Ғабиден Қожахмет | Бомбапана

  Ғабиден Қожахмет | Бомбапана


Үлкен ағасы бірде байланыс бөлімшесіндегі жұмысына барып отырып, жұмыс арасында монтёр жігіттермен әңгімелесіп отырады. Негізінен, үлкен ағасы мектептен кейін көкесінің жанында жұмыс істеген. Көкесі кейде өз қызметтеріне байланысты ауданда өтетін жиналыстарына кетіп қалатыны бар, кейде өзге де шаруалары шығады, осындайда жұмыстың барлығын үлкен ағасына сеніп тапсырады. Ауылдық жерде әр рудың өзінің ел ағалары болады. Ағайынның қызық-қуанышы, "біреудің кісісі өлсе, қаралы ол" дегендей, қазалы жерде де осы ел ағалары тізгін ұстайды, пәтуалы сөз, елдік мүдде айтылуға тиісті. Көкесі де - өздерінің Баймырза руының басы-қасында ағалық жасап жүрген адам. Бұл жерде Шәріп, Қолғанат есімдері қатар аталады. Бір кезде ағайынның ас-тойында ел ағалық жасаған осы кісілердің есімдері әлі де жаңғырығып айтылып отырады. Көкесі осындай істердің басы-қасында жүргенде де байланыс бөлімшесінің жұмысын үлкен ағасына сеніп, тапсырып кетеді.

Ол кезде адамдардың басы қосыла қалса, міндетті түрде халықаралық саясат жөніндегі әңгіме қозғалады. Өздері соғысқұмар ел деп санайтын елдер айыпталады, жазғырылады. Баспасөзде де үнемі осылай айтылады. Ол кездегі саясаттың айтатыны: "Біз соғыс тілемейміз. Соғыс тілеп отырған олар. Олар отпен ойнап отыр. Анығында, жер-бесік бәрімізге ортақ. Біз бейбітшілікті сүйеміз" деген сарында болып келеді. Сондықтан мектеп шәкіртіне дейін шырылдап тұрып бейбітшілік жайында ән салады, "Бейбітшілік құсы, самға!" деп әуелетіп аппақ көгершіндерді ұшырады. Дегенмен соғысқұмар елдерден келетін соғыс қатері жөніндегі әңгіме де көп айтылады. Осыған ілесе бомбадан қорғанатын бомбапана жөніндегі әңгіме де жиі қозғалады.

Жоғарыда айтылғандай, ағасы монтёр жігіттермен әңгімелесіп отырғанда да, дәл осы халықаралық саясат жөніндегі әңгіме қозғала кетсе керек. Осы кезде монтёр жігіттердің жанында хат тасушы кісі де отырады. Бұл хат тасушы - бөлімшенің хат тасушысы. Таңертең бөлімшеден келетін арнайы көлікпен келіп, газет-журналдарын алып, кешкісін қайтып кетеді. Осы жердегі әңгіме кезінде де бомба, бомбапана жөніндегі әңгіме қозғалса керек. Осы кезде ағасы хат тасушы кісімен қалжыңдасады.

- Жәке, біз үйден бомбапана қазып алдық, - дейді.

Бұған монтёр жігіттер жымияды. Хат тасушы кісі бұған, әрине, сене қоймайды.

- Қай жерден қазып алдыңдар ал? - дейді.

- Киіз үйдің ішінен, - депті ағасы.

Хат тасушы бұл сөзге ішек-сілесі қатып күледі.

- Сөзіңнен ұсталдың, бала. Мен бағана ғана түскі асты көкеңмен бірге еріп барып сендердің үйлеріңнен ішкенмін. Сол кезде асты киіз үйдің ішінде отырып іштік. Бомбапана көрсем, неғыл дейсің? - дейді.

Ағасы оған да уәж айтады.

- Әй, Жәке-ай, бомбапана дегеннің не екенін білесің бе өзің? Бомбапана деген әскери құпия емес пе? Әскери құпия деген бүркемеленеді. Маңай болса, толы шпион. Ас ішіп отырғанда бомбапананың үстінде отырып ішіп отырғаныңды білесің бе өзің? - депті.

Ағасының маңай толы шпион деген сөзінің жаны бар. Өйткені бұл сөзді адамдардың өздері айтады. Осы маңай толы шпион екен. Өйткені осы жерден алыс жатпаған Байқоңыр маңызды нысан болып есептеледі. Шпион дегенің жарқырап жүрмейді екен. Мүсәпір, міскін адамның кейпіне еніп алып, қарапайым халықтың арасына күдік тудырмай етене сіңіп кетеді екен. Сондай бір адам ұсталыпты. Оны ешкім шпион деп ойламаса керек. Ал соңында әлгі мүсәпіріңіз бірнеше тілді меңгерген, арнайы мектептен өткен жан болып шығыпты дейді. Мұндай әңгімелер балалардың да санасына сіңеді. Ойнайтын ойындары да осыған байланысты болып келеді. Тек ешкімнің де шпионның рөлін ойнағысы келмей біраз уақыт қасарысып отыратындығы болмаса.

Хат тасушы Жәкең де шпион, әскери құпия бүркемеленеді деген сөздерді естігенде ойланып қалса керек.

- Көрем, - дейді.

- Көр.

Апасы қора жақтан келе жатса, Жәкең бос тұрған киіз үйдің ішіне кіріп алып, төсеніштерді көтеріп бірдеңе қарап жүрсе керек.

- Әй, не қарадың? - дейді апасы. - Қалпағың ба, бір затың қалып қойыпты ма?

Жәкең ләм-мим деместен байланыс бөлімшесіне қарай тұра айдапты. Бомбапана іздеп жүрмін деп қалай айтсын. Бөлімшеге келіп киіз үйдің ішінде ешқандай да бомбапана жоқ деген екен монтёр жігіттерді ду еткізіп. Хат тасушыны иландырып апарып тұрған сол кезеңнің әбден санаға сіңіп қалған әңгімесі ғой.



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?