Қытай ойыншықтарының зияны

 Қытай ойыншықтарының зияны

Қазіргі таңда әрбір ата-ана өз баласына қуаныш сыйлау үшін ештеңеден аянбайды. Ал баланың серігі де, ермегі де ойыншық болғандықтан, баласына оның түр-түрін әперуден ата-ана жалықпайды. Өкінішке қарай, көздің жауын алатын ойыншықтың барлығы да көршілес жатқан Қытайдан әкелінеді. Алайда кейбір ата-ана осы ойыншықтардың қаншалықты бала ағзасына қауіпті екенінен хабарсыз болғандықтан, осы жансыз заттың балаға қаншалықты қатерлі екендігін біле бермейді немесе білсе де немқұрайлық танытады. Соның салдарынан бала азап шегеді.

Ойын бала үшін — нағыз өмір.Ойын арқылы бала өмірге әзірленеді. Қазақ халқының ұлы ойшылы Абай Құнанбаев: Ойын ойнап, ән салмай, өсер бала бола ма? деп айтқандай баланың өмірінде ойын ерекше орын алады. Ал ойыншықтар баланы жан-жақты тәрбиелеу құралы. Бала ойыншықпен ойнай отырып, дүниетанымы қалыптасады. Қимылы дамиды. Қолдарымен, саусақтарымен жұмыс істеу барысында баланың миы да дамиды. Ойыншық баланың ойлау қабілетін дамытып, оның шеберлігін, дағдысын қалыптастыруға көмектеседі.

Ертеректе, заманның қысылтаяң кезеңінде аталарымыз ағаштан жасалған әр түрлі жануарлармен, ал әжелеріміз сабаннан жасалған ойыншықтармен ойнаған. Қазірде тәуелсіздігін алған Қазақстан ұрпақтары үшін ойыншық қол жетімді дүние. Қазіргі таңда, базарлар мен дүкендерде бала көңілін аулайтын саналуан ойыншықтар бар. Әдемі қуыршақтары түрлі-түсті жұмсақ материалдан тігілген, қабырғасын бассаңыз, әндететін қуыршақтар мен үлкен машиналар, тіпті, атыс-шабыс қаруларынан тұратын ойыншықтар жиынтығын да кездестіруге болады. Дегенмен бүгінде сауда айналымында ойыншықтардың саны көп болғанымен, сапасы сын көтермейді. Қыруар қаржыға сатып алынған ойыншық бала ойынына шыдас бермей, әп-сәтте «істен» шығады. Сондай-ақ Қытайдан жеткізілген қауіпті ойыншықтардың қауіп-қатерге толы, құрамында адам ағзасына зиянды улы химиялық заттардың бар екенін айтып, бүкіл әлем дабыл қағуда. Дабыл қағып қана қойған жоқ, оған қарсы шаралар қолданылып жатыр. Мәселен, бүгінде аспан асты елінде шығарылған ойыншықтардың Солтүстік Америка мен Австралияның дүкендерінде сатылуына тыйым салынған. Сол сияқты, Ресей Қытай ойыншықтарын зерттеу нәтижесінде оның құрамында улы химиялық заттардың көптігін анықтаған соң, дайын өнімдерді кері қайтарып, тіпті осыған байланысты арнайы заң қабылдаған. Өкінішке қарай, басқаларға керексіз болып қалған осы ойыншықтар біздің елімізге еш кедергісіз, тексерусіз ағылып жатыр. Қолда бар деректерге сүйенсек, сауда нүктелеріне шығатын ойыншықтардың 80-90 пайызы қытайдікі көрінеді.

Қазір еліміздегі базар, дүкен сөрелерін қытай тауарларының жаулап алғанына біраз уақыт болды. Ол тек ойыншыққа ғана қатысты емес. Бұл елдің азық-түлігі, жеміс-жидегі, киім-кешегі де мемлекетімізге еш кедергісіз, тексерусіз ағылып жатыр. Отандық мамандар қытайдың тек ойыншығы ғана емес, тамағы, тіпті балалардың киім-кешегіне дейін қауіп-қатерге толы, құрамында адам ағзасына кері әсерін тигізетін улы химиялық заттардың бар екенін айтып келеді. Әлемдік брендтердің өнімдерін «көшірумен» белсенді түрде айналысып отырған қытай кәсіпорындары ақшаға құныққандықтан, сапаға емес, санға мән береді. Сырт көзге сүп-сүйкімді көрінетін өнімдерге алданып, онда қандай қатер бұғып жатқанына мән бере бермейміз.

Ересектер балаларға жылтыраған қытай ойыншықтарын әперуге құштар. Бірақ та оның негізі химиялық өндірістің қалдықтарынан жасалынатындықтан баланың миын зақымдап, көру қабілетін төмендетіп, кемтарлыққа ұшырататынынан көп жағдайда хабарсыз.

Енді белгілі деректерге сүйенсек, осыдан екі жыл бұрын америкалық «Mattel» компаниясы өздерінің Қытайда жасатқан 18 миллионға жуық ойыншығын дүкен сөрелерінен сыпырып алып тастады. Себебіне келсек, америкалық кәсіпорынның тапсырысын орындаған қытайлық «Dong Lian» және «Yip Sing» компаниялары ойыншықтар өндірісінде құрамына белгіленген мөлшерден бірнеше есе көп мырыш бар бояуларды қосып, пайдаланғаны анықталды. Міне сондықтан да «Mattel» компаниясы әлемдік деңгейдегі шуға қалып, Таяу Шығыс пен Африкаға жөнелтілген тауарларын кері қайтарып, тұтынушыларға өтемақы төлеп, құтылған. Ал мырыш әсіресе нәрестелер үшін аса қауіпті. Яғни, ағзаға түскен мырыш миды зақымдап, сәбиді мүгедек қылады. Ал кішкентай бүлдіршіндердің кез келген затты ауызға салып, иіскеуге құштар екендігі ешкімге де жасырын емес. Осылай зиянды, улы заттар бала ағзасына түсіп, түрлі ауруға ұшыратады. Қытайдан келген ойыншықтар құрамындағы формальдегид әдеттегіден 10-15 есе көп екен. Сонымен қатар қытайлық ойыншықтар құрамында ася зиянды улы зат — фенолдың көрсеткіші де бірнеше есе көп екендігі және шығатын дыбыстардың талаптан асып түсетіні де белгілі болды. Тіпті нәрестелерге арналған сыңғырлақтардың келешекте баланы керең, саңырау қылатыны да анықталып отыр. Жұмсақ резеңке ойыншықтарын бояйтын заттар құрамындағы кадмий мен қорғасын мөлшері де қалыпты деңгейден әлдеқайда асып түскен. Мұндай улы ойыншықтар баланы тек қана аллергиялық ауруға ұшыратып қоймайды, онымен қоса асқазан, ішек дерттеріне де ұшыратады екен.

Еліміздегі базарлар мен дүкен сөрелерін арзан әрі сапасыз ойыншықтардың жаулап алуының нәтижесінде омыртқасы қисық, керең, иіс сезу мүшесі әлсіз ауру буын өсіп келеді. Әрине, жас балғын сәби мына әлемді ойыншық арқылы таниды. Осы жансыз бейнемен сырласады. Қазіргі уақытта еліміздің нарығындағы киетін киім-кешек те, күнделікті тұтынатын тағам, сусындарымыздың, тіпті балалар ойнайтын ойыншықтардың өзі шетелден әкелінеді. Мамандардың айтуынша, Қазақстанда ойыншық өндіретін отандық зауыт ашқанның өзінде көп ұзамай ол өзін ақтай алмай жабылып қалады. Қытайдан ағылған арзан ойыншықтар отандық өнімді дамытуға мүмкіндік бермейді. Ал балалардың күнделікті құшақтап, тіпті бірге ұйықтайтын серігі — ойыншықтың берер тәрбиесі де зор. Балалардың ертегілерді ұйып тыңдайтыны белгілі. Ондай болса, қазақ ертегілерінің желісімен Алдар көсе, Тазша бала, батырлар тәрізді ұлттық кейіпкерлер бейнесінде ойыншықтар жасалса, бұл бала үшін баға жетпес сый болар еді. Әрине, бұл — отандық кәсіпкерлерге қатысты мәселе. Тек қалтасын толтырумен ғана айналыспай, жас ұрпақтың дені сау да, ақылды, өз елінің патриот азаматы болып өсуі үшін қамқорлық көрсетіп, ойыншықтар өндірісін қолға алуға болады емес пе?

Осы күні қазақ баласы ойнап жүрген қытай ойыншықтарының қауіп-қатерге толы екені ақиқат. Көбінде ата-ана баласына бір сәттік қуаныш сыйлау үшін оның сапасының сын көтермейтінін біле тұра, мән бермейді. Әрине, дүкендердегі бағасы шарықтаған ойыншықтарды сәбиіне алып беруге бәрінің қалтасы көтере бермейді. Дегенмен де баланың қауіпсіздігі үшін қара базардағы қаптаған арзан ойыншықтардан гөрі, дүкендерден сертификаты бар ойыншықтарды алған жөн. Осы мәселелерді қолға алып, сырттан келетін ойыншықтың сапасына тиісті орындар ай– қатаң қадағаланатын мәселе. Өйткені ойыншық – ұлттық қауіпсіздіктің басты мәселесі. Ойыншық мәселесіне жеңіл-желпі қарауға болмайды. Ойыншық арқылы баланың ойлау қабілеті артады, сол арқылы өмірге бейімделеді. Сондықтан ұлт боламын деген, ұрпағын ойлаған ел балалар ойыншығына, әсіресе, сырттан әкелінетін ойыншықтың сапасына, зиянсыздығына ерекше көңіл бөлуге, қатердің алдын алуға міндетті.

Қазақтың баласы тамырынан қол үзіп қалмасын десек, ұлттық нақыштағы, бүлдіршіндерді қызықтыра білетін, бір көргенде елітіп әкететін ойыншықтарды, мультфильмдерді түсіру керек. Өскелең ұрпақтың қоғамның толыққанды, парасатты тұлға болып қалыптасуына оның қолындағы ойыншықтары мен көгілдір экранның тигізетін әсері мол.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Су тасқынынан зардап шеккендерге қосымша тағы 553 мың теңге төленеді
» Елімізде TikTok желісі бұғатталуы мүмкін бе?
» Елімізде су тасқынынан зардап шеккендердің қандай мүліктеріне өтемақы төленеді?