Еріншектің ертеңі бітпес № 7. Қазақ тілі (орыс сыныбы), 3 сынып, дидактикалық материал.


МҰҒАЛІМГЕ АРНАЛҒАН НҰСҚАУЛЫҚ

3-сынып "Қазақ тілі"

(Ф.Оразбаева, Ж.Дәулетбекова, Р.Рахметова, Л.Нұрмұханова, "Көкжиек-Горизонт" - 2018) оқулығы негізінде әзірленген.

2-тарау

Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен

Сабақтың тақырыбы: Еріншектің ертеңі бітпес

Сабақтың мақсаты:

2.5 Тыңдау-көру материалдары негізінде ойын айту

3.​2.​5.​1* оқыған/тыңдаған материал бойынша өз пікірін (менің ойымша ..., менің көзқарасым бойынша ..., себебі ...) дәлелдеу

3.2 Мәтіннің мазмұнын түсіну

3.​3.​2.​1 жиі қолданылатын сөздер мен фразалардан құрастырылған шағын мәтіндегі негізгі ойды түсіну.

Сабаққа қажетті құралдар:

Сабақты жоспарлау кезінде әр сыныптың ерекшеліктерін басшылыққа алуды ұмытпаңыз. Аймақтың ерекшелігіне, тілдік ортаға, сыныптың деңгейіне қарай тапсырмаларды күрделендіруге немесе жеңілдетуге болады. Сыныптағы оқушылардың қажеттіліктерін (аудиал, визуал, кинестетик) ескере отырып, саралау тапсырмаларын беру керек. Әр оқушының қай баспалдақта тұрғанын нақты анықтап алған соң, оның ілгерілеуі үшін не істеу керектігін білген өте маңызды. Қолдауды қажет ететін оқушыларды үнемі қадағалауда ұстап, қолдау көрсетіп отырыңыз. Ал қабылдау деңгейлері жоғары оқушылардың бір орында қалып қоймай, дамуына жағдай жасаңыз. Сабаққа қажет ресурстарды алдын-ала дайындап, қажетіне қарай бейімдеңіз. Оқушылардың қызығушылықтарын, жас ерекшеліктерін ескеріңіз. Ең басты міндет- мақсатқа жету.

Ертеңгілік шеңбер «Менің атымның құпиясы»

Оқушылар ортаға шығып, шаттық шеңберін құрайды да, «Менің атым Айжан, мен алманы жақсы көремін!», «Менің атым Борис! Мен бананды жақсы көремін» деп жалғаса береді, яғни өз есімінен басталатын бір сөзді айтады.

Бұл тәсіл сабақтың ең басында жағымды психологиялық ахуал қалыптастыруға және сөздік қорларын молайтуға көмектеседі.

Сабақтың тақырыбы мен мақсаты.

Жаңа тарауды бастайтындықтан, суреттер көрсету арқылы тараудың мазмұнына болжау жасатыңыз. Өйткені болжату арқылы баланың сыни ойлау дағдысын да дамыта аласыз. Әр сабақтың басында мұғалім сабақтың тақырыбымен, мақсаттарын оқушыларға түсінікті тілмен жеткізуі керек. Оқушы осы сабақта нені білу керектігін жақсы түсінуі керек. Сабақ барысында қажетіне қарай сабақ мақсаттарын оқушылардың естеріне түсіріп отырыңыз.

Жаңа сөздерді меңгерту.

Жаңа сөздерді меңгерту - сабақтың ең маңызды кезеңі. Сөздерді меңгертуде сөздің аудармасын айтпай, суреттерді, мағыналас сөздерді, қарсы мәндес сөздерді, қимыл, ым-шараны қолданыңыз. Сөздердің мағынасын түсінгеннен кейін оқушылардың өздеріне сөз тіркестерін, сөйлемдер құруларына мүмкіндік беріңіз. Оқушылардың ойлануына уақыт беріп, жауап беруге деген талпыныстарын үнемі қолдап отырыңыз. «Жоқ, дұрыс емес!», «Қате!» деген сөздер айтудан аулақ болыңыз. Баланың ынтасын жоғалтып алмау керектігін үнемі есте сақтаңыз. Сондай-ақ жаңа сөздерді оқушы сабақтың барлық кезеңдерінде қолдануына мән беріп отырыңыз. «Сөйлеу қабырғалары» бірнеше сабақ бойы оқушыларға көмек болу үшін, үлкен ақ парақтарға жазып іліп қойыңыз. Оқушыларға қолдану үшін сөздік қорды көрсетіп, іліп қойыңыз. Сөздерді меңгергеннен кейін алдағы сабақтарда да сол сөздерді қолданыстарына енгізгендері маңызды.

Тыңдалым.

Мәтінді алдын-ала аудиожазбаға жазып алыңыз, ондай жағдай болмаса, өзіңіз оқып беріңіз. Дегенмен де аудиожазбадан тыңдап үйренгендері дұрыс. Тыңдалымның алдында мәтінде оқушыларға таныс емес сөздер болған жағдайда (1-2 сөз), міндетті түрде түсінік беру керек. Содан кейін тыңдалымға дайындау үшін тақырыпқа сай 1-2 сұрақ қойып, ой шақырған дұрыс. Бұл оқушылардың тілін дамытуға және ойларын жинақтауға ықпал етеді. Мәтінді 2 рет тыңдатыңыз. Алдын-ала дескриптормен таныстырыңыз. Содан кейін мәтіннің мазмұны бойынша әркім өзбетінше сұрақтарға жауап береді. Бір сөзбен жауап берсе болады, ең бастысы, тыңдалым мәтінін түсінгендіктерін тексеру әрі уақытты үнемдейсіз. Сұрақтарды тақтадан көрсетіп қойыңыз немесе қағазға шығарып беріңіз (әр партаға біреуден). Тапсырманы орындап болғаннан кейін, тақтадан дұрыс жауапты көрсетіңіз. Әркім өз жұмысын тексеріп, тақтада көрсетілген критерий бойынша бағалайды. Барлық оқушыдан сұрау қажет емес, 2-3 оқушыдан сұрасаңыз жеткілікті. (Жұмыстарын жинап алып, сабақтың соңынан тексеріңіз). Соңында «Не қиын болды?», «Не жеңіл болды?» деген сұрақтар қою арқылы кері байланыс жүргізіледі. Өз дәптеріңізге қай оқушының неден қиналып отырғанын тіркеп отырыңыз. Бұл келесі сабақты жоспарлағанда өзіңізге қажет. Сол оқушылардың ілгерілеуіне ықпал ететін тапсырма дайындаңыз.

Оқылым.

«Бастапқы танысу» әдісі бойынша мәтінді оқырдың алдында оқушыларға тақырып бойынша ассоциация жүргізіледі, яғни тақырыпты оқыған кезде олардың ойына не келгенін айтады. Оқушылар өздерінің ассоциацияларының негізінде мәтін не туралы болады деп ойлайтынын талқылайды. Содан кейін оқулықтағы мәтінді рөлге бөліп оқығаннан кейін оқушыларды шағын 3 топқа бөліп, сұрақтарға жауап береді. Содан кейін топтар сұрақтарымен алмасады, өзара сұхбатқа түседі. Оқушылардың жауаптарын мұқият тыңдаңыз, мадақтаңыз. Қысқа жауаптарды да қабылдағыз. Жауап беруге талпыныс жасаған оқушыға қолдау көрсетіңіз.

Сергіту сәтін жүргізгеннен кейін, оқушылар суретті пайдаланып, әңгіме құрайды. Қадиша мен жалқау мысықтың әрекетін «Венн диаграммасы» арқылы салыстырады, әр топ өз жұмысын қорғайды, өз ойларын дәлелдейді. Қажет болған жағдайда қолдау көрсетіңіз. Соңында оқушылардың жауабын қорытындылап, еріншек, жалқау болмауға шақырған дұрыс.

Грамматикалық қоржын.

Бұл тапсырманы орындатпас бұрын мысалдар арқылы жіктік жалғауларының жекеше және көпше формасымен мысалдармен таныстырып кетеді.

Орындау барысы: оқушылар «Кофе таяқшалары» әдісі арқылы қағаздан жасалған таяқшалардағы бір сөйлемді таңдап алады (кофе ішетін стақанынан). Таңдап алған сөйлемдегі көп нүктенің орнына тиісті қосымшаны байланыстырып айтады, содан кейін жазады.

Айтылым.

Бұл тапсырма «Идеялар себеті» әдісі арқылы жүргізіледі. Топ ішінде бірігіп талқылауға және бір шешімге келуге жағдаят беріледі. Әр топ өз ұсынысын айтады. Алдын-ала дескриптор беріледі. «Бас бармақ» әдісі арқылы топтар бір-бірін бағалайды, бірнеше оқушының комментарийі тыңдалады.

Рефлексия, үй жұмысы.

Сабақты бекіту кезеңінде оқушыларға «Бағдаршам» әдісін ұсынуға болады. Сабақтан алған әсерлерін мына түстер арқылы көрсетеді. Жасыл түс – сабақтан жаңа идеялар байқадым.

Сары түс – жаңа сабаққа көңілім толды. Қызыл түс – бүгінгі сабақ сезіміме ерекше әсер етті.

Сабақ соңында үй тапсырмасының қалай орындалатынына қысқаша түсінік беріңіз.



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Пікір жазу