Cәбит Мұқанов (Тауға шыққанда)

 Cәбит Мұқанов (Тауға шыққанда)

Алатауға қарасаң
Шөккен ақбас бурадай;
Найза шыңды өркештей,
Қарағайы шудадай.
Шудасынан сипауға,
Өркешіне мінуге;
Күнді киіп, аспанды
Иығына ілуге -
Мен де, жұрт та құмармыз,
Сол құмардан тарқауға,
Бірнеше жолдас бір күні
Шықтық өрлеп бір тауға.
Тау дегенім тас емес,
Мақпал қара топырақ -
Бөгеді бізді тоты гүл,
Назданып жолда жатып ап.
Гүл сабағы кеудеден
Келетін жібек шырмауық;
Шырмауық басы мың бояу
Құлпырып тұрған бір мауыт.
Әрбір гүлдің жұпарыы
Жұлмай иіскеп орнында,
Кездестік біз бір кезде
Бұлақты қалың шалғынға.
Бүлкілдеп аққан бұлақтың
Бұйра бетін сүйіп күн.
Ырғиды меруерт су тастан
Лағындай киіктің.
Бұлақтың екі қанатын
Бойлай өскен алма ағаш;
Алмалары піскенде
Ұқсас атқан таңға ағаш.
Құлпырған тоты тақ бейне
Ағаш жоқ сұлу нақ мұндай.
Ішінде көркем ағаштың,
Көрдім бір зат аққудай.
Жақындап ем аққуым -
Қаз-қатар тіккен ақ шатыр.
Бір әйел көрдік, сұрадық
Деп «бұларда кім жатыр?»
- Пионерлер сабағын
Бітіріп шыққан лагерьге.
Сонау тауға әкетті
Вожатыйы бәрін де.
«Сонау тауын» тауып ек,
Шаншыла шыққан шың екен;
Шыңның биік басынан
Су сарқырап тұр екен.
Тау елінен кешірім,
Сұраймын оған таппай ат;
Орысша аты ол судың
Әдемі ат - «Водопад».
Сарқылмайтын себебі
Кешкін иген водопад.
Тамашалап Лермонтов,
Пушкин сүйген водопад...
Сүйем сені, водопад,
Лермонтов пен Пушкиндей,
Сұлусың-ақ сен, өзің
Сүйгізетін ескірмей.
Саған әлі, водопад,
Жырыммен талай оралам,
Әзірге ұзап кетпейін
Пионерден, баладан.
Водопадтың қасында
Бар екен бір кең алап,
Кең алапқа келдік біз
Водопадты жағалап.
Алапта футбол ойнаған
Бір топ бала көрдік біз;
Кимылына, түріне
Көзді қадай төндік біз.
Кимылдаса бұлшығы
Зырлайды бейне ұршықтай;
Жылдамдығы жүгірсе,
Оқша ұшатын шыпшықтай.
Ептілігі топ қақса,
Үйрек ілгіш лашын;
Сермемейді қатеден
Аяғы мен құлашын.
Жүгіреді топ теуіп,
Бұлшықтары бүлкілдей,
Күн жалаған денесі
Жылтырайды никельдей.
Кеуделері бүркіттей,
Бар денесі палуан;
Бұндай дене аз көрдім,
Ұрпақты көріп алуан.
«Ұл, қыз туса осындай
Тусын» дедім ішімнен.
«Бала өссе осындай
Өссін!»- дедім,- пішінмен!
Футбол бітті, балалар
Водопадқа шомылды,
Күлкісі күміс көбіктей
Шашылды... неткен көңілді!
Отличник, пионер
Сұрастырсақ бәрі де;
Жөнелтіп еді лагерьге
Келтірді тауды сәніне.
Олар айтқан сұлу ән
Жаңғырды таудың шыңына,
Шың өзенге лақтырып,
Қосылды су жырына.
Су құраққа сілтеп ед,
Сыбдырады құрақ та,
Тау, су, құрақ, гүл, ағаш
Хор естіртті құлаққа.
Бұл не үн деп қайран ғап
Секіріп шығып биікке,
Түрді қалқан құлағын
Осы хорға киік те.
Ыстықта ауыр денесін
Шыңға сүйреп баруға,
Ерінбей келіп тыңдады
Осы әнді аю да.
Ербиіп мүйіз, тұяғы
Сүріне тасқа, жығыла
Бұл әнді келіп тыңдады
Таутеке, арқар, бұғы да.
Үйренбеген аяғы
Не желіс, не аяңға,
Зымырап жүріп бұл әнді
Тыңдады қорқақ қоян да.
Алған аңның майлы еті
Жүрегін бей-жай кілкіткен.
Тыңдады әнді ағашта
Отырған қалғып бүркіт те.
«Мынау ғажап ән екен,
Қайдан келді бұл мұнда?»
Деп таңданып, ән тыңдап,
Доғарды әнін бұлбұл да.
...Сондай қызық көрдім мен
Өткен жазда, шілдеде,
Тұрарлық биыл ойым бар,
Солармен тауда бірге де.
Биыл жазсам сендерді
Бұлай жазбан, балалар;
Не ісімен үлгілі,
Не мінезді бала бар?-
Мен жазармын соларды
Шамамша толық суреттеп,
Бұл өлеңім сол жырға
Бастауыш қана бір бет тек.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Су тасқынынан зардап шеккендерге қосымша тағы 553 мың теңге төленеді
» Елімізде TikTok желісі бұғатталуы мүмкін бе?
» Елімізде су тасқынынан зардап шеккендердің қандай мүліктеріне өтемақы төленеді?