Қиял-ғажайып ертегі: Түс сатқан тазша

Қиял-ғажайып ертегі: Түс сатқан тазша

Ертеде бір бай болыпты, байдың үйінде жүрген бір күңі болыпты. Күңі жатса, түс көріпті. Басынан ай туыпты, аяғынан күн шығыпты, жүрегінің басынан жұлдыз туыпты. Ерте тұрыпты, бетін-қолын жуыпты, «сол түсімді іздейін», – депті. Іздеп кетіпті. Бір байдың сиырын баққан тазша балаға келіпті. Бала айтыпты: «Е, жеңгесі қайда барасың?» – депті. Күң айтты: «Қайда барайын, сенің байыңа жалданғалы келдім».

Сиыр баққан бала айтты: «Өтірік айтасың, сен бірдеме іздеп барасың».

Күң айтты: «Түсімді іздеп барамын».Бала: «Неғылған түс, айтшы?». Күң айтты: «Айтайын, ұйықтап жатыр едім, түсімде басымнан ай туыпты, аяғымнан күн шығыпты, жүрегімнің басынан жұлдыз туыпты, сол түсімді іздеп келемін!» – деді. Бала айтты: «Осы түсіңді маған сатшы? – дедті. Қатын айтты: «Не бересің?» – деді.

«Құнан шығар өгізім бар, сол өгізімді берейін», – деді. Қатын: «Жарайды, түсімді берейін!», – деді.

Бала құнан өгізді берді. Қатын алды, үйіне кетті. Бала кешке сиырын айдап үйіне келді. Сиырын қорасына қамады. Темірден етік соқтырды, темір таяқ соқтырды. Ертең тұрды, беті-қолын жуды. Сиыры жаймады, темір етікті аяғына киді, темір таяқты қолына алды, кетті.

Бір уақытта темір етіктен теңгедей қалды, темір таяқтан тебендей қалды. Бір шәрге келді, шәрге келсе, бір ханның есігінің алдында жатыпты. Түн ортасы болғанда екі арғымаққа алтынды пәуеске жеккен бір ханның баласы, бұ ханның қызын алып қашамын деп келген. Екеуі акошкеден сөйлесіпті, қыз айтыпты: «Тұра тұр», – депті. – «Әкем ұйықтасын» – депті. Түсін іздеп келген бала бәрін, айтқан сөзін естіпті. Ханның баласы тазша балаға сүйеніп жатып ұйықтапты. Бір уақытта тазша бала түрегелді, акошкеге келді, қыз айтты: «Келдің бе?» – деді. Бала айтты: «Келдім» – деп. «Қоржынды әпер» – деді. Бала әперді, пәуескеден әперді. Қыз ішін толтырды, қыз жігітке айтты: «Екі арғымақты ертте!» – деді. Жігіт ерттеді, екі қоржынды алды, артына бөктерді. Қыз үйінен екі қоржынды алды, артына бөктерді. Қыз үйінен шықты, екеуі екі арғымаққа мінді кетті. Манағы ханның баласы ұйықтап қалды.

Қыз жігітті таң атқан соң таныды, ханның баласы емес екенін. Қызға ой түсті, қыз қашайын деп еді, қаша алмады. «Қашсам мені бұ еркек қуып жетсе, мені тірі қоймайды ғой, қашпайын! Мені қосқан Құдай шығар, тиейін!» – деді. Кетті, бір уақытта бір шәрге келді. «Е, жігітім, жерің бар ма? Әкең бар ма? Бауырың бар ма?» – деді. Жігіт айтты: «Елім де жоқ, әкем де жоқ, бауырым да жоқ, қайдан келіп қайдан тұрғанымды білмеймін» – деді.

Қыз айтты: «Енді осы шәрге тұрайық!» – деді. Патшаға мәлімдейік, – деді. Қыз айтты:

«Бір үй сатып ал!

Үйіңнің сырты жаман болсын!

Үйіңнін іші жақсы болсын!

Ішінен аққан бұлақ болсын!

Суының ақтығы сүттей болсын!

Ішінде бәйтерек болсын!

Бәйтеректің басында өрік-мейіз тұрсын!

Өрік мейіз тамшылап тұрсын!

Бірден ауызға түсіп тұрсын!

Осы орамалға салып берейін. Осыған берсе, алып кел, мен тұра тұрайын! Мен кетеді екен деп ойлама! – деді.

Екі арғымақты алып қыз қалды. Жігіт шәрге жүгіріп келді. Таңертеңнен жүрген шәрге бесінде бір үй тапты. Үйдің ішіне жігіт еніп келді. Кіріп келсе, бір жігіт, бір ұрғашы отыр екен.

«Ағеке, үйіңді сатамысың?» – деді.

Үйдің иесі айтты: «Сатамын, – деді. Көр мына аққан су мынау сүттен аппақ – деді. Бәйтерегім мынау, өрік-мейіз басындағы анау, – деді. Ауызға тамшылап бір-бірден түсіп тұрады», – деді.

Жігіт айтты: «Не аласың?» – деді. «Сенің әлің келмес», – деп үй иесі айтты. Жігіт айтты: «Осы орамалдағымды берейін, аламысың?» – деді. «Орамалыңменен бер, алайын, – деді. Жігіт берді, үй иесі айтты: «Мен шығамын, ер-қатын екеуміз шығамыз. Аяқ-табақ, төсек-орын сенде қалсын, маған керегі жоқ, – деді. Жігіт айтты: «Жарайды», – деді. Ер-қатын екеуі үйден шығып кетті. Жігіт манағы қатынына келді, келсе отыр екен. «Жігітім үй таптың ба?» – деп қатын айтты. «Таптым», – деді. «Жарайды», – деді. Екеуі арғымағын жетектеп сатып алған үйіне келді. Қатыны көрді: «Бәрекелді, жарайды!» – деді. О күні жатты, ертең тұрды, беті-қолын жуды. Қатыны айтты: «Мен тамақ пісірейін, сен барып шәрдің десатнигіне хабар бер, патшаны шақырсын, біздің үйімізге келсін деп айт».

Байы кетті десатникке хабар берді. «Патшаны шақырыңыз біздің үйімізге, патша келсін» – деп, осы шәрдің жақсыларын бәрін де шақыр! – деді.

Жігіт үйіне келді. «Шақырдың ба?» деп қатыны айтты. «Десатникке айттым, асыңды пісір!». Бір уақытта десатник патшасын, бәрін де шақырып келді. Бала столын қондырды, дастархан жайды, ас әкеліп патшаның алдына қойды. Патша айтты: «Апырмай асының тәттісін-ай!» – деді. Қасындағы уәзірлер айтты: «Мен көріп келейін жігіттің қатынын», – деді. Хан айтты: «Тоқтай тұр, ұят болар», – деді. «Не ұяты бар» – деп уәзір көрейін деп кетті. Көріп қайтып ханға келді. «Апырай, хан-ай» – деді. «Айтса, айтқандай көркем екен, сіздің қатыныңыз қолына су құюға жарамайды екен». Хан айтты: «Апырмай, көркем менің алғаным ба деуші едім», – деді.

Хан жұртын жиды, ақыл сұрады. «Бұ жігіттің қатынын қайтып аламын» деді. Жұрт айтты: «Алмай несі бар, – деді, сөз айтыңыз шақырып, шешем менің ауру деп айтыңыз. Жолбарыстан екі шелек сүт сауып бер деп айтыңыз. Сонда ол барар, барғанда келмес. Сонда сіз қатынын аларсыз» – деді. «Жарайды, жұртым». Хан айтты: «Е, жігітім неғып жүрген жансың? – деді. Қайдан келдің, қайдан тұрдың, елің бар ма? Жұртың бар ма?» – деді.

Жігіт айтты: «Тақсыр алдияр! Елім де жоқ, жұртым да жоқ, қайдан келіп қайдан тұрғанымды білмеймін», – деді. Патша айтты: «Білмесің, менің шәрімде тұр, сені адам қыспас, адам саған зорлық қылмас. Менің шешем ауру, – деді, – бір жұмысқа сені жұмсаймын», – деді. Жігіт: «Барайын» – деді. «Барсаң аю менен жолбарыстың екеуінен екі шелек сүт сауып әкел, әкелмесең, басыңды аламын!» – деді. «Жарайды», – деп үйіне жылап келді. «Неге жылайсың?» – деді қатыны. «Жыламай қайтейін, хан бір қатты жұмысқа жұмсады, – деді, – барып аю мен жолбарыстан сүт сауып әкелмесең, басыңды алмақ боламын», – деді. Қатын айтты: «Қорықпай ханға барып, ханнан қырық күн мұрсат сұра!» – деді. Жігіт жүгіріп үйіне келді: «Алдияр, жұмсаған жұмысыңызға барайын, қырық күн мұрсат бер! – деді. «Жарайды, ал!» деді.

Жігіт жүгіріп үйіне келді. «Берді ме мұрсат?» – деп қатыны сұрады. Берді деп жігіт айтты. Қатыны айтты: «Бұ шәрге бар, бір шабдар ат сатып ал. Мойнында ағашы бар, өзінің арқасы жауыр», – деді. Кетті жігіт, шәрдің басына келді. Бір шабдар атты бір жігіт сатамын деп жетектеп жүр екен. «Сатамысың атыңды, ағаеке», – деді. «Сатамын, не бересің?». «Қайдан білейін өзің сұра». Екі жүз сом бер. «Жүз елу берейін!»

Жүз елу сом беріп арқасы жауыр шабдар атты алып үйіне келді жігіт. Қатыны айтты: «Сен қырық күн үйде отыр, оразаңды ұста, бес уақыт намазыңды оқы», – деді. Мен шабдар атты алып кетейін, семіртіп әкелейін», – деді. «Жарайды» деп байы қалды, оразасын ұстады, бес уақыт намазын оқыды. Қатыны шабдар атты жетектеп келді. Шабдар атты семіртіпті, байына айтты:

Ер менен тоқым әкпел!

Шабдар атты ерттеп кел!

Алдыңғы айылын бос тарт!

Артқы айылын берік тарт!

Шабдар атқа мін!

Тоғайдағы аюды айдап кел!

Тоғайдағы жолбарысты айдап кел!

Шабдар атты тоғайға барғанда борбайға салып қал. Шабдар аттың даусын естіген соң аю мен жолбарыс бір жерге жиылар. Сонда алдыңа салып айдап кел! Алдыңнан хан кісі жіберер. «Қойсын! Айдамасын, шешем жазылды, – деп айтар. Сонда сен болмай үйіне айдап кел», – деді.

Жігіт атты ертеді, алдыңғы айылын бос тартты, артқы айылын берік тартты. Шабдар атқа мінді, бір тоғайға келді. Шабдар атты борбайға салып қалды. Шабдар аттың шыңғырған даусын жолбарыс пен аю естіді, бір жерге жиылды, жігіт алдына салып айдады. Жолда көрінген малды да, жанды да шаппады. Алдынан хан кісі жіберді, «шешем жазылды айдап келмесін!» – деп жіберді. Жігіт тілін алмады, үйіне айдап келді, екі темір шелек қолына алды, аюдан бір шелек сүт сауды, жолбарыстан бір шелек сүт сауды, ханның үйіне керек болса, «мә» деп әкпелді. «Керегі жоқ, төгіп таста», – деді. Шелекті апарып төгіп тастады. Аю мен жолбарысты жолға салып қуып жіберді, жігіт үйіне келді.

Хан, елін, жұртын жиды, «ақыл тауып бер!» – деді. «Қайтіп мен жігітті өлтіріп, қатынын аламын», – деді. Жұрт айтты: «Өлтірмеңіз, бір қатты жұмысқа жұмсаңыз! Соны барып әкпелсе, әкпелсін әкелмесе, қатынын аларсың», – деді. «Әкем өлгенде бай болған, мен жас болған екенмін, айт!» Әкем алтын менен күмісті қай жерге көмген екен. Әкем өлгенде мен бір қара тоқты сойып беріп едім, сол тиген болар ма екен, тимеген болар ма екен? Сол жұмысқа жібер, – деді. Жігітті хан шақырды. «А, жігітім, – деді бір жұмысқа жұмсаймын: барамысың, бармаймысың», – деді. «Барамын» – деді. Барсаң мен сені сексен арба сексеуіл әкеп өртеймін деді. Менің әкем тірісінде бай екен, алтыны мен күмісі көп болған екен, сол өлгенде алтыны мен күмісін қай жерге көмген екен. Әкем өлгенде бір қара тоқты сойып беріп едім, сол тоқтының еті тиген бе екен, соны біл. Әкем жақсы ма екен, жаман ба екен соны біліп кел, – деді.

Жігіт айтты: «Жарайды, барайын». Хан айтты: «Бармасаң басыңды аламын!» – деді.

Жігіт үйіне келді. Қатын айтты: Неге хан сені шақырған екен? – деді. Байы жылады. «Неге жылайсың?» – қатыны айтты. Байы бәрін де айтты. «Бар», – деді, қатын айтты: «Үш күн мұрсат сұра!» – деді. Байы жүгіріп ханға келді. «Тақсыр – деді, – кішкене айтатұғын дәтім бар, үш күн мұрсат беріңіз!, Үш күн өткен соң сексен арба сексеуіл әкеліңіз», – деді. Хан «жарайды, – деді. Бар үш күн мұрсат берейін», Үш күн мұрсат берді, үйіне келді, қатыны хат сызды, әкесіне тілек қылып жазды. «Балам, әлің жетпегенге зорлық қылма. Қара тоқтының еті маған тиді. Со тоқтының етіменен күн көріп жатқаным, мен де бір күнде зорлық қылушы едім, қылған зорлығымның кінәсін тарттыт. Жалған дүние екі күндей, нанбасын. Шын дүние мында екен. Балам келсін, қасыма», – деген қағаз сызды. «Алтын менен күмісті үйдің оң жақтағы алтын столбының түбінде алтын ақша бар, онда көмгенмін, алсын балам! Сол жақтағы күміс столбының түбінде күмісті көнгенмін, алсын балам», – деген қағаз сызды.
Қатын айтты жігітке: «Сен жігітім бар, сексен арба сексеуіл алып келіңіз деп айт» – деді. Жігіт барды, айтты, хан сексен арба сексеуіл алып келгізді, бір жерге үйді. Қатын жігітке айтты: «Астына от жағар, төңіректің төрт бұрышын тұман қыламын, сен сексеуілдің үстіне шығып тұр. Сонда мен көк кептер болып сені көтеріп әкпетермін», – деп айтты.

Сексеуілді хан үйді, жігіт үстіне шықты, сексеуілді хан өртеді, төңіректің төрт бұрышы тұман болды, қатыны көк кептер болып келді де, жігітті көтеріп әкетті. Қатыны байын алып келді үйіне, үш күн, үш түн сақтады үйінде, «үш күн өткен соң, таңертең күлдің ортасына еніп жата қал», – депті. Қағазды қойнына салды. «Хан келсе, қағазды бере қой», – депті.

Байы ерте тұрып, күлге келіп күлдің ортасына жатты. Таңертең хан келді. Жігіт түрегелді ішінен.

«Ассалаумағалайкум алдияр!» – деді. «Уағалайкумассалам, жігітім!». «Бардым, алдияр». «Барсаң не айтты?». Айтқан сөзге нанбайсың деп, қағаз жаздырып алдым, «мә» деп қағазды берді. Хан қағазды оқыды: «Балам сәлем. Кісіге зорлық қылмасын, қара тоқтының еті маған тиді, алтын столбының түбінде алтынды көмгенмін, күміс столбының түбіне күмісті көмгенмін, алсын балам! Жалған дүниеде жүрмесін, менің қасыма келсін. Менің қасым жарамаса, балам қайтып кетерсің, жігіт құрлы шыға алмайды ма?».

Хан сүйтіп сызған қағазды оқып үйіне келгенде жұртын жиып алып айтты: «Мені өртеңіз, сексен арба сексеуіл әкпелейін. Әкемнің қасына барамын. Жақсымын деген қағаз жіберіпті маған, үш күнде әкемнің қасы жақсы болса келмен, жаман болса үш күнде барып қайтып келермін, үш күнде келмесем, артымда қалған төлеңгіттерім келіңдер», – депті.

Сексен арба сексеуілді әпкелді, бір жерге үйіпті. Ханды өртепті, хан күйіп кетіпті. Үш күн өтіпті артында қалған төлеңгіттері, елінің игі жақсылары өртенді.

Шәрде тәуір манағы жігіт қалыпты, қызын қатын қылыпты, манағы жігіт шәрін билепті, мана ханның бір қызын алыпты. Өзі хан болып тұрыпты, бастапқы қатынынан бір ұл туыпты. Ұлды мана жігіт төсіне мінгізіп жатыпты. Жігіт солай жатып күліпті. Бастапқы қатын сұрайды:
«Неге күлдің, мырзам» – деді. «Әшейін күлдім», – деді. «Жоқ, айт, – деді. – Ойыңа бірдеме түскен соң шығар?».

Жігіт айтты: «Айтайын саған. Сен сөзімді тыңда, жас күнімде әкеден, шешеден жетім қалған екенмін, сөйтіп жүргенімде бір байдың сиырын жайдым, жалшы болып сиыр жайып жүргенімде күндердің бір күнінде бір қатын келді. Қатынға амандастым, есендестім: «Қайда бара жатырсың?» – дедім. Қатын: «Бір түс көрдім», – деді. «Не түс айтшы?» – деп сұрадым. «Ұйықтап жатыр едім, түсімде басымнан ай туыпты, аяғымнан күн туыпты, жүрегімнің басынан жұлдыз туыпты, осы түсімді іздеп келемін», – деп айтты. « Түсіңді сат», – дедім. Ол қатын түсін сатты маған, бір құнан өгіз бердім. Үйге келіп кешке темірден етік соқтырдым, темірден таяқ соқтырдым, темір етіктен теңгедей қалғанша, темір таяқтан тебендей қалғанша жүрдім, жүріп келіп сізге душар болдым, соған күлдім.

Үлкен қатын айтты. «Оның несі бар? – деді, – басыңнан ай туғаны – мені алдың, аяғыңнан күн туса ханның қызын алдың. Жүрегіңнің басынан жұлдыз туса мынау балаң» – деді. «Түсіңді іздеп келсең қабыл болды», – деді.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Ораза айт намазы уақыты Қазақстан қалалары бойынша
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!