Ана туралы жақсы шығарма


Жерім-Анам!

- Анашым, мен сізді Түркияға апарамын!

- Құлыным-ау, Түркиядан бұрын Топай мен Ақтұманы бір көрсетші!

Топай мен Ақтұма – анамның балалық шағының куәсі, Марқакөлдегі жайлаудың төрі – Топай, қыстаудың төресі – Ақтұма болған екен. Марқұм нағашы атам Ниязбек көшіп-қонудың әуре-сарсаңы көп болса да, жанға да, малға да жайлы деп, жаз Алтайдың биігін жайлайды екен. Содан еңбекқорлығымен өзін аямайтын нағашы атам мен апамның малы тез жетіліп, тегене құйрық қойлары әбден семіретін көрінеді. Етектегі ел маса-сонаға таланса, Топайда шыбынсыз жаз тұрады екен. Осынау қасиетті Алтайдың бір пұшпағында дүниеге келген анамның жүрегінде қарағай иісі аңқыған туған өлкеге деген сағыныш бес жүз шақырым қашықтыққа келін болғалы отыз жыл өтсе де сақталып қалған. Мен өскенде анамды әлемді аралатып қыдыртамын деген арманымды айтқанда, анамның әлемі атамекенінен басталатын.

Жаздың жайдары бір күні Марқакөлдің Тақыр ауылындағы анамның ағасы қыз ұзататын болып тойға жиналдық. Анамның әңгімесінен таныс нағашы жұртым қайдасың деп жолға шықтық. Өскеменнен Марқакөлге жету үшін Ертістен паром арқылы өту керек. Қос жағалау паром күткен жұрт, тізбектелген темір тұлпарлар.

– Қай жылдары көпір салынады деп еді ғой, – деді анам.

– Ее, кім қандай уәде бермеді дейсің, тоқал ешкі мүйіз сұраймын дп құлағынан айырылыпты дейді ғой, осы паромның өзіне кейде зар болып қаламыз, уақытылы жүрмей, – деді бізбен бірге келе жатқан анамның жеңгесі. Бұл Баян апам осыдан 5-6 жыл бұрын отағасымен бірге балаларының соңынан қалаға көшіп келген-ді. Екі жылдан соң атамыз аяқ астынан дүние салды. Әкем айтпақшы «қартайғанда қаланың газына көшудің қажеті жоқ, таза ауа, кіріп-шығып жүретін еркін тірлікке үйренген адам төрт қабырғаға қамалып ауырады да, апыр-топыр аттанып кетедінің» кері келді. Енді апамыз ел мен қаладағы балалардың арасында кезек жүріп жатыр.

Ағынды Ертісті артқа қалдырып жүйткіп келеміз. Жүйткіп келе жатқан жоқпыз-ау, жолдың шұңқыр тесіктерінен қашып, арасында көліктің астын тарс-тарс соғып, іші-бауырымызды солқ-солқ еткізіп келеміз. Күршімнен ұзаған соң атам заманнан қалған асфальт жол да бітіп, қара жолдың шаңын шығарып келеміз. Айнала жазық дала, бірінен-бірі аумайтын сары бел, тынымсыз тіршіліктен бойын аулақ салып дамылдап жатқандай. Көлік ішіндегілер үнсіз, ұзақ жол әркімді әр түрлі ойға жетелеп, көңілдің көк дөнені өткен мен болашақтың арасында құйғытып жүр.

Терезеден сыртқа сүйсіне көз салып отырған анама қараймын. Әне езуінде болар болмас жымиыс байқалды. Туған мекенде өткен балалықтың қызықтары ойына оралды ма екен. Енді бір мезет айналасын ұсақ әжім торлаған көзіне жас та келіп қалды. Байқалмай зулап өтіп жатқан ғұмырдың баянсызын ойлады ма, әлде осынау маң даланың топырағын жамылып жатқан жақындарын еске алды ма, әлде соңғы рет төркіндеп екі жасар екінші

ұлымен келгенін, менен үлкен ол ағамның жетті-ау дегенде жастай қиылғаны көкірегіне сап ете қалды ма белгісіз, жанарынан бір тамшы үзіліп сырғанап бара жатты.

– Ауыл қарасы сиреп қалыпты ғой,-деді анам бір ауылдан өте бергенде.

- Ия, қазір бұрындағы жүз-екі жүз үйлі ауылдардан отыз-қырық үй ғана қалды ғой. Елдің бәрі өзіміз құсап бала-шағаның жанына кетті. Өзіңнен әл кеткен соң не істейсің, жастар оқу-тоқу деп кетеді де кейіннен оралмайды, келгенде не бітіреді, жұмыс жоқ, екі қолға бір күрек дейтін баяғы колхоздың заманы емес. Ойбай, белім,- деп сөзін аяқтай бере бір секіріп отырған Баян апам.

– Расымен, біздікілерден ауылда Әбекең ғана қалыпты ғой. Басқасы бәрі қалада, болмаса қалаға жақын ауылдарға көшіп кетті.

– Арқа жайлы болса, арқар ауып несі бар Гүлжан. Жол қысқарсын әңгіме айта отырайын. Бұл күнде ауыл өзгерген, жер де көк те орнында тұрғанымен адамдардың ниет-пиғылы тарылған ба қалай. Өткенде біздің Бектас бастап зиратты қоршауға ақша жинап едік қой, соның темір сымын, керек-жарағын қаладан әкеп қоршауға көмектесер деп ауыл адамдарын шақырып еді, көксоққан-ау 4-5 жігіттен басқасы аяқ баспады ғой. Қанша жыл молаларға мал сүйкеніп, таптап обалды болып жатыр, өлі разы болмай, тірі байымайды деп қанша айттық қыбыр еткен жан шықпады. Қайта әркім өз туысының моласын жеке қоршайды, тірімізді қойып, өлілерді де бөлектеп жатырмыз. Бірлігіміз қашқан уақыт болды.

– Әйем, сіздің жақ қана емес бәрінде сол кеп, бір шәугім шайға шақырусыз бара алмайтын, көрші тұрып қатынаспайтын кез қазір.

Үлкендерді тыңдап отырып ойға қалдым. Қазақтың бесігі ауыл деуші еді ауылдың ажары тозып, базары тарқап барады ма. Апам жарықтық «қаланың халқы көршісін танымайды, кіммен араласам, бармаймын қалаңа» деп отырушы еді, сол жағдай ауылға да жеткен бе? Біздің көңіл неден суып, неден тарылдық екен. Ал мына таусылып бітпестей көрінетін сар далада мен өмір сүрер ме едім, қаланың жайлы тұрмысын, қайнаған қызығын тастап ауылда тұрар ма едім. Шалғайдан бәрі орталыққа кетіп жатыр, сонда мына үлкендердің көзі кеткенде анамның аңсаған атамекені, Алтайдың көз жасындай Марқакөлі кімге қалады. Еті тірі дегендер елден кетсе жер иесіз, ел жетім қалмай ма?

«Бос жатқан жер жау шақырады» деуші еді, шекараның түбінде шегедей нық тұрудың орнына шашылып жатқан кебіміз қалай? Көршің болса құмырсқадай құжынап, жеріне сыймай жатқан қарақытай. Япырмай, осының бәрін көк жәшіктің ар жағында «елім дегенде етегі жасқа толатын» азаматтар ойлай ма екен?

Әдеттегі жолмен миым сұрақтың бәрін «жоғарыдағы көкелерге» лақтырып тастап, «уҺһ» деп жайлана беріп еді, «ұят» деген пәле келіп, «ал сен не бітіріп жүрсің, елге тигізер қандай пайдаң бар» деген сұрақты сақ еткізіп қойда да, жауап таппай бетім ду ете түсті.

Ойымдағы сұрақ-жауаптан қайтып келсем, анам мен әйекесі өткен-кеткенді түгендеп, алдағы тойдың қамын сөз етіп отыр екен.

Жаратқан молынан берген керім дала кеңінен көсіліп жатыр. Осы сапарымызды пайдаланып анам айтатын Топайға бара аламыз ба деген сауалды қойып едім, әйекем:

- Айналайын- ау ол жаққа атаң елден көшкен соң жан аяғы басқан емес. Ол кісілердей бейнетқорлар жоқ қой қазір. Қазіргі жайлаулар одан көп төменде. Ол жаққа көлік бара алмайды, - деді.

Анам үндемеді. Балалық шақтың бейнесі көкірегінде сақтаулы. Жадына оралса көреді.

Ал мен анамның арманын орындай алмайтыныма қынжылдым. Әттең, тікұшақ болса. Топайдың төбесінен топ етіп түсер едім.

Осы сапарда мен атамекенді сүюді анамның ақ сүтімен сіңіргенімді ұқтым. Өлшемі үлкен, мәні терең, жаны нәзік осы ұғымды менің балам менен қабылдауы тиіс. Қасиетіңе құлдық ұрайын туған жер, сен де менің ұлы анамсың-ау, сенің алдыңда да өтелмеген перзенттік парызым көп екен.

Алдымыздан атамекеннен аумаған қырық үй көрінді.

Жанаргүл Ерғазықызы


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?
Пікір жазу