Естеу Нүсіпбеков (Сый сауға)

 Естеу Нүсіпбеков (Сый сауға)

Құр қоймапты тас тағдыр
Ғайып кенде:
Кемем жүзді Атырау, Жайықпен де.
Олжа артқызды арқама.
Жаңа ғасыр!
Сый-сауғамды атасам айып етпе:
Басты сыйым — ақ пырақ Азаттығым,
Еркін елге бас ие қазақтығым.
Екі жүзден асатын жұрттан қалмай,
Тәркі еткенім бодандық азап — мұңын.

Онан кейін әкелдім ақ жүзділік,
Ата жолға адалдық нақ ізділік.
Туыстыққа табынып,
Ал достыққа,
Ынтымаққа сиынар абыз біліп.
Дін, иманым ұйыған қан әкелдім,
Мағжаныммен табысқан жан әкелдім.
Ортамызды толтырды оралманым,
Асатын тең жартыдан сан әкелдім.

Күрескерлік әкелдім,
Жығылмайтын,
Белдескенді Барысша сығымдайтын.
Аю келсін, Айдаһар, Дыю келсін…
Қарсы ытқуға дайын боп,
Бұғынбайтын.
Жасампаздық әкелдім,
Өнер тамған,
Кемелдену күтетін келер таңнан.
Өркенді елден үлгі алып,
Өрге ұмтылып,
Ойып орын алардай бел ортадан.

Жайдарылық әкелдім,
Тынысы кең,
Қорқытпайтын қоқаңдап қылышымен.
Шаш ал десе бас алып қайсы істе де,
Айғайға аттан қоспайтын құры сүрен.
Салауаттық әкелдім,
Санаты сау,
Қопаңдамас орнынан
Тағаты тау.
Ақыл-есін аздырмай індеттерге,
Аяғына салғызбас сана тұсау.

Қырағылық әкелдім,
Дегдар сақтық,
Сырды іште сақтайтын,
Айланы ақтық.
Қорғанысты күшейтіп төрт тұста да,
Одақтасты күштіден сайламақтық.
Дарынды ұл-қыз әкелдім
Дара туған,
Таза зейіл, ақ нұрдан жаратылған.
Алды ілінді Болашақ бағдарына,
Ел иесі Нұрсұлтан аға атынан.

Ғарышкерлер әкелдім
Талғатымдай,
Жолға дайын тұратын дәйім тынбай,
Қашан жексең Ғарыштың кемесіне,
Кезек күтпей қосылар бәйге атындай.
Үміт-сенім әкелдім, тайлап тиеп,
Алла атына ақтілеу байлап ниет.
Қуаты күш кран-қол кілиткенде,
Жүктен белі қайысты айлақ-жиек.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Су тасқынынан зардап шеккендерге қосымша тағы 553 мың теңге төленеді
» Елімізде TikTok желісі бұғатталуы мүмкін бе?
» Елімізде су тасқынынан зардап шеккендердің қандай мүліктеріне өтемақы төленеді?