І. Есенберлин «Қаһар» романы. Қазақ әдебиеті, 11 сынып, дидактикалық материал. 9 сабақ.


Суреттегі ақпаратқа назар аударып, көтеріліс сипаты туралы кестені толтырыңыз.

    • жылдардағы Кенесары Қасымұлы бастаған көтеріліс

Талқылау сұрақтары

  • Берілген үзіндінің көркемдік ерекшелігіне, көркемдегіш құралдардың не үшін қолданғанына түсінік беріңіз.
  • Үзіндіде сол тарихи кезеңге байланысты құндылықтар мен қақтығыстар, зұлымдық пен опасыздық әрекеттер, тарихи ақпараттар қалай және қай кейіпкер арқылы көрініс тапқан?
  • Абылай ұрпақтарының ежелгі арманы, мақсат-мүддесі қандай? Қазақ даласында хан билігін қалпына келтіру қаншалықты маңызды еді?
  • Ақ патша Кенесарыны қалай бағалайды? Ақ патша үшін Кенесары кім?

Жауабыңызды ғаламдық тақырыптармен байланыстырыңыз. Салыстыру үшін Л.Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік», немесе Н.Г. Чернышевскийдің «Не істеу керек?» романын басшылыққа алуға болады.

1-жұп

-Жас кезімде, есер кезімде Көкшетауды мекендеген тағы ақ бураны садақпен атып өлтіріп едім. Бұл қылығымды естіген аузы дуалы ақсақалдар «Шырағым, Абылайдың ақ бурасы Көкшетаудың иесі еді, киесі ұрып жүрмесе нетсін!» — деп еді.Көкшетауымнан айырылғанымды сол қылығымнан көруші едім. Есенгелдім мен Саржанымды да сол ақ бураның киесі атты ма? Олай болса алла тағала жолыңа ақсарбас айтып, мойныма бұршақ салып тілеймін: қаһарыңды, өзге балаларымнан аулақ ет!.. Қасым төре көкке көтерген қолын төмен түсіріп ұзақ уақыт отырып алды. Өзге жұртта да үн жоқ. Тек «Ақсарбас!» Ақсарбас!» деп іштерінен күбірлейді. Әлден уақытта барып Қасым төре басын қайта көтерді. Кенет көзінде сөніп бара жатқан оттың қызылындай бір әлсіз ұшқын пайда болды.

2-жұп

Мынау Ожар да қойнына кіргелі тұрған сондай шұбар жылан емес пе екен?» Ожар қанша шомбал болғанмен Сейтеннің құрыштай қатты қарулы қолының бір мытығанынан қалмайды. Бордай опырылып ат үстінен құлап түседі. Ожар Сейтеннің ашулы қабағынан бір сұмдықты сезді ме, жаңағы аңғырт айтып қалған сөздерін жуып-шайды. - Қоқан құшбегілеріне сену қиын. Жеңілтек әйел тәрізді, өздерінің көңіл ауған жағына қарай жалт ете түсулері оп-оңай... Есіл ерлер аңғалдықпен мерт болып жүрмесе нетсін.

3-жұп

Ал Кенесары дегеніңіз кекілікті ілуге әккі болған кезқұйрық тәрізді, сотқар әкесі мен тентек ағаларының соңынан жүріп әбден шынығып алған, ұрысқа бірден кіріп кетпей, Чириков есаул секілділер басқарған кішкентай жасақтарды қағып тастап, күш жинауда... Омбы генерал-губернаторына, «Есіл, Нұра, Ақтау, Ортау, Қарқаралы, Қазылық, Жарқайың, Обаған, Тобыл, Құсмұрын, Қарқаралыдан Жайыққа дейін ата-бабамыздың жері еді, сендер соларды тартып алып, бекініс салып жатырсыңдар. Мал бағып, күн көретін бізге де жер керек», — деп әлсін-әлсін хат жазып, жұртты дүрліктіре түсуде. Ақтау бекінісі салынады дегеннен бері тіпті өшігіп алды. Қан төгіспейік, Ақтау бекінісін салмаңдар дейді. Ал атамекен Көкшетауы мен Қараөткелдің арасына орнатылған бекеттерге маза беруді қойды...

4-жұп

Кенесары мен Әбілғазы да ауыздарын жыбырлатты. Кенет әлдеқайдан тамылжыған ән естілді. Ән әуені де, оны орындау салты да Арқа жағынікі. Көркем, ырғақты дауыс, біресе шың басына қалықтай көтерілген бүркіт тәрізді, біртіндеп жоғарылап шырқай түседі де кенет ойдағы ақкіске шүйілген ителгідей, төмендеп құлдырай жөнеледі. Кенесары мырс етіп күліп жіберді. Оның есіне ән туралы айтқан Бұқарбайдың аңыз ертегісі түсіп кетті.

5-жұп

Үсті-басы қара қоңыр, темір тор сауытты Ағыбайдың түсі орасан суық, сонау шүңет көздер қайтпас қайсарлық, таусылмас қайрат отындай жанады. Қандай жүректі жан болса да, Ағыбайды алғаш көргенінде алпамсадай ызбарлы түрінен сескенбай қалған емес. Ал әлдеқалай түнде кездескен адам, ертегінің дәуін көргендей жүрегі жарылып кете жаздайтын. Оның есінде батыр түн ұйқысынан шошып оятар бір құбыжық секілді өмірбақи қалатын.

6-жұп

Наурызбай ұрысқа да осы киімімен шығатын. Білегіне дейін сыбанып түріп алған оң қолында бауыры қорғасын, бес батпан зілдей ауыр қара найзасын тудай көтере ұстап, астындағы сарғылт қылшықты ақбоз атын ойнақтата «Абылайлап!» шапқанда, жан қарсы келе алмайтын. Және зілдей қара найзамен ешкімді қос қолдап шаншып көрген емес.. Наурызбай асқан найзагер, заманында бұл соғыс қаруынан өзіне пара-пар келетін жан кездестірмеген.

7-жұп

Кенесары бір қиын мәселені шешерде қалың қабағын қарс жауып, бір қолымен исфаған семсерінің сабынан ұстап, темір торға қамалған жолбарыстай ақ орданың ішін кезіп, ерсілі-қарсы жүре, көп ойланатын. Мұндай кезінде сұлтанның сырт бейнесі шынында да жолбарысқа ұқсас қаһарлы болатын, желкесі күдірейіп, өткір көздері әдеттегісінен гөрі қызара түсіп, тірі жанға тіл қатпай, сұстана қалатын.

8-жұп

Үсті-басы қан-қан болған шоқша сақалды тұрымтайдай кішкентай қара кісіні екі адам екі жағынан қолтықтап үйге алып кірді. Бұл әр саусағы жаңа туған баланың білегіндей, сала құлаш кеудесінің жүні көдедей, салпы ерін, кірпік қақпайтын мысық көз, аяушылық дегенді білмейтін қатыгез, алпамсадай қара кісі. Үлек десе үлектей. Шуда көкіректі, түйе тірсек бір алып.

9-жұп

Бұлар ауылға кіре шеткі қараша үйден қарлыққан кәрі дауысты жоқтау естіді. Өлік бар жерде бата оқымай өтпейтін қазақтың ескі дәстүрі, Есіркеген қараша үйге қарай беттеді. Қасындағы жендеттері де қарсы болған жоқ, сыртта тұрып қалды. Ол үйге кіріп келгенде ең алдымен көргені шоқпыт тымақ, жыртық шекпен, жылап-сықтап отырған кілең кедей болды. Сол жақта сұлайып қыр мұрынды, мұрты жаңа тебіндей шығып келе жатқан жас жігіт жатыр. Түрі өлген адам тәрізді емес жаңа ғана ұйықтап кеткен секілді.

10-жұп

Кенесары осы ғаламат жерден расымен айрылам ба дегендей жан-жағына қайғыра қарап келе жатты. Екі баласы мен Күнімжаннан айырылғаннан бері тіпті өзгеріп кеткен. Бөлтіріктерінен айрылған бөрідей әбден қанкөзденіп алған. Жұртпен де тіс жарып сөйлеспейді. Бар зәрін ішіне сақтап бетінен қан-сөлі қашып, ақ сары жүзі сұрлана түскен. Қимылы, жан-жағына қадала көз тастаған келбеті, қайғыдан гөрі Кенесарының жүрегін ашу-ыза, кек билегендей...

Күздің қара суығында бір тайпа ел екі бөлініп көшті. Қоштасқан найзагер достар, бірін-бірі қимай әзер айырылысқан сүйіскен жүректер, жылаған бала, жоқтау айтқан әйел, қайғы-қасіреттен адамның төбе шашы тік тұрарлық…



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Пікір жазу