Азаматтық құқықтың объектілері. Құқық негіздері, 10 сынып, дидактикалық материал.


Мәтінді өз қалауыңызша пайдалануыңызға болады.

Мәтін

Азаматтық құқық объектілері - мүліктік және жеке мүліктік емес игіліктер мен құқықтар.

Азаматтық құқық объектiлерiнiң түрлерi: Мүлiктiк және жеке мүлiктiк емес игiлiктер мен құқықтар.

Мүлiктiк игiлiктер мен құқықтарға (мүлiкке): заттар, ақша, соның iшiнде шетел валютасы, құнды қағаздар, жұмыс, қызмет, шығармашылық-интеллектуалдық қызметтiң объектiге айналған нәтижелерi, фирмалық атаулар, тауарлық белгiлер және бұйымды дараландырудың өзге де құралдары мүлiктiк құқықтар мен басқа да мүлiк жатады.

Жеке мүлiктiк емес игiлiктер мен құқықтарға: жеке адамның өмiрi, денсаулығы, қадiр-қасиетi, абырой, игi атақ, iскерлiк бедел, жеке өмiрге қол сұқпаушылық, жеке құпия мен отбасы құпиясы, есiм алу құқығы, автор болу құқығы, шығармаға қол сұқпаушылық құқығы және басқа материалдық емес игiлiктер мен құқықтар жатады.

 Азаматтық қүқықтар объектілеріне жалпы сипаттама.

Азаматтық құқық субъектілерінің материалдық және өзге де қажеттерін қанағаттандыра алатын, әдетте, ақшалай бағалауға жататын және азаматтық құқық реттейтін қатынастар саласына енгізілген материалдық заттарды және өзге құндылықтарды (атап айтқанда, энергияны, жұмысты және көрсетілетін қызметті) мүліктік игіліктер деп түсінеміз.

Мүліктік игіліктерге (атап айтқанда, мүліктік игіліктерді пайдалану, иелену және оларға билік ету) субъективтік азаматтық құқықтарды мүліктік құқықтар деп түсінеміз.

Азаматтық құқық субъектілерінің жеке тұлғасымен ажырамастай тығыз байланысты құндылықтар мүліктік емес өзіндік игіліктерге жатады, ал мүліктік емес өзіндік құқықтар дегеніміз - бұл аталған құңдылықтарға құқықтар болып табылады. Мысалы, адамның өмірі мүліктік емес өзіндік игіліктерге, ал өмірі сүру құқығы - мүліктік емес өзіндік құқықтарға жатады.

2. Мүлік - азаматтық құқықтар объектісі. Заттар мүліктің кең таралған түрлерінің бірі болып табылады. Заң әдебиеттерінде әдеттеадамға қатысты алғанда, сыртқы материалдық дүние заттарын - адам қолымен жасалған, сондай-ақ табиғаттың өзі жаратқан және табиғи қасиеттері бар нәрселерді заттар деп түсінеді. Алайда мүлік ретіндегі заттың мәні оның табиғи қасиеттерінде ғана емес (бұлар оның құқықтық режимінен көрініс табатын болса да), адамның қажеттерін қанағаттандыра алатын, тұтыну және айырбас құны бар, әдетте ақшалай бағасы болатын және, әдетте, айналымға қабілетті мүліктік игілік ретіндегі оның қоғамдық қасиеттерінде болып табылады.

Заттар мүлік ретінде барынша алуан түрлі және құқық субъектiлеріне ұдайы белгілі бір қатынастарда болады (мысалы, оларға меншік құқығы, пайдалану құқығы және т.с.с. ретінде тиесілі болады). Заң әр түрлі табиғат ресурстарын да, зат нысанында көрінетін адам еңбегінің өнімдерін де заттар деп түсінеді. Энергияның түрлері де (мысалы, жылу, электр энергиялары) заттардың қатарына кіреді. Өсімдіктер мен жануралар да заттар ретінде танылады.

Жеміс, өнім және табыс болып табылатын заттардың құқықтық режимінің кейбір ерекшеліктері бар. Мүліктерді пайдалану нәтижесінде алынған түсім (жемістер, өнімдер, табыстар), егер заңдарда немесе бұл мүлікті пайдалану туралы шартта өзгеше көзделмесе, осы мүлікті заңды негізде пайдаланушы адамға тиесілі болады (АК-ның 123-бабы). Әдетте, өсімдіктер мен жануарлардың тіршілiк әрекетінің құндылығы бар табиғи өнімдерін, мысалы, жеміс ағаштарының жемістерiн, шайдың жапырағын, жануарлардың төлiн, жүн, сүт, жұмыртқа секілді өсімдіктер мен жануарлардан алынатын өнiмдерді, яғни түсімдерді зандық ұғым ретіңде жемістер деп түсінеді. Бірақ, мұнда тағы да заттардың зандық қасиеттері жөнінде, яғни мүліктің қасиеті жөнінде әңгіме болып отыр.

Еңбек барысында басқа заттарды өнімді пайдалану арқылы жасалған заттарды өнімдер деп түсіну керек (мысалы, наубайханада пісірілетін нан, тігін өндірісінде шығарылатын тігін бұйымдары және т.с.с.). Затты (заттарды) пайдаланудан немесе өнім шығару әрекетінен алынатын ақшалай және өзге түсімдерді табыстар деп түсіну керек. Бірақ, табыстар, заттар түрінде ғана емес, сонымен қатар, міндеттемелер бойынша ақшалай және өзге де талаптар түрінде болуы мүмкiн.

Шығармашылық интеллектуалдық қызметтің нәтижелері азаматтық құқықтар объектілерінің дербес түрі, мүліктің ерекше түрі болып табылады.

Қазіргі уақытта азаматтық айналымға кеңінен енгізіліп отырған ақпарат азаматтық құқық объектілерінің ерекше түрі болып табылады. Азаматтық заңдар қызметтік немесе коммерциялық құпия болып табылатын ақпаратты қорғайды (АК-ның 126-бабының 1-тармағы).

6. Мүліктік емес өзіндік қүқықтар – азаматтық құқықтар объектісі болып табылады. Азаматтық заңдар мүліктік емес өзіндік қатынастардың екі тобын реттейді және қорғайды: мүліктік қатынастармен байланысты мүліктік емес өзіндік қатынастар және мүліктік қатынастармен байланысы жоқ мүліктік емес өзіндік қатынастар.

Мүліктік қатынастармен байланысы жоқ мүліктік емес өзіндік қатынастар дегеніміз - бұл рухани немесе материалдық емес игіліктерге қатысты қалыптасатын қоғамдық қатынастар.

АК-ның 115-бабына сәйкес, азаматтық құқықтар объектілеріне мүліктік игiліктермен және құқықтармен қатар, мүліктік емес өзіндік игіліктер мен құқықтар жатқызылған: жеке адамның өмірі, денсаулығы, қадір-қасиеті, игі атақ, іскерлік бедел, жеке өмірге қол сұқпаушылық, жеке құпия мен отбасы құпиясы, есім алу құқығы, автор болу құқығы, шығармаға қол сұқпау құқығы және басқа материалдық емес игіліктер мен құқықтар жатады.

Бұл арада мүліктік емес өзіндік құқықтардың есім алу құқығы, еркін жүріп-тұру және тұрғылықты жерді тандау құқығы секілді түрлері АК-ның 15 және 16-баптарымен реттеледі.

Сонымен, мүліктік емес өзіндік құқықтар дегеніміз - бұл мүліктік емес сипаттағы игілікке қүқық.Мұнда экономикалық мазмұны жоқ және иесінің жеке басынан ажырағысыз, қолданыстағы заңдар таныған, реттейтін және қорғайтын игiліктер мен бостандықтарды мүліктік емес өзіндік құқықтар ретінде түсінеді.

Соңғы жылдары заң әдебиеттерінде моральдық зиян ұғымына және моральдық зиянның өтемі проблемаларына біршама көңіл бөлінуде. Кең мағынада алғанда, жеке адамға оның құқықтарын бұзатын іс-әрекеттер арқылы тән азабын немесе жан азабын келтіруді моральдық зиян деп түсінеді.

ҚР Жоғарғы Соты «Соттардың моральдық зиянды өтеу жөніндегі заңдарды қолдануы туралы» 2001 ж. 21 шілдедегі №3 Нормативтік қаулысында моральдық зиян ұғымына барынша толық әрі дұрыс анықтама және түсінік берген [2]. Моральдық зиянды өтеу материалдық емес игіліктер мен мүліктік емес өзіндік құқықтарды қорғау құралдарының бірі болып табылады. Моральдық зиян тек ақшалай түрде өтеледі, ал өтемнің мөлшерін сот анықтайды. Егер моральдық зиянды өтеу мөлшерін анықтауда сот азаматтың мүліктік емес өзіндік құқықтарының бұзылуына байланысты нақты мән-жайлардың барлығын ескерген болса, моральдық зиянды ақшалай өтеу мөлшерін әділ әрі жеткілікті деп есептеу керек. Моральдық зиян өтелуге тиісті мүліктік зияннан тәуелсіз өтеледі.

Мүліктік емес өзіндік және мүліктік құқықтар бір мезгілде бұзылған жағдайда мүліктік емес өзіндік құқықтардың бұзылғаны үшін жәбірленушіге тиесілі өтем ескеріле отырып, мүліктік зиянның орнын толтыру мөлшері ұлғаяды (АК-ның 142-бабы). Сонымен қатар, олардың қандай мән-жайларда немесе қандай әрекеттермен (әрекетсіздікпен) келтірілгенін; зиян келтіруші кінәсының дәрежесін, оның денсаулық жағдайын, отбасылық, тұрмыстық, материалдық және назар аударуға тұрарлық басқа да жағдайларды анықтау қажет.

Өзіңіздің қалауыңызша тапсырмалар құрастырыңыз.

 Объекті- бұл азаматық құқық қатынасының пайда болуына себепші болатын құндылық.

Жоғарыда келтірілген анықтамалардың қайсысы сіздің пікіріңізше, нақтылау және неліктен? Азаматтық құқықтық қатынастың объектісі, оның элементі бола ала ма? Мәні бойынша мына екі ұғым ұқсас па: «азаматық құқықтық қатынастың объектісі» және «азаматтық құқық қатынастың пәні». Азаматтық құқық қатынас объектілері азаматтық құқық қатынас түрлері арасында байланыс бар ма? Егер болса, онда ол қандай байланыс? Мысал келтіріңіз.

2 Азаматтық құқық қатынастар объектілерінің әр түрлілік қатынастарда топтастырылады.

Азаматтық құқық қатынастар объектілерін қандай түрлерге бөлуге болады? Азаматық құқық объектілерінің барлық түрлерін оқыңдар. Объектілердің әртүрлі аталуының негізі неде?

3 «Жылжымайтын мүлік» — Қазақстандық азаматтық құқықтың жаңа салыстырмалы ұғымы. Жермен байланысты болатын нәрсені, әдетте жылжымайтын мүлік деп түсіндіреді: ғимарат, жер учаскелері мен құрылыстар. Бірақ Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде жылжымайтын мүлікке жермен байланысы жоқ объектілерді де жатқызады.

«Жылжымайтын мүлік» құқықтық терминнің кең түсінілуі дәлелді ме? Жылжымпйтын мүліктің құқықтық режимі және жылжитын заттың режимі арасында негізгі айырмашылық  неде?

4 «Кәсіпорын» азаматтық құқықта субъектісі (сіздер, бұл жағдайда «кәсіпорын» туралы «Заңды тұлға» тақырыбын оқыған кезде қарастырасыздар) ретінде де және объектісі ретінде де қолданылады.  Кәсіпорынның азаматтық құқықтық объектісі ретіндегі сіздің қандай көзқарасыңыз бар? Мәмілені жасау кезінде бұл жағдай орын алады ма, егер объект ретінде бүкіл кәсіпорын емес, тек оның бір үлкен цехы болса қандай жағдай туындайды?

5 Бөлінетін және бөлінбейтін заттарды бөлу мәселесі бір уақытта екі немесе одан да көп тұлғаларға тиісті заттарды бөлу жағдайы кезін маңызды болады.

Бөлінбейтін мүлікке ортақ мүлік құқығы негізінде бір уақыта екі субъект құқылы болса, онда не істеу керек? Шаруа қожалығын бөлу қандай тәртіпте жүзеге асырылады. Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің  баптарына сілтеме беріңіз.

6 Шығармашылық қызметтің нәтижесі және оларға теңестірілген заңи тұлғаның жекешелендірілген құралдары (өнім, жұмыс, қызмет көрсету) бір объектілер құрамына жатады, ол «интеллектуалдық меншік» деп аталады. Құқық нормасы бұл объектілерді тікелей меншік иесі және оның рұқсатымен басқа адамдардың қолданылуын қамтамасыз етеді. Құқық нормаларында, сондай-ақ интелектуалдық меншік объектілерді қорғаудың тәсілдері мен тәртібі көрсетілген.

Азаматтық құқықтағы интеллектуалдық меншікке жататын объектілерді атап шығыңыз. Интелектуалдық меншікті реттейтін нормативтік актілерді атаңыз.

7 Азаматық құқық объектілеріне ақпарат не оның әр түрлілігіне: қызметтік және коммерциялық құпиялар жатады.

Сіздің пікіріңізше, жоғарыда көрсетілген ұғымдарды және олардың белгілерін қалай айқындауға болады? Мысал келтіріңіз?

8 Атақты Астаналық клоун Н., Алматы қаласындағы цирктің артисі А-ның өз қойылымдарында Н-ның бағдарламасына кіретін цирктік номерлерін қолданып, олармен ТМД бойынша гастролде жүріп, үлкен жетістіктерге жеткенін біледі.

Сіздің ойыңызша, аталған жағдайға қатысты Н-ның А-ға талап қоюы орынды бола ма? Егер азаматтық құқық қатынас пайда болса, оның объектісі не болып табылады? Осы объект  азаматтық құқықпен қорғалады ма?

9 Төменде көрсетілген интелектуалдық меншік объектісін қызметтің нәтижесіне қарай бөліңіз:

—  әдеби-көркем шығармасы;

—  ғылыми еңбектер;

—  артистердің атқаратын қызметі;

—  фонограмма;

—  радиолық бағдарламалар

—  ЭЕМ бағдарламасы;

—  тауар белгісі;

—  қызмет көрсету белгісі;

—  математика бойынша тапсырма ;

—  ойлап табу;

—  ғылыми ашулар;

—  коммерциялық атау және белгі



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?