Әбубәкір Кердері (Өткен еміншілік заманды Әбубәкір молданың жоқтап айтқан толғауы)

 Әбубәкір Кердері (Өткен еміншілік заманды Әбубәкір молданың жоқтап айтқан толғауы)

Бисмелла деп сөйлесем,
Тілге жәрдем бере көр,
Тіл жаратқан жәләлім.
Жанға жәрдем бере көр,
Жан жаратқан жәләлім,
Қаным қайғы бейбәкір
Қайғылы болды заманым.
Заманым солай болған соң,
Тайғақ болды табаным.
Патшадан жәрдем болмаса,
Төзуге жоқты амалым.
Сөйлей көр тіл мен көмейім,
Бұлайша демей не дейін.
Көрген алаш көз салсын,
Көлденеңдеп желейін.
Заманның қандай түрінен
Сыбағалап берейін.
Заманым түгіл ел азды,
Ел ішінде ер азды.
Айқын-айқын сулардың
Балығы кетіп көл азды.
Ойтаң-ойтаң жерлердің
Оты кетіп жер азды.
Еділ, Жайық - екі су
Кент орнаған жер екен.
Онан сыртқы Қобда, Елек
Ел жайлауға кең екен.
Көдесі мақпал түгіндей
Құмайттаған жер екен.
Құрағы көктеп гүлдеген
Мақпалдай шөбі тұр екен.
Өзен судың арасы
Миуалы жеміс гүл екен.
Су аяғы төмен жақ
Онан сыртқы Ойыл, Жем,
Ел орнаған су екен.
Қарағай, қайын, тал, терек,
Қалың орман ну екен.
Таяқ кеспес ту екен
Шөпті қалың өсірген,
Тамылжыған қалың шық
Қара жердің буы екен.
Көлденең жатқан қара шың -
Бұлдырлаған тау екен.
Арасын қазақ қыстаған
Жұттан малы сау екен.
Көңірсіген көң қыстап,
Тау жырасын ел қыстап,
Қысы, жазы бірдей жылы екен.
Арқаның киік, құланы,
Қара алмен бір екен...
Заманның түбін барлаймын,
Бұрынғының бірі жоқ,
Жақсылардың күні жоқ,
Соларды жоқтап зарлаймын...
Ағадан кетті ағалық.
Ініден кетті інілік.
Інісі болды терен жар,
Жүрмеді аға сүрініп.
Атаның салган ақ жолы,
Тоқтап қалды кідіріп.
Заман деген желмая,
Қалмасақ халқым жақсы еді,
Желмаядан жығылып.
Атаны билеп ұл кетті,
Қожаны билеп құл кетті.
Баласы келсе он беске,
Ата-анадан күн кетті,
Білмеді бала құрметті.
Ағайын туған,қарындас
Бір-бірінен бұл кетті.
Қыз ананы биледі,
Анаға билік тимеді.
Ата қосқан адамның
Өз дегені болмаса,
Халалым деп сүймеді.
Қыз ұяттан айрылып,
Көңілін шайтан сүйреді.
Абырой кетті жігіттен,
Айрылды әдеп, биліктен.
Әдеп, ақыл сары алты
Алтынды таза сақтамай,
Қалай етіп шіріткен.
Ерінің айтқан сөзіне
Қатындар мойнын сұнбады,
Ерге қызымет қылмады.
Жалынып күнін көрмесе,
Қатты айтпасаң қатын тұрмады.
Кітаптің сөзін тәрк етіп,
Өсекті баса таңдады.
Қарттардан кетті ауырлық,
Сопыдан кетті сабырлық,
Төмен басты заманды
Біз заманға не қылдық.
Заманның түбі қыл деді,
Қыл үзілсе басыңнан
Жалғыз сағат тұрмайды
Аспанда ай, күн тұтылды.
Көріп пеедің мұндайын,
Ишарат қылып сөйледім,
Болған соң солай заманым.
Расын айтып шығардым
Дүниедегі шамның.
Әбубәкір хат жазып
Сөзін етті тәмәмін.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Елімізде су тасқынынан зардап шеккендердің қандай мүліктеріне өтемақы төленеді?
» Мұғалімдер ұрлап жатыр: Петропавлда осындай жалған ақпарат таратқан әйел жауапқа тартылды.
» 🏡Үй алуды мақсат еткендерге тағы бір жағымды жаңалық😍