Ертегі: Бекболат

Ертегі: Бекболат казакша Ертегі: Бекболат на казахском языке


Ертеде бір кедей болыпты, оның төрт баласы болыпты. Кішісінің аты Бекболат екен. Бір күні ол кедей «тілімді алмайсың» деп Бекболатты үйден қуып жібереді. Бекболат қаңғырып келе жатып, көлдің жиегіндегі жалғыз үйге сәлем беріп, кіріп келсе, бір шал мен кемпір отыр екен. Олар жөн сұраса, Бекболат:

— Әке-шешем жоқ, қаңғырып жүрген жетім баламын, баласы жоққа бала болар едім, – дейді.

Бұған шал мен кемпір қуанып, Бекболатты бала қылды да азын-аулақ малы бар екен, соны баққызып қояды. Шал өзі қармақ салады екен. Біраз күннен кейін Бекболат атасынан рұқсат алып, қармақ салатын болады да шал қой бағады.

Күндерде бір күн Бекболаттың қармағына бір үлкен балық ілінген екен, соны Бекболат жалғыз өзі ала алмай, әке-шешесі келіп, үшеуінің әлі жетпей, ақырында шал:

— Балам, сен қармағыңды мықтап ұстай тұр. Кемпір, сен үйге барып қазаныңды даярла. Мен мынау ауылдың жігіттерін шақырып келейін, – деп, көрші ауылға кеткен кезде, әл бермей жатқан балық судан шыға келіп, Бекболатқа:

— Сен мені босат, қысылған жерде бір көмек көрсетермін, – дейді.

— Сен су астына кетесің, мен жерде жүрем, қалай көмек көрсетесің? – дейді Бекболат.

Сонда балық тұрып:

— Менің бір қабыршағымды жұлып алып қал. Керек уақытыңда соны тұтатсаң, саған өзім келемін, – дейді. Бекболат ойланып тұрады да балықтың бір қабыршағын жұлып алып, өзін қоя береді. Сол уақытта қараса, әкесі көп жұртты жинап алып келеді екен. Мұны көріп Бекболат қармағын суға тастап жібереді. Әкесі келіп:

— Балық қайда? – дейді.

— Балығы құрысын! Өзімді қармақпен бірге суға әкете жаздады, – дейді Бекболат. Сол жерде шал ашуланып:

— Қаңғырған ит, біреуге сатып жібердің ғой! – деп Бекболатты ұрып-ұрып, қуып жібереді. Соры қайнап, ел кезіп келе жатқанда, бір жез шудалы боз тайлақты бір қасқыр қуып келеді екен. Қасқырдан қорыққан тайлақ Бекболатқа келіп:

— Мына қасқырдан құтқара көр! Қысылған жерде мен де саған бір жәрдем көрсетермін, – дейді.

Сонда Бекболат:

— Сен өзің кетіп бара жатырсың, қайтіп маған жәрдем көрсетесің? – дейді.

Жез шудалы боз тайлақ:

— Менің шудамнан бір талын жұлып алып қал. Қысылған жерде тұтатасың, мен келемін, – дейді.

Бала тайлақтың айтқанын істеп, оны қасқырдан құтқарып жібереді. Мұнан соң келе жатса, бір үлкен құс екі самұрықты қуып келеді екен. Самұрықтар жанында келе жатқан баланы көріп:

— Адамзат қой, бізді құтқарса, осы құтқарар, – деп Бекболатқа келіп:

— Мына жаудан құтқар! Біз де бір керегіңе жарармыз, – дейді.

— Сендерді мен аспаннан қалай табамын? – дейді. Сонда самұрықтар:

— Сен екеуімізден екі қауырсын жұлып алып қал. Қысылған жерде қауырсынымызды тұтатсаң, біз келеміз, – дейді.

Бекболат олардың да тілегін орындап, самұрықтарды құтқарады. Тағы да келе жатса, бір түлкіні бір бүркіт қуып келеді екен, адамды жау көретін түлкі не істерін білмей, аңырып тұрып қалады да бүркіт өзіне түйіле берген кезде, Бекболатқа жетіп келіп:

— Ойбай, ағатай, мені мына жаудан құтқар! Мен де жәрдем көрсетермін, – дейді. Мұны естіп Бекболат:

— Сен қазір тауға, тасқа жайыңмен кетесің. Мен сені қайдан табам? Сендей жүйрік емеспін, – дейді.

Сонда түлкі:

— Менің бір тал қылшығымды жұлып алып қал. Соны тұтатқанда иісі шығар, мен сол жерде дайын боламын, – дейді. Бекболат түлкінің айтқанын істеп, келе жатқан жауынан құтқарады. Сонан тірі жетім Бекболат зарлап келе жатса, көз ұшында бір үй көрінеді. Жақындап келіп байқаса, көп ауыл екен. Соның шетіндегі бір қосқа келіп, тыңдап тұрса, шалдың кемпірге ұрысқан даусы шығады. «Қабағың жаман қақбас, бір бала таппай, мына қалған ірімшік, мына қалған май, қаймақты кім жейді?», – деп, шал кемпіріне жылап отыр екен, сол кезде Бекболат сәлем беріп, кіріп келеді.

— Е, балам, жоғары шық! – деп, шал жөн сұрайды.

Бекболат:

— Әке-шешем өліп, қаңғырып жүрген сорлымын, – дейді. Мұны естіп шал қуанып:

— Маған бала боламысың? – дейді. Бекболат: «Құп!» – деп шалға бала болады. Шалдың азын-аулақ малын бағып, кешке шал мен кемпірдің қасында алданыш болып жүреді.

Сол елдің Ақбұзау деген ханы бар екен. Күндерде бір күн «ханның Қарааю деген сұлу қызы қалыңмалсыз күйеуге тиеді» деген хабар шығады. Мұның қалай екенін түсіне алмай Бекболат сол елдің жігіттерінен анықтап сұраса, ол былай екен. Қарааюды алуға дәмеленіп барған адам үш рет жасырынады екен. Сол уақытта Қарааю ол адамды таба алмаса, соған тимек екен. Егер тауып алса, басын алады екен. Қарааюды алуға дәмеленген жас та, кәрі де – бәрі ханның ордасына жиналып, қандай жерге тығылса да Қарааю тауып ала береді екен. Бір күні бір жігіт құдықтың ішіне түсіп жатып алған екен. Алтын тақта отырған Қарааю оны да тауып алыпты. Өзі ай мен күндей сұлу екен. Мұның жолында нелер жас жігіттер өлген екен.

Бекболат тәуекелге бел байлап, бармақ болады. Асырап отырған шал мен кемпір Бекболатты сондай жақсы көреді екен. Кемпір-шалдың: «Шырағым, Болатжан, сен барма, босқа өлесің, талайлар ол қыздың қолынан өлген!» – деп зарланғанына Бекболат құлақ аспай, жүріп кетеді.

Ақбұзау ханның ордасының алдына барса, Қарааюдың бір жеңгесі келген адамдарды қызға жіберіп тұрады екен. Бекболат солардан рұқсат алып, Қарааюдың сарайына барады.

— Еркежан-ай, сені алу үшін талай жақсы да, жаман да таласып болды-ау! Бір жаман қара бала келіп тұр. Соны кіргізбей-ақ қойсақ қайтеді? – дейді жеңгесі. Мұны естіп, Қарааю күліп:

— Жоқ, жеңеше! Көп адамның бірі болар, кіргізіңіз, – дейді. Жеңгесі кіргізеді, сонда Қарааю:

— Ал, бала, тығыл үшке шейін! – дейді. Бекболат:

— Рұқсат берсең төртке дейін тығыламын. Әйтпесе, әуре болмай, қайта берем, – деген соң, Қарааю таңданып, рұқсат етеді.

Бекболат далаға шыға сала, боз тайлақтың қылын тұтатқан екен, боз тайлақ жетіп келіпті. Сонан соң ол боз тайлақтың үстіне мінеді де адам өтпес, аң жүрмес қалың тоғайдың ар жағына өтіп кетеді, мұз дарияға жетеді. Қарааю уақыты болған соң қарап тұрып:

— Сен, бала, боз тайлақтың үстінде, қара шидің ар жағында, мұз дарияның бер жағында тұрсың, – дейді.

Сонда Бекболат:

— Мұның рас! – деп жетіп келеді. Қарааю оны екінші рет жасырынуға жібереді. Бекболат үйден шыға сала, балықтың қабығын тұтатқан екен, балық жетіп келеді. Оған да жоғарыдағыдай, Қарааюмен серттескен сертін айтқан соң, балық баланы ішіне салып алып, дарияның астына түсіп, жардың көлеңкесіне барып жатады. Қыз уақыты болғанда қарап тұрып:

— Бекболат, дарияның түбінде, ақ жайынның ішінде жатырсың, шық бері! – дейді.

— Оның рас! – деп, Бекболат жетіп келеді. Үшінші рет рұқсат бергенде, екі самұрықтың қанатын тұтатқан екен, екеуі жетіп келіп, Бекболатты жеті қабат көкке алып кетіпті.

Қарааю сұлу қарап-қарап:

— Бекболат, сен жеті қабат көктен әрі, самұрықтың қанатының үстінде жүрсің, түс! – деген соң, Бекболат:

— Оның рас! – деп жетіп келеді. Қарааю сұлу:

— Ақырғы кезегің, өлім уақытың таянды, бар, тығыл! – дейді.

Сонда Бекболат түлкінің қылын тұтатып жібергенде:

— Ләппай, тақсыр, не бұйырасың? – деп, құйрығын бұлаңдатып, түлкі жетіп келеді. Сол уақытта көзіне жас алып, Бекболат:

— Өлім уақыты таянды, түлкім! Осындай Қарааю деген Ақбұзау ханның қызымен серттесіп едім, енді сенен жәрдем болмаса, өлдім! Мені жасыр, – дейді.

Сонда түлкі күннің шығысынан қазған інінің аузын Қарааю сұлудың тағының астынан шығарады да Бекболатқа:

— Ол қыз неше айлакер болса да енді сен аласың! Ол қыз қазір: «Бекболат, сен жоқсың!» – дер, онан соң тағы: «Жоқсың!» – дер, сен орныңнан қозғалма да, үндеме де. Ол қыз ең аяғында: «Күннің шығысынан бір, батысынан бір ін шыққан. Мұнда, Бекболатым, сен жоқсың!» – дер, сол уақытта сен: «Мен мұндамын!», – деп шыға кел, – дейді түлкі.

Бекболат досына қош айтысып, жүріп кетеді. Мұнан соң Қарааю сұлу қара таба алмай, екі рет:

— Сен жоқсың! – деп айқайлайды. Үшінші рет: «Күннің шығысынан қазылған іннің батысынан шыққан аузы бар. Бірақ ол інде, Бекболатым, жоқсың!» – дегенде, Бекболат:

— Мен мұндамын! – деп шыға келіпті.

Сонымен қыз да, үйінің іші де, туған-туысқандары да, қыздың барлық ел-жұрты риза болып, қызды Бекболатқа қосады. Ханның өзі қартайған екен. «Жетім де болсаң, ел билеуге лайық екенсің!» – деп, Бекболатты өзінің орнына хан қойып, тағын беріп, отыз күн ойын, қырық күн тойын жасайды.

Мұнан соң Бекболат баяғы өзінің әке-шеше, ағаларын іздетіп алғызып, кешірім сұрап, әкесімен татуласады.



Жүктеу батырмасы 50 секундта ашылады!!!




KZ / Қазақша Ертегілер жинағы, ертегі Бекболат туралы ертеги казакша сказка на казахском, сказки Бекболат для детей на казахском языке, балаларга Бекболат арналган кызыкты ертегилер, 3-4 жастағы 5-6 кішкентай балаларға арналған Бекболат ертегілер, ертегилер казакша оку, Бекболат, ертегі Бекболат туралы ертеги казакша сказка на казахском сказки Бекболат для детей на казахском языке балаларга Бекболат арналган кызыкты ертегилер 3-4 жастағы 5-6 кішкентай балаларға арналған Бекболат ертегілер ертегилер казакша оку Бекболат, Ертегі: Бекболат ертегі оқу Қазақша Ертегілер жинағы Қазақша Ертегі казакша ертегилер казакша ертеги сказки на казахском языке сказки на казахском языке онлайн