А.Кемелбаева «Шашты» әңгімесі. Қазақ әдебиеті, 10 сынып, қосымша материал.


Оқу мақсаты: 10.2.1.1 - әдеби шығарманың композициялық ерекшеліктерін талдау

Дескрипторлар:

  • Мәтіндерді салыстырады;
  • Қажетті ақпаратты анықтайды;
  • Оқиғаларды байланыстырады;
  • Өз көзқарасын білдіреді.

1-тапсырма. «Табыс кестесі» стратегиясы.

ТЖ

 Әр топқа екі мәтін беріледі. Мәтіндердің барлығы «Шашты» әңгімесінен алынған.

1-мәтін:

 Бірде жеті қараңғы түнде ғадетте құс ұйқылы шал баланы ұйқысынан шырт оятып, ошақтағы шоқтың жылт-жылт еткен табында қарсы алдына отырғызып қойды. Кенжебек көзін аша алмай, аузын аша есінеп, ұйқы қысып, түк түсінбесе де, есін ептеп жиып алды. Қай қуыстан суырып алғанын, жылқышы шал оң иығына бөрінің бас терісін тұтас қалдырған көкшулан терісін жауып алыпты.

 – Шырағым, сын сағатың туды, ал, көзіме тік қара, сөзіме бақ! – деп бұйыра сөйледі жылқышы. – Түрікпеннің атқұмарлығы атаң қазақпен тең. Бәйге десе екеуі де ішкен асын жерге қояды.Түрікпен ежелден марғау далада тежеусіз құландай өскен ер қазақты қарақшы, бүлікші, тентек көреді.

 Бөрі көсемі абадан болар, бөрі күшігі бөлтірік болар, бөрі анадан сүт емген қыпшақ тұқымы екеніңді мынау құмдағы мимырт елге мықтап танытар күн туды! Ежелден қоныстас теке түрікпен бұл тойды әсте ұмытпас, жадынан өшпес таңбалы етеміз!

 Кенжебекке жылқышы шал құдды жер қайысқан әскермен жалғыз соғысуға даяр қас батырдай ерек көрінді. Айтқанын қалт жібермей тыңдап отыр.

 – Бұлар да қазақ сияқты көбінесе басы жаугершілікте бірігетін алтыбақан алауыз ел екені рас. Тайпалары өзара дүрдараз болғанымен түрікпен тегінде асыл текті мәрт халық. Бірақ соғыстан түскен жетім-жесірді аямайтын қатал заңды қай халық болсын ұстанады. Сенің құның бұлар үшін тышқақ лақ ғұрлы жоқ. Тұтқынға түсу көшпелі рулар үшін қарғыс таңбалы, көк соққанмен тең. Жат жарылқамайды. Сондықтан мына сені, еркек баланы өлсе аямайды. Қоқан, Хиуа бектері қазақтан қыз салық алып басынады. Түрікпен салты қазақ сияқты, ұлы қатынын текті тұқымнан айттырып алады, күшік қатынын жесірден алады. Жетім қыз болса малдыға кішілікке береді, анасы көгі бөтен болса, одан туған ұл бала есіміне «құл» деп жалғайды. Таза қанды түрікпеннен шатаны солай айыру үшін.

 Бала тез тітіркеніп, қорқып кетті, үкідей дөңгеленген көзіне шүпілдей үрей толды.Үлкен кісі нені мегзеп отыр? Мұны түрікпен бектері ат құйрығына байлап өлтірейін деп жатқандай тұспалмен орағыта сөйлегені несі?!

 – Атажан қос жүйрігінің біріне шабандозға сені шаптыратынын кәрі жүрегім сезеді.

 Шал көкейіндегісін айтқанда Кенжебектің тынысы кеңіп сала берді. Е,е, теке түрікпен де қазақ сияқты обал-сауапты білетін ел, тірі жан иесін беталды өлтірмейді.

 Бұл түйелі көрші ауылға түйе сүтін меспен әкелуге барған сайын түрікпен шешелер дәмді асқа тойғызып, жетім-жесір, құл бала көріп, іштей мүсіркейтінін талай басынан кешті. Түрікпен жылқысына түйе сүтін береді.

 – Кенжебек, жас та болсаң, бас болар сәт келді. Теке түрікпен «Әр түлкі өз құйрығын мақтайды», – деп айтады. Текежәуміттің айтулы бектері, бай-бағланы өз жүйрігі озғанын күтіп, жарысты есі шығып қызықтайды. Бәйгенің ең қызған шағында кертағыдай бұл қазақ бүлікшіл, өлермен халық екенін көрсет, менмен текежәуміт бектеріне атасын таныт! Сол сәт менің есіл өткен қайран өмірімнің құны толық ақталғаны! Қарағым, бұл тойда сен тәуекел деп бел буып, еліңе қашасың!

 Бала бауыр басып қалған жылқышы атасының бағанадан бері нені көксеп, нені айтқысы кеп қомданып отырғанын енді айқын ұқты. Не дерге сөз таппай қалды.

2-мәтін:

 Қыпшақ ұлдың дауысы күн күркіреп, аспан қарс айрылғаннан бетер дүйім елді селк еткізген. Ізінше әлгі өктем үн жарық дүниеге жарықшақ түсіріп, астан-кестен, алай-түлей қылды. Тек көп ішінен арзу қылып, дұға айтқан қазақ шалға Кенжебектің жас дауысы аңқып естілген. Түрікпендер қым-қуыт шулап қоя берді. Бәйгеге шапқанда қыпшақ нәсілі қалған жиырма тоғыз оғыз баладан еш айырмашылығы жоқ еді. Ұран салған соң қаршығадай ұл басындағы жалбыр бөркін жұлып алып, жерге лақтырды. Бөрік ішінен басына ақ шүберекті маңдайын баса орап алыпты. Адаймен жиі шабысатын текежәуміттің ызалы көзіне әлгі орамал адайдың ақ туындай елестеп кетті.

 Қыпшақ ұл ат басын бұрып, шеңберден шығып, еліне баратын тұсқа нысаналай, жұлдыздай ағып барады. Үстіндегі бала қаңбақтай болған соң құнан жылқы қиналмай, қолтығын жаза құстай ұшады.

 Кенет қашқан баланың көзіне анадайдан күн сәулесінен жаһұттай жарқыраған дөңгелек бір зат түскені. Кенжебек ат бауырынан сыпырылып құлап түсердей кілт еңкейіп, жерден бірдеңе ілгенде жылқышы шалдың қырағы көзі ұясынан шығардай, алақтап кетті. Ол айдаладан іліп алған керемет затын қойнына салды, шабысын қайта түзеді.

 Ат жарыс адыра қалды. Ат жарыстан соң тойлы ел ит таластырмақ еді. Ересек түрікпен көбі атқа қонып, шығандап кеткен қашқынды жаппай, жабыла қуып берді. Ә дегеннен ұшқыр шабатын аттар жақын, жанай келді. Жүрегі су етсе несі бар. Кенжебек бауыр басқан жылқышы атасын қимай егіліп барады. Қоштасарда оның: «Мені көрдім деп ешкімге айтушы болма. Мен бір желге ұшқан қаңбақ, солған тамырмын. Өлсем обал жоқ, өлсем, Балқан тауда сүйегім қалады», – дегенін еске алып, жүрегі қан жылады.

 Кетерінде бұл: «Жылқышы ата, туып-өскен жеріңді айт, туыстарыңды іздестірейік, қаңлы ішінде кім боласың? Кіші атаң кім?», – десе, шал басын шайқады. «Ежелден біздің қазақ нәсілін жалпақ тіл қаңлы, қыпшақ атайды. Руын мүсәпір құл жасырады. Тегімді білмей, теріс бағып тұрғамын жоқ, құлдықтан бетер бейдауа қорлықтың күйігі басқа түскенін білесің. Жеті атамды білемін, ел көзіне тура қарар бет болмаған соң тексізден нем артық?!» – деп ширыққан. Ол сүйекке масқара таңба түсті деп қорланған соң атасын жасыруға мәжбүр. «Бұрын періштелер мені ылғи өліге санап кететін. Расымен тірі өлік едім. Атаңа нәлет қу тірлік. Жыланды үш кессе кесірткедей әлі бар. Тірлігімнің ендігі мұраты бір сенің елге аман-есен жеткенің. Сонда мына мен өлінерде артымда басқан ізім, кіндігімнен жаралып, бел балам болмаса да азат рухым, мұрагерім, атұстарым қалды деп білемін».

 Баланың көзінен жас парлады, жанашыр атасын енді қайтіп көрмейді-ау. Түйе шекпен жаңбыр өткізбейді деп жылқышы шал шегелей айтқанын жадына мықтап тұтты.

 Дария тасығандай, сел ағызғандай сұрапыл күй кешті. Әттең, қапы дүние!

 Қас жүйрік қыпшақ ұлдың тақымында кеткенде түрікпендер жер сабалап қалды. Ер қанаты аты өлсе, адамнан кем көрмей, көр қазып жерлейтін; ең асыл тұқымының жалын тірі жанға сипатпай, ерен құпия сақтайтын; қисапсыз қазынаға айырбастамас, антқа берік текежәуміт, ата мал айғырын өлсе сатпайтын; астындағы атын жанынан, қойнындағы қатынынан артық көретін; айтулы батырлары ұрыста өлген атының басын ардақтап биік тауға қоятын, тұлпардан айрылуды өлімнен кем көрмейтін қайсар қазақ, түбі ер түрік оғыз-қыпшақ нәсілі жылқы десе еліріп, шалық шалғаннан бетер есі кетеді.

 Қазақ атқа мінбесін, қазақ атқа мінсе, бір дене, бір жанға айналып кетеді. Қашса құтылады, қуса жетеді.

 Қуғыншы жасақтың аттары қатты шабыстан қызғаны соншалық, бүйірлері солықтап, өлердей болдырып, мойнынан қан шықты. Бір қашқын мен жүз қуғыншының арасы қозыкөш жер қалған.

 Япырай, рақымы күшті бір құдайдың құдіретін айт! Құлдыраған қыпшақ ұл жер мен көкті қоса орай озып барады. Кенет жаңбыр жауып, күн ашылса, кемпірқосақ құбылып түссе бала атымен аспанға өрмелеп кетердей көрінеді.

Оқушылар екі мәтінді оқып, салыстыру жүргізуі керек. Ол үшін оқушылар табыс кестесін толтырады.

 

 Түсінемін

 

 Анықтаймын

 Байланысты-рамын

 Ықпал етемін

 Сенемін

 

 1

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 2

 

 

 

 

 

 

2-тапсырма. Ж

«Ерторының немересін түрікпеннен аман келтірген қас тұлпар Қыпшақбоз қаза жетіп өлгенде жігіт ағасы болған Шашты алғандарына жоқтау айтқызып, шиге орап кебіндеп көмді» деген үзіндіні негізге ала отырып, қазақ халқы үшін жүйрік аттың орны бөлек екендігі туралы «Жүйрік ат - бірде ат, бірде қанат» деген тақырыпта 10 минуттық эссе жазыңыз.

ЭССЕ немесе ой толғаныс стратегиясы – тақырыпқа сай оқушы өз ойын қорыта және жинақтай отырып, ой-толғанысын жазады. Оқушы өз бетімен жеке жұмыс жүргізеді. Эссені 10 минут ішінде тоқтамай жазады.

Дескрипторлар:

  • Үзіндіні орынды қолданады;
  • Эссе құрылымын сақтайды;
  • Өз пікіріне нақты деректер келтіреді.

________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Қазақстан пойыздарында үй жануарларын тасымалдау ережелері
» Қазақстандықтар шетелге шығуға жылына қанша жұмсайды?
» Су тасқынынан зардап шеккендерге қосымша тағы 553 мың теңге төленеді
Пікір жазу