Қазіргі киноматография деңгейі. Қазақ тілі, 11 сынып, қосымша материал. 1 сабақ. 1 нұсқа.
КСРО және Қазақ КСР халық әртісі, режиссер, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Асанәлі Әшімовпен сұхбат.
– Аға, сіз жастарды көп сынайсыз. Оңайға жүгіретінін, еңбектен қашатынын айтасыз. Бұл пікіріңіз әлі өзгерген жоқ па?
– Сынағанда мен оларды жаман болсын деп сынамаймын ғой, керісінше, жақсы болсын, жігерленсін, тәлім алсын, намыстансын, тырыссын деп айтамын. Менің түсінігімде қай кезде болса да буын үндестігі жоғалмауы керек. Тарихты әркімнің өзінен бастағанын құп көрмеймін, әсіресе жас режиссурада. Кейінгі толқын деп лепіріп жүргендер «қазақ киносы бізден басталды, «Қыз Жібек» кино емес» дейді. Сондай әділетсіздіктерге, оғаш пікірлерге мен үнсіз қарап отыра алмаймын. Әр жерде сын болсын, ақыл-кеңес болсын, өзімнің ашық көзқарасымды айтып, пікірімді білдіріп жүрмін. Керісінше, содан бүгінгі жастар үлгі ала отырып, сол кезеңнің жақсылығын өзіне сіңіре отырып, сол кезеңнің патриоттық сезімімен қоректене отырып өз бағытын дамыта берсе оған кім сыншы?
– Көрермен талғамы өзгерді дейсіз бе сонда?
– Иә, мысалы, опера мен эстрада қатар таңдалса, қазір опера қажет болмай қалады. Сол сияқты қазір қай жерге барсаң да, «Тамашаның» сайқымазақтары үлкен драмалық өнердің алдына түсіп жүр. Сол секілді, мәселен, Фара екеуміз қатар келе жатсақ, халық бірінші Фараны қабылдайды. Олар типаж, форма ғана, оның актерлігінің деңгейін білетін адам ғана біледі. Бұл жерде мен ешкімге өкпе артып отырған жоқпын, жалпыхалықтық талғам деңгейін ғана салыстырып айтып отырмын. «Шаншар», «Алдараспан» дегендер концерт берсе, бүгін халық қырылып, есік сындырып кіретін дәрежеге жетті. Ал драмалық өнерде мықты актерлардың ойынын сол сарайға қойсаң, онда сен сол алдыңғы бір бес қатарды ғана әзер толтыруың мүмкін. Әр өнерінен композиция көрінетін әртістер аз бізде.
– Кәсібилікке ұмтылу жоқ па сонда қазіргі жастарда?
– Ұмтылу бар шығар, бірақ іздену, білімі жетпей жатады. Бір жағы бар болса, екінші жағы ақсап тұрады. Бүгінде барлық қырын тең ұстайтын әртіс табу қиын.
– Халықтың қабылдауы да соған сай дейсіз ғой?
– Иә. Ол енді біздегі бір ұлттық құлдырауды көрсете ме деген қорқыныш бар менде. Бірде көшеде менен қолтаңба алу үшін тұра жүгірген жастарға қасымдағы Әшірбек Сығайды нұсқап: «Менен неге қолтаңба ала бересіңдер, міне, алдарыңда Мұхтар Әуезовтің өзі тұр емес пе?» – деп едім, әлгі жастар Әшірбекке тұра ұмтылды: «О, Мұхтар аға, біз сіздің «Абай жолыңызды» оқығанбыз» деп. Бұл шнымен болған жағдай. Осыдан соң жастардың білімі туралы, таным-түсінік ізденісі жайлы қалай терең әңгіме айтарсың? Бірақ ол үшін оларға өкпелей алмайсың. Бізде жалпақшешейлік, жағымпаздық, жалтақтық көбейіп кетті.
– Бүгінгі түсіріліп жатқан киноларға деген көзқарасыңыз қандай? Жаңа фильмдерге көңіліңіз тола ма?
– Бұл кезең өзі экшн жанрының өркендеген, киноның азған-тозған, пах-пухқа құрылған уақыты болды. Америка одан баяғыда өтіп кетті. Біздің жастардың бүгінгі талғамы да осы болып тұр. Оларды кинотеатрға алып барып «Қыз Жібекті» көрсетші, біраздан соң залдан шығып кетеді. Оған басы жоқ, аяғы жоқ фильмдерді көрсетсек отыра береді. «Жаужүрек мың бала» фильмі сол экшннің аздаған тарихы бар нұсқасы. Әйтеуір, сол болса да, оның шыққанына қуанып жатырмыз. Ортадан сәл жоғары фильм деуге болады, бірақ шедевр емес. Үлкен салмақты фильмдерге көп қаражат керек.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?
» Қазақстандағы білім беру деңгейі 10 жыл ішінде қалай өзгерді?