Адал жар

Адал жар

Қыздардың адал жар атанып, күйеуіне бағынышты болуы иманнан. Ал, күйеуі адал жарын мәпелеп, қызғануы иманнан.
Осы екеуін тоғыстыра келсек, бір – бірімен тығыз байланысып жатқанын көруге болады… Күйеуінің қызғанышын оятып, басқалармен тілдесіп, билеп, басқалардың көзінше сәнденіп, ал күйеуінің көзінше үйдегі тамақпен иістенген халатты кие салып жүрген әйелдердің бұл тірлігі иманнан емес.
Аллаһ қосқан адал жарына барынша адалдық танытып, қызғандырмай, ол ашуланса күлімдеп қарап, қиыншылық туса жұбатып, ақыл айтса тыңдайтын аяулы жар болу Аллаһқа бойұсынған тақуа әйелдерден ғана болады. Шариғатты берік ұстанған әрбір жар өз некелескен жарымен бақытты ғұмыр кешіп, ерінің разылығын алып, соның арқасында Аллаһтың разылығын ие болып, Жәннатың есіктерінің қалағанынан кіре алады.
Қоғамның тыныштығы мен оның үздіксіз жақсылықпен дамуы, ұлттың адаспай ұлт болып қалуы мен өркендеуі, отбасы ынтымағы мен екі жұптың жарасымдылығы әйел адамға көп байланысты. Бұл жерде әйелдің сабырлығымен қоса, оның ақылдылығы, ұқыптылығы, төзімділігі, балаларына берген тәрбиесі алдыңғы орындарға шығады. Әрбір отбасы жеке мемлекет десек, сол мемлекетті көркейтетін де, құрдымға ұшырататын да әйел. Бірақ әйел адамға бар ауыртпалықты артып қоюға да болмайды. Әбу Хурайрадан (р.а) Пайғамбардан(с.ғ.с) «Мұсылмандардың иманда кәміл болғаны –ахлақта жақсы болғандары. Сіздердің ең жақсыларыңыз- әйелдеріңізбен жақсы өткендеріңіз және жақсы мәміледе болғандарыңыз» деген хадисі жеткізілген.
Яғни, күйеуі әйелінің жақсылығын арттырып, жамандығын жасырып, оған әрдайым көмек беріп отыруы керек. Пайғамбар (с.ғ.с) «Аллаһқа, Қиямет күніне сенген адам көршілерін ренжітпесін. әйелдерге жақсылықты өсиеттеңдер! Әйел қабырға сүйектен жаралған, қабырғаның қыңырлығы күрделірек, оны түзетем десең сындырып аласың. Тастап қойсаң қисық күйі қала береді, онымен өмір бойы бірге боласың. Әйелдерге жақсылықты өсиеттеңдер» дегендей, қандай да мінезі болса оған кінә артпай, қайта сол мінезін түзеуге оған тәрбие беретін амалдар істетіп, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) әйелдерінің ізгі амалдарын ұқтырып, кемелді сөздермен түсіндіру қажет. Себебі «Мұсылман ер, мұсылман әйелін жек көрмесін! Бір мінезін жек көрсе, екінші бір мінезінен разы болсын» деген Аллаһ Елшісінің (с.ғ.с) тағы бір хадисі бар.
Ақ неке – Аллаһтың алдындағы ең ізгі амал. Раббымыздың алдында тұрып неке қидырған екі жастың жарасымдылығы арта түседі. Кейбір ғалымдардың пікірінше, Аллаһтың алдында екі жасты қатар отырғызып, олардың некелесуіне арнап оқылатын сүре аяттарын оқыған кезде, әрбір адамда болатын көзге көрінбейтін электронды қабаттар өзгеріске түсіп, некелесіп отырған қыз бен жігіттің жеке электрондық қабаттары бір-бірімен әрекеттесе байласып – ортақ шеңбер сызатынын айтады. Неке сәтіне дейін тек әрқайсысының жеке өзіне тән болып келген құпиясы мол сол электронды қабаттар өзара ортақ жауап беруге көшеді екен. Бұл Аллаһтың бір кереметтілігі. Бұл туралы Раббымыз Рум сүресінің 21-аятында былай деген: «Сендерге, оган тұрақтауларың үшін өз жыныстарыңнан жұбайлар жаратып, араларыңа сүйіспеншілік, мейірімділік пайда қылғандығы да Оның белгілерінен. Сөз жоқ, осыларда ойланған елге белгілер бар.»
Әйелдің ізгі мінезінің арқасында ақ некенің қадір-қасиетін арттырып, оның Аллаһтың аманатын екенін білуге болады. «Жақсы көргендер үшін неке қиюдан артық жол жоқ» деп Хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с) айтқандай, неке арқасында Аллаһтың қаһарына ұшырататын күнәлі істерден аулақ болады. Ақ неке – зинақорлықтан қорғаныш, ұрпақты жетімсіретпеудің, мемлекеттің ұрпағының іріп-шіруінің алдын алады. Осы себепті әйелдің мойнына барша қоғам тағдырының ауыр жүгі артылады десек те болады. Ал, Аллаһтың алдында болатын істің ең сорақысы әрі жазалауға лайығы – ерлі-зайыптылардың ажырасуы. Аллаһтың қатаң түрде тыйым салған, әрі қаһарына ұшырататын амал. «Ешбір себепсіз, ерінен ажырасу талап еткен әйелге жәннаттың иісі харам», яғни, бұл хадистің шарқы – егер қандай да бір мінезге бола, ерінен талақ сұраса, ол әйел Аллаһтың қаһарына ұшырап, Жәннаттың игіліктерінен алшақтайды.
Басында айтқан ердің өз әйелін қызғану тұрғысынан келгенде Айша анамыздан (р.а) жеткен мына бір хадисті ерекше қарауға болады: «Күндердің бір күнінде Расулуллаһ (с.ғ.с) мешітте отыр еді. Мүзәйнадан (жер асты) бір әйел жасанып, өзін көрсетіп мешітке кірді. Расулуллаһ (с.ғ.с): «Ей, адамдар! Әйелдеріңді зинәтті сәнді киіп, сәнденіп мешітке барудан тиыңдар! Исрайыл ұрпақтары сәнді киім киіп, сал-серіше мешітке барып жүріп қарғысқа ұшырады»,-деді. »(Бин Мәжә) яғни, қатты сәнденген әйел ер адамдардың көздерін өзіне аудартып, шайтанның арбауына жол ашады. Әрбір еркек әйеліне сұқтанған еркектен қалай қызғанбасын, ал егер қызғанышын білдірмей, оны ашық-шашық, сәндендіріп, беті-аузын Аллаһ жаратқан әдемілігінен жұрдай етіп бояп қойса, онда ол еркек- еркек емес, Аллаһтың қаһарына ұшыраған бір бейбақ десек те болады.
Пайғамбарымыз Мұхаммед үй-ішін қызғанбайтын адамды «Дайюс» деп, жаман сипатпен сипаттаған. Аммар ибн Ясир және Абдуллаһ ибн Омардан риуаят етілген мына хадисте пайғамбар (с.ғ.с.): «Үш топ адам жаннатқа кірмейді: Алқаш; әке-шешесінің қарғысын алған және дайюс»,- деді. Және «Дайюс»ты үй-ішіндегі бұзықтықты көре, біле тұра үндемейтін, қызғанбайтын адам» деп түсіндірді. (Табарани, Ахмад, Хаким т.б. жеткізген).
Ер мен әйел бір-бірін басқа біреулерден қызғануы орынды. Бұл – Қызғану дегеніміз – адамның өзіне тиесілі болған нәрселерге өзгелердің ортақтасуын жақтырмауы. Бұл махаббат нәтижелерінің бірі болып табылады. Өйткені, жақсы көрген адамды ғана қызғанасың. «Қызғану» еркектің бойынан табылса да, әйелдің бойынан табылса да, жақсы сипат. Ер адам өз отбасын Тозақ отынан сақтағысы келсе, онда оларды өзгелерден қызғану керек. Жәннатта өзінің сүйіп, некелескен жарымен бірге болғысы келсе, әлбетте жарының Пейішт игіліктеріне, ол жақта дайындалған қуанышты сыйлықтарға ие болуына барынша ат салысады.
«Егер ерлі – зайыптылар бір-біріне асқан сүйіспеншілікпен қараса, Аллаһ Тағала да оларға ерекше мейірім төгеді. Егер күйеуі әйелінің қолынан ұстаса, олардың күнәлары саусақтарының арасынан түсіп қалмақ». ИншАллаһ. Аллаһ сүйіп қосылған адал жарларымыздың арасында барынша махаббат төгіп, еркше сүйіспеншілікке бөлесін. Аллаһ қосқан қосағымызбен Фирдаус жәннатының төрінен орын берсін!

Автор: Қарлығаш САРЫБАЙ, дереккөзі

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі
» қазақ тілі тестілеуде_келген_сұрақтар_зерттеуші
» Наурыз мейрамы Қазақстанда жаңа форматта тойланады