Алпыс тілектен тұратын бата

 Алпыс тілектен тұратын бата

Қысыр бақсаң қазылы болғай,
қара қойың қозылы болғай!
Ойсыл қараң жоталы болғай,
жыл құрғатпай боталы болғай!
Өрелі биең құлынды болғай,
Қызылмеңдең тұлымды болғай!
Інінің бәрі иықты болғай,
шетінен алып сиықты болғай!
Тау менен тасың қорықты болғай,
көл - дарияң борықты болғай,
Ақ жүгерің шашақты болғай,
арпа - бидай масақты болғай!
Мәуелі бағың жемісті болғай,
жоталы жоның егісті болғай!
Қараңның бәрі қарынды болғай,
құлаңның бәрі шалымды болғай!
Сексеуілің сіңірлі болғай,
шикі өкпең дүбірлі болғай!
Құрбыңның бәрі кеуделі болғай,
шетінен жібек жейделі болғай,
оң жақта қалған есікті болғай,
шүмегі алтын бесікті болғай!
Қамысың қуылдырықты болғай,
балығың уылдырықты болғай!
«Құраулап» құлын қайырғайсың,
табындап жылқы айырғайсың!
«Шөрелеп» қозы айдағайсың,
өрелеп Зәңгі байлағайсың!
Шеше көріп тон пішкейсің,
Еңбек еміп, сорпа ішкейсің!
Зәңгі бабаң сүтті болсын,
Шопан атаң құтты болсын!
Ай - Тәңірің іркілмесін,
Күн - Тәңірің күрсінбесін!
От - Тәңірің көз ілмесін.
Су - Тәңірің безінбесін!
Аталар рухы араша болсын,
азалы жерде тамаша болсын!
Қатерде Қызыр серігің болсын,
сапарда дүлдүл көлігің болсын!
Өткеннің бәрі иманды болсын,
фәниде жүзі дидарлы болсын!
Өзің тоқтар тәңірің болсын,
тәңірің тоқтар өмірің болсын!
Бүгінгі тұяқ аталы болсын,
аталар ақ баталы болсын!
Ертеңгі тұяқ бабалы болсын,
бабалар алтын жағалы болсын!
Ұлыс ұлы тойлы болсын,
тойдың соңы жайлы болсын!
Ұл менен қыз бақытты болсын,
кешер ғұмыр жақсы болсын!
Бірдің басы екеу болсын,
жұптың басы жетеу болсын,
Жетеу болған жетпіс болсын,
жетпіс болған көп күш болсын!
Ханталапай, барымта болмасын,
барымта бітсе қарымта болмасын!
Ағайын арасын бәлекет бөлмесін,
Елге нәубет, әлемет келмесін!
Біздің осы ақ батамызды,
әуелі, көктегі хақ Тәңір,
әулие - әмбиелер мен
ғайбірен қырық шілтен қолдасын,
Алла - тағаланың құлағына шалынсын!
Әумин!

Сейсен Мұқтарұлы

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Ораза айт намазы уақыты Қазақстан қалалары бойынша
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!