Қан айналым жүйесі. Жаратылыстану, 3 сынып, қосымша материал.
Әдістемелік нұсқау
- «Жедел жауап» кіріспе тапсырмасы. Оқушыларға бүгінгі сабақта қанайналым жүйесі қандай қызмет атқаратынын анықтау қажеттілігін айтып, олардың назарын асқорыту және тыныс алу жүйесі тақырыбындағы сабаққа бағыттау керек. Оқушылар жұптасып, сызбамен жұмыс жасайды. Тыныс алу және асқорыту жүйелерінің қалай құрылғанын анықтау ұсынылады.
Қоректік заттар ашішектерден саусақ ұшына дейін қалай тарайтынын сұрап, бірнеше жұптың жауабын тыңдау ұсынылады. Одан кейін тыныс алу жүйесі құрылысын есіне түсіре отырып: «Оттек дене мүшелерімізге қалай таралады?», «Көмірқышқыл газ ағзадан қалай шығады?» – деген сұрақтарға жауап береді. Адам ағзасына не үшін қанайналым жүйесі қажет екені туралы қорытынды жасайды және «қан айналысы» деген ұғымды қалай түсінетінін айтып береді.
- Қанайналым жүйесі. Оқушылар жұппен суретке сүйене отырып, қанайналым жүйесі қандай мүшелерден тұратынын анықтайды. (Жүрек, күретамыр, көктамыр және қылтамырлар). Сұрақтарға жауап беріледі.
- Қанайналым жүйесінің мүшелері қайда орналасқан?
- Күретамыр қандай болады?
- Көктамыр ше?
- Қылтамырлар қандай болады?
- Олар қандай қызмет атқарады?
Күретамыр жұқа қылтамырларға айналғанша кішкентай тамырларға тармақтала беретінін нақтылап, қылтамырлардың қабырғаларының жұқалығы, олар арқылы өкпеде газ алмасу және асқорыту мүшелерінде қоректік заттар айналымы жүретінін талқылау.
- Мотор. Оқушылардан жүрек туралы не білетінін ассоциация арқылы анықтау. Оқушылар жүректің қайда орналасқаны және оның көлемі қандай болатынын және топтасып жүректің көлемін анықтайды.
- Модель жаса. Оқушылар қанайналым жүйесін құрайтын мүшелер қалай орналасқандығын моделбдеу арқылы біледі. Модельдеу барысында балалар қанайналым жүйесі құрылымының ерекшеліктерін және мүшелердің орналасу ретін түсінеді, олардың атын атап, орнын көрсетуді үйренеді.
Модельдеу жүргізуге арналған нұсқаулық
- Топ болып қанайналым жүйесі құрылымын талдайды.
- Ватман қағазына адамның шынайы өлшемінің сұлбасын салады.
- Қанайналым жүйесі мүшелерін берілген құралдардан жасайды.
- Сұлбаның ішіне қанайналым жүйесінің мүшелерін орналастырады да, оларды аттары жазылған парақшалармен белгілейді.
- Басқа топтардың нәтижелерімен өз жұмыстарын салыстырады.
Қорыту барысында бірнеше сұрақтарға жауап алынады. Сұрақтар:
- Қанайналым жүйесі қандай мүшелерден құралады?
- Жүрек қандай қызмет атқарады?
- Қылтамырлар қайда орналасқан?
- Дене мүшелеріне таралған соң қан не істейді?
- Ойлан. Оқушылардан жүрек кеуде қуысының ішінде орналасқандығы туралы және ішкі құрылыс мүшелерінің орналасуының ерекшеліктерінмен таныстыру. Жүрек – өте нәзік дене мүшесі, оны қорғау үшін табиғат ерекше орналастырған. «Жүрегі тас төбесіне шықты» тіркесі адам жүрек ырғағының іркілуін сезінуі. Бұл – ағзаның қауіптен қорғану жауабы.
- Қосымша ақпарат.
Жүрек – адам мен жануарлардың қан айналу жүйесінің орталық органы; қанды артерия жүйесіне айдайды және оның веналарға қайтып оралуын қамтамасыз етеді. Омыртқасыз жануарлардың кейбір түрлерінде (буылтық құрттарда, моллюскілерде, буынаяқтыларда) жүрек арқа жағында орналасқан, бір қарынша және бірнеше жүрекшелерден тұрады.
Барлық омыртқалы жануарларда және адамда жүрек дененің кеуде қуысында орналасқан. Үлкен қанайналым шеңбері -жүректің сол жақ қарыншасынан қолқа артериясы қантамырынан басталады. Оттекке қаныққан қан алдымен қолқаға, одан ірі және ұсақ артерия қантамырларына жеткізіледі. Қан артерия қантамырларымен ішкі мүшелерге, жүректің өзіне, бұлшықеттерге, сүйектерге барады. Мүшелерде артерия қантамырлары тарамдалып, қылтамырларға бөлінеді. Қылтамырлардың жұқа қабырғалары арқылы қан дене жасушаларына қоректік заттар мен оттекті таратады. Жасушалардан көмірқышқыл газын қажетсіз өнімдерді жинап, вена қанына айналады. Вена қаны вена қантамырлармен жүректің оң жақ жүрекшесіне құяды.
Кіші қанайналым шеңбері - жүректің оң жақ қарыншасынан өкпе артериясы қантамырынан басталады.Ондағы вена қаны өкпе артериясы қантамыры арқылы өкпеге келеді. Өкпеде артерия қантамырларынан түзілген қылтамырлар торында газ алмасады. Қан оттекке қанығып, көмірқышқыл газынан тазартылады да, вена қаны артерия қанына айналады. Одан төрт өкпе вена қантамырлары арқылы артерия қаны жүректің сол жақ журекшесіне құйылады. Қан сол жақ жүрекшеден сол жақ қарыншаға өтіп, қайтадан үлкен қанайналым шеңберінің қантамырларына бағытталады.
Кіші қанайналым шеңбері —> жүректің оң жақ қарыншасынан басталып —> өкпеге қан тартады —> жүректің сол жақ жүрекшесімен аяқталады.Кіші қанайналым шеңбері деп аталу себебі - қан тек өкпеге барып, оны оттегімен байытылады да қайтадан жүрекке келеді. Бұл қанайналым шеңберін кейде өкпелік шеңбер деп те атайды.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?