» » » Өлең: Қасым Аманжолов (Саша)

Өлең: Қасым Аманжолов (Саша)

Өлең: Қасым Аманжолов (Саша) казакша Өлең: Қасым Аманжолов (Саша) на казахском языке
Бейітінде баласының зарлағандай ана байғұс,
Мұңлы дала аспанында күрсінеді балшықшы құс.
Естіледі егіншінің әлдеқайда салған әні,
Ұзақ әуен жүрек тербеп, қиялыңа жалғанады.
Қарағай мен терек толы аралайсың орман ішін...
Көңілсіз - ақ, туған дала, дәл осы бір көрінісің!
Ыза толы ойым менің неге бүгін тіл қатпайды?..
Таныс орман үнін естіп, жаным менің канат жайды.
Көзге ыстық көрінеді мына жатқан мәуелі жер —
Келді кезім қиялыма ерік берер, бір сілкінер.
Қайнап тасқан көз жасымды төгейін бір туған жерге,
Төгейінші түк қалдырмай, көңілім бір жеңілер ме!
Жұта - жұта ыза зәрін қалжырады жан жүрегім,
Ақиқат деп азап шектім, қуанышсыз мен жүдедім.
Қабырында жатқан ұйықтап күнәсі мол көлеңкені
Енді қайта оята алман, арсыздықтың бар ғой шегі.
Отан - анам! Енді өзің біл, жуасыды жаным менің,
Қайта оралдым бір өзіңе, мен ұлыңмын, сен сүйгенім.
Жерін сенің жеміс бермей, жаспен егін ексе - дағы,
Талай қыршын боздақтарың ішқұса боп өтсе - дағы,
Бір басылмас, көз ашырмас соғып тұрған бір дауылың
Қасірет - қайғы қара бұлтын, михнат - азап бар ауырын —
Маған үйіп, жасқаншақ қып, жанымды көп қорласа да,
Қайта келдім, мен жеңілдім, тұрмын міне Отан - ана!
Құрыш қайрат кетті балқып құмарлықтың жалынында,
Өр көңілім қайысты енді, өз сорыма бағындым да.
Мерт болды да музам менің, мезгіл жетпей өлді елеңім,
Өлген муза жаназасын шығарам мен, күңіренемін.
Жыладым деп қарсы алдыңда ұялар жан мен емеспін,
Еркелетсең, ішке тартсаң, арланбаспын, қой демеспін.
Құшағыңды аш, мұңымды бас, арылтшы бір қасірет - зілден.
Әмір езген пендемін мен... көп ұзамай сенемін мен...
Бұзылса да туған ұлы, ана шіркін болар ма жат,
Аштым құшақ, құйылды жас, бойыма бір енді қуат.
Не керемет: жап - жаңағы сұрғылт торғын сары аймақ,
Кенет міне құлпырды кеп, мәуеленіп кетті жайнап.
Еркелейді, толқиды кеп, қалың орман бас изейді,
Көктегі күн жарқ-жұрқ етіп, көңілдене күлімдейді.
Көңілденіп кеттім жүріп жабырқаңқы ескі жұртқа,
Сол бір жұртта ойлар қолдап, сонау еткен бір уақытта.
Қатал оймен ашулы елең жазушы едім әрдайым мен...
Кетіпті жұрт азып-тозып, жүдегендей уайыммең.
Тым көңілсіз болар мұнда, көршім қайда, барайыншы,
Әлде болса кеш емес қой, соны іздеп табайыншы,—
Тату-тәтті үй ішінен табылмас па маған бір жәй.
Көршілерім, көршілерім, адал еді, шіркін қандай.
Адам еді, шіркін қандай!
Еш қалтқысыз қуанышы,
Жалғаны жоқ пейілінің, паңдығы жоқ, адал іші.
Нендей күйде жатыр өтіп дәл солардың дәуірлері?
Тозған, солған, қалжыраған бір қария еді ері,
Кемпірі де келген еді ізін басып байғұс шалдың,
Не күйде екен, көрсем екен жалғыз қызын мен солардың.
Көрсем екен Сашаны мен...
Алыс емес үйлері де,
Түгел ме екен бұрынғыдай, бір семья үйме-жүйме?

II
Қайырымды жандар еңдер, тұрушы еңдер тыныштық ойлап,
Сүйкімді қыз медет еді, алдарыңда тұрса жайнап.
Қара торы нәзік Саша бір түпкірде тағы өскен,
Даладағы желкілдеген сен бір нәзік гүл.емес пе ең?!
Ата-ана мәпеледің, келгенінше қолдарыңнан,
Оның жастық шағын қорғап, бір сол үшін салдыңдар жан.
Әттең, әттең!
Ұқпадыңдар, ұмыттыңдар адам басын,
Еш тәрбие бермедіңдер ашарлықтай ой-санасын.
Кітап деген бір бос әуре — бала не істер оныменен!
Деревняның ақыл-ойын шошытады ғылым деген.
Бірақ жастық жан кәусері бүл түпкірде ылайланбас,
Нұр жарқырап, гүл боп шалқып, тұрар ұзақ балдырған жас.
Бет қызылы қою тартар, сұлуланар, көз құмарта...
Сүйкімді - ақ қой, тым жас - ақ қой, қыз балаңыз, кім бар артар.
Күлімдеген қарақат көз бейне алмас аударылған.
Шұғыла шашқан екі беті қызыл жалын от қой жанған.
Қас дегені қиылып түр, жұп-жұмыр боп екі иығы:
Әуре емес, әрекетпен ашылған жоқ құмарлығы,
Өсті Саша, еркін жүріп, он алтыға толды жасы,
Ұйқы қанық, ерте тұрып, белге түсіп қара шапан,
Кербез жатқан кең далаға кетеді ол ортқып, ойнап,
Демалады құмарта кеп, дала мұхит, терең бойлап. -
Кез келген жол оған таныс, еркіндеп кеп басады аяқ,
Неден қорқар?
Тыныштық, рахат ұйып қана тұрғандай - ақ.
Құттықтайды қарағайлар — бас изейді, қол бұлғайды,
Жасыл бұтақ жамылып ап, жас толқындар сыбырлайды.
«Кел, жолаушы! Шаршадың, ғой, құшағымыз саған дайын,
Кел түс бізге, салқындашы» деп жатқандай толқын дәйім.
Келе жатсаң кең далада айнала гүл мың құлпырған,
Көз аударсаң аспан жаққа — төбеде күн күліп тұрған,
Бар табиғат шадыман - шат, күн астында жатыр балқып,
Тыныштық, рахат бәрі осында, еркіндіктің күйі шалқып.
Тек ана бір диірменнің бөгетіне килігіп су —
Еркі болмай, жатыр тулап, бойын кернеп ызалы ашу,
Қайтсін байғұс тулап, мөңкіп, құтылғысы келеді ғой!
Шашады кеп ақ көбігін, мың бүктеліп, жаза алмай бой.
Құтыларлық дәрмені жоқ тас қып салған бұл бөгеттен,
«Еріксіз ғып еркін суды, тағдыр бәлкім әмір еткен».
«Неге керек босқа шулап» деп ойлады Саша тұрып...
Көл-көсір боп жатқан өмір жас жүрегін қуандырып.
Тәңір жомарт деп ойлайды ол, еш кіршіксіз жастық жаным...
Үрей, қатер еш қаупі жоқ жүрегінде қыз Сашаның.
Қара бұйра жыртқан жерде қыстақ халқы жүр жабылып,
«Бұлар да риза тағдырына деп ойлайды Саша тұрып;
Жабайы өмір жұрнақтарын сақтап келген бейбіт жандар,
Термен, қанмен жер суарса, соған - дағы қуанғандар:
Тым сүйкімді Саша қызға.
Тамаша ғой көрсең езін,
Егінжайда бір үйлі жан уыстап тұқым шашқан кезін;
Тамашасын, сүйкімдісін, жан қорегі — піскен егін!
Тұрсаң толқып, мың құбылып, үсте жортып жібек желің;
Меруерт дәнің пісіп — толып, шағылысқан нұрмен ойнап,
Әрі бітік, әрі биік, тәкәппарсып тұрсын бойлап!
Ең қызығы егін басқан: қанаттанып кетеді еңбек,
Жаңғырады орман - дала: тездетіңдер, тездет, тез» деп.
Шіркін сол үн!
Сол бір үнмен оянған жан ең бақытты,
Көңілденіп, күле жүріп өткізеді ол күн уақытты.
Саша - дағы ерте тұрып барады тез қырман жаққа.
Күн шыққан жоқ, қараңғы емес, жарық та емес бір уақытта.
Азан-қазан малдар шулап, барады өріп жайылымға.
Жылқы мен қой тұяғынан миға айналған ылға - жылға.
Жаңа сауған сүттей ауа, құмарта кеп жұтасың сен.
Бау тиеген арбаға еріп кербез құлын басад әсем,—
Бау кептірген сонау үйдің егінінен бу бұрқырап,
Пеш алдында отыр біреу от маздата жағыңқырап.
Қырмандағы жұрттың қолы жарқ-жұрқ етеді, тұрсаң қарап,
Астық түйген қолағаштар көтерілед жоғарырақ.
Қоюланып көлеңкелер, күлім қағып шығады күн...
Саша теріп, жүгіреді, жастан таныс дала гүлін.
Сол маңайдың әрбір шөбін біледі ол бала жастан,
Әрбір құсты, әр жәндікті, таниды ол айнытпастан.
Болып қалды түс мезгілі,
Саша қайда, көрінбейді,
«Қайда жүрсің, Сашажан - ау?
Тамақ суып қалды» —дейді.
Іздейді оны карт анасы.
Сары ала егін арасынан
Естіледі сыңғыр қағып бір нәзік ән Саша салған.
«А-у!» деген сүйкімді үні естіледі әлдеқайдан,
Егіндердің арасынан көрінеді бір қарайған.
Қызыл-жасыл гүл, жапырақ алған киіп тақия қып...
«Қараңдаршы, мына сайтан, кеткен, міне, қайда қаңғып!»
«Э-э! Біздің қызымыздың осы емес пе бойжеткені,—
Сонау биік бидайлардан басын биік көрсеткені...»
«Ал, сонда не?» —
Ештеме емес!
Ойла - дағы түсіне бер!
Не істеуіміз керек біздің,— өзіңнің де ішің сезер:
«Піскен егін сабағына—.жарасады, өткір орақ»,
«Піскен қызға—күйеу керек»—бар айтатын сөзім сол-ақ.
— Сол ма сенін бар тапқаның о, обалсыз кәрі қақбас!
«Болды дей бер той бізге, мейлі саған жағар - жақпас!»
Осылай деп, шал мен кемпір қарсы алатын жалғыз қызын.
Отыратын жасырынып, келер қыздың аңдып ізін,
«А, сайтан қыз, түстің бе бір, қолымызға» дейтін бұлар.
Ұстап алып мәз болатын, бишаралар балақұмар...
Қысқы кеште әжесінің ертегісін тыңдайтын ол.
Тек таң атса, шана теуіп, өрден ойға зырлайтын ол.
Көк тайғанақ таудан құлап келе жатса ол екпіндеп:
Айқайлайтын қарт әжесі: «елесің ғой, қарағым» деп.
Қөңілді қыз жарқ-жұрқ етіп, келе жатып зымыратып,
Аударылып шанасынан, қалатын-ды қарға батып;
Тарқатылып бұрымдары, киген тоны соқталанып,
Тұратын да күлетін ол, үстіндегі қарын қағып.
Мәз болатын қарт әжесі, естіп оның жас күлкісін,
Ұрсайын деп ойласа да, аяйтын-ды сүйкімдісін.
Қайғыратын, жылайтын қыз кессе біреу ағаштарды.
Талай рет, соларды аяп, көзіне ол жас та алды.
Бар еді ғой бір кездерде неше түрлі бұйра қайың,
Қабақ түйіп, кәрі шырша тұрушы еді шегіп уайым.
Аржағынан қып-қызыл боп қараушы еді жүзім жайнап,
Құстар ұшып төбесінде тұрушы еді емен бойлап.
Ағаштардың арасымен жортушы еді қорқақ аңдар,
Кенет бір күн шықты ағашқа қолға балта ұстағандар.
Орман тегіс кетті шулап, үһлегендей, күрсінгендей;
Қорқақ қоян кетті жытып, не болғанын еш түсінбей;
Түлкі кетті інге кіріп, құс қанатын қақты сасып,
Кез келгенді індеріне құмырсқалар жүрді тасып.
Әндетіп жұрт басты іске: жас теректер түсті сұлап,
Сатырлады қу қайыңдар, түбірімен емен құлап.
Қарт қарағай балталанды, арқан салды құлатқалы,
Түсті сұлап қайсар ағаш, үстінде жұрт ойнақтады.
Дәл осылай жеңген дұшпан тепкілейтін өлгендерді,
Шынында да сол суретте аянышты сыр көп еді.
Жас теректің бұтақтары күрсінумен құлап жатты,
Қарт қайыңдар қоштасқандай маржан жасын бұршақтатты;
Туған жердің соңғы сыйын кәріп олар жатты құрып,
Бұл бір қырғын қатал еңбек тоқтады әрең, күн батырып.
Түннің жарық сәулелері жымың қағып шықты аспанға,
Дөңгелек ай тұрды төніп сұлап жатқан ағаштарға;
Өліктей боп кескен ағаш жатты жерде серейіп күр,
Қайырылып бұтақтары жатты сынып шатыр-шұтыр;
Мұңын шертіп жапырақтар жамырайды айналада,—
Жауынгердей жараланған, азап шеккен айдалада; —
Қанды дала үстін кезіп, ызың кағып жел өтеді,—
Өлген ұлан шашындай - ақ жапырақты тербетеді.
Сұйық терек, қою қайың жатқан жерге оймен қарап,
Өңі қашқан томарларды бір көлеңке жүрді аралап.
Үрейлі үкі жалп-жалп етіп жерге соқты қанаттарын,
Әлдеқайда сұңқ-сұңқ етіп жалғыз көкек төкті зарын;
Бақырады бар дауысымен ұзақ сорлы жынданғандай,
Ұядағы балаларын, шар-шар етіп, жүр таба алмай.
Ағаштағы ол балапандар түскен құлап ұясымен,
Ашып әлсіз ауыздарын шар-шар етіп біраз жүрген.
Олар - дағы өздерінше зарлаған-ды назаланып,
Мұжық басып, құртты жаншып, болмаған соң мазаны алып,
Ертеңінде тағы қайта қызды жұмыс кешегідей
Бірақ Саша үрейленіп, ол маңайға қойды келмей.
Өтті бір ай,— келді Саша: қаптаған ор, толған томар,
Анда-санда бір қарағай,— қайғырғандай тұрды олар,—
Жалғыз тұрған қарт қарағай ұқсатады қыстақ қартын,—
Жұрт жұмысқа кеткен кезде, жұртта жалғыз сол қалатын.
Ең жоғары бұтақтары тым тұтасып кеткен екен,—
«От құс» онда ұя салып, бейне соны еткен мекен.
Қариялар айтушы еді—
«От құс»дейтін бір құс бар, деп,
Ширек ғасыр өткен сайын балапанын ұшырар, деп.
Сол «От кұстың» балапаны ұшатын кез жеткен шығар,
Деп ойлады Саша біздің, бір көруге болды құмар;
Сол ғажайып балапандар томарларға қонар, деді ол,
Олар сайрап жөнелгенде, — бір тамаша болар, деді ол.
Осылайша тұрды Саша, арман етіп жұмбақ құсты,
Күн де қонды ұясына, қып-қызыл қып күнбатысты; —
Кесілмеген ағаштардың арасында тарамданып
Кешкі күннің нұр шұғыласы мың құлпырып, тұрды жанып;
Томарлардан толқып өтіп, алыстағы бір белесте
Күн нұрымен көлеңке ойнап, бір ғажайып төкті кесте.
Сол бір түнде көзін жұмбай, ұзақ уақыт Саша жатты,
Сол манағы жұмбақ құстар оған талай ой ойлатты.
Өз бөлмесі бұрынғыдан тарылғандай пысынатты,
Көңіл-күйі шалқып - толқып, ұйықтай алмай ұзақ жатты.
Ала-құла ойлар келіп, бірін-бірі сейілдірді,
Екі беті нарттай жанып, онан сайын өңі кірді.
Таңғы ұйқысы тым - ақ тәтті, тып-тыныш боп жатты ұйып..:
Жас ләззәттің тұңғыш таны, қандай нәзік, қандай бұйық!
Жас жүректің соғуында белгісі жоқ еш азаптың,
Күндей күліп жатыр ұйықтап.
Бұлты жақын жастық шақтың,
Бірақ ол бұлт жылжиды жай күндей жанды аяғандай,
Жарқ-жұрқ еткен бүл нұрлы күн сұрапылда болар қандай!
Балалық нұр тұрған ойнап, мына көзден от сөнер ме,
Өмір оты тұрған лаулап, мына жүзін жас көмер ме?
Ойнақтаған ерке еркін, азаттығын тұтқын етіп,
Бүлдіруші ләззәт шіркін, қор етер ме, бір күн жетіп!..
Аулақ мұнан, аулақ мұнан, қатуланған қара бұлттар!
Сендерде, рас, жеңер бәрін қайрат та бар, бостандық бар —
Бұл нәзік гүл жаңа ашылған, қырда өскен, қол тимеген,
Шығар ма екен, шығар ма екен алысуға сендерменен?..
Үшінші жыл, бұл өлкені тастап кетіп бара жатып,
Құшақтасып көршілермен, көзімнен жас бұршақтатып.
Әлі есімде, айтқан сөзім:— Саша есер, деп едім мен,
Бақытты боп жармен, перзент сүйсінші,— деп тіледім мен;
— Еш азапсыз, қасіретсіз ұзақ ғұмыр сүрсін,— дедім...
Амал қанша іске аспапты, менің сол бір тілегенім. '
Қарттардың мен білдім халін, ашығандай шын - ақ жаның;
Баян етті әкесі оның Саша қыздың ахуалын:
— Бізбен көрші, осы маңда, болушы еді бір кең жайлау,
Бос жатушы ед көптен бері, ең кемінде қырық жыл болды-ау.
Үшінші жыл, сол жайлауға бір мырза кеп орналасты,
Көп кешікпей сол көршіміз бізбен - дағы араласты.
Алексеич Лев Агарин аты-жөні ол мырзаның;
Мырза емес сықылды өзі, көре алмайсың еш ызғарын:
Өзі қатпа, өзі құп-қу, лорнеткасыз қарамайды,
Төбесінде төбелі бар, жұқа шашын тарамайды.
Өзін-өзі — мен бір соғар, ұшып қонған кұспын,— дейді;
Дәл жақында шет елдерді аралап мен ұштым,— дейді,—
Көрдім дейді неше түрлі ғажайып зор шаһарларды,
Көк теңіздің астын үңгіп салған көпір-наһандарды;
Сонда байлық, сонда ырыс, сонда, дейді, не керемет;
Ақшаларым келіп тұрды, алдым дейді, бірнеше рет;
Бүркіт дейді бір бақыт қой, келгені ғой мені айналса.
Кемпіріммен біз екеуміз аң-таң болдық ес шыққанша.
Ал, С,ашамыз күліп еді, ол да бірге күліп жатты...
Содан бері біздің үйге келуін ол жиілетті.
Сөйлеседі Сашамызбен, шығады ылғи саяхатқа.
Кей кездерде мін тағады біздің мына табиғатқа,
Дүниеде бір ел бар, дейді, қыс жетпейтін, жазы өтпейтін:
Балкондары жатады ашық, күнге піскен лимон — дейтін:
Қарап үйдің төбесіне, айтады өзі әлде нені...
Рас, сөзі жыр сияқты, дауысы тым күңіренеді.
Құдай басқа салмасын де!
Таусылмайтын сөздері еш!
Ол — ол боп па: отыратын кітап оқып ертеңді-кеш,
Сор қайнаған Сашамызға үйрететін француз тілін.
Нақ екеуі көтергендей бұл дүниенің қайғы - мұңын,—
Айтатын кеп, айтатын кеп, сәл нәрсеге себеп іздеп,
Талай ғасыр өтсе - дағы адам неге бақытсыз? деп.
Бірақ, дейді — қынжылмаңдар өздеріңді оймен мұқап,
Әділеттің күні бір күн жер бетіне шығуы хақ!
Сөйтеді де, ол әзінің сол үмітін бекіткендей;
Шарапты кеп көтереді. Біздің қыз да желіккендей,—
Қалмайды одан; ішпесе де, тигізеді ерініне.
Біздің - дағы кінәмыз мол,— ішіп жүрдік сомен бірге.
Қыс кеп қалды қылыш сермеп, қоштасты ол біздерменен,
Жетер, дейді, жүрдім біраз, күн өткізіп сіздерменен.
Тұрыңыздар бақытты боп, қайырымды жандарсыздар,
Жетер енді...
Істерім бар, адал тілеп қаларсыздар,—
Деді де ол, бір шоқынды, кетті шығып қақпамыздан:
Сол кетті де маза кетті әлпештеген Сашамыздан.
Байқаймыз біз, үй ішіміз болды оған тым көңілсіз.
Жас жеткен соң сөйте ме әлде, ол арасын білмедік біз.
Өлең айтсак, ертек айтсақ,— оған ешбір ұнамайды.
Қыс та жетті!
Бұрынғыдай шана теуіп зырламайды.
Ой ойлайды қарт адамша,— кеп шаруасы бар адамша,
Оңашада кітап оқып, жылайды да... амал қанша!
Қашан керсең хат жазады, оны бізден жасырады;
Кітап тауып алады да, бітіргенше асығады.
Қойшы әйтеуір ақырында, кірді бір күн ақыл-есі.
Айтад жөнін әр нәрсенің, тым – ақ тәуір әңгімесі.
Қандай өзі кең пейілді... ондай пейіл жоқ ешкімде,—
Мен мұндай жан көрген емен, сен де, сірә көрмессің де!
Жүргені ылғи жақын тартып жалшыны да, кедейді де,
Құрметтейді, ас береді, сырқат болса емдейді де.
Осылайша жүргенінде асты жасы он тоғыздан,
Жүріп-тұрып жаттық біздер, келгенінше қолымыздан.
Көршіміз де жайлауына бір қайтуға тиісті емес пе!
Хабар жетті келді, деген, келмекші екен бізге түсте.
Саша қандай күтті дейсің, көңілденіп кетті мүлде!
Үйдің ішін безендіріп, толтырды кеп не бір гүлге.
Кітаптарын қойды жөндеп, тым жұпыны киінді езі,
Шықты жайлап қақпа алдына қонақ келер болып кезі.
Келді көрші, а!! деді ол, көрген жерде Сашамызды.
Есі шыққан тәрізденді, кермей бұрын мұндай қызды.
Шынында да біздің Саша қолымызда еркін тұрып,
Соңғы екі жыл ішінде кеткен еді тым құлпырып;
Сол баяғы бет қызылы тарқамастан тұрған шалқып,
Бірақ, анау, шашы түсіп, кетті әбден қуқыл тартып...
Не оқыды, не істеді,— Саша бәрін айтып жатты,
Бірақ оған айтылған сөз бұрынғыдай дарымапты.
Қасақана қыңырайған адамға ұқсап кес-кестеді:
— Екеуміздің ондағымыз бос сөз,— бір елес! — деді.
Ақылдылар айтты маған: адамзат қор, әрі жауыз.
Ойдай соқты - ау, соқты, соқты, жан екен бір көбік ауыз.
Не айтты ол, түсінбедік, мазасызбыз содан бері;
Он жеті күн болды бүгін, Сашамыздың бардай шері,—
Қайғырады, қаңғырады, үнсіз - тілсіз көлеңкедей;
Кітаптарын оқиды да, лақтырады тырс үндемей.
Қонақ келсе, сөз бастаса, қойыңызшы, дейтін болды.
Әлгі мырза келді үш рет: келгенінде ол ең соңғы,—
Бір мұжық кеп хат жаздырып отыр еді Сашажанға,
Бір қатынның сырқаты боп, дуалы шөп сұраған ба...
Мырза бізге қарады да, бір сөз айтты қалжың қылып:
— Балаңызға жаңа ермек табылыпты,— деді күліп.
Саша тұрып кете барды, қарамастан, тіл қатпастан...
«Тегі сырқат болар білем», деп мырзамыз болды аң-таң.
Кітап беріп жіберсе ол,— Саша оны оқымайды,
Қайта апарып таста, дейді, жүрегінде бар бір қайғы,
Жылайды да толғанады, жалбарынад бір тәңірге...
«Жол жүремін» деп еді ол,— Саша шығып бізбен бірге,
Қоштасты да, қайта келіп, жатып алды жоғарғы үйде.
Амал бар ма?.. хат жазыпты ол, шыдай алмай мұндай күйге,—
Күнәкер боп біз өзіміз оқып алдық оның хатын;
Қосылсақ деп сұрапты ол ризалығын, махаббатын.
Саша оның бүл тілегін жіберді алғаш қабылдамай,
Хатын бізге көрсетті әкеп, еткеннен соң күн бір талай.
Өзімізше үгіттедік: күйеу болар жігіт, дедік.
Жас десең жас, бай десең, бай, мінезін де кемітпедік.
«Жоқ, бармаймын» дейді Саша, қобалжулы, сыр бермейді,
Кейде тұрып: «жоқ, мен оған, тең емеспін, кеммін» дейді.
Дейді кейде: «жоқ ол менің — теңім емес, менсінбеймін,
Ол ашулы, ол қайғылы, рухы түскен, мен сүймеймін».
Бірақ та ол кеткеннен соң, болып алды тым қайғылы,
Хатын оның сүйіп қояд,— дел-сал болдық ұқпай мұны.
Не езі бұл? Түсіндірші, түсіндірші, туысқаным!
Көрші өзің, көр Сашаны, көрші оның не болғанын!
Енді қанша қайғы шекпек, өлмек пе бұл байғұс балам?
Ойнап-күлу дегендерің болғаны ма бұған харам?
Қайран балам! қор етті ол, қор болмақ па өмір-бақи?
Айтшы бізге: кім өзі ол, түсінбедім, таусылды ми.
Адам ба өзі кәдімгідей?
Қара жүрек әзәзіл ме?
Әлде арбаушы сиқыршы ма, ібілістің дәл өзі ме?
Жетер, жетер, жарандарым, серпіліңдер, бос қайғырмай!
Тез арада түзеледі, тұрарсыңдар бұрынғыдай.
Сашаңыз да тәуір болар — тәңір оған медет берер;
Ол ешкімді алдап-арбап жеңе алмайды, бос әбігер:
Ол өзі бір... не деп, сірә, түсіндірсем екен, сізге...
Білгішсінген бір жат ұрпақ өсіп түр ғой елімізде!
Ол кісіңіз сайтан емес, адамзаттың арбаушысы!
Амал қанша!
Бұл заманның солар боп түр таңдаулысы.
Шала-пұла кітап оқып, тіміскілеп дүниені,
Қолдан келмес жұмыс іздеп, өз-өзінен күйінеді.
Әкесінен қалған байлық еңбекке қол тигізбейді,
Ескі жолдан шығамын деп, өзінше бір жол іздейді.
— Жоқ, дейді ол, менің жаным ұсақтыққа жаралмаған
Адам деген бір құмырсқа, оның ісі харам маған;
— Не езімнің қайратымды көтере алмай мерт боламын,
Жастай барып жатамын мен түпкірінде бір моланың;
— Не болмаса, жұлдыз болам, ағам зырлап заңғар көкте!
Дүниені бақытты етем! — деп ұрады көкірекке.
Қолда бардың қадірі жоқ, жек көреді оны мүлде,
Еш мағнасыз құртады тек, лақтырады гүлді күлге.
Әрі ұлы, әрі ауыр біздің мына заманада
Кітап деген ойыншық па,— тек оқи біл, бағала да,
Өрескел не, топастық не, жауыздық не, түгендейді,
Бірақ та сол кітабыңыз игі іске әл бермейді.
Шын жүрекпен шындап тұрып сүюді де үйретпейді...
Ғасырлардың ісін жөндеу — оңай емес, күш жетпейді!
Езгілікке, дұрыстыққа, еркіндікке болып құмар,
Олар ылғи әуре-сарсаң, бірақ одан не мән шығар?
Істерінде, сөздерінде береке жоқ өңшең мылжың,
Билігі жоқ, қайраты жоқ, табыс таппай болады ың-жың.
Жақсы көре біледі олар, жек көре де біледі олар,
Шыбынды да ренжітпейтін, әрдайым бір соры болар!
Махаббатқа келген шақта: қаным, дейді толқымайды, —
Ойым толқып, басым әуре, махаббатта жатқан қайғы!
Соңғы оқыған кітабынан не ұқса, сол оған бір заң,
Орын алад ол жанының ең үстіңгі қабатынан.
Сену - сенбеу — керек емес, тек дәлелді болсыншы дер,
Өз жанынан шығары жоқ, кеше орғанын бүгін егер.
Ертең нені орарын ол білмесе де егуі хақ...
Жәй сөзбенен айтқанда ол тек сез қуған бір ақымақ.
Ал егерде алса колға бір жұмысты, ол бір қайғы!
Ұқсата алмай қалғаны үшін — дүниені кіналайды.
Әлсіз ойдың канаттарын сәл талдырса ойбайлайды:
«Түк шықпайды!» дейді де ол, енді қайта ден қоймайды.
Қанатынан қайрылған соң тым ызалы болар бүркіт...
Ұқтыңдар ма? Ұқпадыңдар! Уахасы жоқ, сөз соңын күт,
Бүл айтылған сөздерімді Саша ұқса болды маған,
Ол өзі де сезген екен — аулақ салса енді анадан.
Ал ендігі қалғандарын мезгіл езі жөндеп керер.
Мезгіл езі түсінер де игілікті тұқым егер!
Біздің мына даламызда аяқ бассаң жылғалар бар:
Жазда жылға сусыз құрап, жап-жалаңаш құмға айналар.
Күз келгенде басқа батар, қыстағы кар жатар көміп,
Асықпаңдар, сол бір жылға құлпырар бір көктем келіп,
Адамдары кеуде кере дем алатын жылы жақтан,
Қып-қызыл күн көтеріліп, жібір аймақ мұзға батқан.
Өзен ағар елеңдетіп, біздің жаққа келер жетіп,
Бөтен жақтың толқындары сел боп басып, жатар көлкіп;
Сонда әлгі сорлы жылға кәусер күміс суға толар,
Жалт-жұлт етіп, жөн көрсетіп, ол да өзінше ойнақ салар...
Көктем өтер, жылғамызда су тартылар, күнге күйер,
Жат толқынмен суарылар, жылғамыз мол егін берер.
Саша қыздың зердесінде жатқан ұйықтап не бір күшті
Оятып ол кеткен екен, соңы болғай сүйінішті...
Ой мен, сірә, кеттім білем, ұқпайтын қып, сөз құбылтып!
Иланыңдар, дос-жарандар: жас жан ылғи өмірге ынтық.
Рахат табар, шабыттанар қандай дауыл тұрса соғып,
Сұрапылда жан шынығар, ой желісі пісер толып.
Жалт-жұлт еткен жеңілдіктен бала бойын салса аулақ,
Сонда ол бір сілкінер де, шығар жайнап, от боп лаулап,
Ырысты бір жерге келіп түскен екен дән домалап,—
Одан өнген жеміс дағы болар толық, болар мол - ақ!

Автор: nurgul95 | 150 |


Комментарии для сайта Cackle


Загрузка...

KZ / Өлеңдер жинағы, қасым аманжолов Саша өлең стихи на казахском касым аманжолов олен казакша, қасым амандолов өлеңдері, касым аманжолов олендери, касым аманжолов стихи на казахском, Саша, қасым аманжолов Саша өлең стихи на казахском касым аманжолов олен казакша қасым амандолов өлеңдері касым аманжолов олендери касым аманжолов стихи на казахском Саша, Өлең: Қасым Аманжолов (Саша) қазақша өлеңдер жинағы скачать бесплатно олен казакша махаббат туралы стихи на казахском языке стихи на казахском языке стихи с днем рождения на казахском языке