География | Байқоңыр ғарыш аймағын ГАЖ технологиясымен зерттеу

 География | Байқоңыр ғарыш аймағын ГАЖ технологиясымен зерттеу


КІРІСПЕ
Курстық жұмыстың тақырыбы: «Байқоңыр ғарыш аймағын ГАЖ технологиясымен зерттеу».
Жұмыстың мақсаты: Қазақ жеріндегі ең үлкен және өте күрделі инженерлік құрылыс – Байқоңыр космодромын қазіргі ғылыми техниканың жетілген кезеңі, яғни XXI ғасырда ГАЖ технологиясын пайдалана отырып зерттеу.
Байқоңыр космодромындай құрылыс жер шарының ешқандай бөлігінде кездеспейді. Сол себептен Байқоңыр космодромы жер жүзі халықтарының назарын аударып, оларды алаңдатып отыр. Бұл космодром тек ғарыш кемелері мен зымырандарды космос кеңістігіне ұшыру мақсатына жасалған емес, сонымен қатар, әскери қару-жарақтардың жаңа түрлерін сынау мақсатын да көздейді. Сондықтан да Байқоңыр космодромы әскери ғылыми-техникалық орталық болып есептелінеді.
Барлық экономикасы жоғары дамыған елдер ғарыштық кеңістіктерді қолдануды әртүрлі мақсатта жан-жақты (бүкіләлемдік мониторинг, ғаламдық байланыс торабы және т.б) қолданады.
Аэроғарыштық зерттеулердің көптеген жетістіктеріне қарамастан, түйіні шешілмеген мәселелер әлі де көп. Сондай мәселелердің бірі – ғарыштық ұшырулардың қоршаған ортаға тигізетін әсері.
Ұшырылған ғарыш кемелері мен оларды ғарыш кеңістігіне шығарушы зымырандар қоршаған табиғи ортаға елеулі өзгерістер енгізетіні белгілі. Ғарыш кемелерін тасымалдайтын зымырандардың пайдаланатын отындары улы қосылыстардан тұратын болғандықтан, ол қоршаған ортаның мөлшерден тыс улануына әкеп соғады. Зымырандардың бөлшектері құлаған аймақ не егін егуге, не мал жаюға жарамай қалған.
Байқоңыр космодромынан ұшырылған ғарыш кемелерінің қалдықтарының жерге түсетін аймақтары алдын-ала белгіленген. Ол Жезді және Ұлытау аудандары территориясының 10 пайызын қамтиды.
Зымырандарды ұшыру әсерінен Қызылорда облысының жерлерінде көптеген қауіпті оқиғаларды тек Арал теңізінің тартылуымен байланыстырудың қажеті аз секілді. Өйткені, космодром осы облыста орналасқандықтан, оның сол аймақтың экологиясына қаншалықты әсер етіп жатқаны айтпаса да белгілі нәрсе.
Зымырандарды жасаған кезде оларға экологиялық мінездеме беріледі. Ол зымырандарды ұшырған кезде қоршаған ортаға өте көп зиян келтірмейтіні ғылыми басшылыққа алынады. Ал зымырандар экологияны бұзатын болса, онда қауіпті зымырандар ұшырылмайды. Байқоңыр космодромының экологиясын қатаң бақылауға алған мекемелердің бірі – Қазақстан Республикасының Табиғи ресурстары мен табиғат қорғау министрлігі.
1996 жылдан бастап зымырандардың улы қалдықтары азайып, тек белгілі жерлерге ғана түсетін болды. Қоршаған ортаға ұзақ мерзім әсер етпей, тез арада ыдырап кететіні байқалады, медициналық белгілерден аспайтыны белгілі болды. Сонда да соңғы кезде осы аймақтың ауа-райы бұзылып, климаты өзгеріп кеткенін айтпай кетуге болмайды.
Байқоңыр ғарыш аймағы бұрын-соңды ГАЖ технологиясымен зерттелмеген. Бұл жұмыста осы аймақтың топырақ, өсімдік, ландшафт карталары (ГАЖ технологиясын пайдалана отырып) сызылды.
Жалпы курстық жұмыс 2 тараудан тұрады. 1-ші тарауда Байқоңыр ғарыш аймағына физикалық-географиялық сипаттама берілген. Байқоңыр ғарыш аймағы Қызылорда облысының территориясында орналасқандықтан, біз оның топырағын, өсімдігін, геологиялық құрылымы мен тектоникасын, климатын, жер бедерін, гидрографиясын жалпы облыс бойынша, сосын Қармақшы ауданы көлемі, одан кейін Байқоңыр ғарыш аймағы аумағында салыстырып, айтып кеттік.
2-тарау – осы аймақты ГАЖ технологиясымен зерттеу. Мұнда жалпы ГАЖ туралы қысқаша түсінік беріледі, сосын мәліметтер базасы қалай құрылады, картографиялық материалдар қалай даярланады, топырақ-су-өсімдік құрамындағы өзгерістер қалай анықталғаны қарастырылған. Сонымен қатар Байқоңыр ғарыш аймағының экологиялық мониторинг және бақылау жүйелерінің мақсаттары мен міндеттері айтылған.
Байқоңыр космодромы Қазақстанның оңтүстік-батысында, яғни Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы территориясында орналасқан. Бұл аймақтың ауа-райы өте құбылмалы болып келеді. Қысы суық, жаз айлары ыстық, жауын-шашын аз түседі. Небәрі 90-150 мм. Сол себептен климаты ылғалсыз болып келеді де, құрғақшылық жиі-жиі болып тұрады. Жер бедері жазық, тау-тастары болмайды. Тек қана құм белестері мен көшпелі құмдар көп кездеседі. Өсімдік әлемі онша көп емес. Орман-тоғай бұл аймақта өспейді. Өсімдіктің систематикалық түрлері де өте аз. Көпшілік өсімдіктер ботаника тілімен айтқанда – эфемерлер. Көктем айларында құлпырып өсіп, жер-көкті жасыл түске бөлеп, қызыл-жасылды бәйшешектер атып, ұрық береді де, жаз айлары туысымен олар тіршілігін жойып, қурап қалады. Дегенмен, мал жайылатын жайылымдар бұл аймақта көп. Шөбі шүйгін, жұғымды келеді. Қазір бұл жайылымдар космодром салынуына байланысты түгелімен жойылып кеткен. Малға азық болатын шөптердің барлығы құрып, уланып біткен.
Байқоңыр космодромының көлемі 6717 шаршы шақырым. Ол солтүстікке қарай 75 шақырым, ал батыстан шығысқа қарай 90 шақырым қашықтыққа созылып жатыр. Байқоңыр космодромын салуға байланыств 20 000 гектар жер шаруашылық айналымынан шығып қалған. Ол жерлер не егін егуге, не бау-бақша өсіруге, не мал жаюға жарамай қалған.
1994 жылы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасында Байқоңыр космодромын пайдалануға байланысты және Ресей Федерациясына оны жалға беру үшін үкіметаралық шарт жасалынып, оған үкімет басшылары қол қойған. Жал мерзімі 20 жыл деп белгіленген. Ресей жағы Байқоңыр космодромының және сол аймаққа жақын жерлердің экологиясына зиянды әрекет етпейміз деп міндет алған. Ол міндет іс жүзінде орындалып жатыр ма, жоқ болмаса орындалмай жатыр ма, ол жағы бізге беймәлім. Зымырандардың отындарының қалдықтары түскен жер арнаулы тәсілдермен тазарлылу керек деген келісім шартта баптар бар. Тазарту жұмыстары белгілі дәрежеде жүргізілген емес. Зымырандардан түскен қалдықтардың барлығы тірі ағзаларға өте зиянды. Зымыран ұшатыннан 5 күн бұрын, қай мезгілде зымыран ұшатынын Ресей Федерациясы Қазақстан Республикасының басшыларына алдын-ала хабарлап отырады. Даулы мәселелерді дер кезінде шешіп отыратын тұрақты коммисия бар. Ол коммисия «Байқоңыр» деп аталады [1].
Байқоңыр космодромындағы әскери бөлімшелер зымырандарды ұшырған кезде халықаралық келісім шарттардың түгелдей болмаса да, көпшілік талаптарын сақтауға тырысады. Қазақстан Республикасының Байқоңыр космодромына байланысты заңдарын орындауға қолдан келген мүмкіншіліктерін түгелдей жасайды. Қазақ жеріне , жердегі тіршілік ететін өсімдік әлемі мен жануарлар дүниесіне зиянды әсер еткізбеудің тәсілдерін жетілдіреді. Әсіресе, адамдардың денсаулығына зиян келтірмеудің жолдарын іздестіреді. Байқоңырда тұратын халықтардың денсаулығына қатер төндірмейді. Сол себептен космодром орналасқан аймақтарға улы қосылыстарды түгелдей жойып жіберетін шаралар қолданылады. Гептил төгілген немесе шашыраған жерлер мұқият түрде залалсыздандырылады. Залалсыздандыру үшін хлорлы тотықтырғыштарды пайдаланады. Термикалық әдістерді де қолданады, гептил төгілген немесе шашыраған жерлерге керосин шашып, ол жерлерді түгелдей өртеп жібереді. Сонда гептилдің улылығы жойылып кетеді. Сонымен бірге, жерді өртеген кезде, жердің үстінгі қабатындағы пайдалы микроағзалар түгелімен жойылып кететіні сөзсіз. Сөйтіп топырақ құнарлылығынан айырылып қалады. Ондай жерлерге өсімдіктер өспейді.
Дегенмен, кейінгі кезде Байқоңыр космодромының пайдасыз жағын жан-жақты зерттеу – келешек жас ғалымдардың, яғни біздердің міндетіміз деп есептейміз.
I ТАРАУ БАЙҚОҢЫР ҒАРЫШ АЙМАҒЫНЫҢ ФИЗИКАЛЫҚ-ГЕОГРАФИЯЛЫҚ СИПАТТАМАСЫ

1.1. Географиялық орны мен жер бедері

Байқоңыр ғарыш аймағы Қазақстанның оңтүстік-батысында, яғни Қызылорда облысы, Қармақшы ауданының территориясында орналасқан.
Байқоңыр ғарыш аймағының көлемі 6717 шаршы шақырым. Ол солтүстікке қарай 75 шақырым, ал батыстан шығысқа қарай 90 шақырым қашықтыққа созылып жатыр. Байқоңыр космодромын салуға байланысты 20000 га жер шаруашылық айналымынан шығып қалған. Ол жерлер не егін егуге, не бау-бақша өсіруге, не мал жаюға жарамай қалған.
Байқоңыр космодромы 1957 жылы салынған. Оның орталығы – Байқоңыр қаласы. Онда осы кезде 60 мың халық тұрады [1].
Байқоңыр космодромының іргесі 1955 жылы қаланған. Ғарыш алаңын салу үшін Байқоңырды таңдап алу кезінде бұл жердің елді мекендерден қашық болуы, экватор жазықтығына жақындығы, ракета ұшырудың қауіпсіздігі, қайтып оралатын ғарыштық объектілер үшін қолайлы қону аймақтарының болуы, т.б факторлар ескерілді. Байқоңырдың басты және көмекші объктілері мен қызмет ету орындары кең аймаққа орналасқан, олар бір-бірімен автомобиль жолдары және теміржолдары арқылы байланысқан.
Байқоңырдың негізгі обьектілеріне: техникалық тұғырлар, старттық кешендер мен ұшу трассасының бойындағы өлшеу бекеттері (олардың әрқайсысы жалпы техникалық және арнаулы технологиялық құрал-жабдықтары бар ірі құрылыстар), ғарыш алаңына әртүрлі жүктерді жеткізетін кірме жолдар, т.б; көмекші және қызмет көрсету объектілеріне; отын (жанармай) сақтайтын алаң, сұйық оттегі мен азот өндіретін заттар, энергия және сумен қамтамасыз ететін жүйелер, байланыс жүйесі, телевизия, т.б жатады.
Байқоңырда ракета-тасығыштың (РТ) әрбір түріне сәйкес бір, не бірнеше техникалық тұғырлар және олардың әрқайсысына арналып бір, не бірнеше старттық кешендер салынған. Байқоңырдың ұшу трассасы Арал теңізінен Камчатка түбегіне дейін созылып жатыр[2].
Байқоңыр ғарыш аймағы Қызылорда облысының территориясында орналасқандықтан жер бедерін осы облыс көлемінде де қарастырып шықтым.
Қазақстанның оңтүстігінде 1938 жылы құрылған Қызылорда облысы Сырдария өзенінің төменгі ағысында оның екі жағасын ала орналасқан. Жер көлемі жағынан республикадағы ірі облыстардың бірі болып саналады. Қызылорда облысының байтағы 249 мың шаршы шақырым, халқы – 609,2 мың адам. Мұнда республикадағы халықтың 3,9 пайызы тұрады. 1 шаршы шақырым жерге 2,7 адамнан келеді
Шығысы мен оңтүстік-шығысында Шымкент, оңтүстігінде Өзбекстан Республикасымен, солтүстігінде Қарағанды облысымен, солтүстік-батысында Ақтөбе облыстарымен шектеседі, яғни, Азиялық шөл даланың белдеуі орналасқан. Батысында – Арал теңізі. Оның солтүстік және шығыс бөлігі аралдарымен қоса 28,5 шаршы шақырым болатын аумағы Қызылорда облысының құрамына енеді. Бұл облыс байтағының барлық көлемінің 11,8 %. Оңтүстігіне – Қызылқұм шөлінің солтүстік бөлігі, солтүстігінде – Арал теңізінің жиегінде Қарақұм, Арысқұм және Орталық Қазақстанның шет аймағына кіретін шөлейт үстірті кіреді. Тұран ойпатының жазықтау келген кең алқабын алып жатыр. Оның басым көпшілігі Сырдария, Сарысу және Шу өзендерінің ертедегі атырау жазығы болып табылады. Тарихтан мәлім, бұрын арғы дәуірде Сырдарияның атырауы мен Арал теңізінің жерінде біріне-бірі тіркес жатқан екі үлкен қазаншұңқыр болған. Сонау Тянь-Шань тауынан басталып, Ферғана даласында түйісетін кіші-гірім өзендерден басын алып, басқа Қызылорда шұңқырына құйған. Ол заманда Сырдария суы мол, ірі өзен болса керек. Өйткені, ол кезде Шу мен Сарысу өзендері Сырдарияның арнасына құйған екен. Ұзақ шөлде талай жердің қыртысын қақ жарып, екі жиегін опыра құлатып, жұлқына ағатын асау өзен орасан көп құм лайды алады деген.
Ғылыми деректерге жүгінсек, бұл шұңқыр 56 мың жылда сумен келген шөгіндімен толып, осы заманғы геоморфологиялық аймақ қалыптасқан көрінеді [3]. Сол геоморфологиялық аймақ солтүстік-шығысында Қаратау, батысында Қызылқұм биігінің жақын жатқан тар аралығынан басталып, батысқа қарай кең жайылып жатыр. Оны Сырдария ойпаты деп атайды. Ойпаттың ең терең жері Тартоғай станциясының тұсынан басталады да, Қызылорда арқылы Тереңөзекке дейін созылып, одан оңтүстік-батысқа қарай бұрылып, Жаңадарияның арнасын бойлай жатыр. Шұңқырлардың табанынан санағанда жиналған шөгінді үш қабаттан тұрады. Төменгі бірінші қабаттың қалыңдығы – 7 м-ден аспайтын майда тас аралас құм мен саздан тұрады. Қызылорда қаласы мен Тереңөзектің тұрған жеріндегі екінші қабаттың қалыңдығы 60-80 м болатын үрінді құмның қалыңдығы шетке қарай жұқара бастайды.
Байқоңыр ғарыш аймағы Қармақшы ауданында орналасқандықтан, осы ауданның жер бедеріне келетін болсақ, бұл ауданның жер бедері тегіс, жазықты болып келеді. Сырдария өзені осы аймақты екі бөлікке бөледі: солтүстік және оңтүстік. Солтүстік бөлігі жазықты болып келеді, ал оңтүстік бөлігін Қызылқұм алып жатыр. Ауданның аздаған бөлігінде батпақты жазық – Дариялықтақыр орналасқан. Аудан территориясында сирек бұталар кездеседі.
1.2. Геологиялық құрылымы мен тектоникасы
Байқоңыр ғарыш аймағы Қызылорда облысының территориясында орналасқандықтан, біз, жалпы геологиялық құрылымы мен тектоникасын осы облыс көлемінде қарастырамыз.
Жалпы Қызылорда облысы Тұран ойпатының солтүстігін қамтиды. Мұнда жер бедері негізінен аккумулятивті және денудациялық жазықтар, сонымен қатар таулы үстіртті болып келеді. Батыста – оған Арал теңізінің солтүстік және шығыс бөлігі, оңтүстікте – Қызылқұм шөлінің солтүстік бөлігі, солтүстікте – Қарақұм, Арысқұм және оңтүстік батыстың қатпарлы шөлді үстірттері кіреді.
Мұнда аккумулятивті жазықтар – аллювиальды, эолды, аллювиальды-проллювиальды, көлдік және терраса жайылмалы сипатта болып келеді. Ал, денудациялық жазықтар мен үстірттер қабатты жазықтар мен құрылымды үстірттерді біріктіреді; мұнда таулар Қаратау жотасы түрінде берілген. Геологиялық еңбектерден [4]. Аралдың Қазақстандық бөлігі геологиялық-құрылымдық жағынан Тұран плитасының орталық және оңтүстік-шығыс бөлігін алып жатқанын білеміз. Бұл территорияның күрделілігін анықтайды, әсіресе оңтүстік-шығыс және солтүстік бассейндерде. Мұнда, теңіз акваториясында палеозой фундаменттері 3 км тереңдікте, ал бассейн шекарасы бойынша таулы құрылымдар жер бетіне шығады.
Арал теңізі бассейнінің әртүрлі бөліктерінде платформалы қатпардың су тұтқыш шөгінділері әртүрлі тереңдікте жатады. Батыстан шығысқа қарай платформалық қатарда құмды-батпақты және карбонатты шөгінділер үш ірі жүйелерге бөлінеді. Олар: бірінші ретті артезиан бассейн жүйелері – Шалқар – Солтүстік – Үстірт (қарастырылып отырған территорияға оның тек қиыр оңтүстік-шығыс бөлігі кіреді); мегантиклиналь және мегасинклинальдық солтүстік – Аралмаңы жүйесі; Шығыс – Арал – Сырдария жүйелері кіреді.
Бұл жүйелердің құрылуында артезиан бассейндерінде әртүрлі жастағы шөгінділер бар. Қиманың негізінде палеозой және протерозой шөгінділері жатыр. Жоғарғы бөлігі бор, палеоген, неоген және төрттік дәуірдің борпылдақ құмды-батпақты шөгінділерімен жабылған. Осы ауданға қимада құмды және батпақты қабаттар және бірнеше су тұтқыш шөгінділер ауысып отыруы тән.
Облыс территориясының гипсометрлік жағдайы жер бедерінің әртүрлі абсолюттік биіктіктеріне байланысты. Олар оңтүстік-шығыстан батысқа, , солтүстік-батысқа қарай жайлап төмендей береді. Арал теңізіне жанаса жатқан облыстың батыс бөлігінде абсолюттік биіктік 37 м-ден 100 м-ге дейін, оңтүстік және шығыс бөлігі 100 м-ден 200 м-ге дейін, тауалды жазығы 200 м-ден 300 м-ге дейін, ал Қаратау жотасында 500 м-ден 700 м-ге дейін жетеді.
Облыс көлемінде геоморфологиялық қатынаста үш негізгі бедерді бөлуге болады: аллювиальды-атыраулы жазық, палеоген-бор үстірті және Қаратау жотасының тізбектері.
Сырдария өзенінің аллювиальды-атыраулы жазығы облыстың орталық бөлігін алып жатыр. Бұған бедердің шығыстан батысқа қарай әлсіз еңістелген (140 м-ден 150 м-ге дейінгі Тартоғай станциясынан 37 м Арал теңізіне дейінгі бөлігі), солтүстік және оңтүстікте палеоген және бор дәуірінің үстірттерімен көмкеріліп жатқан Сарналан және Қарақұм, шығысында – тауалды Қаратау жотасының құрылымы тән.
Атыраулы облыс Қаратау жотасы мен Қарақұм шөлі арасында басталады. Бұл облыс өзеннен еңіс тауалды аллювиальды-пролювиальды жазыққа қарай аз таралған және таулардан өзенге қарай сәл қисайған.
Тауларға қарай уақытша ағын сулардың әсерінен әлсіз жырымдалып, ирелеңдей аққан жылғаларда осы атыраулы облысты қамтиды.
Ежелгі атыраудың солтүстік облысы Сырдария өзенінің оң жағасы, Қараөзек тармағынан Қаратау тау бөктерінің арасында созылып жатқан үлкен жазық – Дариялықтақыр болып саналады. Бұл жердің жер бедері – ол жерлерде құмды массивтердің болуымен ерекшеленеді. Кейбір жерлерінде тақырлардың әртүрлі түрлері кездеседі.
Тақырлар мен жазықтардың байланысы шамамен бірдей. Бұл жерде сонымен қатар ежелгі Сырдария өзенінің тасқынының әсерінен болған құрғаған арналардың орындары бар.
Атыраудың оңтүстік облысы оңтүстігінде Қызылқұмның құмдарымен шекараласатын Сырдария өзенінің сол жағалауындағы үлкен шөл жазығын қамтиды. Жазықта Жаңадария, Қуаңдария, Ескідария, Майлыөзек, Іңкәрдария және т.б кішігірім арналар жақсы сақталған. Арналардың бойын жағалай сексеуілдер өскен.
Жаңадария жазығында шығыстан батысқа қарайғы бағытта құмдар және тақырлы жазықтар мөлшері көбейе түседі. Құмдар арасында тақырлар таралған [4,5].
Сырдария өзенінің қазіргі атырауының территориясы (Қазалы) солтүстік-шығыста палеоген-бор үстірттерімен және Аралмаңы Қарақұмдарымен, ал оңтүстік-шығыста Жуанқұм құмдарымен шектеледі. Оның жер бедеріне өзен арналарының шөгінділері және суы мол болған көлдер мен батпақтар (қазіргі уақытта бұлардың көп бөлігі территорияның тұздануы мен шөлденуінің нәтижесінде құрғап қалған) тән.
Арал теңізі деңгейінің қарқынды төмендеуіне байланысты оның түбі құрғап жатыр. Қазіргі уақытта ол жерде сорлар мен құмдар (сусымалы, жылжымалы құмдар), тұз бен шаңдар көптеп кездеседі.
Облыстың көптеген аудандарын ежелгі атырауда кездесетін құмды массивтер алып жатыр. Жер бедерінің пішіні мен генезисі бойынша құмдардың үш түрін бөліп көрсетуге болады: дөңесті-түйдекті, дөңесті-тізбекті және биік дөңесті-тізбекті.
Қызылқұм шөліне жер бедерінің күрделі бөлінуі тән. Құм тізбектерінің биіктігі солтүстіктен оңтүстікке қарай 10м-ден 30 м-ге дейін көбейеді. Тізбектердің ұзындығы бірнеше шақырым, ал ендігі жүздеген метрден 2-2,5 шақырымға дейін созылған. Солтүстік бөлігінде құмдар аз, құрғаған арналардың тақыртектес аңғарларымен алмасып отырады.
Аралмаңы Қарақұм құмдарына ойпатты дөңесті және адырлы жазықты рельеф тән. Мұнда құмдар құмды жазықтармен ауысып отырады. Геоморфологиялық қатынаста мұнда үш құм түрін бөліп көрсетуге болады: 1) бос дөңесті, кей жерлерінде желдің әсерінен болған бархандар кездеседі; 2) нығыздалған дөңесті және түйдекті; 3) қоршауланған құмды массивтер;
Дөңестердің биіктігі 20-40 м аралығында. Сарналан үстіртінің төменгі шығыс бөлігін алып жатқан Арысқұм шөлдеріне дөңесті және дөңесті ретті рельеф тән.
Облыс территорясында палеоген-бор үстірті – Қызылқұм үстірті түрінде берілген. Сарналан үстіртінің жер бедері күрделі. Мұның орталық бөлігі жалпақ көтеріңкі жазықтар, шығысы төмен жазықты болып келеді (Арыс ойпаты).
Облыс территориясының солтүстік бөлігін қамтып жатқан Қаратау жотасының тау тізбектеріне төмен таулы рельеф және аз таралған тауалды жазықтары тән.
Облыстың оңтүстік-шығыс бөлігінде тығыз шөгінділер орналасқан [6].
Байқоңыр ғарыш аймағы Қызылорда облысының Қармақшы ауданында орналасқандықтан осы ауданның геологиялық құрылымына кішкене тоқталып кетейік. Бұл ауданның солтүстігінде бор дәуірінің бөлінбейтін, ыдырамайтын шөгінділері таралған. Сырдария өзені аңғары және ауданның оңтүстігінде төрттік жүйенің аллювиальды шөгінділері таралған. Кей жерлерінде үштік жүйенің эоценді ыдырамайтын шөгінділері кездеседі.
1.3. Ландшафттары
Қызылорда облысы табиғи шөл зонасында орналасқандықтан, бұл аймаққа негізінен шөлдің ойпатты-жазықты және көтеріңкі-жазықты ландшафттары тән. Біз енді облыс территориясына тоқталмай, тек Байқоңыр аймағында кездесетін ландшафттарға сипаттама беріп кетейік.
1 – шөлдің тақырлардағы құба және сұр-құба, сор топырақтардағы сұр жусанды, бүйіргенді, сұржусанды-баялышты өсімдіктері;
2 – шөлдің тақыр тәрізді топырағы мен сортаңдағы сарсазанды, қарабарақты өсімдіктері;
3 – шөлдің тақырлар мен құмдардағы және құба топырақтардағы жүзгінді, жусанды-жүзгінді өсімдігі;
4 – шөлдің құмдардағы сұр жусанды, баялышты, бүйіргенді өсімдігі;
5 – шөлдің құмдағы және тақыр тектес топырақтағы аралас сексеуілді, жүзгінді, эфемерлі, теріскенді, еркекті және жусанды өсімдіктері;
6 – шөлдің құмдағы қара сексеуілді, сұр жусанды-қара сексеуілді және күйреуікті-қара сексеуілді өсімдігі;
7 – шөлдің шалғынды жайылма және шалғынды-батпақты, сор топырақтардағы құрақты және қамысты;
8 – шөлдің тақыр тектес топырақтағы қара сексеуіл, еркекті-жусанды, бүйіргенді өсімдігі;
9 – шөлдің аллювиальды-проллювиальды сортаңды құба және сор топырағындағы баялышты-жусанды және бүйіргенді-қара жусанды өсімдігі;
10 - өзен жайылмасы;...
Бұл дипломдық, курстық немесе ғылыми жұмысты өзіңіз жазуға көмек ретінде ғана пайдаланыңыз!!!



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Су тасқынынан зардап шеккендерге қосымша тағы 553 мың теңге төленеді
» Елімізде TikTok желісі бұғатталуы мүмкін бе?
» Елімізде су тасқынынан зардап шеккендердің қандай мүліктеріне өтемақы төленеді?