Думан Рамазан | Көгершін

  Думан Рамазан | Көгершін

Күз. Күн шайдай ашық. Алматының оқтай түзу көшелерiнiң бiрiнде орта бойлы, қыпша бел, қарақат көз, қыр мұрынды, ашаң жүздi қыз қолындағы үлкен қара чемоданды терлеп-тепшiп әрең көтерiп келедi. Жол бойы жағалай өскен қайың-емен, тал-теректердiң сарғыш тартқан жапырақтары ұшып жүрген көбелекке ұқсап, қалқып барып жерге қонады.

Бiр кезде алдыңғы жағынан қарсы ұшыраса кеткен сұңғақ бойлы әдемi жiгiт «Қарындас, көмектесiп жiберейiн» деп келiп, қыз қолындағы чемоданға жармаса бердi. Қолы талып келе жатқан қыз қарсылық көрсете қоймады. Жiгiт жөткiрiнiп алды да, жуан даусымен сөз бастады:

— Атым Мұрат. Қазақ Мемлекеттiк университетiнiң тiл-әдебиет факультетiнде оқимын. Өлеңдерiм республикалық газеттерге жиi жарияланып тұрады. Мүмкiн оқыған да шығарсыз, – деп желдей есiп келедi. Ал қыз болса: «Ақын болса ақын шығар. Олардың осындай сөзуар болып келетiн әдетi емес пе», – деген оймен оның сөзiне онша мән бере қоймады. Өзiнiң жетi атасына дейiн таныстырған жiгiт «Ендi сiздiң кезегiңiз» дегендей, бұған жымия қарады:

— Есiмiм – Көгершiн. Қыздар педагогикалық институтының үшiншi курсында оқимын. Оқуыма асығып келе жатқан бетiм ғой, – дедi сыпайы ғана тiл қатып.

— Жүгiңiздiң ауырлығына қарағанда, ауылдан келесiз-ау!..

— Иә, жаңа ғана поездан түстiм.

Таныстықтың қызуымен олар үлкен қақпалы екi қабат еңселi ақ үйдiң алдына келгенде бiр-ақ iркiлдi.

— Ағай, рақмет сiзге! Мен осы үйде пәтерде тұрамын. Кiрiп, ауылдың дәмiнен ауыз тиiңiз, – десе де, қыз iшiнен: “Кiрмей-ақ қойса екен! Өзi жолсоқты боп шаршап келгенде, дем алудың орнына, тағы да мылжыңдап мазамды алатын болды-ау” деген ойда тұрған едi. Соны сезгендей жiгiт еппен жымиып:

— Рақмет, асығыспын, – дедi алақанын кеудесiне басып. – Ертең театрға баруға қалай қарайсыз? Мұқағали Мақатаевтың “Дариға жүрек” поэмасы бойынша спектакль өтiп жатқан көрiнедi.

Ақ көңiлi ақтарыла аңқылдаған бейтаныс жiгiттiң көңiлiн қимаған Көгершiн: “Қалауыңыз болсын!” деген сөздiң аузынан қалай шығып кеткенiн өзi де байқамай қалды...

* * *

Театрдан шыққан қыз бен жiгiт қою қара түннiң құшағында үн-түнсiз жүрiп келедi. Күзгi салқын самал баяу есiп тұр. Әр жерде көше шамдары жарқырайды. Айнала жым-жырт. Бiр кезде осынау мүлгiген тыныштықты бұза жiгiт ақырын ғана:

— Спектакль ұнады ма? – дедi қызға жақындай түсiп.

— Әрине, поэмадағы мына жарық дүниеге ғашық жанның тебiренiсi кiмдi де болса бей-жай қалдырмасы анық.

— Иә. Мұқағали сыршыл да сезiмтал ақын ғой. Сондықтан ба, әлде өзiмнiң ақынжанды болғандығымнан ба, оның өлеңдерiндегi шымырлаған сезiм, тепсiнген ой, бiр уақ мұңға батырып, қайтадан көңiл сарайын ашып, серпiп тастайтын мақамды лирикасы ылғи да жүрегiмде жатталып қалады. Бiр ғана «Махаббат» диалогын алайықшы:

— ...Бұлдырасам сағымдай не етер едiң?

— Жел боп қуып, ақыры жетер едiм.

— Қайғы әкелсем басыңа не етер едiң?

— Қойшы сәулем, бәрiн де көтеремiн.

— Айтшы өзiң ғажап емес пе! Лирикадағы сезiмталдық пен қалтқысыз көңiл әуенiн айтсаңшы, – дедi Мұрат шабыттана сөйлеп. Сықылықтай күлген Көгершiн сүрiнiп кетiп, құлап түсе жаздады. Жiгiттiң де күткенi осындай сәт едi, сүйемелдеген болып құшағына тарта бердi...

* * *

Түн. Жұлдызы самсаған аспан астында қолтықтасқан екi ғашық жаңа жауған ұлпа қарды нығыздай басып келедi. Бiр-бiрiне көз қиықтарымен еркелей қарасып, естiлер-естiлмес дауыспен күбiрлесiп те қояды. Жалғыз өскен алып еменнiң түбiне келiп тоқтаған олар бiр-бiрiне жабыса түсiп, бiраз уақыт үнсiз сүйiсiп тұрды. Кенет, Көгершiн еппен басын шалқайтты да, жiгiттiң көзiне тура қарап:

— Мұратик, сен менi шын сүйесiң бе? – дедi наздана.

— Айым-ау, о, не дегенiң. Мына жалғанда сенсiз маған дүние тұл. Тiптi, саған арнап жүрегiмнен жыр да тудырғам. Тыңдашы.

...Теңiз болып арнасынан тасып тым,

Қайда жүрсем бiр өзiңе асықтым.

Бiле бiлсең арманымның ақ құсы,

Мен өзiңе, мен өзiңе ғашықпын...

Көздері күлім қаққан Көгершiн қолдарын жiгiт мойнына артқан бойы, елжiреп келiп қомағайлана сүйе бердi, сүйе бердi. «Көрiк қандай, ой қандай, ақыл қандай! Нағыз сегiз қырлы, бiр сырлының өзi. Бұрыннан арман еткенiм, шырақ алып iздегенiм осындай пысық жiгiт емес пе едi!..» – дедi қыз iшiнен өзiне-өзi разы болып.

Сол бетiмен Мұратты қолынан жетелей отырып, өзi тұратын бөлмеге алып келдi. Бұнда да бiр төсекте жатқан екi ғашық таңды көзбен атырды... Таң қылаң бере орындарынан тұрған олар үйленбекшi болып сөз байласты. Мұрат ауылына той қамымен жүрмекшi болып, көп ұзамай келетiнiн айтып кетiп қалды.

Арада сағынышты күндер мен айлар жылжып өтiп жатты. Қаһарлы қыс өтiп, жылауық көктем де шықты. Жер жүзi көгере бастады...

Жаздың жаймашуақ күндерiнiң бiрiнде толғағы ұстаған жас ару ауруханаға түсiп нәрестелi болды. «Ақынның» келмейтiнiн сезген ол сәбиiн арқалап, iздеу сала бастады. Жiгiт оқимын деген оқу орнына келiп шағым жасады. Ондағылар ондай адамның оқымайтынын, тiптi оқыған да еместігін айтты.

Алданғанына ендi көзi анық жеткен Көгершiн:

— Бәрiне де өзiм кiнәлi. Ақынмын дегенiне сенiп жүре берiппiн ғой, мен пақыр. Алды-артыңды ойлауға мұрша бермейтiн албырт көңiл, қайран жастық-ай!.. – деп өкiндi, өзегi өрт болып.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі