Ж.Сахиев «Айдағы жасырынбақ» әңгімесі. Қазақ әдебиеті, 8 сынып, дидактикалық материал. 9-сабақ.


Зерделе

1-топ

Үзіндіні оқы. Автор ойын түсіндір. Диалогты қолдану себебін түсіндір. Автордың Мерген планетолог әкесі Ертілеспен бірге Айда болып қайтыпты деген сөйлемде асты сызылған сөзді қолдануының себебін аш.

Жаңа оқу жылының алғашқы қоңырауы... Айнадай таза, кең де жарық класс бөлмесі көңілімізді сергітіп жіберді. Жазғы ұзақ каникулдан кейін бір-бірімізді кәдімгідей-ақ сағынып қалыппыз.

Бір кезде есік ашылып, Гүләйім апай кіріп келді.

  • Сәлеметсіздер ме, оқушылар!
  • Сәлеметсіз бе, Гүләйім апай!

Гүләйім апай орындығына жайғасып , алабұртқан жүзімізге бір көз тастап қойды.

  • Ал, жағдайларың қалай? Жазғы демалысты қалай өткіздіңдер?
  • Жақсы! – дедік біз көңілді үнмен.
  • Ендеше алғашқы сабағымызды соған арнаймыз. Кім қайда болды, не көрді, не түйді?
  • Біз бір-бірімізге қарап, жымиысып қоямыз. Сол кезде Жантемірдің:
  • Апай, жазғы каникулда Мерген планетолог әкесі Ертілеспен бірге Айда болып қайтыпты. Олармен бірге Сартай да барыпты. Солар айтып берсін, не көргендерін! –деген дауысы саңқ ете қалды.
  • Бұл жақсы жаңалық екен,- деді апай елең етіп,- қане Мерген, Сартай, Айдан не қызық көріп қайттыңдар?

2-топ

Үзіндіні оқы. Автор ойын түсіндір. Үзіндіде асты сызылған сөздер мен сөйлемдерді қолдану себебін аш. Олар көркемдегіш құралдарға жата ма? Дәлелде.

Жермен екі арадағы геосинхронды, геостационарлы деп аталатын айналым жолдарды артқа тастаған соң қонуға дайындалдық. Отырған орындығымызды тікейтіп, белдігімізді байладық. Соны күткендей ғарыш кемесінің дүрілі күшейіп, бейтаныс ғаламшар табиғатына қарай құлдилай берді. Ай бетіне табан тіреуге жақын қалғанымызда қараңғы дүниеден денеміз түршікті. Өзіміз тани білетін Дауыл мұхиты, Жаңбырлар теңізі, Дағдарыс теңізі делінетін сусыз ойпаттар мен аттары есімде жоқ жыпырлаған қазаншұңқырлар қарайып көзге шалынды. Қала шамдары жымыңдамады. Қол шам тәрізденіп, көз қарықтырды да тұрды. Көп кешікпей кемеміз Ай бетімен жанасты. Біраз жылжып барып ғарыш айлағының алдына тоқтады. Сыртта бізді арнайы көлік күтіп тұр екен. Соған мініп «Ғалымдар үйіне» жеттік. Көкем, Сартай мен үшеуміз бір пәтерге орналастық. Сол бір сәт екеуміз үшін әлі қорқынышты. Өзіміз жатқан бөлменің үлкен терезесі сыртындағы ай термометрі 200 градус суықты көрсетті де тұрды. Сартай екеуміз көпке дейін көз іле алмадық. Жердегі қараңғылық жай екен. Ай аспанындағы жұлдыздар да жымыңдамайды. Айналаның бәрі бейне бір күл шаңының астында қалғандай көңіл құлазытады. Тіршіліксіздіктің нағыз көрмесі де сонда екен.

3-топ

Үзіндіні оқы. Автор ойын түсіндір. Төл сөз бен төлеу сөздің рөлі көріне ме? Үзіндіде асты сызылған сөздер мен сөйлемдерді қолдану себебін аш. Олар көркемдегіш құралдарға жата ма? Дәлелде.

Жер бізге қара аспанға іліп қойған шыны шар тәрізденіп көрініп тұрды... Сөйтіп арнайы жеңіл комбинезон, аяғымызға салмақ ауырлатқыш бәтеңке киген біз серуенге шықтық. Айдың ылғалданған құм сияқты топырағына ізіміз бадырайып түсіп жатты. Кейде балалығымыз ұстап, әрі-бері жүріп, ізімізбен сурет саламыз, атымызды жазамыз. Әйтеуір бір ескерткіш жазып қалдыруға тырысамыз.Күн мейлінше баяу көтерілген сайын қазаншұңқырлардағы көлеңкелер қысқарғандай болды. Бірақ онда көлеңке мен Күн сәулесі біреу ақ, қара бояумен бөліп тастағандай екі бөліктеніп тұрады. Ай беті баяу болса да қара бояудан жуылғандай елеусіз өзгереді. Әлгі жылыжмалы зауыт-автоматтар алдымызда ап-анық көрінеді. Аяқ астымыз қуыс шардың үстінде тұрғандай қатты діріл қағады. Талай-талай шаршы метр алаңдарды алып жатқан жалпақ Күн батареяларының панельдері Күн сәулесіне шағылысып, жарық қоса түскендей болады.

Ай бетінде қазаншұңқырлардың көп екені бәрімізге белгілі. Біз қалашық орналасқан Дағдарыс теңізінің тегіс деген жерлерімен жүрдік. Сөйтіп бір шағын шұңқырға тап болдық. Ол оншалықты терең емес екен. Қарайған көлеңкесі әлі де болса бір жағына жантайып, қара тушы төгілген сауыттай болып жатыр. Сол кезде мені «Шұңқырға бір түсіп байқасам қайтеді?» деген әуестік биледі.

Содан абайлап, шұңқыр ернеуіндегі тастарға аяғымды тіреп, қолмен де ұстап, жайымен ішіне түстім. Сартай сыртта, маған бір жағдай болғанда қол ұшын беруге әзір. Шұңқырдың іші әжептеуір үлкен, кең әрі тегіс еді. Мен көлеңкеге ендім.Сол-ақ екен комбинезонымның сол жеңіндегі термометрдің түтікшесіндегі қызыл түсті сынап төмен қарай жылжи жөнелді. Денемді суық алғандай күй кешіп, сәл кібіртіктеп қалдым. Бірақ қайта шығуға намыстандым. Сөйтіп қап-қараңғы дүниеге тап болдым. Айдың Күн сәулесі түсіп тұрған жағы өзінше бір бөлек дүние сияқты.Төбемде әлгінде ғана көмескі көрінген жұлдыздар жыпырлайды

4-топ

Үзіндіні оқы. Автор ойын түсіндір. Ғылыми тұжырымға осы үзінді мысал бола ала ма? Автор бейнесін осы үзінді арқылы ашуға бола ма? Дәлелде.

  • Бұл - күлкі емес,- деді әкем терезеден тіршіліксіз Ай табиғатына қарап отырып, - көлеңкенің қоюлығы Айдағы атмосфераның жоқтығынан. Күн жүйесі алғаш ғарыш шаң- тозаңынан пайда болғаннан кейін ғаламшарлардың тіршілікті жағдайға көшу кезеңдері бірдей өткен. Айдың да атмосферасы мен гидросферасы болған. Мұнда да бір заманда тіршілік қайнап жатқан. Мәдени дамудың жоғары шегіне жеткен Айдың саналы тіршілік иелері атмосфераны ластаған, оның ыдырауына әкеліп соқтырған. Озондық ойықтың ұлғаюы нәтижесінде Күн радиациясының электр магниттік ағымы, оған қоса қысқа толқынды диапазондағы рентгендік және ультракүлгін сәулелер ғаламшар бетіндегі тіршілікті жойып жіберген. Ай беті жалаңаштанып, шектен тыс қызып, жасыл желек біткен қурап, бұлақ, көл, теңіз бен мұхит буланып, ғарышқа ұшып кеткен. Қиыр ғарыштан қаңғып келген аспан тастары ғаламшардың бетін әжімге толтыра берді. Ай беті жыпырлаған қазаншұңқырларға толды. Ғаламшардың күнгей жағы құрғап, түнгі жағындағы ішкі суық мәңгілік мұз болып қатып қалды. Ай өз осінен айналуын мейлінше баяулатты. Біздің ғылыми зерттеуіміз осыны дәлелдеді...

5-топ

Үзіндіні оқы. Шағын үзіндіде автор бейнесі қалай көрінді? Шығармада көтерілген мәселе, тілдік қолданыс, кейіпкерлердің ішкі сезімі осы үзіндіде қамтылған ба анықтап, дәлелдеңіз.

Әкем мән-жайды Сартай екеумізге түсіндіріп болған соң өзінше ойға батып, үнсіз қалды. Біз үлкен терезеден сыртқа көз тастадық. Жиегі қара пердемен тұтылғандай қап-қараңғы Ай аспанында мен мұндалап әсем Жеріміз көрініп тұрды. Бір кезде Сартай:

  • Енді мұнда жасырынбақ ойнамайықшы, - деді.
  • Жарайды, енді ойнамаймыз, -дедім мен іле қостап, - онан да ана көрініп тұрған Жеріміздегі атмосферамыздың, гидросфера мен биосферамыздың тазалығын ойлайықшы.
  • Табиғаттың болашақ тазалығы сендердің қолдарыңда, -деді сол кезде көкем Сартай екеуміздің сөзімізді тыңдап болып, - достарыңа да түсіндіріңдер мұны...

Әңгіме кестесі

«Айдағы жасырынбақ» әңгімесінен берілген үзінділер бойынша топта әңгіменің тақырыбын, стилін, әдеби көркемдегіш құралдарын талдаңыз.

Айдағы жасырынбақ

І үзінді

ІІ үзінді

Қолдану ерекшелігі

Өзіндік пікір

Идеясы

Тақырыбы

Әдеби көркемдегіш құралдар

Автор стилі

1-мәтін

Ай бетіне табан тіреуге жақын қалғанымызда қараңғы дүниеден денеміз түршікті. Өзіміз тани білетін Дауыл мұхиты, Жаңбырлар теңізі, Дағдарыс теңізі делінетін сусыз ойпаттар мен аттары есімде жоқ жыпырлаған қазаншұңқырлар қарайып көзге шалынды. Қала шамдары жымыңдамады. Қол шам тәрізденіп, көз қарықтырды да тұрды. Көп кешікпей кемеміз Ай бетімен жанасты. Біраз жылжып барып ғарыш айлағының алдына тоқтады. Сыртта бізді арнайы көлік күтіп тұр екен. Соған мініп «Ғалымда үйне» жеттік. Көкем, Сартай мен үшеуміз бір пәтерге орналастық. Сол бір сәт екеуміз үшін әлі қорқынышты. Өзіміз жатқан бөлменің үлкен терезесі сыртындағы ай термометрі 200 градус суықты көрсетті де тұрды. Сартай екеуміз көпке дейін көз іле алмадық. Жердегі қараңғылық жай екен. Ай аспанындағы жұлдыздар да жымыңдамайды. Айналаның бәрі бейне бір күл шаңының астында қалғандай көңіл құлазытады. Тіршіліксіздіктің нағыз көрмесі де сонда екен. «Пәтердегі жылу жүйесі сөнсе, әп-сәтте мұз болып қатып қаламыз-ау» деп те қорықтық.

Айдағы таңның атуы, Күннің көтерілуі ұзаққа созылды. Күн өзіміз Жерде жүріп қарағанда батыс жағы дейтін оң жақ шетінен – Дағдарыс теңізі жақтан шығады екен. Ай ол – шығыс. Ондағы жарты күн Жердегі екі аптаға тең. Оны бәріміз де білеміз. Біз Жерден өліара қарсаңында аттанғанбыз. Өліара кезінде Ай Күн мен Жердің арасында болады ғой. Сөйтіп, ол Күнмен қабат шығып, бірге батады. Ал бірер күннен соң Ай Күннің сол жағына өтіп, Жердің батыс жағынан қияқтанып көрінеді. Біз оны жаңа Ай туды дейміз. Ал сол кезде Айда шын мәнінде таң атып, Күн шығады екен. Біз Сартай екеуміз қазақ халқының оны ежелден-ақ білгеніне қайран қалдық.

Жер есебімен екі тәулік өткенде қалашық орналасқан аймақ жарықтанды. Бірақ Жердегідей емес. Тас қараңғы ғарыштағы Күнге шағылысқан бір домалақ дененің бетіне сәуле түскендей ғана көрініс. Не көгілдір көкжиек жоқ, не аспанды шарпыған әсем бұлт жоқ. Күннің сәулесіде шашырамай бажырая қалған. Көз қарықтырады.

Күн сәулесі Дағдарыс теңізін жартылай жарықтандырған кезде Сартай екеумізге сыртқа шығуға рұқсат берілді. Ал көкем бастаған ғалымдар зерттеу жұмысына әлдеқашан кірісіп кеткен. Назарымызды Ай бетін дірілдете баяу жылжып бара жатқан зауыт бөлді. Көкемнің түсіндіруінше, олар Ай топырағынан оттегі және тағы басқа Ай базасына қажетті технологиялық заттарды өндіруге арналған.

Жер бізге қара аспанға іліп қойған шыны шар тәрізденіп көрініп тұрды. Оның бірінші ширегі, толуы, соңғы ширегі әрбір жиырма төрт сағат сайын айналып келіп жатты. Алғашқы кезде оған қарай беретінбіз, бірақ кейіннен көзіміз үйреніп кетті.

Сөйтіп арнайы жеңіл комбинезон, аяғымызға салмақ ауырлатқыш бәтеңке киген біз серуенге шықтық. Айдың ылғалданған құм сияқты топырағына ізіміз бадырайып түсіп жатты. Кейде балалығымыз ұстап, әрі-бері жүріп, ізімізбен сурет саламыз, атымызды жазамыз. Әйтеуір бір ескерткіш жазып қалдыруға тырысамыз.

Күн мейлінше баяу көтерілген сайын қазаншұңқырлардағы көлеңкелер қысқарғандай болды.Бірақ онда көлеңке мен Күн сәулесі біреу ақ, қара бояумен бөліп тастағандай екі бөліктеніп тұрады. Ай беті баяу болса да қара бояудан жуылғандай елеусіз өзгереді. Әлгі жылыжмалы зауыт-автоматтар алдымызда ап-анық көрінеді. Аяқ астымыз қуыс шардың үстінде тұрғандай қатты діріл қағады. Талай-талай шаршы метр алаңдарды алып жатқан жалпақ Күн батареяларының панельдері Күн сәулесіне шағылысып, жарық қоса түскендей болады.

2-мәтін

Ай бетінде қазаншұңқырлардың көп екені бәрімізге белгілі. Біз қалашық орналасқан Дағдарыс теңізінің тегіс деген жерлерімен жүрдік. Сөйтіп бір шағын шұңқырға тап болдық. Ол оншалықты терең емес екен. Қарайған көлеңкесі әлі де болса бір жағына жантайып, қара тушы төгілген сауыттай болып жатыр. Сол кезде мені «Шұңқырға бір түсіп байқасам қайтеді?» деген әуестік биледі.

Содан абайлап, шұңқыр ернеуіндегі тастарға аяғымды тіреп, қолмен де ұстап, жайымен ішіне түстім. Сартай сыртта, маған бір жағдай болғанда қол ұшын беруге әзір. Шұңқырдың іші әжептеуір үлкен, кең әрі тегіс еді. Мен көлеңкеге ендім.Сол-ақ екен комбинезонымның сол жеңіндегі термометрдің түтікшесіндегі қызыл түсті сынап төмен қарай жылжи жөнелді. Денемді суық алғандай күй кешіп, сәл кібіртіктеп қалдым. Бірақ қайта шығуға намыстандым. Сөйтіп қап-қараңғы дүниеге тап болдым. Айдың Күн сәулесі түсіп тұрған жағы өзінше бір бөлек дүние сияқты.Төбемде әлгінде ғана көмескі көрінген жұлдыздар жыпырлайды.

Мен көлеңкеден шықтым. Сартай мені жоғалтып тапқандай қатты қуанды. Шұңқыр ернеуіне шыға бергенімде қолымнан тартып алып, құшақтай алды. Реңінің бозарғаны да шыны дулығаның ішінен ап-анық көрініп тұр.

  • Енді сен түсіп көрші! – дедім мен.
  • Одан да Жердегі сияқты жасырынбақ ойнасақ қайтеді? – деді Сартай.
  • Қалайша?
  • Не қалайшасы бар? Сен іздеуші, мен жасырынушы боламын. Көзіңді жұмып елуге дейін санайсың. Содан соң іздей бер!
  • Жарайды, ойнасақ ойнайық, - дедім мен.

Санап болған соң көзімді ашып іздей бастадым. Жым-жырт. Мана жүрген жылжымалы зауыт-автоматты жүйелер де алыстап кеткен. Шұңқыр ішін әрі-бері қарап Сартайды көре алмадым.

  • Сартай! А, Сартай! Қайдасың, көріп тұрған жоқпын! – дедім енді өзім үрейленіп.
  • Мұнда тұрмын ғой! – деді ол мәз болып.

Артынша кеңк-кеңк күлгені де микрофонды қырылдатып жіберді. Мен де күлдім. Бірақ сонда да сыры беймәлім табиғатқа сенбей жүрексінемін. «Айда серуендейміз деп жүріп бір-бірімізді жоғалтып алсақ» деген үрейлі ой билей бастады. Әрі-бері қарап:

  • Ойын бітті, Сартай! Мен жеңілдім! Шыға бер! – дедім.
  • Қазір! – деді ол.

Бір мезетте көлеңкенің шетіне шыға келді. Ол шұңқырдың ернеуіне жеткенде қайта жоғалтып алардай қолынан шап беріп ұстай алып өзіме қарай тарттым. Сөйтіп ешқашан ойымызға келмеген жасырынбақ ойынын ойнадық. Кешікпей Ай табиғатын зерттеу жұмысын аяқтап көкем келді. Тамақтанып болғаннан кейін пәтерде отырып, екеуміз жаңағы көрген қызықтарымызды айтып күлдік.

  • Бұл - күлкі емес,- деді әкем терезеден тіршіліксіз Ай табиғатына қарап отырып,

көлеңкенің қоюлығы Айдағы атмосфераның жоқтығынан. Күн жүйесі алғаш ғарыш шаң- тозаңынан пайда болғаннан кейін ғаламшарлардың тіршілікті жағдайға көшу кезеңдері бірдей өткен. Айдың да атмосферасы мен гидросферасы болған. Мұнда да бір заманда тіршілік қайнап жатқан. Мәдени дамудың жоғары шегіне жеткен Айдың саналы тіршілік иелері атмосфераны ластаған, оның ыдырауына әкеліп соқтырған. Озондық ойықтың ұлғаюы нәтижесінде Күн радиациясының электр магниттік ағымы, оған қоса қысқа толқынды диапазондағы рентгендік және ультракүлгін сәулелер ғаламшар бетіндегі тіршілікті жойып жіберген. Ай беті жалаңаштанып, шектен тыс қызып, жасыл желек біткен қурап, бұлақ, көл, теңіз бен мұхит буланып, ғарышқа ұшып кеткен. Қиыр ғарыштан қаңғып келген аспан тастары ғаламшардың бетін әжімге толтыра берді. Ай беті жыпырлаған қазаншұңқырларға толды. Ғаламшардың күнгей жағы құрғап, түнгі жағындағы ішкі суық мәңгілік мұз болып қатып қалды. Ай өз осінен айналуын мейлінше баяулатты. Біздің ғылыми зерттеуіміз осыны дәлелдеді...

Әкем мән-жайды Сартай екеумізге түсіндіріп болған соң өзінше ойға батып, үнсіз қалды. Біз үлкен терезеден сыртқа көз тастадық. Жиегі қара пердемен тұтылғандай қап-қараңғы Ай аспанында мен мұндалап әсем Жеріміз көрініп тұрды. Бір кезде Сартай:

  • Енді мұнда жасырынбақ ойнамайықшы, - деді.
  • Жарайды, енді ойнамаймыз, -дедім мен іле қостап, - онан да ана көрініп тұрған Жеріміздегі атмосферамыздың, гидросфера мен биосферамыздың тазалығын ойлайықшы.
  • Табиғаттың болашақ тазалығы сендердің қолдарыңда, -деді сол кезде көкем Сартай екеуміздің сөзімізді тыңдап болып, - достарыңа да түсіндіріңдер мұны...

Берілген үзіндідегі асты сызылған сөздердің көркемдік қолданысын талдап, перифраз жасап қайта жазыңыз.

Күннің сәулесі де шашырамай бажырая қалған. Аяқ астымыз қуыс шардың үстінде тұрғандай қатты діріл қағады. Қарайған көлеңкесі әлі де болса бір жағына жантайып, қара тушы төгілген сауыттай болып жатыр. Сөйтіп қап-қараңғы дүниеге тап болдым.



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?
Пікір жазу