Ақбілек қыз – Тұрғын бала

 Ақбілек қыз – Тұрғын бала

Күндерде күн өткенде,

Күн мөріне жеткенде,

Ақборық буаз болады

Туарманға жақындап.

Бұл ноғайлы ханының қыздары Қанікей, Тінікей Бөген кәпірден қыз алды деп, қастық ойлап, Ақборыққа күндес болады, егерде бала тапса, оған залал келтірмекші болып, мыстан кемпірге сөйлесіп қояды.

Бөген батырдың әйеліне құтты болсын айтамыз деп, Қырымның қырық батыры келеді. Әлденеше күн қонақ болғаннан кейін, қайтуларына таянғанда, қырық батыр былай дейді: «Бөген батыр, Еділ-Жайық бойында ит салып, құс жүгіртелік, бізбен бірге жүр», – дейді, батырлардың көңілдерін қимай, Бөген еріп кетеді.


Бұл батырларды сұрасаң,

Сүйеніштің ұлы Тоған бар,

Ал, оңайын десең, соған бар!

Қырымнан шыққан Тарғын бар,

Жау келсе, жалғыз өзі бар,

Ал, сол күндерде қарасаң,

Басылмай жүрген қарқын бар.

Бұл батырдың ішінде

Кімдер бар да, кімдер жоқ,

Жаңбыршының ұлы Телағыс,

Боқсақтың бойы боз қамыс,

Мұсадан туған отыз ұл,

Енді Смаиыл тобаяқ,

Ойлап тұрсаң о да бар.

Орақтан қалған қос жетім,

Қарасай, Қази бұ да бар.

Байбөрі бай баласы

Алпамыс батыр тағы бар.

Алпамыспенен дос болған

Нәсілі кәпір демесең,

Қаражан батыр, бұ да бар.

Осы сөзге құлақ сал,

Құлағың сал да есіңе ал,

Есіңе алсаң несі бар.

Бұл кісінің ішінде,

Шынтемір ұлы Әділхан,

Астына мінген сары ала ат,

Қолтығында қос қанат,

Еңіреп жүрген ер еді,

Айыбы жалғыз демесең,

Сымбаты сұлу төре еді,

Әділхан төре. бұ да бар.



Бұл уақытта батырлар жүрмекші болып, Бөгенді ертіп, қырық бір батыр Еділ-Жайыққа келеді. Қырық бір батырдың иті қаңқылдап, құстары саңқылдап, мәз. Бөген кетерінде еліне: «Әйелім бала тапса, сүйінші сұрап Ақ Жайыққа келерсің», – деп тапсырады. Батыр мәз-майрам болып жүре береді. Бөген кеткен соң, көп кешікпей, Ақборық толғатып, бір ұл, бір қыз табады. Ұлының атын Тұрғын, қызының атын Ақбілек қояды. Мұны Қанікей, Тінікей естіп, Ақборыққа ақ аюдың мұрын терісін иіскетіп, талдырып тастап, екі баланың орнына екі иттің күшігін салып, мыстан кемпірді шақырып алып, екі баланың, екеуін де жоқ ет деп, екі қоржын бас ділда береді. Бұл сөзді кемпір естіген соң, қолына темір таяқ алып, аяғына темір етік киіп, екі баланы арқалап жүріп кете береді. Темір таяқтан тебендей, темір етіктен теңгедей қалғанда, екі баланы бетпақтың шөліндегі, жолаушының жолындағы сексен күндік шөлде жатқан қырық құлаш шыңырауға салып, кемпір кейін қайтты.

Бұл уақытта қатының күшік тапты деп айта алмай, қалай естіртудің амалын таба алмай, ноғайлы руы сеңдей соғылады. Әйтсе де көп уақыт өтпей-ақ, бір адам Бөген батырға хабар салуға барады. Бұл уақытта батыр елден хабар болмады деп, асып-сасып, құс салып, ит жүгіртуге көңілінің қошы келмей жүрген кез еді. Сол кезде ауылдан хабарға барған кісіге жолықты. Бөген батыр амандасып болуға шыдамай: “Аман ба?” – деп сұрады. Хабаршының сөзі:



Елдің амандығы құрысын!

Кешегі бір күндегі

Бақтың асқан кезінде,

Бірнеше жыл жол жүріп,

Көріп алған көріктің,

Сүйіп алған тектің,

Соғысып алған Ақборығың,

Тоғыз ай, тоғыз күн болғанда,

Қос қара мойнақ күшік тапты, – деп хабар берді.

Бұл уақытта батыр не боларын білмей, қасында жүрген қырық батырды шақырды. Бұлар келген соң: «Ай, жігіттер, кешегі Ақборық қос қара мойнақ ит тауыпты, соны дарға асып, я болмаса Құла су деген дариядағы аралға апарып, екі күшігімен тастаңыз», – деп бұйрық береді. Батыр айтқан соң, амал бар ма. қырық батыр Ақборықты тауып алып, дарға асуға қимай, Құла судағы аралға екі күшігімен әкеліп тастап, кері қайтты.

Ендігі хабар бұдан үш күн бұрын мыстан кемпірдің шыңырауға келіп тастаған екі баланың жайынан.

Жирен қол мен қырық құлаш шыныраудың екі арасы сексен күндік жер екен. Бірақ, бұл шыңырау болса керек, кемпір тастағаннан кейін, үш күннен соң, қырық нарға жүк артқан керуендер он күн шөлде жүріп, шыңырауға келіп қонды. Шөлдеп келгендер жүгін түсірмей жатып, шыңырауға қауға салады, бұл салған қауғаны екі бала жұлып алып қала береді. Сонымен қырық қауғасын салса да керуендер су алып іше алмай шөлдеп өлер болады.

Көп керуеннің ішіндегі бір молдасы келіп: «Мені құдыққа сал, болса да шөлдеп өлетін болдық қой», – деп, беліне арқан байлатып құдыққа түсті. Бұл уақытта құдықтың түбіне жақындағанда, қауғаның үстінде томпиып отырған екі баланы көрді. Молданы бала көре салып, басын жұлып алайын деп, тұра ұмтылып еді, қасындағы қарындасы адам екенін біліп жібермеді.

Екі баланың сөзі:



Құдай еді панамыз,

Шыңырау еді анамыз,

Шыңыраудан туған баламыз,

Құдайдан бөтен пана жоқ,

Шыңыраудан бөтен ана жоқ,

Құлақтан бөтен қара жоқ,

Тәңірі салса, шара жоқ,

Олай болса, ей аға,

Су алам деп ойлама, – деп, су бермейді. — Су керек болса, бізді жарық дүниеге шығарып, түрлі олжа бер, – дейді. Молда олжамен жарық дүниеге шығарам деп уәдесін береді. Молда арқанды сілкіп, екі баланы құшақтастырып, қауғаны жинап, далаға шығады. Балаларға көйлек, дамбал беріп, қалашылар әбден тынығып алып, екі күннен кейін көше бастайды. Бала еріп кетеді. Балаға берем деген сыйлығын үш күнге шейін бермей әуре етеді. Бұл уақытта бала сыйлық бермейтінін біліп ашуланады, кірешілер неге ашуланасың деп ұра бастайды. Тегі батырдың тұқымы бoлғандықтaн, Тұрғын бала қорлыққа шыдамай, қалашылардың қолындағы қырық нарын, сексен тай жүгін тартып алып, саудагерлерді қаңғыртып қалдырады, Қырық нар, сексен тай жүкпен, шыңыраудың басында қалған қарындасы Ақбілекке келеді. Келгеннен соң жүкті ақтарып киініп алады. Қабырғадан жақ, жыңғылдан шыңғақ оқ жасап, құлан-бұлан атып, күн көріп жата береді.

Баяғы Бөген батыр қайғыланып, қатыны күшік тапқан соң, жұрт бетін көре алмай, үйде жата береді екен. Бөгеннің қайғыланғанын біліп, өзінің жолдастары, қырық батыр қайта келіп, сәлемдесіп, Жайық бойымен ит салып, құс жүгіртуге ертіп кетеді. Еділ-Жайыққа қарай қырық көкжал, кілең батырлар келе жатқан.

Қырық көкжал бірігіп,

Көрінгенге ұрынып,

Ауыздары бірігіп,

Еділге қарай жүреді.

Еділ суының бойындағы жер бетіндегі қалың тоғайлықтың шөбіндей болып суға қонған аққу, қаз, үйрек, тағы құстарға, қырық бір көк тұйғындарын ұшырып жібереді. Бұл уақытқа шейін Бөген батырдың сары ала тұйғыны өмірде қашпаған еді. Бұл құсқа салған уақытта жер бауырлап қаша бастайды. Сол қашқан сары ала тұйғын қашумен келіп, екі бала мекен еткен қырық шыңыраудың қасына келіп, қалашының жұртына қонады. Тұйғынның қонғанын біліп, Ақбілек сұлу тұйғынның шұбатылған жібек бауынан ұстап қолына қондырады Тұйғынның қашқан ізімен көп уақыттан кейін Бөген келеді. Келе жатқан Бөгенді көріп, жақындағанда, Ақбілек сұлу қол қусырып сәлем береді. Бала көрмеген сорлы бойы елжіреп кетіп, сәлемін қабыл алады. Екеуі амандасып болғаннан кейін: «Тұйғынымды бер», – деп, Бөген батыр қыздан сұрайды. Қыздың сөзі:

— Ата, ағайынды екеу едік, өзімнен үлкен ағам бар еді, соған тұйғыныңды бер, ағам ермек етсін, – дейді.



Құдай еді панамыз,

Шыңыраудан туған баламыз.

Құла жолда өсіп ек,

Айналайын, жан ата,

Тұйғыныңды беріңіз!

Қасымдағы ағамның

Астында аты, қолында құсы жоқ.

Ермек етсін, жан аға,

Сен бермесең, жан ата,

Кімдерге барып айтамыз,

Кімдерді іздеп табамыз?

Жалғыз еді ағекем,

Тұйғыныңды беріп кет.

Ермек етсін жан көкем.

Ағаммен дос болыңыз,

Мен үшін аттан түсіңіз,

Жаманды-жақсы тамақ бар,

Аттан түсіп, жан ата,

Бізден тамақ ішіңіз.

Ағам аңға кетіп еді,

Жан көкемді көріңіз.

Бізбенен дос болыңыз,

Тұйғыныңызды беріңіз, – дейді.



Бөгеннің сөзі:

Маңдайдағы екі көз

Бір-біріне ел емес.

Мені сыйлап, ата десеңіз,

Атаңды әуіре мазақ етпеңіз.

Мазақ етуіңді, жан бала;

Екі дүниеде жөн көрмей,

Жөн болмаса, жан балам,

Тұйғынымды беріңіз, – деп, Бөген батыр тұйғынына қолын ұсынады. Сөйтіп, тұйғынын алып Бөген батыр еліне қайтып келе жатады.

Сары ала тұйғынды қамшы етіп,

Шұбар атты гулетіп,

Екі иығынан дем алып,

Шаңдатып жер танабын,

Жан-жағына алаңдап,

Бөген сынды сұр перен

Еліне келген секілді.

Еңсесі биік ақ орда,

Еңкейіп барып кіреді.

Түсе бара құлады,

Құр даладағы баланы

Көрген соң зарланып

«Құдайым шыңырауға бала беріпті

Маған неге бермейді?», – деп жылайды.

Тұйғыны қашқан соң Бөген батыр соны куып кетіп еді деп, қырык батыр Еділ бойына тағы ертіп кетпекші болып, тағы келеді. Бұл сапар батыр қан жұтып, өте жүдеу болғандықтан, қырық батырдан ұлықсат сұрап, бармай қалады, сол қалғаннан Бөген ішкені ас, кигені киім болмай жата береді.

Қанікей мен Тінікей кемпірге айтады: «Біз бір хабар естідік, бір-екі бала шыңырау еді анамыз, деп зарлап жүр, – дейді. — Олай болса, сол баланы қайда тастадыңыз. Болса, жоқ етіңіз, алты қоржын бас ділда береміз», – дейді. Бұл хабарды естіген кемпір қуарып, екі етегін түрініп, емпең қағып жүре береді. Бірнеше күн жүргеннен кейін, өзінің тастаған шыңырауына жақындай келіп байқаса, бұрынғыдай емес, үй, жайылып жүрген малды көреді. Бір сұмдыктың болғанын біліп, кемпір қайыршы болып, тігулі тұрған үйге келеді. Кіріп келсе, ай десе аузы бар, күн десе көзі бар жас қыз бала отыр екен, соны көреді. Қыз кемпірді көріп, сәлем береді, сәлем беріп болған соң: «Неғып, қайдан жүрген адамсыз?» – деп қыз сұрайды. Кемпір: Үй жоқ, күй жоқ, бала, бай жоқ, елімнен адасып жүрмін, қайыршы кемпір едім», – дейді «Қайыршы едім» деген соң, үйінде тұрған құланның бір санын беріп тойғызады. Кетейін деп жатқанда кемпір айтты. «Ағаңнан да қайыр сұраймын, келетін жолы қайсы?» – дейді. Қыз: «Келетін жолы - күншығыс, кететін жолы - күнбатыс», – деп, ағасының жолын көрсетті. Кемпір баланың келетін жолына қарай жүріп келе жатқанда, баланы көрді де жолдың он езуіне қисайып құлай кетті Тұрғын батыр кемпірмен ісі болмай, он құланы қолында, он құланы арқасында өте шықты. Үйге келгесін қарындасы айтты: «Алдыңыздан қайыр сұраған кемпір жолықты ма, жолықса не бердіңіз?» – деді. «Ай, қарағым, неге жібердің, шеше етіп алатын едік», – деп, кемпірдің жатқан жеріне қарай жүгіріп барып, кемпірді су бүркіп тірілтіп алып, үйіне алып келді. Мыстан кемпір әбден үйреніп алған соң, қызға айтты мынаны: «Қыпшақтың тауында Тәпелтас деген қалмақ патшасының қызы бар» соны әкелсін, ағаңа айт, маған келін керек, саған жеңге керек», – дейді. Бұл сөзді Ақбілек қабыл етіп, ағасына әлденеше рет жылап, Тәпелтасты іздетіп жібереді. Ағасы жаяу іздеп кетеді. Қара жолмен келе жатса, жол үш айырылады, жолдың әқайсысында жазуы бар екен. Елек ағымы, Аякөз, Тәпелтас деген.

Үшінші жолға түсіп келе жатқанда, әбден шаршап, әлі құрып пана таба алмай келе жатқанда, алдынан шыққан түтінді көреді. Жақындап келіп қараса, ақ отау тігулі тұр екен. Сәлем беріп кіріп келсе, бір кемпір отыр, шөлдеген бала келе сала кемпірдің екі емшегіне ауыз салды, әбден сусынын қандырып еміп болған соң, баладан кемпір сұрады. «Неғып жүрген адамсың?» — Тәпелтас деген қалмақ қызын іздеп, алмаққа кетіп барам, – дейді.

Кемпір айтады: «Менің емшегімнің иімегеніне қырық жыл еді, саған иіді. Тәпелтас менің қызым еді», – деп. Сол жерде кемпір отыз күн ойын, қырық күн тойын істеп, Тұрғын батырға қызын берді. Үш күн жолда жүрген соң, Тәпелтес Тұрғынға айтты: «Сен шешеме барып сәлем беріп кет. Бір, екі рет бұйымым бар деп айт та үшінші ретте қолыңыздағы жай тасыңызды бер деп сұра», – деді.

Тұрғын батыр Тәпелтастың айтқанын істеп, шешесіне сәлем беріп, кетерде бір-екі бұйымым бар деп, үшінші ретте «жай тасынызды бер» деп сұрады. Кемпір беріп қала берді. Тасты қолына ұстап, екі күн жүріп шыңырауға келіп жетті.

Он екі ай өткесін, баяғы мыстан кемпір қызға айтты: «Тұрғынды жұмсап, Елек ақ судан су алдыр, ішсең өте жақсы болады», – деп алдайды. Ақбілек жылап, қоймай, ағасын суға жұмсады. Тұрғынның қайынынан мініп келген қара шолақ тұлпарын мінгізіп, қолына қара шолақ қылыш беріп, аттандырып жібереді.

Тұрғын батыр баяғы қара жолға түсіп, Елекке қарай жүретін айырығына қарай келе жатса, алдынан аспанмен тірескен бәйтеректі көрді. Қасына келіп, атын байлап, демалып отырғанда, терек басындағы үш балапанды көріп, қарап тұрса, теректің ар жағында он шақырымдық жерде екі жылан таласып жүр екен. Көре салды да атын терекке байлауымен қалдырып, өзі қылышын колына алып екі жыланды өлтіріп, атына келіп, атын отқа қоя беріп, қайтадан демалып отыра кетеді, көзі ілініп кетіп ұйықтап қалды. Батыр Тұрғын ұйықтап жатқанда:

Жаңбырлатып, шықтатып,

Тау қабақтай домалап,

Тас бұршақтай жапалап,

Алыстан жерді қуырып,

Самұрық құс келеді,

Келе салып самұрық

Баланы жұтпақ болады.

Үш бірдей балапан:

«Айналайын, анаеке,

Ойбай жұтпа,— деп,— баланы»,-

Алқымынан алады.

«Олай болса, балам»,— деп,

Баланы саңғып тастайды.

Содан кейін Самұрық: «Неге жұтпа деп айттыңдар», – деп сұрайды. «Өлтірме деп айтқанымыз, бұл адам біздің дұшпанымыз — екі айдаһарды өлтірді», – дейді. «Сондықтан өлтірме деп айтқанымыз», – дейді. Заты хайуан ғой, солай болса да адам қадірін біліп, өзінше сыйлық көрсетті. Сонымен Тұрғын дем алып, Елек суға қарай жол шекті. Бірнеше күн жол жүргеннен кейін Елек жақындады. Айналасы қалың қалмақтың елі екен, бұдан қалай су алуын білмей, айналып жүріп, Електің жұқалау жеріне келіп, су үшін ойранды салады.

Суды Тұрғын алады,

Қалмақтар қарсы тұрады.

Қарсы тұрған қалмаққа

Тұрғын ұрыс салады.

Әбден қызып алған соң,

Шуылдаған қалмақтың

Оң келгенін оң атты,

Сол келгенін сол атты,

Тіпті жауға болмады,

Он күндей соғыс болады,

Солқылдаған мырзасын

Табанға салып жүн қылды.

Қақпаның аузын қандатып,

Шарбақтың аузын шаңдатып,

Бір ай жарым болғанда,

Ұрысқа шыққан. қалмақты

Тегіс бәрін қырады.

Қырылғаны қырылып,

Қалғаны қашып кетеді.

Қалмақты қырып болғансын, Тұрғын батыр еліне қайтады. Бұл суын алып қайтып келе жатып, самұрықтың балапаны қалған терекке соғады. Сол жерде үш күн, үш түн дем алып жатады. Бұл теректе демалып жатқаннан кейін, самұрық құс айтады:

Ай, достым, Тұрғын,

Жақсының жауы жаманды.

Жақыннан жау шықса,

Аударып кетер табанды.

Абайлашы, аңдашы.

Аударып кетіп қалмасын,

Үйіңде бар бір дұшпан,

Өлімге сені айдаған,

Өлімге басын байлаған.

Табанына дұшпанның

Қапылыста түспегін!

Осы сапар барыңыз,

Мәні-жайын байқаңыз,

Қиын-қыстау іс түсіп,

Қинала қойсаң, жан достым,

Өзіме қайтып келіңіз.

Содан кейін үйіне қайтуға ойланып, құс болса да амандасып болып, Тұрғын батыр атына мініп, еліне қайтпақ болды. Жолда неше күн жүріп, үйіне, аман-есен шыңыраудағы Ақбілек қарындасына, Тәпелтес әйеліне келеді.

Ат дүбірі естіліп,

Жүгіре үйден шығады.

Қарындасы Ақбілек

Оймақтай аузы бүріліп,

Аш белінен бұралып:

«Айналайын, ағажан,

Аман-есен келгенің,

Тілекті Құдай бергені».

— Сылқылдаған Ақбілек

Ағасының атын жетелеп

Үйге әкеп түсірді.

Ағасының әлденеше уақыт жүріп әкелген ақ суын ішіп қарап, судың асыл екеніне таңқалды. Сөйтіп отырып әуелгі Тәпілтестен әкелген ақ тасына бүркіп қарап, бал ашып еді: ағасымен екеуі жас кезінен шешесінен айырылғанын, жалмауыз кемпірдің екеуін қырық құлаш шыңырауға салғанын, одан екі баланың шығып күн көргенін, екінші рет жалмауыз кемпір шыңырауға келіп Тұрғын ағасын келмеске айдауын, екеуін тапқан бойда екі иттің күшігін тапты деп, әкесі Бөген әйелі Ақборықты дарияға жібергенін және өздерінің қаңғырып жүргенін білді. Мұны ағасына айтып түсіндіргеннен кейін, кемпір мұны сезіп қалып, әккі болған қу бас кемпір қашады. Тұрғын қашқан кемпірді ұстап алып байлап қояды. Одан кейін, тамақ ішіп алып, ақ отауын жығып, өздерінің туған жері — Жиренкөлге көшіп, көштің ортасына кемпірді байлайды. Өзінің туған жеріне неше күн жол жүріп, келіп жеткен секілді. Жолда көшіп келе жатқанда көштен озып, Тұрғын батыр қайғыланып жатқан әкесі Бөгенге келіп, ақ ордаға түсіп, атын байлап, іркілмей, әкесінің үйінің есігін бағып қарауылда тұрған қырық жігітке қарамай, өлтіреміз деген сөздеріне құлақ аспай, кіріп келді. Үйге кіріп, жүресіне қарап отыра қалады. Бөген үйге келген дыбыстан адам екенін біліп, бір көзін ашып қараса, жас қана бала екен, Бөгеннің жүрегі, тұла бойы елжіреп кетіп, көзінен жас төге бастайды. Көзінен төгілген жасымен қасқа болған, бала көрмеген Бөген: «Қайдан, неғып жүргенсің?» – деп сұрайды,

Тұрғын: «Ай, бала, басыңды көтер, біз де ноғайлынын баласымыз»,—деп жауап береді. Бөген: «Қай ноғайлы дедің?» Тұрғын: «Үлкен атамыз ноғайлының ішіндегі атақты Жанай қарты екен, соның баласы Бөген, шешеміз Ақборық», – деп жауап берді. «Қазір шешеміз қайда, соны тауып бер», – деді.

Бөген: «Не деп отырсыз?» – деп, басын көтеріп алды да: «Ай, қарағым, қайдан жүрсің, қандай адамсың? Жөніңді дұрыстап айт», – деді.

Тұрғын: «Несін айтайын, мына суды алып осы тасқа қойып, қарап біліңіз, мені көп сөйлетпе», – дейді де жай тасты Бөгенге ұстатып, жайына отыра береді. Есік алдындағы қырық жендеті: «Батырдың үйіне өмірде рұқсатсыз ат байланбаған, бетімен ат байлаған кім?» – деп, аттарын ойнатып жетіп келеді. Оған Тұрғын еш нәрсе деп қысылмай, қасқайып отыра береді. Әкесі тасқа қарап, далаға жүгіре шығып, қырық жендетке: «Дариядағы Ақборықты әкел!», – дейді. Батыр айтқан соң, амал жоқ, бұрынғыдай заман жоқ, қырық жендет шабуылдап бұрынғы белгілі дариядан артық туған сұлуды, сүйіп алған батырдың Ақборық жарын ұзамай-ақ алып келеді. Екі күшік ит болып өскен екен, оларды қоса әкеледі,

Ақборық келгеннен кейін, мына жағынан Тұрғын, қарындасы Ақбілек, әйелі Тәпелтес үлкен көш керуеннен олар да келеді. Бөген баласы, әйелі келгеннен соң, көңілі тасып, бүкіл ноғайлы еліндегі халықты шақырып, сансыз мал сойып, отыз үй тігіп, отыз күн ойын, қырық күн тойын қылып, алтын қабақты аттырып, ноғайлы елін қызыққа батырады. Мыстан кемпірді халық алдында дарға асып өлтіреді. Оған қосылып, дұшпандық қылған ханның кызы Қанікей мен Тінікейдің жұрт алдында бетіне күйе жағылып, айыптары әшкереленеді. Бұның үстіне, өзінің жолдастары — Қырымның атақты қырық батырын қонақ етіп, үш айдың жүзі болғанда, тойының аяғы тарқап бітеді.

Бөген баласы табылғаннан кейін көңілі тасып, әлденеше жыл қайғылы жүргенін ұмытып, Тұрғынға үй тігіп, еншісін беріп, дүниеден армансыз болып өтеді.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇
  • Автор: Umit
  • 868



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі
» қазақ тілі тестілеуде_келген_сұрақтар_зерттеуші
» Наурыз мейрамы Қазақстанда жаңа форматта тойланады