Жамбыл Жабаев (Қамал бұзған қаһарман)

 Жамбыл Жабаев (Қамал бұзған қаһарман)

Ер сүйікті еліне
Ел намысын жықпаған,
Қару байлап беліне.
Кегін алған дұшпаннан.
Хасиетті халыққа
Қол басшының есімі
Жаудан тайқап ықпаған,
Тұтқыйылдан саспаған.
Қалың қолды бастаған,
Ойы терең теңізден,
Бойы биік асқардан.
Есімі елдің ұраны.
Естісе жау жасқанған.
Батыр Қызыл Армия.
Халқымыздың қорғаны!-
Ғаламға аян, жария
Батырларым ондағы.
Баққаны асыл мұралар
Дүние еңбек сарсылған,
Адам адам болғалы.
Сөзімді сол қозғады,
Ойымды сол толғады:
Бар тілегім соларда,
Болсын деумен жолдары
Қол алдында Сталин
Жорық тартқан жарыққа,
Қаһарманым, қол басшым,
Аты аяулы халыққа!
Ғасырлардың шырағы,
Бөлене бер даңққа!
Соған қарап аңғарам;
Қол бастаған көсемге,
Ел қорғаған ерлерге —
Елі бәрін арнаған,
Ең жүрегін сайлаған,
Еңбектерін сый еткен,
Ертегідей жыр еткен,
Ел көмектен талмаған.
Тоқушы едім мен кеше
Естігенін құлағым:
Орыс бесік тербетсе,
Еркелетіп ұланын,
Айтатыны: «ер жетсе
Ерлерге ұсап шырағым!
Чапаевтай ер болса —
Жасқануды білмеген,
Жауға басын имеген!»—
Деп естігем ұранын.
Қазақ ішін аралап,
Жүрсем елді жағалап
Естігемін әр үйден,
Ертегідей әлдиден:
«Ер боп өсіп, елім — де!
Махамбеттей батыр бол,
Қарсы шапқан әлемге!
Амангелді атаңдай,
Жаудан, балам, шегінбе!
Кавказ тауын жайлаған
Грузиннен тыңдағам:
«Тынба жауды жапырмай,
Жолбарыс тон батырдай!»
Білем Каспий мен елін,
Тербеткенде бөбегін:
«Көр ұғылдай батыр бол,
Жаудан қайтпа!»—дегенін.
Қай халықта болса да
Балаға айтар мысал көп;
Балалардың тұлғасын
Бәйіт етіп жырлаған—
«Сен де сондай болсаң!.. деп,
Ойхой, шіркін, соңымен,
Кеше естісе құлағым,
Бүгін көрдім елімнен.
Бабалардай ұл көрдім
Бас тартпаған өлімнен.
Оқтан қайтпай төгілген,
Оза тұлпар тебінген,
Қаһарланып ұмтылса,
Жау түйдегі сөгілген.
Жыйырма бесте бұрсанып,
От шашылған демінен.
Хасиетті Отанның
Қамы кетпей көңілден,
Қараған жан түсінген
Қара үзбеген сеніммен:
Қалған ата, бабадан
Ел бойындағы ыстық қан
Қаһар болып құйылса,
Төтей алмас жау жылан!
Қырғын тапқыр немістер
Қалды ма екен есітпей:
Батырларын Советтің
Балтырлары бесіктей!
Тұрпатынан сом біткен
Ер пәрмені сезілген,
Жеңіс сонда-ақ естілген
Сталиннің сөзінен.
Жар салғамын ерлерге:
—Кетпе Кавказ, Еділден,
Күт, береке өңірден!
Берме Сталинград,
Қанша терің төгілген!
Жұмса барлық қуатты,
Батырларым, дедім мен.
Воронежден жылжыма,
Жем болады шегінген!
Үлгі ал сені құраған
Ленин мен Сталиннен!
Балаларша басты тік,
Баспа қадам жеріңнен.
Жартасқа ұсап жауды тос,
Арың артық өлімнен!
Ұлы Отанның әмірін
Орындадың ерлерім,
Дегеніне жау зұлым
Жете алмады, көрді елің!
Жартасқа ұсап жол тостың,
Дауылға ырық бермедің.
Балаларша белдестің,
Батырларша сермедің!
Майыстырып белдерін,
Бырт-бырт үздің шеңберін!
Өзің құрсап шеңберге,
Малғұндарды жерледің!
Қалбалақтап қашты жау,
Қаһарыңнан сендердің.
Қарға тастап өлгенін,
Қайғы басып өңдерін.
Күллі әлемге болды аңыз
Сталинградта жеңгенің!
Рыйзамын, ерлерім!
Жауға намыс бермедің.
Қажып қабақ шытпадың,
Қан майданға өрледің,
Шеру тартып батысқа,
Дүниені кернедің.
Қабыстырып қамалын,
Тарылдырып заманын,
Сындыра жау белдерін!
Батырларым, ала көр
Жауға кеткен ел кегін.
Батыс жаққа бара бер,
Айықтырып жер, көгін.
Басқан зілден серпілсін
Хасиетті жерлерің!
Қайғыларын кетірсін,
Қан жылаған шерлі елің!
Батыр Қызыл Армия,
Ұлы Ленин құраған,
Ұлы Сталин шыңдаған,
Жыйырма бес жыл ерлігін
Әлем жүзі сынаған,
Қыйдаласып жүр әні,
Қан майданда тулаған.
Амал тауып қыйыннан,
Ақыл берген ұлы адам —
Қол басшысы Сталин
Бәрін шолып қыйырдан,
Аумай бастан ілгері,
Батысқа! — деп бұйырған.
Көрем ерлер тұрпатын,
Тас болатша үйрілген:
Алдаспанды үйірген,
Алдында су жырылып,
Ұмтылса тау иілген.
Бірақ қатты майдан бар!
Ышқынбақшы айдаһар,
Ысқырмақшы шағам деп,
Балаларым, таймаңдар!
Құралды өткір қайраңдар!
Жасылдай боп жайнаңдар!
Жосадай боп жауызды
Жөңкілтіп жерден айдаңдар!
Тасқыныңа қақтығып,
Балықша жау қайраңдар.
Жауды алатын айлаң бар,
Қолда күшті сайман бар,
Қол бастаған Сталин
Көп сынаған майдандар!
Қамал бұзған қаһарман,
Жыйырма бес жасында,
Құбылаға бет алған,
Жауды жеңіп жаншуға!
Батысқа ұмтыл, ерлерім,
Жерді түгел ашуға.
Ленин туы астында!
Ұлы Сталин қасыңда!
Күллі халық көмегің,
Бахыт күні басыңда,
Мен де жырмен қосылдым
Жүзге ұласқан жасымда

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Су тасқынынан зардап шеккендерге қосымша тағы 553 мың теңге төленеді
» Елімізде TikTok желісі бұғатталуы мүмкін бе?
» Елімізде су тасқынынан зардап шеккендердің қандай мүліктеріне өтемақы төленеді?