Жұмбақтар жауабымен: Уақыт, сағат

Жұмбақтар жауабымен: Уақыт, сағат

Әрбірінде отыздан бармағы бар,
Құтылмас ешбір адам мұнан қашып.
Бір жыл

Өзінен-өзі айналған бір диірмен,
Көрінеді әр парасы бір бүйірден.
Қылдан нәзік ішінде бір жібі бар,
Қолы епті екен шіркін-ай, кім иірген.
Сағат

Көзге түсіп көріне жүрмейді,
Сөйтсе де бірден танып кідірмейді.
Күні-түні барады тынбай жүріп,
Қалғып-мүлгіп бір сағат кідірмейді.
Өмір

Қабырғадан қарап тұр,
Уақытты санап тұр.
Сағат

Тар шеңберді айналып,
Тұр қазықта байланып.
Қаға берер таңдайды
Әдетінен танбайды.
Қабырға сағат

Жеті бауыр туыспыз
Атымыз өзге демесең,
Жұмған жұдырық уыспыз.
Апта күндері

Уақытты өлшеп, санап,
Таппайды бір тағат.
Бұл не сонда?…
Сағат

Бұрасаң тетігін,
Соғады жүрегі,
Өлшемін түн мен күн,
Әркім-ақ біледі.
Сағат

Үш тілі тақылдап,
Жаңылмайтын ақылды-ақ.
Сағат

Ұшып түсер күн бітсе,
Жоғалады жыл бітсе.
Күнтізбе

Он екі көлді жайлар отыз үйрек,
Он екі аққу бір шетте жүрер бөлек.
Қырық сегіз сол көлдердің ұясы бар,
Адамға қиын болар мұны білмек.
Он екі ай,бір айдағы отыз күн, бір жылдағы қырық сегіз жұма

Жер үстінде бір бәйтерек,
Оның бар он екі бұтағы.
Әрқайсысында отыз жапырақ,
Отызының бір жағы ақ, бір жағы қара.
Жыл он екі ай, бір айдағы отыз күн, бір күндегі күн мен түн

Он екі үйрек, бір сұңқар,
Жағалап ұшып сымпылдап.
Отыз қызғыш, төрт қыз бен,
Айнала жүріп сұңқылдап.
Бір жылдағы он екі ай, бір айдағы төрт жұма, отыз күн

Айнала қорған салдым,
Ішіне жеті бөлме үй салдым.
Жеті үйдің ішіне бір әйнек,
Бір шырақ қойдым.
Дүниенің төрт бұрышы, жеті күн, ай мен күн

Қолымнан жиырма төрт үйрек ұшты,
Барды да отыз көлдің суын ішті.
Көрді де сол үйректі он екі арқар,
Үш жүз алпыс қозыға болды ішті.
Бір тәуліктегі 24 сағат, бір айдағы 30 күн, бір жылдағы он екі ай, 360 тәулік

Төрт аққу, қырық сегіз қоңыр үйрек,
Жиналды ойын құмар қалмас сиреп.
Майданда белдескенде кезек-кезек,
Тастайды бірін-бірі ұн қып илеп.
Ойыны қанғаннан соң бәрін жиып,
Зынданға сап тастайды өзін түйреп.
Бір жыл, төрт мезгіл, қырық сегіз апта

Үш жүз алпыс шытыра,
Қырық сегіз батыр,
Екі аққу, он екі бұлбұл.
Үш жүз алпыс күн,қырық сегіз жексенбі,ай мен күн,он екі ай

Ей, құрғыр, есермісің, есермісің,
Бұралып тал шыбықтай өсермісің.
Айналып үш жүз алпыс түлкі жұмбақ,
Байлауын жұмбағымның шешермісің.
Үш жүз алпыс күн

Бір жансыз жолбарыс бар екі тілді,
Байланған шынжырымен мәкемені.
Он екі көз, алпыс өлшемі бар,
Жүгірер дамыл таппай күндіз-түні.
Сағат

Екі тілді балғалы,
Арқаны бар мойнында.
Арқандамай бос қойсаң,
Жүрмей қалу ойында.
Сұрасаң онан сөйлесіп,
Сөйлеп жауап бермейді,
Қарасаң бетіне тесіле,
Тіліменен сермейді.
Сағат

Жаңылмайды есептен,
Аяғы жоқ жүреді.
Сөйлейтұғын тілі жоқ,
Уақытыңды біледі.
Күндіз-түні жүргенмен,
Қызымайды жүрегі,
Су ішіп, жем жемейді,
Сықырлайды жүрегі.
Сағат

Қозғалады орнынан,
Бірақ рет күнінде.
Ел ұйықтаса ол ояу -
Тыныштық жоқ үнінде.
Сағат

Бір нәрсе күні бойы санап тұрады,
Оған жұрттың бәрі қарап тұрады.
Сағат

Болаттан салған жүрегі,
Сырт-сырт соғып жүреді.
Үйде арқандаулы тұрады,
Тыста кісендеулі жүреді,
Күнді метрсіз өлшейді,
Сөзсіз түсіндіреді.
Сағат

Тағы бар өнер біткен асыл шөлмек,
Бір толып, бір басылып, қайтып келмек.
Күні-түн жиырма төрт жұмыртқасы,
Қанаты ақтан сары бір көбелек.
Сағат

Шіңгірлеген жеңешем,
Шыр етті де оятты.
Гуілдеген ағекем
Гу етті де ұзатты.
Сағат, гудок

Бір кісі бар дүниеде,
Шемішке шағып тұрады.
Бұл кісіден әр уақыт
Әркім мезгіл сұрады.
Сағат

Бір нәрсе күндіз-түні шыр айналған,
Есебін оның айтқан кім ойлаған.
Қарайды анда-санда аузын ашып,
Жаңылмас есебінен қара басып.
Мойнында бір құлаштай шынжыры бар,
Жүреді адамзатпен араласып.
Сағат

Дегенде алпыс бұтақ, алпыс бұтақ,
Бір бұтақта бар екен алпыс жапырақ.
Өзі жансыз, жандыдай қызметі бар,
Үлкендігі түйенің көзіндей-ақ.
Сағат

Мен көрдім күн шығыстан бір диірмен,
Түс болса тұрады екен оң бүйірден.
Ішінде қылдан нәзік бір жібі бар,
Ол жіпті қолы епті, кім иірген.
Сағат

Үйрегім бар еді үйде үш жүз алпыс,
Мұнша үйректі санап алу елдің салты.
Күніне бір үйрегім жоғалады,
Айтшы сен сол үйректі кім алады?
Күнтізбе

Жабысқан жар бетінде көрдім бір зат,
Ай, жұлдыз,күн мен түнді тұрар санап.
Жанында шешен де бар, көсем де бар,
Мүшесі үш жүз алпыс алты қабат.
Күнтізбе

Үш бірдей бағып жүрмін арғымақты,
Біреуі біреуінен қарғымапты.
Үш бірдей үшеуінен қаққан қазық,
Біреуі біреуінен тар болмапты.
Таңертен, түс, кеш

Бірі - ақ, бірі - оның туған қара,
Отыздан он екі рет өскен дара.
Үш жүз алпыс әрбірінің серігі бар,
Жұп қылып бөліп алған екеу ара.
Күн,түн,он екі ай,әр айдағы отыз күн

Баяғыда болыпты екі патша,
Бірі қуып бара жатса, бірі қашса,
Артында он екіден баласы бар,
Үш жүз алпыстан болады тұқым шашса.
Күн мен ай,он екі ай - үш жүз алпыс

Алдымен қара тұлпар озық келер,
Арғымақ мойнын созып кейін келер,
Соңынан боз арғымақ басып озып,
Айналып бірін-бірі жүре берер.
Түн, таң, күн

Жаралған бұл дүниеде екі қақпақ,
Мезгілімен ашылып және жаппақ.
Болғанда бірі қара, екіншісі -
Күмістей жарқыраған сүттен де аппақ.
Күн, түн

Бір ұяда жеті жұмыртқа.
Апта

Бір адамға он екі егіз,
Бір егізде біреусіз сегіз.
Ай мен апта

Шілдедей шуақ күні бар,
Бұлбұлдайын үні бар.
Көк шалғыны құлпырған,
Масатыдай түрі бар.
Қызықтырған адамды,
Неше түрлі гүлі бар.
Мамыр айы

Екі үлкен нар көрдім,
Бірінің жақсы нұры бар,
Бірінің жаман түрі бар,
Арасында үзілмес бұйда жібі бар.
Жаз бен қыс

Жерде жоқ, көкте жоқ,
Бір әңгелектен әңгелек шығады.
Он екі бөлек,
Біреуі-ащы,
Біреуі-тұщы.
Он екі ай, жаз бен қыс

Шақырса келмес,
Жаяу жүрмес.
Жаз

Көрсең реңді, қарасаң көрікті,
Ол болмаса жұрттың бәрі
Бір бәлеге жолықты.
Жаз

Жолда кеткен ақ қоян,
Жолға қарап отырды.
Қарға менен құзғынды,
Ұйқыменен жоқ қылды.
Қыс

Аспанда қаһарланған алты терек,
Ұясы алтауының бөлек-бөлек.
Алты ай қыс

Алтауы ала қасқыр, алтауы қара қасқыр,
Біріккен он екісі қара басқыр,
Жиылып бір тырнаны бәрі жеген,
Көрейік сол тырнаны жақындастыр,
Бір сирағы тырнаның ой,жамағат,
Үйге тіреу болғандай алты қанат,
Сол үйдің үлкендігі сондай екен,
Артылар алты нарға қаттап қабат,
Ол нарды кіші десең, ей, жарандар,
Бір үлкен бәйтеректің басын шалады,
Бітіпті сол бәйтерек құба жонға,
Түбінен ерте ұшқан бір тұрымтай,
Басына кешке қонар әрең зорға.
Демеңіз күнді қысқа тағы нашар.
Семіз бар таңдағанға көңіл ашар
Әреңмен кешке барып бұзаулайды,
Болғанда таң мезгілі қашқан қашар.
Алты ала қасқыр - алты ай қыс, алты қара қасқыр - алты ай жаз, бір тырна - бір жыл, бір сирағы - жарты жыл, алты нары -алты ай, бір нары - 30 күн, бәйтерек - бір ай, тұрымтай - туған ай, қашар - шыққан күн

Алты арыстанды үш бөрі сорған,
Жілігін шақпай майын сорған,
Терісін теспей қанын сорған.
Алты арыстан - алты ай жаз, үш ай тоқсан

Руымыз әнжан,
Атқа міндік алты адам,
Алтымыз да балуан,
Тұра қашты бір қоян,
Басып қалдық жалма-жан.
Басып тұрдық бесеуміз,
Бауыздадық біреуміз,
Мойны шықты қырық сабын,
Бұзаушығы былай тұр.
Терісі шықты алпыс етік,
Қырық ұлтан,
Сыздығы былай тұр,
Мұны өтірік демессің,
Ойланып ал, шыдай тұр.
Алты ай жаз, бір жыл, бес ай қыс, қыстан жазға аударылған ай, қырық сабыны - қырық күн шілде, терісі алпыс етік шықты дегені - көктемнің екі айы, алпыс күн

Күзетші бір-екі адам ол жаһанда,
Ораулы он екісі бір шапанда.
Ұстайды он екісі отыз шоқпар,
Қырық құрық даярлаулы қашағанға.
Қарасам жеңі бесеу ол шапанда,
Көрмедім бұндай шапан бұл жалғанда.
Аузы жеңдерінің бүрмеленген
Анықтап он екі пар түймеленген.
Апырмай, есебі жоқ толып жатқан,
Қиындық ойлап тұрсам тарау-тарау бұл не деген?
Жыл, күн, жұма

Басына биік таудың бітеді раң,
Жайлайды ол раңды екі түрлі аң.
Қолына өткір семсер қылыш алып,
Шығады аң аулауға салып ұран.
Ат мінген бұл екеуі жүгендемей,
Дүниені кетпекші емес түгендемей,
Астында екеуінің аты бар,
Құрығы шолақ болған бөгендемей.
Жыл, жаз, қыс

Атасы мен анасы,
Үш жүз алпыс бес баласы,
Он екі ауыл шамасы,
Отыз ор дуадақ,
Бес балақ сан,
Елу екі қарашы.
Күн мен ай, үш жүз алпыс бес күн, он екі ай, бір айдағы отыз күн, айлардан тыс алынып жылға қосылатын бес күн, бес қонақ, жыл ішіндегі елу екі апта

Лұғат жұмбақ қылып, сөз бастадым,
Жаралған бір мақұлық үлкен жайын.
Өзінің басы жеті, қолы он екі,
Отыздан саусағы бар қол бас сайын,
Жиырма төрт құлағы бар бір басында
Жолдас боп жүрер оның кім қасында?
Бірі - ақ, бірі - көк, екі көзі
Тұрады бақырайып арқасында.
Он екі ай,отыз күн,бір күндегі жиырма төрт сағат, күн мен ай

Үш жүз алпыс алты анасы,
Қырық сегіз болар баласы.
Он сегіз бөлек ұясы,
Ішінде екі ақ жұмыртқасы.
Жыл,бір жылдағы апта,күн,ай

Ойдан шықты бұл жұмбақ,
Ойшыл ерлер ойлан тап.
Өзгермейді өзінен
Бұл жаһанда бір дарақ.
Ол дарақтын бойында
Дәл он екі бар бұтақ.
Бұтақтардың басында,
Үш жүз алпыс жапырақ.
Жапырақты қарасақ,
Бір жағы қара, бір жағы ақ,
Бұл жұмбақты кім шешсе,
Болсын дейміз жасы ұзақ.
Жыл он екі ай,үш жүз алпыс күн, күн мен түн

Үш жүз алпыс бес жасадым болып жуан,
Қырық сегіз қызды болдым бір алуан.
Қатар өскен бар менің он екі ұлым,
Бір ұлым бар олар да ерек туған.
Бір жыл, қырық сегіз жұма,он екі ай,бір ай

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі
» қазақ тілі тестілеуде_келген_сұрақтар_зерттеуші
» Наурыз мейрамы Қазақстанда жаңа форматта тойланады