Шәкәрім Құдайбердіұлы «Еңлік-Кебек» дастаны. Қазақ әдебиеті, 8 сынып, дидактикалық материал. 16-сабақ.


Оқушыларға арналған дидактикалық материалдар

Абайдың ақын шәкірті Шәкәрім

Абайдың ақын шәкірті Шәкәрім

 http://kitaphana.kz/ru/downloads/referatu-na-kazakskom/231-kazak-adebieti/2550-shakarim.html

Он тоғызыншы ғасырдың екінші жартысында қазақ, елінің қоғамдық өміріне, мәдениеті мен өнерінде, ұлттық әдебиетінде аса игі жаңғырулар бой көрсетті десек, бұл тұстағы ұлы Абай бастаған жаңашыл бағыттағы реалистік әдебиеттің даму қарқыны айрықша болды. Халқымыздың аса көрнекті ақындарының бірі Шәкәрім Құдайбердіұлы да, міне, осынау өркенді ортада өсіп, ержетті. Ол 1858 жылы ескіше жыл санау бойынша 11 шілдеде қазіргі Семей облысының Абай ауданында дүниеге келді. Әкесі - Құдайберді -Абайдың ағасы, Құнанбайдың Күңке атты бәйбішесінен туған.

Шәкәрім бес жасында оқуға беріліп, екі жылдай оқиды. Жеті жасқа келгенде, 1866 жылы әкесі Құдайберді 37 жасында дүние салады да, Шәкәрім бұдан былайғы уақытта Құнанбайдың тәрбиесінде, тікелей Абайдың қамқорлығында болады. Шыққан ортасының аса бай дәстүрі мен ақын ағасының тағлымды тәрбиесі табиғатынан зерек те алғыр Шәкәрімнің жетімдік, жоқшылық көрмей өсуіне ғана емес, оның талантты ақын, парасатты ой иесі ретінде қалыптасуына да айрықша ықпал жасайды.

Ұлы Абайдың маңайына шоғырланған талантты жастар туралы айта келіп Мұхтар Әуезов былай деп жазады: "... Ондай ақын төртеу. Оның екеуі Ақылбай, Мағауия - Абайдың өз балалары, мұның екеуі де 1904 жылы Абай өлген жылы өлген. Қалған екеуі Көкбай, Шәкәрім. Осы төрт ақын Абайдың толық мағыналы шәкірттері". Шындығында да Шәкәрім Абайдың ең талантты шәкірттерінің бірі, әрі ең мол мұра қалдырған шәкірті.

Абай шәкірттерінің қай-қайсысы да ұлы ұстазының басқан ізін қайталамай, өнер көгінде өздерінше соқпақ салуға ұмтылды. Абай өз шәкірттерінің өлеңдерін үнемі қадағалап отырған. Өзі тақырып беріп жаздырғандары да аз емес. Ұлы ақын жастардың туындыларына сын көзбен қарап, бағыт-бағдар беріп отырған.

Шәкәрімнің ақындық жолын айқындап берген де, міне, осындай ұлы мектеп, Абайдың ақындық дәстүрі болды. Шәкәрімнің терең мағыналы шығармашыл мұрасының өн бойынан Абайдың реалистік сарыны, көркемдік, эстетикалық танымының әсері үнемі белгі беріп отырады.

Шәкәрім поэмалары туралы азғана сөз.

Шәкәрімнің үш поэмасы да ("Қалқаман - Мамыр", "Еңлік - Кебек", "Нартайлақ - Айсұлу") ескі қазақ тұрмысынан алынған. Бірақ бұлардың ешқайсысы да тарихи шығарма емес. Поэмаларда тарих - фон ғана, автордың баса назар аударғаны - әлеуметтік мәселелер, мінез-құлық жайы. Жанрлық тұрғыдан алғанда, "Қалқаман - Мамыр" лиро-эпикалық жырға бейім, "Еңлік - Кебек" — әлеуметтік дастан, ал Нартайлық - Айсұлу" - махаббат драмасы дер едік.

"Қалқаман - Мамыр" 1912 жылы Семейде, "Жәрдем" серіктігінің баспасында басылып шыкқан. Нақты жазылған уақыты белгісіз. Өз ізбасарларының творчествосын жіті қадағалап отырған Абайдың "Қалқаман - Мамырды" оқығаны, пікір айтқаны турасында ешқандай дерек жоқ. Әйткенмен, поэма екі ғасыр шектескен межеде, ақын ағаның көзі тірісінде туған сияқгы. Шәкәрім шығарманың бас кейіпкерлерінің бірі - ел тұтқасы - ғұлама қарт Әнет-Бабаңның қиыннан жол таппай, шалдыққан сәтін сипаттай отырып, оны Абай тағдырымен салыстырады: "Мәселен, көз алдында тұрған жоқ па, - Қойдыңдар Абайға да не қылғызбай!". Рас, поэма алғы сөзінде Шәкәрім: "Өлгенді тірілтпесем де, өшкенді жандырғандай болсын деп, биыл жүз тоқсан жыл болып ұмытылған істі алдыңызға қойдым", - деп жазады. Бұл арада кітаптың басылған жылы туралы айтылып отырғаны аңдалады. "Енлік - Кебек" те ("Жолсыз жаза") сол баспадан, сол 1912 жылы жарық көреді. Бұл поэманың "Қалқаман — Мамырдан" соң туғанын автордың өзі ескертеді. Ал "Нартайлық - Айсұлу" аталмыш екі поэмадан соң, тіпті беріде, 1929 жылы қарашада жазылған. Бұл шығарма біздің заманымызға қолжазба қалпында жетті. (Ескерте кетейік, "Нартайлық - Айсұлу" - Шәкәрім атын ақтай алмайтын, өте әлсіз шығарма).

Қалқаман жігіт пен Мамыр қыздың махаббат драмасының мекені де, мезгілі де нақты. "Мың жеті жүз жиырма екінші жыл, - Қазақгың Сыр бойында жүргені анық", - дейді ақын. Трагедиялық тағдыр шешімі қазақ тарихындағы ең бір қаралы жылдарға сәйкес келеді.

Мың жеті жүз жиырма үшінші жыл

Атысқан қазақ, қалмақ - мұны да біл.

Қалмақтың бастаушысы Суан Раптан

Өзі батыр, соғысқа дым айлашыл.

Қазақты ол соғыста қалмақ алды,

Үш есенің екеуін қырып салды...

Көршілес түркі халықтары қалмақ деп атаған батыс монғол жұрты — ойраттармен жауласу тым арыдан басталған. Жошы ұлысының ыдырау кезеңінде ойраттардың батыстағы ең басты қарсыласы Моғолстан хандығы болды. Ал моғол одағы бұзылып, оның құрамындағы түркі руларының басым көпшілігі, бүкіл Жетісу Қазақстан құрамына қайта енген кезде қазақ пен қалмақ бірме-бір, бетпе-бет келеді. Үнемі дерлік жеңіліске ұшырап отырған, кейде, тіпті алым төлеп, бодан болса да, елдігінен айрылмаған ойраттар ХVІІ ғасырдың орта шенінен бастап күш алады. Көршілес, киіз туырлық көшпенді екі жұрт арасында атадан балаға озған, екі жақ үшін де өлшеусіз шығынға түскен, ешбір халық тарихында болмаған жүз елу жылдық соғыс осы кезеңнен басталып, жаулық түбі аяусыз геноцидқа ұласқан, қазақ пен қалмақ бірін-бірі тақыр-таза қырып бітіруді ғана мақсат тұтқан қасап майданға айналған еді. Ақыры кеселді түйінді құдіретті көршілер шешеді. Ойрат халқы жер бетінен мүлде жойылып, қатары селдіреген қазақтардың туы жығылады. Керісінше болуы да мүмкін еді. Оның айқын дәлелі — Ақтабан шұбырынды. Шәкәрім баяндауында қазақтың құты қашқаны соншалық, тоқсан бес жастағы "ел ағасы, әрі би, әрі ғұлама" Әнет Бабаңның өзі "көшке ере алмай, тірідей дөң басында" қала береді.

"Еңлік — Кебек" шығарманың сюжеттік желісіне қатыссыз, пролог іспетті өлең жолдарымен басталады.

Өткен адам болады көзден таса,

Өлді, өшті оны ешкім ойламаса,

Ол кетсе де белгісі жоғалмайды,

Керектісін ескеріп, ұмытпаса.

Ақыл деген — денеге егілген дән,

Суғарылса кіреді оған да жан.

Ақылдың өсіп-өніп, зораймағы

Көрген, білген нәрседен ғибрат алған.

Сол сияқты ұмытылмауға тиіс, кейінгіні ойға қалдырар, ғибраты мол хикая - Еңлік пен Кебектің тағдыры. Шығарманың негізгі арқауы махаббат трагедиясы болғанымен, автор замана кейпін нақтылау, оқиғаның ескі күндерде өткенін, ендігі жерде ел арасында мұндай келеңсіз істер болмауға тиісін дәлелдей түсу үшін хикаяның өмірлік фонына айрықша мән береді, шағын көлемді тарихи ақпар жасап, Ақтабан шұбырынды күндерін, елдің қырғынға ұшырап, азып-тозуын сипаттай келе, қазақтардың қайтадан күш жинап, жауға қарсы аттанғанын, үлкен жеңістерге жеткенін айтады. Автор мақсаты - жоңғар соғыстарының шежіресін жасау емес, Еңлік — Кебек трагедиясына себеп болған қоғамдық, әлеуметтік жағдайларды айқындау. Сондықтан да, ақын ойрат одағы жойылғаннан соңғы кезенде шығыс облыстарға ауа көшкен рулардың өзара күресіне арнайы тоқталады. Хандық өкімет құлап, әркім өз басына би болған замандағы бұл қақтығыс ел мүддесінен емес, ру мүддесінен, ағайынға тиесілі жайлау, қыстауды тартып алу мақсатынан туындаған еді. Әрине, тар жерде тек отырып, аштан қырылмадың деп Тобықтыны кінәлау қиын, бірақ кең қонысының бір өңірін қаны қарайып келген ағайынға қимаған Матайды да ақтау мүмкін емес. Енді ағайын арасында аяусыз күрес басталды. Дәл осындай кезенде албырт көңіл, ақ махаббат табыстырған Тобықты жігіті Кебек пен Матай қызы Еңліктің тағдыры қандай болмағы айтпаса да түсінікті.

Сонымен, "Еңлік — Кебекте" де, "Қалқаман — Мамырда" да жеке бас трагедиясы халық трагедиясының бір бөлшегі ретінде көрінеді. Қиын хал, қат-қабат драма нақгы бір кейіпкердің зұлымдығынан туындамайды. Сол сияқгы, жақсылық тілеген, жәрдем жасамақ болған адамның әрекетінен де ештеңе өнбейді. Бабаң - ел қамқоры, ағайын панасы. Алайда әдет-ғұрып заңына тоқтау сала алмайды, Қалқаманды оққа байлап береді. Кеңгірбай — ұнамды кейіпкер, бір өзінің емес, Тобықтының қамын жейді, бірақ жағдай құрбаны, заманадан жапа шегуші, ол да Кебекті амалсыздан өлімге қияды. Тіпті, Мамырды атып өлтірген, Қалқаманды өлім жазасына кесуді талап еткен Көкенайдың өзі қалыпты ұғымдағы "ұнамсыз кейіпкер" емес. "Өзі батыр, мінезі қатты кісі", - деп сыпаттайды Шәкәрім. Каныпезер еді, қаражүрек еді демейді. Өйткені ол - ата салтының, патриархалдық ғұрыптың сақшысы, яғни заман мен жағдай құрбаны. Поэмалардың бас кейіпкерлері де өз дәуіріне сай сыр-сипатта. Бірақ өз ортасының әдет-салтын аттап өтіп, махаббат бостандығына ұмтылады. Бұлар да құрбан - асықтық құрбаны. Әсіресе тағдырының немен аяқталарын біле тұра басқа жол тандамаған, махаббатынан айнымау арқылы ажалға қарай қадам басқан Кебек мінезі айрықша кесек. Қандай сипат, кандай тұрпатта көрінсе де, Шәкәрім бейнелеген кейіпкерлер толыққанды реализм жемісі болып табылады. Бұл реттегі айрықша атап айтарлық бір жетістік - Шәкәрімнің психологиялық талдау шеберлігі.

Айшықты сөздің қас зергері Шәкәрім екі поэмасында да кәдімгі қара өлең үлгісіне жүгінеді. Бұл — мазмұнға сай таңдалған трагедиялық халді, өзгеше сезім толқынысын алып ұшпасыз, әсіресіз, қарапайым да нақты жеткізер ең ұтымды түр екеніне көзіңіз жетеді. Поэмалардың баяндау сарыны, көркемдеу жүйесі -  бүкіл болмыс-бітісінен кәнігі шеберге ғана тән салқын сабыр, сөз нарқы нақты байыпталған суреткерлік, өткен тарихты, көне тұрмысты, қазіргі ахуалды терең таныған білгірлік көрінеді. Оқиғаға бай, драмаға толы, жанды тұлғалары нақты дараланған, қаламгерлік мұрат айқын таңбаланған екі поэманың да көлемі таң қаларлықтай шағын — "Еңлік - Кебек" небәрі 652 жол, ал "Қалқаман - Мамыр" бұдан екі еседей кем — 372 жол. Бірақ осы шағын көлемге романдық материал сыйған.

"Оятқан мені ерте Шығыс жыры", - деп, "Жасымнан жетік білдім түрік тілін", — деп, өзінің төл әдебиеттен тысқарғы ең алғашқы өнеге мектебін нақты атаған, классикалық тәжік-парсы поэзиясын да, тамырлас, туыстас халықтарға тегіс тиесілі ортаға-сырлық түркі әдебиетін де терең таныған ақынның айрықша қадір тұтқан шайырлары Хожа Хафиз, Физули мен Науаи болатын. Шәкәрімнің Фердауси мен Сағдиді де, Хожа Ахмет Иасауи мен Софы Аллаярды да жақсы білгені күмәнсіз. Осы жұлдыздай жыпырлаған көп ақын ішінде Шәкәрім әсіресе Хафизді жанына жақын тұтады. Германиядағы Гетені де, Россиядағы Пушкинді де баураған, жаңа дәуірдегі Еуропа поэзиясына үлкен ықпал жасаған Хожа Хафизді Шәкәрім өзінің ең ұлағатты ұстаздарының бірі санайды. Үнемі сырласып, мүңдасып отырады. Тіпті өмірінің ең соңғы күндерінде де Хож Хафизді аузына алады, оны түсінде көргенін айтып, бұл — дәм-тұздың таусылғаны, фәнилік жарықтан бақилық даңққа өтудің белгісі деп біледі.

Шәкәрімнің шығыс тақырыбындағы ең көлемді мұрасы "Ләйлі - Мәжнүн" (1922 жылы "Шолпан" журналында жариялаған). Түп негізі Физулиге барып тірелгенімен, бұл еңбекті қазіргі ұғымдағы аударма деп айту қиын. Ләйлі мен Мәжүннің ғашықтық хикаясы Низамиге де, Науаиға да шабыт берген. Шығыстың сөз зергерлерінің жыр жарысы нәзира дәстүрі бойынша, ақынның ең басты мұраты жаңа тақырып табу емес, жаңа жол табу, белгілі сарынды өзгеше түрге бөлеу, өзіндік бояумен бейнелеу десек, Шәкірім қалдырған "Ләйлі - Мәжнүн" дастаны мың жылдық тарихы бар ежелгі сюжеттің ең соңғы көрінісі, шын мәнісіндегі төлтума болып табылады.

Ұлы Абай: "Ғылымды іздеп, Дүниені көздеп, Екі жаққа үңілдім", — дейтін. Абай мектебінен тағылым алған, Абай жолын жалғастырған Шәкәрім де екі жаққа бірдей назар салады, әлемдік сөз өнерін танып-білуге, оның бар жақсысын бойға сіңіруге, ел игілігіне айналдыруға күш салады. Тіпті, "Шығысым Батыс болып кетті" деген ақын аға ізімен, өмірінің екінші жартысында Еуропа әдебиетіне, оның ішінде әсіресе орыс әдебиетіне айрықша ден қояды. Тек көркемдік танымда ғана емес, қоғамдық танымда да, өмірдің, тіршіліктің барлық саласында орыс білімпаздарының жолын ұстанады. Қасиетті синод Лев Толстойды дінсіз деп жариялаған күндерде айтылған: "Танбаймын, шәкіртімін Толстойдың!" - деген сөз тек әдебиетке ғана қатысты емес. "Толстой кәпір емес, кәпір өзің", "Ақиқат сырымды айтсам, Толстойдың Мың сопыны алмаймын тырнағына" - аққа қарсы, әділетке, ерікті ойға қарсы реакцияшыл көзқарасты, зорлық-зомбылық атаулыны айыптайтын азаматтық  ұран.

Шәкәрімнің қаламгерлік қызметі тек ақындықпен, аудармашылықпен шектелмейді. Ғұлама еңбегі сан салалы. Оның суреткер ретіндегі мұрасының бір тармағы — проза болса (әйел бостандығы, ескі қазақ аулындағы саяси-әлеуметтік жағдай туралы жазылған "Әділ - Мария" повесі), автор мүлде басқа тұрғыдан көрінетін тағы бір мол арна — тарих пен философия. Бір мақалада Шәкәрімтанудың алғашқы кезеңінде бәрін қамту, бәрін айту мүмкін емес.

Ғалам болмысы, замана тұрпаты, адам табиғаты һәм мұсылмандық шарты, ар, иман, ұждан сынды үш анық, хандар шежіресі, ел тарихы туралы көп толғанған Шәкәрім өмірдің мәні, дүниенің баянсыздығы жайында да көп жазған еді.

Қайғы емес қаза,

Болмаймын наза,

Ноқталы басқа бір өлім, — деп, жас кезінде-ақ өмірдің өтпелі кебін мойындаған ақынның, алпысқа аяқ артқан шағында: "Қаласың қай сайда..." - деп, өз өмірінің немен тынарын болжаған ақынның қайғылы қазаға ұшырауы да, көмусіз, отыз жыл бойы ойпанда, құр құдық түбінде қалуы да шын трагедия емес. "Туған жан өлмек, Тағдырға көнбек", - деген Шәкәрімнің өзі. Ақын өмірі, ақын тағдыры. Ең үлкен қайғы, шын трагедия — Шәкәрім мұрасының елу жыл бойы жабулы жатуы. Қысастан өлген ақын жаны бір сәт қана азап шексе, өзінің ең елеулі қайраткерлерінің бірін санатқа қоса алмаған рухани мәдениетіміз жарты ғасыр бойы жапа көріпті. Сол кемістіктің орны енді ғана толып отыр.

Әдебиеттер тізімі

 

  • Құдайбердіұлы Ш. Түрік, қазақ, қырғыз һәм хандар шежіресі
  • Әбен Е. Дала даналары, Алматы: Қазақстан даму институты, 2001 – 460 б
  • Қазақ әдебиетінің қысқаша тарихы: оқу құралы. ІІ кітап, Алматы: Қазақ Университеті, 2002 – 455 б
  • Әбдиманұлы Ө. ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ әдебиеті: оқу құралы, Алматы: Қазақ Университеті, 2002 – 430 б
  • Өзбекұлы С. Қазақстанның саясы құқықтық ой – пікір тарихының өзекті мәселелері, Алматы: «Білім», 2004 – 128 б
  • Уеллер Чарлз. Қазақ халқының ұлттық мәдениеті, Алматы: Орталықазия тарихи – мәдени зерттеу орталығы, 2003 – 129 б
  • Әбдіғаиұлы Б. Шәкәрімнің жұмбақтары. /Б. Әбдіғазиұлы//Қазақ тілі мен әдебиеті, 2001 - № 12
  • Қалиев С. Алтынсарин Ы. мен Құдайбердіұлыныңдіни тәрбие жөніндегі көзқарастарындағы үндестіктер /С. Калиев// Ұлт тағлымы 2002 - №2
  • Қожамберлиев Б. Шәкәрім философиясындағы рухани болмыс мәселелері / Қожамберлиев Б// Ұлт тағлымы, 2003 - №1
  • Сейсенұлы Д. Шыңғыстау. Шәкәрім Шыңырау / Сейсенұлы Д// Егемен Қазақстан, 2003 – 25 маусым
  • Сейсенова А. Шәкәрім мен Гете поэзиясындағы ғалам суреттері, /Сейсенова А.// Қазақ тілі мен әдебиеті, 2003 - № 10
  • Қамбарбекова Ғ. Үш алып үйлесімі: Ұлы ақын нәр алған үш арна /Қамбарбекова Ғ// Абай, 2004 - № 2


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Су тасқынынан зардап шеккендерге қосымша тағы 553 мың теңге төленеді
» Елімізде TikTok желісі бұғатталуы мүмкін бе?
» Елімізде су тасқынынан зардап шеккендердің қандай мүліктеріне өтемақы төленеді?
Пікір жазу