Тарих | ИАСАУИ МЕН ШӘКӘРІМ МҰРАЛАРЫ

Тарих | ИАСАУИ МЕН ШӘКӘРІМ МҰРАЛАРЫ

Демократиялық жолмен қол жеткен осынау тәуелсіздік баянды болуы үшін халқымыздың ғасырлар бойғы ұлт мүддесін, мемлекеттігін және рухани тәуелсіздігін қорғаған тәжірибесін парықтап зерттеу көкейкесті мақсатқа айналып отыр.
Қазақ халқы сан ғасырлық даму тарихы бар дәстүрлі мәдениеттің мұрагері. Еліміздің іргесі бекіп, шаңырағы шайқалмас мемлекеттігін нығайту үшін заман талабына сай осы асыл мұраны ел игілігіне пайдалану өзекті мәселе. Ел егемендігінің асыл мұраты, негізгі мән-маңызы рухани тәуелсіздікпен ғана толыққанды жүзеге асары анық.
Демократиялық жолмен қол жеткен осынау тәуелсіздік баянды болуы үшін халқымыздың ғасырлар бойғы ұлт мүддесін, мемлекеттігін және рухани тәуелсіздігін қорғаған тәжірибесін парықтап зерттеу көкейкесті мақсатқа айналып отыр.
Қазақ халқы сан ғасырлық даму тарихы бар дәстүрлі мәдениеттің мұрагері. Еліміздің іргесі бекіп, шаңырағы шайқалмас мемлекеттігін нығайту үшін заман талабына сай осы асыл мұраны ел игілігіне пайдалану өзекті мәселе. Ел егемендігінің асыл мұраты, негізгі мән-маңызы рухани тәуелсіздікпен ғана толыққанды жүзеге асары анық.
Бүгіндегі дамушы және дамыған елдер үшін де рухани күйзеліспен ұштас экологиялық, экономикалық дағдарыстар шешуін күтіп тұр, осындай дағдарыстардан бірлесе шығу адамзатқа ортақ іс. Әлемдік геосаяси кеңістікте өз орнын анықтап, белгілей бастаған жас мемлекетіміз замана сынына төтеп беріп, өркендеуі, халықаралық қауымдастықтағы орнын белгілеуі үшін рухани бастауларымызға назар аударуымыздың маңызы зор. Сондықтан, қазақ қауымы өзінің рухани мұраларына бас қойып, рухани тәуелсіздікпен астас асыл, мәңгілік мұраттар мен құндылықтар жүйесін саралауы, кемеңгер ұстаздардың тағылымына жүгінуі заңды.
Рухани мұраларымызды зерттеп игерудің өзі осы мемлекеттік тәуелсіздіктің арқасында туып отырған мүмкіндік. Осы рухани бастауларымыздың тағылым-ғибратымен, сусындап қана шын мағынасындағы егемендікке, тәуелсіздіктің баяндылығына қол жетерін айтсақ, осы екі егіз құндылықтың ажырамас бірлігі мен маңызы көрінеді. Рухани егемендіктің үлгісін, яғни адамның рухани кемелдігінің — инсанияттың кәмәлеттігінің үлгісін жеке тұлғалар, халқының қалаулылары, хақтың сүйген құлдары жүзеге асырған. Осындай ерлердің шарапатымен өшпес тағылым-ғибратымен көптеген адамдар хақиқат жолға түскен.
Қожа Ахмет Иасауи мұраларының біздің заманымызға бұзылмай жетуінің басты себебінің бірі халқымыз оның хикметтерін киелі санап, зікір алқаларында айтып, әрбір әрпіне де қиянат жасамай бізге жеткізген. Осы Диуани хикметтің, яғни даналық кітабының бір аты “Дәфтер сәни”, яғни “екінші дәптер” бұл астарлы тұспалмен ғұлама “Адамның хикмет кеудесіне” ишаралаған. Адамның хақты тануы үшін “Құран Кәрім” бір кітап болса, Адамның өзінің жүрек тереңіне үңіліп жеткен танымы екінші кітап, сондай-ақ, Қоршаған дүние сырына үңіліп жаратушы иенің хикметтерін сезінуі — үшінші кітап. Алла тағаланың адам баласын жаратудағы басты мақсаты адамның таным иесі, хақиқатты танушы ретіндегі басты қасиетімен анықталады. Яғни “Дәфтер сәниді” ашып, шәкірттерге дүр мен гаухар шашқан Қожа Ахмет Иасауи “өзін-өзі тану арқылы” ашылған құдайдың хикметтерін асылдың қадірін білер шәкірттеріне сыр қылып ұсынды.
Шәкәрім Құдайбердіұлы да өзінің сыр сөздерінде “Шынды білмек ойласаң сен алдыменен жанды біл. Ең керекті үш сұрақпен жан құлағын қой бұрап, Келдім қайдан, қайтсем пайдам, өлгеннен соң не болам?” — деп адамды өз жанының тереңіне үңіліп ақиқат сырды пайымдауға шақырады.
“Жүрегіне үңіл де түбін көзде, Сонан тапқан шын асыл тастай көрме”, — дейді Хакім Абай.
Осынау ғұламалардың рухани сабақтастығы, олардың ой-пікірінің ғажайып ішкі үндестігі Құрани Кәрімнің бастау алып, оның терең сырлы мәнін аша түседі. Қожа Ахмет Иасауи хикметтері бастан-аяқ құдайдың фазылынан күткен үміттен және махаббатына лайықпын ба деп, әділінен қорыққан қаупінен тұрады. Бүкіл хикметтерде осы хауф, рижа ерекше өрілім түзіп, Қожа Ахмет Иасауидің Хаққа деген махаббатын паш етеді. Бұл хикметтер оқушы жүрегіне махаббат ұшқынын салып, оның танымға құштарлығын арттырады.
“Адамның адам атына ие болуы хақты махаббатпен көксегенде ғана болады” деп қара сөздерінде Абай да айтса, “Өмірде мақсат хақиқат соны іздеп алмақ, нәпсіге еріп болма мат ол сені отқа салмақ” деп Шәкәрім қажы да адамның дүниеге келудегі мақсаты хақиқатты тану деп баса айтады Шәкәрім Құдайбердіұлы:
Менің жарым қыз емес,
Хақиқаттың шын нұры.
Оны сезер сіз емес,
Көзге таса бұл сыры.
Жасырып тұр жан өзін,
Бас көзімен қарама.
Жүрегіңнің аш көзін.
Жанның сырын арала —
деген сыр сөзінде хақиқатты махабатпен көксеуге, “ескі иманды отқа өртеп, асыл иман табуға”, жан пидалыққа, риясыз пейілге үндейді. Бұл ғұламалардың басты ғибраты жан-тәнімен беріліп хақты сүйіп, ақиқат танымға махаббатпен ұмтылу.
Махаббат — адамзат жаралуының, оның рухани жетілуінің, эстетикалық ләззаттануының, этикалық ғибраттануының негізі. Тіптен рухани кемелденудің шыңы болып табылар — “дидар талапқа” жеткізер басты күш-қуат.
Ол құдайдың “Халық” есіміне сай жаратушылық сифатының негізгі сыры ретінде қарастырылды. Хадисте былай делінген Пайғамбар Мұхаммед с.а.с. айтты: “Хазірет Хақсубхана уа тағала: мен кеңістіктің бір бұрышында жасырынулы тұрған кен қазына едім. Менің тәңірі екендігімді ешкім білмейтін, өз құдіретімді білдіруге махаббатым ауып барша ғаламды жараттым”, — деді. Осы кудуси хадистен көргеніміздей Тәңірі махаббаты барша ғалам жаралуының себебі, басты қағидасы болып тұр (111-бет, 1 том). “Махаббатпен жаратқан адамзатты” деген қағида Абай, Шәкәрім сияқты мұсылмандық Шығыстан сусындаған қазақ ойшылдарының шығармашылығын негізгі мәні мен маңызы болғандығы мағлұм.
Махаббаттың бақшасының бұлбұлы боп
Таң сахарда зар илеумен қонғым келер
Сол уақытта Тәңірімнің жамалын
Көңіл көзімен анықтап көргім келер.
Махаббаттың асасын қолға алып,
Бақыт тонын иыққа іліп алып,
Махаббаттың түгімен қанаттанып,
Мағрипаттың бұтағына қонғым келер,
- дейді “Диуани хикмет” кітабында Қожа Ахмет Иасауи. Осы жолдардан аңғарғанымыздай ғұлама үшін махаббат хаққа бастар, тариқат жолына түсушінің жол бастаушы, таянышы болар асасы, жоғарғы ақиқатқа шарықтатар қанаты, мағрипат ғылымының бағына жеткізер күш-қуаты.
Қожа Ахмет Иасауи хикметтері бастан-аяқ құдайды еске алу зікір болса, Шәкәрім сыр сөздерінде жаратылыс мәнінің астарынан хақты тануға, яғни фікірге мол орын берілген. “Жаралыс басы қозғалыс. Қозғалысқа керек қолғабыс, Жан де мейлің, бір Мән де, сол қуатпен бол таныс, әлемді сол Мән жаратқан” — деген т.б. көптеген өлеңдерінде адам баласын сау ақылын іске қосуға шақырып, соқыр сенімнің немесе қасаң қағиданың шырмауында қалудан сақтандырады. “Мендей болам десеңіз уайымсыз азат жан жар тап тағы бас кескіз, сүйтіп құтыл азаптан”. “Ғылымсыз адам айуан, Не қылсаң да ғылым біл. Ғылымға да керек жан, Ақылсыз болса ғылым тұл” — деген сыр сөздерінде хақты танудың қыр-сырын ашады. Алланың сүйіспеншілігіне, Ақиқатқа жетудің ең басты шарты ретінде Хаққа махаббатты, жүрек танымын бірінші орынға қояды.Хақты тану үшін, жүрек танымының көзін ашып, оны ластықтан тазалау керек. “Іштегі кірді қашырсаң, хақтықтың түсер сәулесі, жүректің көзі ашылса адамның хикмет кеудесі” — деген сыр сөздерден осыны анық көреміз. Ал, Қ.А. Иасауидің хикметтерінде осы жүректі тазалап, таным көзіне айналдырудың әдістері мен жолдары көрсетіледі.
Иасауи шығармаларында жүректі тазалайтын зікірге зор маңыз берілген, тіптен “Диуани-хикметтің” өзін бастан-аяқ Алланы ықыласпен еске алудан тұратын болғандықтан зікір деп білуге болады. Зікір әрбір адамның орындау мүмкіндігі бар шартсыз, қиындықсыз орындалатын ғибадаттың түрі болуымен қатар, сопылық әдебінде муридтің тариқат жолында ілгерілеу әрекетіндегі негізгі ғибадат түрі болғандықтан да тікелей ұстаздың немесе пірдің басқаруымен және тапсырмасымен жүзеге асады. Зікірдің әрбір адамның жанына шипа, дертіне дәру, рухына дауа ұлық ғибадат екендігінің көптеген дәлелдері бар. Әйтсе де, Иасауи дәстүріндегі зікірдің маңызы зор. Ол — шәкірттің күнделікті құлшылық ғибадатында ерекше орны бар рухани кемелдену құралы. Нәпсі хауаспен күресу де, сопылық мақамдарды игеру де, жүректі ояту және тірілту, яғни шын мәніндегі таным органына айналдырудағы басты қару — Иасауи шығармаларында “ху семсері” деген атпен белгілі осы — Зікір.
18 хикметте:
887. “Фа азкуру уа аллаһу касиран”, — деп аят келді, зікір айтып, зар илеумен жүрдім мен — деген ғұлама зікір, Құран хадисте бұйрық етілген парыз деп біледі. Сонымен қатар ғашықтың хаққа ынтығын арттыратын, уағда қылған нұр дидарын көруге жеткізер құрал. “Өлім алдында өліңдер” деген хадисте нәпсіні жеңуді өсиет қылса зікір осы нәпсіні жеңу жолында ғамал-әрекет.
907. Нәпсіден безіп шын ғашықтар Алла деді,
Сахар тұрып, “Чор дароб” ұрып көзін ойды
Рахым ойлап Алла өзі назар салды,
Онан соңыра дария болып тастым мен,
- деген жолдардың сопылық әдебіндегі зікірден, закир құлдың (зікіршінің) халінен хабар беретін аса терең мағынасы бар. “Сахар тұрып дароб ұрып көзін оюды” деген жолдың бойында зікір жайлы бірнеше хадистегі пікірлерді қамтиды. Сахар тұрудың маңызы “олардың жамбастары төсектерінен ажырап, (түнде ұйқыдан тұрып), раббыларына қорқа-дәмете (үмітпен) жалбарынады. Сондай-ақ олар берген несібемізді тиісті орнына жұмсайды” (Сәжде, 16 аяты).
Тағы бір хадисте адам түннің таңға жуық үшінші бөлігінде Аллаға жақын, мүмкіндік болса Алланы осы уақытта зікір етіңдер делінген.
Ал “чор дароб” парсы тілінде төрт жақ деген мағынаны береді. Қазіргі қазақ тілінде де “шартарап” сөзі жан-жақтан, әр қиырдан деген мағынамен кездеседі. “Чар, дароб ұру” төрт тарапқа дене қимылына, ырғала отырып ишара жасап зікір айтуды меңзейді. Оңға, солға, артқа және алдыға басы мен кеудесін серпе тастап, зікір айту, шайтанның адам баласын аздырамын деген антына орай, “Оңымнан, солымнан, артымнан алдымнан келіп уәсуас салатын, азғырушы шайтан малғұннан сақта” деген ниеттің ишарасы. Ниет исламдағы әрбір ғибадаттың басты парызының бірі.

Пайдалынған әдебиеттер:
1. Ш. Құдайбердіұлы «Шығармалары». – Алматы, 1988
2. Тәжікова К. Ислам: дүниетаным, идеология, саясат. – Алматы, 1989, 79-б.
3. Иассауи Қ. Хикмет жинақ. – Алматы, Жалын, 1998. 628-б.
4. Ш.Есенов атындағы Ақтау мемлекеттік университеті «Мәдени мұралардың танымдық негіздері». – Ақтау, 2004. ....


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Қазақстан пойыздарында үй жануарларын тасымалдау ережелері
» Қазақстандықтар шетелге шығуға жылына қанша жұмсайды?
» Су тасқынынан зардап шеккендерге қосымша тағы 553 мың теңге төленеді