Ауылым Сағашилідегі наурыз мерекесі
Тақырыбы: Ауылым Сағашилідегі наурыз мерекесі
Жер-ана қыстың ызғарынан арылып, көктемнің жылы шуағына бөленгенде, бүкіл тіршілік қайта жанданады. Табиғаттың оянып, жаңа өмірдің басталар шағында халқымыз наурыз мерекесін атап өтеді. Бұл – тек көктемнің келуі ғана емес, адамның да рухани жаңғыру кезеңі. Наурыз – күн мен түннің теңелуі ғана емес, бірлік пен берекенің, мейірім мен ізгіліктің нышаны.
Ауылым Сағашиліде бұл мереке ерекше сән-салтанатпен тойланады. Көктем келісімен әр шаңырақта думан басталып, отыз күн ойын, қырық күн тойын жасап, әр үйдің ауласында мерекелік көңіл-күй орнайды. Он төртінші наурыз – көрісу күнінен бастау алған мерекелік шаралар жиырма екінші наурызда өз мәресіне жетті. Биылғы жылы мені ерекше тәнті қылғаны – "Ұлттық киім" күні. Бұл күні Сағашилі жалпы білім беретін орта мектебінің мұғалімдері мен оқушылары ұлттық киім киіп, ауылды аралап, жарапазан айтты. Бұл бастама ұмытылып бара жатқан дәстүрді қайта жаңғыртты.
Алайда соңғы жылдары ақ көйлек пен ою көмкерілген кәжекейлердің мәні азайып, оның орнына этно-киімдер кию сәнге айналғандай. Қанша жерден ою-өрнек бейнесі сақталғанымен, ата-бабамыздан қалған дәстүрлі ұлттық киімнің шынайы болмысын толықтай бере алмайды. Дегенмен, биылғы жылдың басты ерекшелігі – қазақы нақыштағы киімдерге қайта оралуымыз болды. Ұмыт бола бастаған ұлттық киімдер қайта жаңғырып, ұлттық сана-сезімімді қайта оятты.
Наурыз мерекесі мұнымен тоқтаған жоқ. 21 наурыз күні ауыл тұрғындары өз көшелерінде "Ұлыстың ұлы күні – наурыз" мерекесін тойлауды бастап кетті.Атаулы күнде көршілер төрт құбыласы түгел жиналып, бір үйдің баласындай жұмыла дастарқан жайды. Наурыз көже пісіріліп, ақсақалдар ақ батасын берді, жастар ұлттық ойындар ойнап, сыйлықтарға ие болды.
Бұл мерекенің сәнін кіргізген тағы бір ерекше жайт – ауыл әкімі А.Ә. Каюповтың белсенді қатысуы. Ол ауыл тұрғындарын арнайы құттықтап, алғыс хаттар табыстап, мерекелік көңіл-күйді одан әрі жандандыра түсті. Тұрғындарға арнайы тәтті торт ала келіп, халықтың көңілін бір серпілтіп тастады.
Соңғы үш жылда ауыл жастары наурыз мерекесін ұйымдастыруды өз қолына алып, оны ерекше сән-салтанатпен атап өтуде. Олар ұлттық дәстүрлерді жаңғыртып, елдің басын біріктіретін ауқымды шараларды қолға алды. Ат жарыс, қол күрес, арқан тартыс, қошқар көтеру, қазақша күрес сияқты сайыстар өткізіліп, жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табысталды. Мереке тек сайыстармен шектелмей, ұлттық тағамдар дайындалды . Ақсақалдар мен ақ жаулықты аналар жастарға батасын беріп, өнегелі әңгімелер айтты. Ауыл жастарының ұйымдастыруымен мерекелік концерт өткізіліп, мың бұралған бишілер мен күміс көмей әншілер көрермендерді тәнті етті. Жыл сайын бұл думанды көруге жан-жақтан жұрт жиналып, Сағашилі нағыз мерекенің ордасына айналды. Ағайын-туыс, алыстан ат терлетіп жеткен қонақтар мәре-сәре болып, бір-бірімен көрісіп, ақжарма тілектерін жаудырды. Ұлыстың ұлы күні ауылдастарға шаттық сыйлап, ынтымақ пен бірлікті нығайта түсті.
Осы бір думанды күндер ауылдастардың жадында мәңгі сақталары сөзсіз. Өйткені Наурыз – тек мереке ғана емес, бұл – халықтың рухани түлеуі, тамыры тереңге кеткен дәстүрдің алтын арқауы. Сағашиліде Наурыз әрбір шаңыраққа шаттық сыйлады. Ұлыстың ұлы күні баршаңызға құтты болсын!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру