін де пенделікпен мәңгілік оппозицияда.
Иә, әлемде барлық шыншыл ақындар оппозицияда,
Жомарттарға — дүниеқоңыз пақырлар оппозицияда.
Кей тіршілік иелері қызғанышсыз гүлдемес,
Айыптымыз ба солармен болғанымызға іргелес?
Қандай жағдайда қандендер үлкен иттерді күндемес?
Мұхиттарда күллі балықтар киттерге ырза емес...
Атыңды, даңқыңды шығарғың келсе осы заманда,
Жерден ап, жерге сап атақты тұлғаны жаманда.
Зорлығың ерлікке телініп, зорайып бағаң да,
Бір күнде-ақ белгілі боласың қоғамға.
Аристотель кезінде сыналып, шыңдалған бұл әдіс,
Осынау тарихкөз әдіске қазір көп сұраныс.
Ежелден ақша мен сатқындық бір жүрген, таңданба,
Сол мінез дөп келді бүгінгі бизнестік талғамға:
Қалталы, дарынсыз қаламгер теңеліп Шиллерге,
Бейәдеп, рухсыз журналист айналды киллерге.
Бәріне кінәлі тойымсыз қарындар ғана ма?
Қайшылықтар көп өмірдің заңдылықтарында да.
Байыптап зерттеп адалды, арамды, иықтыларды,
Қайткенде адамдық олардан биік тұрады?
Шындықты көксеген мақсаты, мүддесі нанымды,
Өзге жұрт шықпаған биікке шықса бір дарынды,
Кеудеге сенім мен мейірім желкенін жүздіріп,
Тек сырттай тілектес жүрудің өзі — зор ізгілік.
Қиратқыш ойлар көп бірлікке негізделмеген:
О, тоба, кішкене көлшіктер — теңіздерменен,
Шымшықтар, қарғалар — сұңқарларменен,
Есектер өзінше тұлпарларменен
Қашанғы жүре бермекші оппозицияда?
Қаншама бет-бейне жатыр орынсыз тырналып,
Нағыз әділет оппозициясын шатастырмалық
Бас қамын көздеген бейпіл сөз «шатақ-ит-цияға».
Жә, бәлкім, бұл тайталастың жолын ешкім бөгемес.
Бірақ ұлттың даналығы, ғасырымен өрелес,
Үлкен перзент туғанымен ғана емес,
Майдалардан оны қорғай білуімен
Әрі қолдай білуімен өлшенбек,
Өлшенбесе, ұлтқа қарсы қатерлі ойлар белсенбек.
Еpтe құрбан болғандар көп, өрбіте алмай өз ісін:
Біреу алып денесі үшін,
Біреу заңғар өресі үшін және алып сөзі үшін,
Алыптық өр белес шығар,
Бәлкім, бақыт емес шығар,
Атышулы сол алыптың өзі үшін.
Ұғынатын кезең келді:
Тек рухы шыңның ғана сөзі — шын...
Өз ғасырын рухының қуатымен сүйеген,
Күрес ашқан тоғышарлық індеттерге үйелең,
Сұңқар ойы талмай ұшқан сансыз дауыл, жаңбырда,
Афиныда мұқым жұрттың алдында
Сөз сөйледі көне грек данышпаны Диоген.
Ол кезде де қалың болған санасыздың терісі,
Қандай марғау, қандай шабан парасаттың өрісі.
Күрделі ойлар орманына бұрын аяқ баспаған,
Жеңіл әуен, спорт, сайыс аясынан аспаған
Тыңдарманның біраздан соң қалғып кетті көбісі,
Көбісінің аяғында енжарлықтың кебісі.
Диоген кенет саусағымен ернін басып, елтініп,
Көкек, бұлбұл шымшық үнін айнытпастан келтіріп,
Бала кезден бойға жиған шеберлікпен кемелді,
Шаршы топты таң қалдырып, сайрап ала жөнелді.
Жұрт мәз-мейрам:
— Жаса, грек дарыны,
Құс тілінде сайраудың зор алыбы!
Мына өнерің бәрімізді таң қалдырып, тамсантты!
деп қалың жұрт жамыраса алғыс айтып ойшылға,
Бәрі бірдей орнынан тұрып ұзақ қол соқты.
— Отырыңдар! — деді Диоген, — құнсызданды сөздерің,
Амал қанша, өздеріңе үкім айтқан — өздерің.
Қазір ғана, адамзаттың дамуы үшін пайдалы,
Рухсыздық шабуылы, жаңа күрес майданы
хақындағы ойларымды ұқпай, қалғып кеттіңдер,
Маңызы зор мәселені сезбей, аттап өттіңдер.
Ал енді тек көңіл аулар әуез жүзген үнінде,
Сайрап едім қайдағы бір ойсыз құстар тілінде,
Дүркірете қол соқтыңдар, бөлеп құрмет-дүрмекке,
Сендер ашар таным, түйсік есігі әлі ілгекте.
Қаншама жыл тайталасып, бой таласып ғасырмен,
Бір абырой алмап едім, ғасырды озған басыммен...
Шымшық, көкек үнін салып, оңай таптым даңқты...
Армандарың ажыратпай әумесер мен алыпты,
Талғамдарың бейсаналық, бейшаралық танытты...
Сөйтіп, Диоген күллі Афины халқынан,
Өз елінің түйсік, таным парқынан
Қауіпті әрі қасіретті бағыт көріп налыпты...
Содан бері қанша заман өтсе де,
Жалқаулықтан ғылым қашып,
Ғаламзатқа нұрын шашып,
Техникалық ой-сананың мерейі асып кетсе де,
Болмысынан жеңілдікке үйір, аңқау халықты
Өзгертпек боп талай алып жолын құзға салыпты.
Бірақ жұрттың сонау Диоген кезіндегі талғамы
Әлі күнге өзгеріссіз қалыпты.
Сол баяғы жеңіл әуез, ойсыз нарқы сынбаған,
Оның еркетотайларын жұрт құлшына тыңдаған,
Күш пен мүсін сарбаздарын бұлшық етін бұлдаған
Елдің қимас асылына балатып,
Мың-миллион назарларды тек соларға қаратып,
Алып шықтық біз бірінші орынға.
Тойға бейім адамзатты үлкен ойға тартатын,
Санасына шыншыл жігер, сенім күшін артатын,
Нағыз өнер әлі де сол бойкүйездік торында.
Жеңіл өнер, ол да өзінше қаскүнем,
Ұмытуға бола ма оның басты рөл
ойнағанын парасатты ізгі рухтың сорында?!
Өз тағдырың — әлі күнге өз нәпсіңнің қолында.
Өркениеті ғылым, білім қанатында дамыған,
Алғыр ойын қайратына, айбатына жаныған,
Бір өзі бір мемлекетке пара-пар,
Жер бетінде айбыны асау қанша атақты қала бар!
Ал солардың рухани бет-беделі жағынан,
Айту қиын, ғаламзатқа қайсысы үлгі бола алар?
Қандай іске сұраныс көп, соған қадам жасадық.
«Бизнес!», «Сауда!» ұғымдары атанып зор бас әріп,
Еңсе бүкпес құдіреттей тұрып алды қасарып.
Тек баюдың жолын үйрен, бір күніңді бос етпе!»
Адамдығың бар ма, жоқ па, алынбайды есепке.
Ұрла, алда, тамыр жібер «сайтангерлік» айлаға,
Айлалының айбыны асқақ, мерейі үстем қайда да,
Сүйенішің билік болса ұсталам деп ойлама,
Ар мен ұят бұл ғасырда аса қоймас пайдаға...
Нарықта мың қалтарыс бар жең ұшынан бұрылар,
Елдегі ең құрметтілер — ең тойымсыз ұрылар,
Байлық кімде болса, соның маңдайының нұры бар,
Бар саясат сол маңдайды мадақтауға құрылар.
Ұрлық заңға айналған соң рух жырын кім ұғар?
Бұдан пәлен ғасыр бұрын Сократ қойған бір сұрақ
Әлі күнге адамдардың мақсат-күшін жүр сынап.
Оны айналып өтетіндей жоқ әзірге жол басқа,
Ол сұрақсыз тіршіліктің ой қазаны толмас та.
Тағдыр күрек тісін безеп, әлде саған күлсін бе?
«Мазмұнды өмір сүру үшін тамақ ішпей болмас та,
Ал сен тамақ ішу үшін өмір сүріп жүрсің бе?»
Неткен сезім еркіндігі, аттап бассаң — жын-ойнақ.
Адамзатты мәңгүрт қып аздырудың,
Оның арын, намысын тоздырудың,
Ұят қашқан нәпсісін қоздырудың
Шығарылды мыңнан астам түрі ойлап,
Ізгіліктің ұлы кәусар өзендерін ылайлап.
Қайда барсаң көз арбайды тойшыл мейрамханалар.
Түнгі клуб, түнгі күлкі — ойсыз сайранханалар
Шаршау білмес табыс көзі ретінде танылды.
Тек Байлық пен Қызықшылық басты мұрат саналып,
Ғасыр түпкі рухани компасынан жаңылды.
Баз бір шағын қалаларда үш жүз мыңдай халқы бар,
Сөз жоқ, үш мың нәпсі күйттер мереке үйі жарқырар.
Әр адамның пенделік осалдығынан,
Даңғаза шуға, думанға босаңдығынан
Саудагерлер ардан аттап, бақ табуға талпынар,
Қазір Ар мен Намыстың да материалдық нарқы бар.
Көшелерде жұртты бұрар пендешілік арнаға,
Жан-жағыңнан анталайды,
Нәрсіз көзі қанталайды
Кілең арсыз, пайда-нарқы ақырған бір жарнама,
Көре алмайсың ізгілікке шақырған бір жарнама,
Жарнама емес, секілді бір Орнама не Торнама.
Астананың аязындай қызартатын бетіңді,
Айналаңда іскер тісі өтімді,
Тек алу мен жеуді ғана мақсат тұтқан өмірден,
Ағаш түгіл, темірді де кемірген
Жұрт қаптады жебір көзді егеуқұйрық секілді,
Егеуқұйрық сана қазір шырқап, өсіп, жетілді.
Қашан, қалай тойдырамыз сол ашқарақ көздерді,
Сыйлаймыз ба егеуқұйрық пейілдерге төзгенді?
Төзе алмаған қасқалардың тағдыры күрт өзгерді.
Енді қайттік, рухани саяздығы адамның
Күнә әрі кемшілік боп саналмайтын кез келді.
Кейбір өнер саңлақтары — ұрлыққа да ұраншы:
Ертелі-кеш тележәшік айнасынан түспейтін,
Ой-санасы, мешеуленіп, тек тамағы істейтін
Қалың елдің «ар-намысы» саналатын бір әнші
Даңқ пен ақша мүддесінен өзге түк жоқ ойында,
Ән салып жүр ұрылар мен рэкеттердің тойында.
Ұлы Герцен пікіріне іскер көзбен қарасақ,
Әділдіктің жаңбырымен гүлдер еді парасат.
«Әр адамның рухани мүмкіндігі қаншама
Биіктікке тартар болса, әне, оған соншама
Билік, сенім кілтін берсек»...
Тазалыққа шөлдеген,
Өжет ғасыр дамыр еді, бәлкім, басқа жолменен...
Қандай бедел ұсынбақпыз біздер келер заманға?
Неден қаштық, нені шаштық, нені бастық табанға?
Талай табан нұрлы ойларды айналдырды сабанға,
Сол сабанға қарап енді айқындалар бағаң да.
Ескермедік сенім арту қылмыспен тең екенін
Рухани байлығы жоқ, айдыны жоқ адамға.
Тіршіліктің басты ұраны:
«Жастық шаққа — жасыл жол!»
Жас ғұмырға жол ашуда, қартым, дара ғасыр бол!
Өзгермейтін бұл ұғымға жаңа міндет арттық па,
Нарық неге қарсы қойды жастық шақты қарттыққа?
Неге бизнес орындары отыз бестен, қырықтан
Асқандарға жұмыс беру мүмкіндігін ұмытқан?
Іскер көзбен қарағанға мұның өзі дұрыс та,
Цирктерде қарт маймылдар тартылмайды жұмысқа.
Ал жас маймыл бағынымпаз, тәрбиеге тез көнер,
Үйретіп ап басқара бер ыммен яки сөзбенен,
«Ауна!» десең, аунайды олар, «Тұр!» — деп бұйыр, тұрады!
Бағынғыштың болмау керек өз пікірі, құлағы,
Өз пікірі жоқтың ғана билікке жоқ сұрағы.
«Іскер милар!» — ғаламзаттың осы күнгі ұраны.
Бар рухсыз іскерліктің пендешілік — тұрағы.
Сондықтан да қарт тұлғалар ар-намысты, ұятты
Бір кездегі ебедейсіз динозавр сияқты
Артықтығы сезілді де, қалып сыйсыз, желексіз,
Дәуіріне болып шықты керексіз.
Секілденіп «лимузинмен» даңқ сынасқан ат арба,
Рух солай сырғып кетті ең кейінгі қатарға

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?