Тарих | 18 19 ғғ Қазақстандағы ұлт-азаттық көтерілістер

Тарих | 18 19 ғғ Қазақстандағы ұлт-азаттық көтерілістер

«Ұлт-азаттық қозғалыс» ұғымының жалпы сипаттамасы.


XVIII— XIX ғасырларда қазақ халқы сырттан төнген экспансияға қарсы үздіксіз күрес жүргізді. Қазақ қоғамы XVIII ғасырдың алғашқы жартысында Жоңғар хандығымен, оның артын ала Цинь империясымен, Орталық Азия хандықтарымен өз еркіндігі үшін тынымсыз күрес жүргізіп, ең соңында Ресей империясымен бетпе-бет келді. Мешеу көшпелі мал шаруашылығына сүйенген және өз ішіндегі феодалдық алауыздықты жеңе алмаған Жоңғар хандығы жеңіліске ұшырап, жері Цинь патшалығына қарады. Шамамен осындай дөрежедегі қазақ елін Ресей империясы өзіне қосып алды. Сөйтіп, екі-үш ғасыр бойы Орталық Азиядағы елеулі күш ретінде танылған қазақ және жоңғар мемлекеттері көрші қуатты империялардың тегеурінді ілгері жылжуын тоқтата аларлықтай қарсылық көрсете алмады.
Ұлт-азаттық қозғалыс — отар елдерге тән тарихи құбылыс. Ұлт-азаттық қозғалыстың басты мақсаты — ұлтты езгіден азат ету, оның ұлттық мүддесін қорғайтын мемлекеттілігін қалпына келтіру және отаршылдық билікті жою арқылы ұлттық дербестікке қол жеткізу. Демек, ұлт-азаттық қозғалыс — отар халықтардың отарлық езгіге қарсы жалпы халықтық күресі.
Оның басты мақсаты — ұлтты өзге мемлекеттің экономикалық, саяси және басқа езгісінен азат ету, елдің табиғи ұлттық мүддесін қорғауға қабілетті мемлекеттілігін қалпына келтіру. Отаршыл жүйені жою және отарсыздандыру шараларын іске асыру арқылы шынайы дербестікке қол жеткізу. Яғни, ұлт-азаттық қозғалыс дегеніміз — отарлық тәуелділіктегі халықтардың жат-жұрттық езгіге қарсы жалпыұлттық күресі.
XVIII ғасырдағы қазақ халқының жоңғар басқыншыларына қарсы азаттық жолындағы күресі — Отан қорғау мақсатын көздеді. Елдің бір бөлігі жау қолында қалған жағдайда оны азат ету ісі жалпыұлттық міндетке айналды. Отан соғысы мен ұлт-азаттық қозғалыстың мақсаты ортақ — елдің мемлекеттік тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын сыртқы қауіптен қорғау. Сондықтан бұл ұғымдар бір-біріне жақын, мазмұны жағынан өзара астасып жатыр. Дегенмен ұлт-азаттық қозғалыстың мазмұны тереңірек. Ұлт-азаттық күрес қоғам өмірінің барлық салаларымен байланыста дамиды. Мұндай байланыстылық тек саясат пен экономикадан ғана байқалып қана қоймай, қоғамның мәдени-рухани жағын да қамтиды. Ұлт-азаттық қозғалыс — бұл ұлттық, әлеуметтік, экономикалық, саяси, діни, рухани қайшылықтардың түйіні. Демек, ұлт-азаттық қозғалыстар туралы жан-жақты шынайы тарихи контексте оқып-үйренуіміз қажет.
Қазақ халқының төл тарихы революцияға дейін де, кеңестік дәуірде де отаршыл саясат, таптық идеология, еуроцентристік қағидалар тұрғысынан зерттелді. Отаршылдық дәуірде ұлт-азаттық күрестерге «бүлік» деген айдар тағылды. Ал оған қатысушылар «бүлікшілдер», «тонаушылар» аталды. Ресейдің империялық пиғылдарына қарсы, жалпы адамзаттың өркениет көшінде өз этносын сақтап қалу жолындағы халықтың азапты күресі жоққа шығарылды. Осылайша ұлт-азаттық қозғалыстардың толыққанды шынайы тарихына қатысты талай шындықтар бұрмаланды.
Ұлт-азаттық қозғалыстардың туу себептері.[өңдеу]



Абылай хан
Аса қиын сыртқы саяси жағдайлар Әбілқайыр мен Әбілмәмбетке, Абылай ханға Ресейдің қол астына кіруге мәжбүр етті. Солай бола тұрса да, Ресейдің Кіші жүз бен Орта жүзді өзіне қосып алуы күрделі де қайшылықты жүрді. Мысалы, Кіші жүздің ханы Әбілқайырды Орта жүздің белгілі сұлтандарының бірі Барақтың өлтіруі қазақ қоғамындағы дағдарысты аңғартады. Ал Абылай ханның қайтыс болуы Орта жүз бен Ұлы жүз аумағында да саяси дағдарыс туғызып, хандық биліктің әлсіреуіне әкелді. Патша үкіметі бұдан былай қазақ хандарының іс-әрекетіне бақылау жасап, хан тағына қабілетті, беделді үміткерлерді жібермеуге күш салды. Керісінше, Ресей бағытын жақтаушы хандарды тағайындап, қазақ қоғамын жікке бөлуді одан әрі жалғастырды. Сондықтан отаршылдықка қарсы күрестің бастапқы кезеңіндегі көтерілістерге Ресей бағытына қарсы рубасылары, билер, батырлар басшылық етті.
Ресей империясының XIX ғасырдың 20-жылдарындағы реформалары қазақ мемлекеттілігін түпкілікті жоюды көздеді. Бұл өз кезегінде Қазақ жерінің тұтастығын көздеген сұлтандар Саржан және Кенесары Қасымұлы бастаған кең аукымды ұлт-азаттық қозғалыстарды тудырды.


Кенесары Қасымұлы
Ал XIX ғасырдың ортасы мен екінші жартысы қазақ жерлерінің Ресейге қосылуының аяқталу кезеңі болып есептеледі. Қазақстанның Ресейге түпкілікті қосылу дәуіріндегі ұлт-азаттық қозғалыстарға К.Қасымұлы, Ж.Нұрмұхамедұлы, Е.Көтібарұлы бастаған көтерілістерді жатқызуға болады. Отаршыл Ресей үкіметінің әр түрлі әкімшілік-саяси шаралары қазақ көшпелі қоғамының дәстүрлі құрылымын бұзды. Мұның өзі оның қоғамдық өмірінде үнемі дағдарыстық құбылыстар туғызып отырды. Бұл фактор өз кезегінде мақсат-мүдделері мен табиғи құқығы аяқ асты болғандардың табанды қарсылығын тудырды. Қоғам дамуындағы тепе-теңдіктің бұзылуы сол қоғамның барлық әлеуметтік элементтерін азаттық күрес аясына тоғыстырды.
XVIII—XIX ғасырлардағы қазақтардың тәуелсіздік үшін күресі орыс отаршылдығы өзімен бірге ала келген қоғамдық өзгерістерге қарсы күрес ретінде көрінді. Ал, шын мәнінде, бұл қазақ халқының ұлт-азаттық күресі, сонымен бірге екі өркениеттің, екі этностық жүйенің арасындағы қақтығыс еді. Ұлт-азаттық қозғалыстардың барысында отаршылдық үкімет жойып жіберген хандық билікті қалпына келтіру әрекеті байқалды. Көтерілісшілер өзінің ұлттық мүддесін қорғайтын мемлекеттілік белгілерін қайта жаңғыртты.
Қазақстандағы ұлт-азаттық қозғалыстардың даму кезеңдері, ерекшеліктері.[өңдеу]

Қазақ халқының Ресей отаршылдығына қарсы тәуелсіздік жолындағы күресі ұзаққа созылып, XVIII ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың 80-жылдарын қамтыды.


Сырым Датұлы
Халық бұқарасының алғашқы әрі тегеурінді әрекеттерінің бірі — Сырым Датұлының қолбасшылығымен болған қозғалыс. Кіші жүз қазақтарының көтерілуіне патша өкіметінің қазақтардың "ішкі жаққа", Жайық сыртына өтуіне тыйым салуы, қазақ билеушілерінің бір бөлігінің құқықтарымен санаспауы негізгі себеп болған еді. Ресейдегі шаруалар көтерілісінің көптеген қолбасшылары сияқты Сырым батырға да "жақсы ханға" деген сенім тән еді. Сырым билердің қазақ қоғамындағы рөлін көтеру мақсатын көздеді. Сонымен қатар хандық билікті келтіруге де өз келісімін берді. Дегенмен қозғалыстың отаршылдыққа және хандар зорлығына қарсылық сипаты соңғы кезеңге дейін сақталды.
1836—1838 жылдардағы старшын Исатай Тайманұлы бастаған көтеріліс халық бұқарасының отаршыл билікке, сондай-ақ сол билікке сүйенген Жәңгір хан бастаған феодалдар тобына қарсы ашу-ызасының сыртқа шығуы еді. Бұл ретте Исатай Тайманұлы бастаған қозғалыс қазақ топырағындағы ашық әлеуметтік-таптық сипат алған алғашқы қоғамдық қарсылық болды.
1836—1838 жылдардағы көтеріліс оған дейінгі қозғалыстардан ерекшелеу болатын. Бұл уақытта қазақ жерінің негізгі бөлігі Ресейдің қол астына еріксіз еніп, отаршылдық саясат барған сайын өктем сипат ала түскен еді. Хандық биліктің жойылуы, жаңа әкімшілік басқару жүйесінің енгізілуі, қазақтардың құнарлы жерлерден ығыстырылуы, міне, осының бәрі көтерілістің патша үкіметінің отаршылдық саясатына қарсы бағытын айқындап берді. Бұл стихиялы көтеріліс бола тұра, көтеріліс басшысы мен оның ақтастарының Ақбұлақ түбіндегі шайқасқа дейін табандылықпен күрескенін атап өту қажет. Сөйтіп, ол өзінің алдына қойған мақсатты күресінің идеясына, қатардағы көшпелілер алдында адалдығын дәлелдеді. Ал көтеріліске қатысқан кейбір билер тобының тұрақсыз әрекеттері, жазалаушы күштердің басымдылығы көтерілістің жеңіліске ұшырауын жылдамдатты.
Қазақстандағы ұлт-азаттық қозғалыстар тарихында ауқымдылығы, қуаттылығы жағынан ең ірісі — 1837—1847 жылдардағы көтеріліс. Көтерілістің басталған уақыты патшалық Ресейдің қазақ жеріне тереңдей еніп, әкімшілік-әскери шараларымен әлі де болса дербестігін сақтап тұрған аудандарға жеткен кезеңіне тұспа-тұс келді. Орта жүздегі округтік басқару жүйесіне қарсы басталған бұл көтеріліс Абылай ханның ұрпағы Кенесары Қасымұлының басшылығымен жүзеге асты. Қозғалыс 10 жыл бойы Ресейдің саясатына ықпал ете отырып, Орта және Ұлы жүздердің басым бөлігінің Ресейдің қол астына еріксіз кіру мерзімін біраз уақытқа болса да кейінге шегерді. Кенесары Қасымұлы бастаған козғалыс жеңіліске ұшырағаннан кейін ғана Орта жүз толығымен Ресейдің құрамына енген. Патша үкіметі Ұлы жүз иеліктеріне ауыз салуға мүмкіндік алды. Көтеріліс өлі де толығымен Ресейдің құрамына кіре коймаған аудандарды, ауқымы жағынан бүкіл үш жүзді қамтыды. Кенесары қозғалысы әлі де дербестігін сақтап қалған жерлерде орыс отаршылдығының тереңдей түсуіне қарсы бағытталды. Қазақ елінің Ресей империясының құрамына енгеннен бергі уақыттағы азаттық козғалысын қозғаушы күштер мен күрес тәсілдеріне байланысты мынадай кезеңдерге бөлуге болады. Бірінші кезең — XVIII ғасырдың соңы және XIX ғасырдың екінші жартысы аралығын қамтиды. Қазақ қоғамындағы қалың бұқара атсалысқан азаттық қозғалыстың бұл алғашқы кезеңінде белгілі объективті себептерге байланысты билеуші әлеуметтік топ жетекші рөл атқарды. Сырым Датұлы (1783—1797 жылдары), Исатай Тайманұлы (1836—1838 жылдары), Кенесары Қасымұлы (1837—1847 жылдары), Есет Көтібарұлы (1847—1858 жылдары) және Жанқожа Нұрмұхамедұлы (1856—1857 жылдары) бастаған көтерілістер, ең алдымен, орталық езгіге қарсы наразылықтың көрінісі болатын.
Ақбұлақ соғысы.jpg
Ұлттың саяси белсенді тобы ұлттық тәуелсіздікті қорғау ісінде орасан зор табандылық танытқанымен, қазақ қоғамының шектеулі экономикалық мүмкіншілігінен асып кете алмады, қару күші, экономикалық қуаты мен отарлау әдіс-айласы басым империялық жүйе дегеніне жетті, халықтың қарсылығын күшпен басты. Ендігі уақытта сұлтан, батыр мен би сияқты әлеуметтік топтардан тұрған басқарушы элита жалпыұлттық мәселелерді шешу ісінде өз рөлін жоғалта бастайды.
Ұлт-азаттық козғалыстың келесі екінші кезеңі — зиялылар тобының қызметімен байланысты. 1867—1868 жылдардағы әкімшілік реформасы қазақ қоғамында дербестіктің ізін де қалдырмады, ал 1886 жылы (Түркістан уалаяты бойынша) және 1891 жылы күшіне енген Ережелер қазақ жерін орыс мемлекетінің меншігі деп жариялады. Столыпиннің аграрлық реформасы тұсында жүргізілген орыс шаруаларын қазақ жеріне әкеліп жаппай қоныстандыру шаралары қазақ қоғамының дәстүрлік құрылымына әсер етпей қоймайды. Міне, осындай жағдайда ұлт тағдыры мен оның табиғи сұраныс-тілектерін, сондай-ақ ұлттық мүмкіндіктерді ортақ мақсаттарға жұмылдыра алатын заман талабына сай қабілетті әлеуметтік күш өзін көрсете бастайды. Ол ұлт зиялылары еді.
Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынұлы мен М.Дулатұлы бастаған бұл топ ұлттық құндылықтарды қорғау және негізгі мақсат-міндеттерді анықтау тұрғысынан халық ағарту ісін негізгі мұрат ретінде алға тартты. Газет-журнал және кітап бастыру ісі қолға алынды. Заман сұранысына жауап реакция ретінде өмірге қазақ ұлтшылдығы келді. Бұл сыртқы экспансияға қарсы және оны тоқтатуды көздейтін, сондай-ақ ұлттық құндылықтарды қорғау және оларды жаңғырту ұстанымындағы ұлтшылдық болатын. Ұлттық күрестің негізгі идеялық тіректері қазақ жерінің тұтастығын сақтау, ұлттық мемлекеттілікті қалпына келтіру, ана тіліне негізделген білім жүйесін қалыптастыру сияқты ұғымдардан тұрды.


Алаш партиясының жетекшілері
1916 жылғы көтеріліс ресейлік биліктің терең дағдарысқа келіп тірелгендігін, қазақ халқының отарлық езгіге қарсы шығуға әзір тұрғандығын көрсетті. Ал 1917 жылдың күзінде Алаш партиясының өмірге келуі, осы жылдың соңына карай Түркістан (Қоқанда) және Алаш (Орынборда) автономияларын құру туралы шешімдердің қабылдануы ұлт-азаттық қозғалысының империядағы басқа да азаттық үшін күресуші күштермен бірлікте жүргізген қызметінің басты нәтижелері болды.
Ұлт-азаттық күрестің келесі үшінші кезеңі — Кеңестік билік жағдайында жүрді. Жер мәселесінің толық шешімін таппауы, ішкі Ресейден қазақ жеріне қоныс аударудың толастамауы, өнеркәсіптің шикізаттық сипат алуы, орыстандыру үдерісі, қазақ ұлтының өзін- өзі мемлекеттік басқару үмітінің ақталмауы азаттық үшін қозғалыстың жаңа мазмұн алуына негіз болды. Т.Рысқұлов, С.Сәдуақасов, С. Қожанов, Ж.Мыңбаев және басқа белсенді қайраткерлерден тұрған саяси топ, Ф.Голощекин айтқандай, алашшыл элитаның келесі екінші «жаңа буыны» болатын. Бұл буын өзінің бар күш-жігерін кеңестік автономияға ұлттық мазмұн беруге жұмсады. Империялық күштер олардың бұл қызметін саналы түрде бұрмалап, «буржуазиялық ұлтшылдықтың» немесе «ұлтшыл шектеуліктің» көрінісі ретінде бағалады.
XX ғасырдың 20—30-жылдары мемлекет тарапынан тынымсыз жүргізілген саяси қуғын-сүргін алашшыл ұлт зиялыларының аталған екі буынын да жойды. 20—30-жылдар аралығында күштеп ұжымдастыруға қарсылық ретінде көрінген 372 шаруалар көтерілісі саяси жетекшісіз қалған бұқара халықтың зорлықшыл саяси жүйеге көрсеткен ашық қарсылығы болды.
Кеңестік тоталитарлық жүйе орнағаннан кейінгі мезгілде азаттық үшін күрес шетелдік эмиграция күшімен жүргізіле бастайды. Ал оның ең ірі өкілі Мұстафа Шоқай болды. Ол өзінің басшылығымен Париж және Берлин қалаларында шығып тұрған «Жас Түркістан» журналында (1929—1939 жылдары) үздіксіз жариялап отырған мақалалары мен зерттеу еңбектері арқылы отандастарының талап-тілегін әлемдік қауымдастыққа жеткізу міндетін өз мойнына алды. Осы бағытта ол азаттық қозғалысқа өлшеусіз үлес қосып, жаңа тарихи кезеңде ұлттық сананың қайта жаңғаруына зор ықпал жасады.
XX ғасыр басындағы ұлт-азаттық қозғалысқа тән ерекшелік — оның тағдырлас көрші түрік халықтарымен күш біріктіруге ұмтылысы болды. Қай тұрғыдан болсын мұндай әрекет 1917 жылғы революциялық өзгерістерге шейін қазақ және татар, 1916—1917 жылдары қазақ пен қырғыз және өзбек, азамат соғысы тұсында қазақ пен башқұрт азаттық қозғалыстарының өзара саяси қолдаушылық әрекеттерінен анық байқалды.
Кеңестік дәуірде республика тұрғындары Коммунистер партиясының орталық органдарының саясатына қарсы наразылық білдіріп отырды. 1929—1931 жылдары күштеп ұжымдастыруға қарсы шаруалар көтерілістері, 1959 жылы Теміртаудағы әлеуметтік жағдайлардың ескерілмеуінен туған жұмысшылар толқулары, ұлт саясатындағы қателіктер себеп болған 1979 жылғы Целиноградтағы оқиғалар да сондай қарсылықтардың бірі еді.
1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан көтерілісі қазақ халқының тәуелсіздік үшін жүргізген ғасырлар бойғы күресін аяқтады.
Міне, бұл келтірілген деректік материалдар мен тұжырымдар қазақ ұлт-азаттық қозғалысының күрделі жолдан жүріп өткендігін, сондай-ақ осы жолда негізгі мақсат пен мүддесінен ауытқымағандығын айғақтайды.[1]
Пайдаланылған әдебиет[өңдеу]

Жоғарыға көтеріліңіз ↑ Қазақстан тарихы: Аса маңызды кезеңдері мен ғылыми мәселелері. Жалпы білім беретін мектептің қоғамдық - гуманитарлық бағытындағы 11-сыныбына арналған оқулық/М.Қойгелдиев, Ө.Төлеубаев, Ж.Қасымбаев, т.б. — Алматы: «Мектеп» баспасы, 2007. ISBN 9965-36-106-1



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі